ПЕТРОПАВЛ МЕН ПАВЛОДАРДЫҢ АТТАРЫН ӨЗГЕРТЕТІН КЕЗ ЖЕТТІ

Елімізде жер-су атауларын өзгерту яғни кезінде тағдырдың талайына түсіп өзгеріп кеткен елдімекендердің тарихи атауларын қалпына келтіру әлі жүріп жатыр. Өйткені еліміздің солтүстік өңірінде кезіндегі патшалық отарлау және кеңестік қызыл империя тұсында таңылған қазаққа жат атаулар әл сыңсып тұр.

Әсіресе бүгінгі жұрт үшін, солтүстік аймақтағы екі қала Петропавл мен Павлодар шаһарларынның атын өзгерту бір сөзбен айтқанда қазақыландыру маңызды болып отыр. Бұл мәселе Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері көтеріліп келеді. Өкініштісі әлі нүкте қойылмады. Бәлкім Ресеймен екі ортадағы қатынасқа селкеу түсіп кетеді деген биліктің қорқасоқты тірлігі болар. Бірақ біз өз елімізде елдімекендердің тарихи атауларын қалпына келтіріп жатсақ, өзге жұрттың бізде шаруасы қанша? Алдымен Петропавлға келетін болсақ, бұл қала бұрынан қазақы ортада Қызылжар деп аталып келеді. Осы атауды ресми түрде белгілеу қиын тірлік емес. Тіпті бұл жердің ежелгі атауыда Қызылжар болған көрінеді. Ресей архивтерін ақтарсақ бұл сөзіміз растала түсетіні хақ. Әрине бұл өңірде қазақтың ұлы хандарының бірі һәм бірегейі Абылайхан өмір сүрді, сондықтан Абылайдың атын берейік дейтіндерде бар. Несі бар, Абылай шаһары деп атап жатсақта көңілге қонады.
Екінші мәселе, жақында Павлодарлық ынталы топ Павлодар қаласының атын Сарыарқа деп өзгертейік деген бастама көтерді. Дұрыс. Талас жоқ. Сарыарқа деп аталатын аймаққа Павлодар облысының біраз жері кіретіні белгілі. Тіпті бұл қаланың орнында IX—XII ғасырларда түркі жұртының бір бұтағы қимақтардың орталығы болып саналған Қимақ қаласы болған. Тіпті осы атауды қайта жаңғыртуғада болар еді. Сондай-ақ Павлодар облысы Құлынды даласының (кейде Құлынды жазығы деп жатады) аумағына кіреді. Неге Павлодарды Құлынды қаласы деп өзгертпеске? Бұл менің жеке пікірім?
«Жер тарихы – ел тарихы» дейді ата-бабалармыз. Олай болса, онамастика мамандары халықпен ақылдаса отырып, ежелгі жер-су аттарын қалпына келтіргені жөн. Әрине жоғарыда аталған екі қаланың атын өзгертуге үлкен қаржы керек екені белгілі. Бірақ қаржыны табуға болады. Жыл сайын ешқандай пайда бермейтін бағдарламаларға, жобаларға, конференция – жиындарға миллиондап, миллиардтап қаржы бөлініп жатады. Осыларды шектеп, елдің елдігін танытатын қала атауларын қалпына келтіруге бөлінгені жөн – ау. Қысқасы қазақы көңілге түрпідей тиетін солтүстіктегі екі қала Петропавлмен Павлодардың аттарын өзгертетін кез жетті. Енді соза беруге болмас.

Азаматхан ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі