“Путин билігін бөліспейді”. Ресей мен Қазақстандағы транзит айырмашылығы

“Путин ең алдымен өз маңайындағыларға үлкен саясаттан Назарбаев тәрізді шеттеуге дайын емесін сездіріп отыр”. Ресейде 2024 жылдан кейін президент жаңа конституциялық органдағы лауазымы арқылы мемлекеттің жаңа басшысының үстінен қарап отыратын билік транзитінің “қазақстандық сценариі” қайталануы мүмкін бе?

Ресей мемлекеттік думасы бейсенбі, қаңтардың 23-і күні Конституцияға өзгерту енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда бірауыздан мақұлдады. Заң жобасын президент Владимир Путин жыл сайынғы Федералды жиынға жолдауында Конституцияға өзгеріс енгізу туралы мәлімдеме жасағаннан кейін ұсынған. Бұл өзгерістер Мемлекеттік кеңестің рөлін күшейтіп, оған жаңа құзырет береді (ол туралы жеке заң қабылданады).

Ресей сарапшыларының көбі Путин 2024 жылы президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін Мемлекеттік кеңестің басшысы болып, іс жүзінде жаңа президенттің үстінен елді басқарып отырады деген болжамға тоқтады. Бұл сценаридің Қазақстандағы жағдайға ұқсас екені де жиі айтылып жүр: былтыр наурызда Қазақстанды көп жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кетіп, құзыреті күшейген Қауіпсіздік кеңесінің басшысы болды. Президент қызметіне бұрынғы мемлекет басшысынан жас Қасым-Жомарт Тоқаев келді (ол Путиннен бір жас, Назарбаевтан 13 жас кіші).

Ресейдегі саяси құрылымды реформалау бастамасын “қазақстандық сценариге” ұқсатуға бола ма? Қазақстан жарты жылдан бері “қос билік” жағдайында қалай өмір сүріп жатыр? Ресейдегі рефома мен Қазақстандағы оқиғаларды “билік транзиті” деп атауға бола ма? Азаттық радиосының осы және өзге сұрақтарына қазақстандық саясаттанушы Расул Жұмалы жауап берді.

– Путиннің Ресей Конституциясына өзгеріс енгізу, Мемлекеттік кеңестің құзыретін күшейту туралы ұсынысынан кейін көбі билік транзитінің “қазақстандық сценариі” қайталануы мүмкін деген болжамдар айта бастады. Бір жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев президент қызметінен кетіп, Қазақстан Конституциясына Назарбаевтың жаңа президент Тоқаевтың үстінен қарайтын Қауіпсіздік кеңесінің басшысы болып қалуына мүмкіндік беретін өзгертулер енгізілді. Ресейдегі сияқты, бұл өзгерістер парламенттің құзыретін күшейтті. Қазақстан Конституциясына қандай өзгерістер енгенін толығырақ айтып беріңізші? Оларды Путин ұсынған реформалармен салыстыруға бола ма? Қазақстан “қос билік” жағдайында қалай өмір сүріп жатыр?

Расул Жұмалы.
Расул Жұмалы.

– Қазақстанда мұндай саяси транзитке дайындық бірнеше жыл жүрді. Бірінші президент Назарбаевтың отставкасынан бір жыл бұрын Конституцияға Қауіпсіздік кеңесінің құзыретін кеңейту туралы өзгертулер енгізілді. Мәселен, Қауіпсіздік кеңесінің басшысы ел дамуының негізгі стратегиялық бағыттарын, саяси бағдар мен экономикалық саясатты анықтайды. Одан алдыңғы жылдары да Конституция бірнеше рет өзгеріп, бірінші президентке салмақты құзырет пен ықпал ету тетіктерін сыйлаған Елбасы – ұлт көшбасшысы мәртебесі берілді.

