Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: «Қапастағы бұлбұлдар»

– Қабдеш аға, бір сөзіңізде кеңес заманындағы ақын-жазушыларды «қапастағы бұлбұлдар» деп атап едіңіз. Ол түсінікті. Сол дәуірдің қаламгерлері белгілі шеңберден шыға алмады, сол кезеңді жырлады, жазды. Ал қазір заман басқа. Бұл кезеңдегі әдебиет саласында жүргендерді не деп атар едіңіз?

– Мен осыдан он бес -жиырма жыл бұрын, марқұм болып кеткен белгілі ақын Қапан Сатыбадиннің туғанына 80 жыл толуына байланысты «Қапастағы бұлбұлдар» деген мақала жаздым. Ол жеке Қапан емес, Қапанның замандастарына, қаламдастарына, әріптестеріне арналған еді. Егер бүгінгі көзбен қарайтын болсақ, сол Қапан да ойындағысын ашық айта алмай кеткен ақын. Қапанның қаламдастары да сол кездегі өте мықты таланттары ақындар еді. Мәселен, Ғали Орманов, Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев тағы да басқалары. Бірінен-бірі өтетін дарынды жандар-тұғын. Алайда бұлардың бәрі айтарын көңілдеріне іркіп, ашық айта алмады. Алайда солардың ішінде қапасты бұзып шығып, емін-еркін ойындағысын аз да болса сыртқа шығара алған дауылпаз ақын Қасым Аманжолов қана. Өзгелерге қарағанда артына көбірек мұра қалдырды. Әр уақытта өлмейтін жырлар жазып кетті. Ол көлгірсімей, мәнсәпқа қарамай турасын айтқан ақын. Әттең, кең дүние, жарқын заман болғанда сол ақындардың бәрі көл-көсір еңбек қалдырар еді ғой, артына. Бірақ қапас замнның белгілеп берген шеңберінен шыға алмады. Мен сол «Қапастағы бұлбұлдар» деген мақалама ұлы жырау Жамбылда да қостым. Неге? Әрине себебі бар. Мысалы, Жәкең 36-шы жылы ғана танылған  ғой. Содан дүниеден өткен 1945-ші жылға дейін арадағы 10 жыл да оған төрт-бес ақын кезек-кезек хатшы болды. Атайтын болсақ, Қасым Тоғзақов, Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев, ең  соңында Ғали Орманов. Бұларды неге жіберіп отыр, ұлы жырауға? Әрине өлең өндіру үшін. Өлең дегенде Жәкеңе арнап жоспар жасалған. Мен ЦК-ның ахривінен бір құжатты көрдім. 1938 жылы Орталық комитеттің үгіт насихат бөлімінде «Жамбыл биыл қандай өлеңдер жазу керек?» деген тізім жасалыпты. Оның ішінде «Сталиндік бес жылдықтар, Челюскеншілер, Шота Руставлидің 750 жылдығы» секілді көптеген тақырыптар белгіленген. Әрине Челюскеншілерді, Руставлиді Жәкең білмеу мүмкін. Алайда жанындағы хатшылар соны түсіндіріп, осыларға арнап өлең шығаруын талап етіп отырған. Міне, ұлы жырау Жәкеңде де еркін болмаған. Оғанда көкейіндегісін жырлата бермей, тапсырыспен өлең шығаруды міндеттеген. Бұл не? Әрине қапастағы жырау-бұлбұл деген осы. Мен осы тұрғыдан айтып едім. Ол кезде бәрі қадағалауда болды. Ал бұғауды бұзып-жарып шығам деушілер болса, жазасын алды. Жазғандары жойылды.                                                                       Солай бола тұрса да сол бір дәуірде қазақ әдебиеті керемет шоқтығы биік дүниелерді бере алды. Оған ешкм дау айтпас. Рас, ол тұста жазушыларға партия жаман қараған жоқ. Жағдайын жасады, үйін берді, қомақты қаламақы төледі. Қара теңіз бе, Балтық теңізі ме, әлде Мәскеу түбіндегі демалыс орны ма, сондай жерлерге жіберіп отырды. Бір қарасаң бәрі жақсы. Бірақ шылбырды үзіп кететіндей еркіндік бермеді. Жазған дүниеңді лупамен қарады, сүзгіден өткізді. Сол себепті жазушылардың бәрі советтік иделогияға дем беретін, мадақтайтын шығармалар жазуға мәжбүр болды. Бірақ жазушылардың бәрі кеңестік дәуірдің жасампаз тұрмысын жырлап кеткен жоқ. Әрине оны мадақтаушыларда көп болды. Оған кем таланттар көбірек барды. Өйткені дайын тақырып, дайын ой дегендей. Сонымен бірге халықтық тақырыпты да көтерген адамдар болды. Мәселен, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов т.б. Ақындардың ішінде бөліп айтуға тұрарлығы Қасым Аманжолов, Әбділда Тәжібаевтар. Олар халықтық, ұлттық мәселелерді көтеріп отырды. Сонымен әдебиет дамыды. Ал қазіргі заманмен салыстырғанда қалай деуге болады, қазір қапасқа қамап, төбеңнен қарауыл қарап тұрған ешкім жоқ. Еркіндік, сөз бостандығы, демократия дегендер бар. Солай бола тұрса да, әдебиеттің қарқыны ойдағыдай емес. Неге екені қайдам, бір іркіліс бар. Бәлкім дағдарыс деуге болатын шығар. Бір себебі, біз қадам басқан кезеңнің әлі бет-пердесі белгісіз, басы ашылмай жатыр. Немен басталғаны белгілі болғанмен, қалай аяқталатыны беймәлім. Мен кезінде бір мақаламда мына қоғамды сарқылдап қайнап жатқан қазанға теңеп  едім.  «Сорпаның дәмі әлі кірмей жатыр, сол үшін қанды көбігін бір рет қалқып тастау керек, содан  кейін  барып сорпаның дәмі кіреді» деп жазғанмын. Шындығы сол. Жақсы дүниелер әлі туады. Тек заманның аңдысын сәл байқап алған жөн. Жағымды кейіпкер кім, жағымсызы кім? Қаһарманы кім, бұралқысы кім? Демек мадақтайтыныңды не болмаса сынайтын адамыңды қоғамнан ажыратып алуың керек емес пе? Қазір байлардың, байлықтың заманы деп жатамыз. Сонда бас геройлар солар ма, әлде ыңаршағы шыққан қарапайым жандар ма? Осындай түрлі себептермен жазушылар іркіліске түсіп қалды.

