Қайдасың, Атлантида?!.

Біздің дәуірімізден ондаған мың жыл бұрын өмір сүрген, ғажайып өркениетке қол жеткізген Атлант жұрты жайлы қауесет әлі күнге тоқтаған жоқ. Тіпті толықтай сыры ашылмай ол тақырыпқа нүкте қойылуы да мүмкін емес. Ғылым мен білімнің, мәдениеттің ордасы – алтын бесігі болған, медицина саласында адам айтса нағыз жетістектерге қол жеткізген Атлант елі қайдан шықты? Қайда кетті? Жер жұтты ма, әлде көкке ұшып кетті ме? Әңгімені арғы дүниеден қозғайтын болсақ, Атлантида жөнінде ең бірінші айтқан, біздің дәуірімізге дейінгі ІV ғасырда өмір сүрген грек философы Платон еді. Кім білсін, ол данышпанда «жер бетінде сондай ғұламалыққа қол жеткізген ел өмір сүрді» дегенді ойдан шығарды ма екен? Әлде «Адамзат сондай дәрежеге қол жеткізсе» деген арманынан туды ма? Әйтеуір белгісіз.

Міне, содан бері қанша ғасыр өтті. Атлант жұртын іздеп, дүние кезгендер, ескі қолжазбаларды ақтарғандар қанша ма? Тіпті «ғажайып ел қай жерде өмір сүрді, қайда кетті?» деген мәселемен алпауыт мемлекеттер де айналысты, арнайы экспедициялар шығарды. Сырын білмекке, құпиясын ашпаққа ұмтылды. Бірақ «жұмбақ дүниенің саңылауына көз салдық, ұшын таптық» деген ешкім жоқ. Әдемі, қияли әңгіме сол аңыз түрінде қалды. Дегенмен «Атлант жұрты Атлант мұхитының орнында болған. Кейінен табиғаттың апатынан мұхит түбіне кеткен» деген жорамал да көп. «Атлантида Бермуд үштағанының астында» дейтіндер де бар. Олар осыған байланысты түрлі уәжді алға тартады. «Колумб Американы ашты. Оның қолында осы Жаңа Әлемге баратын жолдың картасы болды. Картада жер шарын соңғы рет топан су басқанға дейінгі құрлықтардың орналасқаны кескінделген еді. Колумб картаны қайдан алды?» десе, бәз бірі «Б.д. 1700 жылы Түркияда өте ескі заманнан қалған карта табылды. Ол карта түрік адмиралы Пири Рейске тиселі болған. Ең қызығы, картада жердің кіндігі белгіленген. Бірақ онда әлі Антарктида мен Греландияны толықтай мұз қабаты баспағаны анық көрсетілген. Тіпті осы аймақтар арқылы өтетін теңіз жолдары да сызылған. Ерекше назар аударатын нәрсе, сол картаның бүгінгі күні жердің жасанды серігі арқылы түсірілген суретке өте ұқсауы. Сонда ол кездегі өркениет көкке ұшуға қол жеткізген бе?» дейді. Осыны айта келе ғалымдар «бұл жер бетінің карталарын жасағандар кезінде аса жоғары өркениетке қол жеткізген халық. Ол – Атлантида елі болуы мүмкін» дегенді келтіреді. Кім білсін? Атлантида жайлы аңыз көп. Оның бәрін тәмпіштеп айту мүмкін емес. Дегенмен, біз соңғы кезде ғылым жасаған жорамалдардың бір-екеуін оқырманға ұсына кеткенді жөн көрдік. Соның бірі – Антарктиданың Атлантидамен байланысы. Рас, «Атлантида Атлант мұхитының бір аралдарында болған өркениет» дейтіндердің айтар уәжі басым. Олардың көзір ретінде ұстап отырғаны, – Атлант мұхитының атауы мен Атлантиданың ұқсастығы. Бірақ бұл 100 пайыздық кепіл бере алмасы хақ. Бірақ соңғы уақытта зерттеушілер Атлантида Антарктиданың орнында болған дегенді жиі айта бастады. Себеп? Себеп бар. Мәселен, атақты географ Меркатор Оронций Финней адмирал Рейспен бірге жер шарының һәм теңіз жолдарының картасын жасаған. Шындығында, олар 15 мың жыл бұрын жасалып, кездейсоқ табылып, қолдарына түскен көне картадағы сызбаларға қарай отырып, тек оны жаңартып шыққан еді. Картаға сенсек, Антарктида ол кезде мұз жамылып жатпаған. Ол жерде адамдар тіршілік жасап жатқанға ұқсайды. Тіпті АҚШ ғарышты зерттеу орталығы аспаннан түсірген сурттерінде сол жерден ежелгі елдімекен орындары, қолдан қазылған шұңқырлар бейнеленген. Осының өзі-ақ Антарктида кезінде тіршіліктің қайнап жатқан ордасы болғанын айқындап беріп тұрғандай. Бұл жөнінде әлемдік деңгейдегі палеоклиматологтар Борисенков пен Пасецкийде осындай жорамалды алға тартады. Бұдан 13 мың жыл бұрын әлемдік жылымық кезінде Антарктида қоңыржай өлке болған. Ол жерде тіршіліктің оты маздап, адамзат өсіп-өніп, аң-құс мекен еткен. Саналы тіршілік иелері үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, мейманасы тасқан білімді де іргелі елге айналған. Алайда 12 мың жыл бұрын алып метеорит құлап, әлемдік апат орын алыпты. Содан кейін-ақ жұмыр жердің ауа-райы өзгеріп сала берген. Баяғы қоңыржай өлке Антарктиданы мұз басып, ондағы тіршілік атаулы жойылып кеткен. Яғни Атлантида мұзға көміліп қалған. Ал аман қалған аз ғана топ, жылы өлкелерге жол тартып, жүрген жерлерінде жойылып кеткен ғажайып өркениет жайында әңгіме таратқан.