Қалай болғанда да, былтыр наурызда осының бәрі Назарбаевтың президенттік өкілет мерзімі аяқталмай жатып отставкаға кетуіне әсер етті. Бірақ ол құзыреті күшейген Қауіпсіздік кеңесінде маңызды позицияға ие болып қалды. Назарбаев сондай-ақ биліктегі “Нұр Отан” партиясын басқарады және оның Елбасы мәртебесі өмір бойы сақталады. Елді басқарудан, яғни президент қызметінен жартылай шеттетілгеніне қарамастан, әлі де жағдайды бақылауда ұстау мүмкіндігі Нұрсұлтан Назарбаевтың қолында қалып отыр.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінен кейін президент бюолып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурациясында. Нұр-Сұлтан, 12 маусым 2019 жыл
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінен кейін президент бюолып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурациясында. Нұр-Сұлтан, 12 маусым 2019 жыл

Сондықтан осы жылы бізде саяси транзит басталды деп айта аламыз. Ол әзірге жалғасып жатыр және оның оң әрі кері тұстары да жоқ емес. Оң тұстарын алсақ, бізде тәуелсіздіктің 28 жылында бірінші рет жаңа президент пайда болды, билік транзиті процесі барынша тұрақты, қантөгіссіз, ТМД елдеріне тән катаклизмдерсіз өтті. Кері тұстарына әлі де авторитаризм элементтері сақталып қалғанын, қоғам мен мемлекеттік қызметкерлер арасында кім шынайы мемлекет басшысы екеніне қатысты түсінбеушіліктің басымдығын жатқызуға болады.

Бірқатар сарапшы елде қос билік орнағанын айтады. Мен мұнымен келіспеймін. Бұл жағдайды “жақында басталатын транзит алдында тұрмыз” деп сипаттар едім. Осылай десек, онда алғашқы қадамдары әзірге үміт сыйлайды. Тоқаев халық мандатын алған президент сайлауынан кейінгі жарты жылда ішкі саясатта бірқатар маңызды реформа бастады. Сайлау, парламент, саяси партиялар туралы негізгі заңдарды либерализациялауды қолға алды. Сондықтан әзірге үміт көп.

– Назарбаев отставкадан кейін Конституцияға осыған дейін енгізілген өзгерістерге сәйкес құзыретін пайдаланған кездері болды ма? Тоқаевпен арасында кикілжің немесе келіспеушілік болғанын байқадыңыз ба?

– Жоқ, ашық формада ешқандай кикілжің болған жоқ. Ондай келіспеушілік туралы тек болжам жасауға болады. Мүмкін болған да шығар, бірақ қоғам көзінше ондай кикілжіңдер байқалмады. Кей пікір айтқан азаматтар кадр саясатына байланысты осындай көзқарас қайшылығын іздеуге тырысқанымен, мұндай келіспеушілік туралы әңгімелер қолдан құрастырылған деп ойлаймын. Қоғамдық мәлімдемелерге келсек, Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет президент қызметінен кету туралы шешімді ойланып қабылдағанын, соңғы сөзді халық таңдаған екінші президент Тоқаев айтатынын, ал өзі жасы үлкен әріптес, билеуші партия мен Қауіпсіздік кеңесінің басшысы ретінде кеңес пен ұсыныс бере алатынын айтты. Осы тұста Назарбаевтың сөзін келтірейін: “Бұл тұрғыдан алғанда Тоқаев екеуміз кездесіп, кеңесіп, пікір алмаса аламыз. Бірақ соңғы сөзді Тоқаев айтады”. Бұл Назарбаевтың мәлімдемесі және президент сайлауынан кейінгі жарты жылда ешқандай елеулі келіспеушілік байқаған жоқпын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Жаңа жыл мерекесімен құттықтап тұр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Жаңа жыл мерекесімен құттықтап тұр.

Мұны қос билік емес, “коллегиялық басқару” деп атауға болатын сияқты. Мұнда көзіміз үйренбеген, түсініксіз элементтер болуы мүмкін, бірақ бұл өтпелі кезең және бірінші президенттің алғашқы кезде Тоқаевқа беделі мен тәжірибесін пайдаланып, қолдау көрсетуінің де өз артықшылығы бар. Не дегенмен, еліміз салмақты ықпал ету орталықтары бар үлкен мемлекет қой.

– Назарбаевтың Тоқаевқа кеңес бергені туралы ашық мысалдар айта аласыз ба? “Ол екінші президентке кеңес беріп отыр” деген болжалды әңгіме ме, әлде Назарбаевтың Тоқаевқа кеңес бергені туралы нақты мәлімет бар ма?