Соңғы кезде «Көшпенділер», «Алтын Орда», «Аласапыран», «Соңғы көш», «Тағдыр» секілді бір немесе бірнеше дәуірді бірақ суреттейтін кесек дүниелер неге жоқ? Әлде Есенберлин, Мағауин, Жұмаділов секілді тума дарындардың қатары кеміді ме?

60-шы жылдары елде бір жылымық бола қалды. Баяғы социалистік реализмнің де шеңбері кеңіп, әртүрлі тақырыптарға жол ашылды. Тарихи тақырыптарға қалам таруға мүмкіндіктер туды. Сол тұста Есерберлин «Көшпенділер» деген және «Алтын орда» деген үш томдықтарды дүниеге әкелді. Ешкімнің тісі батпаған тарихқа түрен салды. Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны» шықты. Біраз жазушылар осы салаға қалам тербеді. Сол тұста бұрынан көкіректе запыран болып тұрған дүниелер жарыққа шықты. Қадыр, Мұқағали, Жүмекен, Тұманбай бастаған көптеген талантты ақындар сол кезеңнің жемісі. Жалпы алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдар қазақ әдебиетінің бір дәуірлеген заманы болды. Шоқтығы биік дүниелер жазылды. Жұрт  ол  шығармаларды  іздеп жүріп оқитын болды. Қазір неге сондай ірі дүниелер жоқ дейтін болсақ, оның әртүрлі себептері бар. Роман жанрына жиі барғандардың көбі дүниеден өтті, қалғандары қартайды. Қартайған тұста роман жаза қою оңай емес. Талай жылды сарп етуге тура келеді. Ал шалдарда баяғыдай көл-көсір уақыт жоқ қой. Дегенмен іргелі дүние жазылмай жатыр деуге тағы болмас. Мәселен, Мұқтар Мағауин Шыңғысхан туралы төрт томдық шығарма жазуда. Әрі зерттеу, әрі роман эссе. Оның екі томы даяр. Ал өз басыма келсем, соңғы романымды 2000 жылы жаздым. «Қылкөпір», «Прометей алауы» деген туындылар. Осыдан кейін қабырғасы қалың романдар жазуды тоқтаттым. Біріншіден жас ұлғайды, екінші әрбір жазған шығармаңды аяқтауың керек. Уақытың мол болуы тиіс. Кезінде қабырғалы дүние жазу үшін үш-төрт жыл ізденесің, сосын барып екі-үш жыл отырып жазатынсын. Өмір ұзақ, уақыт көп сияқты көрінетін. Қазір оған мүмкіндік бар ма? Жас болса келіп қалды дегендей. Қазір шағын жанрға көштім. Мысалы, алдымда үш-төрт кітап жатыр. Бұлардың бәрі повестер, әңгімелер. Соңғы жылдары жазылған. Бұлардың ішінде он екі повес, қырық-елу әңгіме бар. Қысқа дүниенің бір жақсысы бір демде оқып тастайсын. Уақыт көп кетпейді. Қазір баяғыдай шалқаңнан жатып алып, қалың роман оқитын кез емес.