Ғалымдардың есебінше Атлантиданың жер аумағы қазіргі Антарктидамен бірдей көрінеді. Тағы бір мысал, Сібірде жүргізілген қазабаларда мамонттардың топтаса өлген қаңқалары кезіккен. Зерттей келе ол жануарлар кенеттен болған суықта қатып қалған көрінеді. Сол секілді Аляскіде де жылы аймақтарда өмір сүретін аң-құстардың қаңқалары көптеп кездескен екен. Бүгінгі күнгі заманауи технологияның көмегімен қаңқаларды зерттегенде, олар кем дегенде 12 мың жыл бұрын өлгендері белгілі болған. Осының бәрі ғалымдарды «бұл аймақтар кезінде жылы ауа ағысында жатқан, қоңыржай өлке болды» деп тұжырым жасауына себепші болған. Кім біледі ғалымдар жорамал жасағандай расында Атлантида Антарктиданың орнында болуы да мүмкін-ау.

Жалпы Антарктида қандай өлке? Осынау мұз жамылған аймақ қойнына қандай құпия жасырып жатыр? Жер шарындағы алтыншы құрлық болып есептелетін бұл өлкені 1820 Беллинсгаузен экспедициясы ашқан. Оның орналасқан жері де ерекше. Атлант, Тынық, Үнді мұхиттарында да шығу жолдары бар. Бұл жерде уақыттың барлық белдеуі бар. Әлемдегі ең суық мекен. Үнемі қатты жел мен боранның отаны. Құрылықтың 90 пайызын қалыңдығы 5 шақырым болатын мұз-тоң басып жатыр. Өзге құрлықтардай бұл өлкеде ешқандай жергілікті халық өмір сүрмейді. Ал осы қатігез мекенге байланысты түрлі аңыз көп. Соның бірі – жоғарыда айтқан Атлантидамен байланысты әңгіме. Екінші бір аңыз Гитлердің КСРО-дан жеңілген соң, өмірінің соңына яғни 1972 жылға дейін Антарктида да өмір сүргені туралы. Көптеген бұлтартпас нақты деректер Гитлер 1945 жылы сәуірдің соңында өзін және нақ сүйері Ева өлтірмегені, ретін тауып өзге жаққа қашып кеткені жайында айтады.