– Жоқ, Назарбаев қандай кеңес беріп, Тоқаев оның қайсысын тыңдағанын білмеймін. Екеуінің кеңескен кездері болған шығар. Мәселен, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру, сайлау, саяси партиялар, ақпарат құралдары, жергілікті басқару туралы заңдарға өзгерістер енгізу жайлы ұсыныстар Назарбаевпен келісілгенін, бұл бастамалардың жүзеге аса бастауы өзгерістер кезеңі келіп жеткенін көрсетті деп ойлаймын. Қазақстанның саяси элитасы “әуелі экономика, сосын ғана саясат” деген доктринадан бас тартып, саясатқа бірінші кезекте көңіл бөле бастауы да мүмкін. Қазіргі экономикалық, қаржылық, әлеуметтік дағдарыс мемлекеттік басқару жүйесіндегі дағдарысқа тікелей байланысты. Жоғарыдағылар мұны түсініп отыр. Бұл жағдайда бастаманы Назарбаев пен Тоқаевтың қайсысы көтеріп отырғаны маңызды емес. Біз оң өзгерістерді байқап отырмыз. Оң өзгеріс дегенде, бұл бастамалардың 2019 жылға дейін болған тұралауға, еш өзгеріс болмаған кезеңге қарағанда әлдеқайда жақсы екенін айтып отырмын. Қазір бұл өзгерістер мәдениетті түрде, күтілген формада жүзеге асып жатыр. Оқиғаның ары қарай қалай өрбитінін уақыт көрсетеді.

– Ресей саясаттанушыларының көбі Владимир Путин шынайы билік транзитіне дайын дегенге күмәнданады. Олар жағдайды Қазақстанмен салыстырып, Путин көрші елдегі сценаридің пішінін қайталауға тырысқанымен, мазмұны басқа болады, билік орталықтарының бәсекелестігі мен балансы сақталмайды деп ойлайды. Бұл шынымен солай ма? Ресейге қазақстандық нұсқа сай келеді деп ойлайсыз ба?

– Сырттай қарағанда, әрине, ұқсастық бар: бұл Владимир Путиннің Конституцияға Дума, Федерация кеңесінің құзыретін күшейту және Мемлекеттік кеңеске конституциялық мәртебе беру туралы өзгерістер енгізуге талпынысынан көрінеді. Осының бәрі Қазақстандағы жағдайды еске салады. Бірақ менің ойымша, екі мемлекет арасындағы айырмашылық туралы да ұмытпау керек. Біріншіден, толық ұқсастық бәрібір болмайды, әр мемлекеттің өз ерекшелігі мен дәстүрі бар. Екіншіден, Путин мен Назарбаевты салыстырғанда, Назарбаевтың президент қызметінен кеткенін естен шығармау керек. Ол жартылай болса да, биліктен кетті және қазір үлкен саясаттан алыстай бастады. Путин үлкен саясатта 2024 жылға дейін қалады. Путин өз мәлімдемесі арқылы бірінші кезекте өз маңайындағыларға Назарбаев сияқты тым болмағанда үлкен саясаттан алыстауға дайын емесін көрсетті. Ол билікте Мемлекеттік кеңес, Қауіпсіздік қызметі не парламенттік көпшіліктің өкілі саналатын премьер-министр ретінде қалады. Ол бұл ойын анық жеткізді. Үшіншіден, бұл жерде жас ерекшелігін де есепке алу керек. Путин Назарбаевтан әлдеқайда жас және физикалық тұрғыдан билікте қалуға мүмкіндігі бар.

Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Владимир Путин. Мәскеу, 7 қыркүйек 2019 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Владимир Путин. Мәскеу, 7 қыркүйек 2019 жыл.

Мәселені былай қорытындылағым келеді: Путин енді президент болмайды. Бірақ Назарбаев сияқты билікте қалып, оны біреумен бөлісіп немесе салмақты құзыретті басқа біреуге сеніп тапсырмайды. Ресейде қазіргіден де қатаң авторитаризм болады деп ойлаймын. Мұны Путиннің өзге бастамаларынан – мысалы, ішкі заңдардың барлық халықаралық келісімдерден үстем болуы керегі жайлы айтқан ұсынсынан көруге болады. Бұл Ресей азаматтарының адам құқықтары бойынша халықаралық органдарға жүгіну мүмкіндігін шектейді. Мұның бәрі Путин құрған билік вертикалі күшейе беретінін көрсетеді.

Азаттықтың Орыс қызметінің материалынан аударылды.

Дереккөз “Азаттық  радиосы”