Жалпы қазіргі ара-тұра жарық көріп жатқан тарихи шығармалардың өзегінде қаншалықты ақиқат жатыр? Қазір руына, жүзіне, басымдық беретін дүмше жазушы, тарихшылар көбейіп кеткен жоқ па? Қазақта «Тәуіптің ең жақсысы-ауруға ауру қоспай кеткені» деген сөз бар. Өйткені теріс жазылған тарих болашақ ұрпақты адастырады дегендей…

 – Тәуелсіздік алған соң, жазушыларға көп еркіндік берілді. Кім нені жазамын, қалай жазамын десе де рұқсат. Еркіндіктің екі қыры бар. Жақсы жағыда, жаман жағыда. Еркіндікті пайдаланып, әркім өз ата-бабаларын мақтап, батыр етіп, би етіп, дана етіп көрсетуге тырысқандар да жеткілікті. Олар ақша беріп, қаламы жүйрік журналистерді, жазушыларды жалдап, қойыртпақ дүниелер жасауға көшіп алды. Мағанда бірнеше қалталылар келді. Бір дорба ата-басының, әулетінің суреті бар, шежіресі, анасы-мынасы бар. «Сіз тарихты жетік білетін, қаламы ұшқыр халық жаушысысыз, жазып бере қойыңыз» деп қарап тұр. Онымен қоймай «қазір жазушылар қаржыдан тарығып жүрген заман ғой, нәпақа болады» деп үстелдің бір шетіне 10-15 мың доларды тастай салысты. Ақша жақсы ғой. Бірақ келісім бермедім. Ертең ол кітаптың мұқабасында менің аты –жөнім тұрады ғой. Ұят емес пе? Халық жазушысы, кім-көрінгенің ата-бабасын жазып кетті деген сөз қандай жаман. «Ренжімеңдер, мен бүгінге дейін тапсырыспен шығарма жазып көрген жоқпын. Не жазсам да өз қалауыммен көкейімдегі дүниені ақ қағазға түсірдім. Тек осындайға бейімделген жазғыштар көп қой, соларға барыңдар» деп шығарып салдым. Өзгелер жазсын, жазбасын демейсің. Бірақ бір әулеттің сойылын соғамын деп, халықты адастыратын дүниелерге жол беруге болмайды. Өйткені тарих өте кірпияз дүние. Болмағанды болды деп тықпалай беруге болмас. Қазір тарихта аты қалмаған белгісіз батырлар, билер жөнінде жазылған дүниелерден аяқ алып жүргізсіз заманға тап болдық. Әрине жоңғар шапқыншылығы кезінде халықтан көптеген батырлар шықты. Оған дау айта алмайсын. Он басы болған шығар, жүз басы болған шығар. Бірақ бәрін бірдей қол бастады, сардар болды деп атауға болмайды. Қатталған тарихта белгілі ғой, кімдердің хан болғаны, кімдердің қайқы қылышын қолына ала сала елім, жерім деп жоңғарға тап бергені. Бәрі жұртқа мәлім. Бірақ жоқ жерден данышпан, қолбасшы, батыр жасау кімге керек?