Деректерді сөйлетсек: 1938-39 жылдары Үшінші Рейх Атарктиданы жедел зерттеуді қолға алған. Антарктидадағы Мод Корольдігі ауданында немістер құпия база тұрғызған. Бір ерекшелігі, 1938 жылдан бастап неміс әскери теңіз флотының кемелері Антарктидағы жиі экспедиция жасаған. Соның арқасында мәңгілік мұз басып жатқан аймақта жерастын жолын тапқан. Ол жердің кереметтігі сол, оны немістер «жұмақ» деп атапты. Жылы ауа ағысы бар, алып үңгірлердің асты адам өмір сүруіне қолайлы болғандығы сонша, Гитлер онда құпия базалар тұрғызуға бұйрық берген. 1942 жылдан бастап сол базаларға сол жердің болашақ тұрғындары болатын ғалымдар, әр саланың мықты мамандары, ұлтшыл партияның жетекшілері мен мемлекет басшылары жеткізіле бастады. Базада мыңдаған соғыс тұтқындары жұмыс істеді. Оны соңғы үлгідегі қарумен жабдықталған сүңгур қайықтар, ұшақтар күзетті. Жұмыс өте құпия түрде жүргізілді. Ол жерде ядролық заряд алып ұшуға мүмкіндігі бар «Фау-5» сияқты (АҚШ пен КСРО ядролық заряд алып ұшатын баллистикалық зымырандарды соның үлігісінде жасағаны анық) зымырандар, табақ пішіндес ғажайып ұшақтар жасау қолға алынды. Жалпы, бұл өлкеге немістер неге қызықты? Ғалымдардың басын ауыртқан осы мәселе.

Оқымыстылардың жорамалынша Үшінші Рейх Антарктиданың астында ондаған, жүздеген шақырымға созылатын аумағы өте кең жерасты үңгірлері бар екенін, Тибет монахтарынан естіген. Өйткені дәл сол уақытта неміс билігі жер кіндігі Шамбаланы іздеп, Тибеткеде барғаны белгілі. Ал әлгі үңгірлердегі үнемі жылы ауа ағысы адам өмір сүруіне аса қолайлы болған. Тіпті жерасты әлемі деуге тұрарлық мекен. Ғалымдар немістердің Атлантида өркениеті осы Антарктиданың астында қалғанынан хабардар болып, сол мекенге қол жеткізуге асыққан дейді. Кім білсін? Немістердің керемет қарулар, ұшатын табақша, баллистикалық зымырандар жасауы, сол өркениеттің жұртынан табылған жазба-сызбалар арқылы жүзеге асуы да мүмкін-ау. Қалай айтсақ та, Антарктида жайлы аңыз көп, мұзды өлкенің құпиясы мол. Осы өңірге сапар жасаған әртүрлі елдің көптеген экспедициялары неше түрлі жұмбақ құбылыстарға тап болып, толығымен жойылып кеткендері де, жартысы жұмбақ жағдайда қаза тауып, арып-ашқан азғана топ еліне әрең оралғандары да бар. Бұл енді ешқандай қоспасыз шындық.

1999 жылы ғылыми-зерттеу экспедициясы Антарктидадан өзгеше бір вирус тапқан. Қауіпті вирус мұз тоңдардың астында жатқан көрінеді. Егер де сол мұздар еритін болса, аса қатерлі вирус жылумен бірге жер бетіне тарайтын көрінеді. «Егер де ғалам жылынып, мұз ертіп кетсе, адамзатты керемет қатерлі эпидемия күтіп тұр» дейді ғалымдар.

Кім білсін, кезіндегі өркениет иесі атланттықтар да осы эпидемиядан жойылып кетуі де мүмкін-ау.

Нұрсұлу МЫРЗАБЕКОВА