Пайғамбардың әйелі қыпшақ болған

Көзі  тірісінде  қазақтың  үлкен  жазушысы  Қалихан  Ысқақ Пайғамбарымыз  жөнінде өзгеше  ой айтқан  еді.  Соны оқырманға  қайталап ұсынғанды  жөн  көріп  отырмыз.  Қалихан  аға  былай  деген  еді:

 «Пайғамбардың неге үш атадан кейін кім екенін айтпайды? Неге оның суреті жоқ. Бізге жеткен аңыз, ауызша әңгіме бойынша пайғамбар басқа елден келген дейді. Руының аты – Құрайыш. Құрайыш деген арабтарда сирек кездесетін ру. Пайғамбар ұлы адам. Арабтардың басын біріктіруге теңдессіз еңбек еткен жан. Бір кезде теңізбен ғана қатынасатын араб елдерінің басын біріктіру үшін ол Мекке мен Мединенің ортасына қатынас жолын жасады. Енді араб елдері құрлықпен бір-бірімен байланысып, сауда-саттық , араласу арқылы біріге бастады. Неге әлемдегі ұлы адамдардың көбі өмірінің соңында ислам дініне кіріп, соны жақтап шығады. Әсіресе, жазушы, ғұлама ғалымдар. Олардың айтуынша, «ислам діні өте нақты». Осыдан 1430 жыл бұрын құранда айтылып кеткен, заман ақыр туралы. Онда «заманақыр болады» дейді. Бірақ оны Алла жібермейді, адамдардың өзі тілеп алады дейді. Аспанға адам ұшады, ол халыққа ешқандай жақсылық әкелмейді, бәсекенің жемісі дейді. Атмосфера бұзылады, содан кейін жерге зауал келеді дейді. Зауал деп отырғаны, бір тесілген азон қабаттары қайтып жамалмайды екен ғой. Сол болса керек-ті. Түбінде адамзат өз қоқысына өзі тұншығып құриды дегенді келтіреді. Иісі түркілердің ұлы қағаны, Шыңғысханның тағы бір даналығы сол, «қалалар адамзаттың көрін даярлап жатыр» дейді. Бұған қандай дау айтасың? Шындық па, шындық. Қазір бар лаң, іріп-шіру шаһарлардан бастау алып жатқан жоқ па? Жалпы, мен пайғамбардың түркілерден шыққан деген пікірімде қаламын. Көзі көк, өңі сары болған. Ал арабтардың бәрі қара ғой. Оның соңғы әйелдері қыпшақтар болған. Пайғамбардың хадистерін жинаған соңғы әйелі. Хадистер жазылғанда пайғамбар өлгеннен кейін екі жүз жылдан кейін шықты. Бірінші әйелі Хадишаның да араб екені белгісіз. Кім біледі ол да түрік шығар. Соңғы әйелі қыпшақ қызы. Дегенмен, пайғамбарды араб па, түркі ме, деп нәсіліне бөліп жатудың қажеті жоқ. Оның ұлылығы сол ислам діні арқылы әртүрлі ұлттарды бір идеяның басына топтастыра білуінде. Жақында теледидардан америкалықтардың бір бағдарламасын көрдім. Онда олар мынадай қорытынды жасап жатыр. «Ғылым әлі күнге түк те ашқан жоқ. Құрандағы айтылған нәрселерді дәлелдеумен келе жатыр» дейді. «Оны біз жаңалық деп келеміз. Ал ол 1400 жыл бұрын құранда жазылып, айтылып қойған». Библия, Інжілдерде айтылғандар жалпылама нәрселер деседі әлгілер. Олардың құдай деп танып отырғаны арғы тегі беймәлім, белгісіз. Адам ба, әлде аспаннан түскен құдірет иесі ме, оны әлі ешкім дәлелдей алған жоқ. Ал Мұхамед тарихи тұлға дейді».

tazael.kz