Оралхан Бөкей күнделігінде «әр бір шығармамды жазуға отырған сайын, бұл менің соңғы дүнием емес пе?» деп үркектеп отырамын депті. Сізде ондай сезім бола ма?

– Оралхандағы көңіл-күй барлық жазушыларда болады. Мәселен, Ілияс Есерберлин шығарма  жазғанда керемет асығатын. Оның көптеген кітаптарына редактор болдым. Бір байқағаным ол кісі әр бір шығармасы жазып болған соң, ол жарыққа шыққанын көрмей кетем бе, деп, асығып жүретін. «Ілеке-ау сонша неге асығасыз?» деп сұрап қалсам, «Оу, Қабдеш мен сен секілді қылшылдаған жас емеспін. Жасым біразға келді. Көкіректе ой-арман көп, соның бәрін ақ қағазға түсіріп қалсам ба, деймін. Оның үстіне мен сырқатпын ғой, бір күні қисайып қалсам  ба, кім білсін?» деп отыратын. Қолжазбасын бірден орысшаға аударта беретін. Әрине, асығатын жалғыз Ілияс па еді, жасы біразға келіп қалған кез-келген ақын-жазушы осындай ойда жүреді. Ол сезім меніңде басымда бар. Міне, алдымда қолжазба жатыр. Компьютрмен тергенде 400 беттен астам. Мен де осы кітап тезірек жарық көрсе, көріп кетсем деген бір сақтық қылаң береді. Енді адамбыз ғой… Жасым жетпіс жетіге шықты дегендей…

– Егерде Әуезов 1932 жылы «жаздым, жаңылдым, Кеңес билігін, мойындаймын» деп Алаш идеясынан сырттай болса да бас тартпағанда өзге арыстар секілді атылып кетері белгілі болатын. Әуезов, Әлихандардың, Ахметтердің, Міржақыптардың, Смағұлдардың ізімен мерт болғанда қазақ әдебиеті бүгінгі жеткен деңгейге көтеріле аларма еді?

 – Империя кезінде қазақ әдебиеті екі бағыттта дамыды. Бірі солақай саясаттың сойылын соғушы да, екіншісі халықтық бағытта. Осы халықтық бағыттың туын ұстап қалған жазушы Әуезов болды. 1930 жылдан 32 жылға дейін Мұхтар Алматының түрмесінде отырды. Содан «мен советтік платформаны қабылдаймын» деп Жоғарыға хат жазды. Сүйтіп түрмеден босады. Әйтпесе ол  да, алдыңғы толқын ағаларының жолын құшып, жоқ болып кетер еді. Мұқаңның хат жазуы өте дұрыс жүріс болды. Тактика деп жатады ғой. Сол  тұста  алаш көсемінің бірі Ахмет Байтұрсынов Мұқаң түрмеде жатқанда «Сен жассың  әлі. Бізге енді кері қайту жоқ. Қалған тірлікті сеніп  саған тапсырамызд. Сенің қазақ мәдениетімен әдебиетін көтеруге қабілетің, дарының жетеді. Біз секілді аранға  түспей  басыңды  сақтап  қал» деп ақыл берген деседі. Оны Мұқаң құп алған. Бұдан қазақ ұтылған жоқ. Қазақ әдебиетін қол жетпес биікке көтерді. Алаш арыстарының аманатын абыроймен орындады. Қазақ халқының бағы болды. Егерде Мұқаң атылып кеткенде, дәл сол уақытта халықтық жолға түрен салатын ондай адам шығуы неғайбыл еді. Ол серке еді. Қалғандары соған еліктеді, соның ізімен жүрді. Әуезовтың соңынан Мүсірепов, Мұстафин Есенберлин, Ақтанов, Мағауин т.б ерді. Бәз біреулер «Шерханның шекпенінен шықтық» деп жүр ғой. Бірақ Шерханның шекпені қанша адамға жететінін білмеймін. Шынтуайтында Әуезовтың макентошы бәрімізге пана болды. Бір Әуезовтың өзі қазақ әдебиетін биік қырқаға шығарып еді. Әдебиетте «Абай жолы» тәрізді, «Әуезов жолы» тәрізді тыңнан  жол  салатын  тұлғалар  туа  ма. Кесіп  айту  қиын.

Әңгімелескен Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