Қайнайды қаның, ашиды жаның…

Жазбасқа болмады…

Елдегі саяси жағдайларға байланысты əртүрлі пікірлер айтылуда. Ия əркімнің өз пікірі бар, бірақ ауыз өзімдікі екен деп шектен шығуға да болмас. Ал орынды уəж болса оның жөні бір басқа. Сонымен əлеуметтік желідегі əңгімелердің біршамасына тоқталайын.

  1. Президент орынынан кететіндігін айтқанда қимастықпен көздеріне жас алған депутаттар – Бекболат Тілеухан мен Азат Перуашевты келеке етуде біразы. Негізі жылаған олар ғана емес еді. Жəй ғана мысал, кешкісін үйге барсам анам жылап отыр екен, балаларым да жылағаны байқалып тұр, əйелім де көзіне жас алғанын айтты. Ертеңіне қайын жұртыма барсам, ондағылар да толқып көздерінен еріксіз жас шыққандарын жасыра алмады. Одан нағашы жұртыма барып едім, нағашыларым да жылауықтар екен, көздері мөлтілдеп отыр. Обшым менің үш жұртым түгел жылапты. Олардың ешқайсы да билікке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қарапайым жандар еді. Бұлардың бəрі неғып жылап жүр сонда? Ал енді 30 жылдай бірге қызмет істескен, талай мəрте табақтас болған, ағалық қамқорлығын сезінген жандар көзіне жас алса не болыпты? Бекеңді қоя берші, жүрегі жұмсақ, ақ көңіл пəндə ғой, өз басым Азат Перуашевтан мұндайды күтпеп едім. Азамат екен. Ал өзім жылай алмадым. Енді сіз бен менің сансыз ақпаратқа уланып, жүрегіміздің қарайып, қатайып кеткені үшін бұл екеуі кінəлі емес шығар. Бес сəби шетінегенде жыламаған сорлылар, енді жылай қапты да деген пікірлерді де көзім шалды. Ол кезде жыламағанына қандай айғағыңыз бар? 24 сағат қасында жүріп пе едіңіз, жоқ əлде жасырын камера жалдап түсіріп пе едіңіз? Əлде жылаған сəтінің бəрін жұртқа көрсетуге міндетті ме бұлар? Негізі жылағандардан емес, бедірейіп жыламай тұрғандардан қорқуымыз керек. Жылады ма, демек жүрегі өлік емес деген сөз. Құдай мейірім берген жүректен ғана жас шығатынын ұмытпайық. Аллаға шүкір қазақтың көбінің жүрегінен мейірім мен жылылық кетпеген екен, мен соған қуандым.
  2. Астанамыздың “Нұр-Сұлтан” атануына, сонымен қатар орталықтардағы басты көшелердің Назарбаев болып ауысуына қарсылық танытып жатқандар бар. Мен елдің ішінде жүрген адаммын ғой, негізі Астананың “Нұр-Сұлтан” боп өзгеруіне емес, қалалардағы Абай, Əбілхайыр, Төле би, Сəтпаев сынды тұғырлы тұлғаларымыздың атындағы көшелердің ауысына наразы болды халық. Бұл енді таза сол жердегі əкімдердің кінəсі. Айналайындар-ау, Абай көшесін Назарбаевқа ауыстыр деп тапсырма берген жоқ шығар Ақ ордадан. Орталық көшелердің бірін десе, əр қалада кемінде 3-4 орталық көше бар. Соның оңтайлысын беруге болады ғой, халықтың да Ақ орданың да көңілін табатындай ғып. Бұл енді нағыз қастандық деп білемін. Сол қастандықты басқа емес, Елбасы өзі сеніп қойған əкім-қаралар жасап жатса бұған не деуге болады. Абырой болғанда Ел ордадағы ономастикалық комиссия бұндай өзгертулердің біразын қабылдамай тастапты.
  3. Жемқорлық пен парақорлық күшейіп кетті, биліктегілер жеп жатыр елді деушілер көп. Ия оны бəрімізде білеміз. Жемқорлық пен парақорлық ушығып тұр. Енді осы сөзді айтқан кезде өзімізге бір назар аударайықшы. Баламызды бала күннен бастап параға үйретіп жатқан өзіміз емес пе? Мектептегі мұғалімі басқалардан гөрі менің балама дұрыстап қарасын деп жалпақтап подаркі бергішпіз. ҰБТ-дан балды талайымыз сатып əпергеніміз кімге жасырын еді. Осының бəрін көріп өскен бала өскесін парақор болмағанда кім болады? МАЙ қызметкерлері ереже бұзғаныңыз үшін айыппұл жазса бірінші өзіміз ақша беріп сол жерде талай шешіп кеткен жоқпыз ба? Жоқ біздерді қинап па еді, ақша бермесең болмайды деп. Əділетшіл болсақ неге сол жерде айыппұлыңды жаза бер, “тəртіпке бағынған құл болмайды” деп қасқайып тұрмадық. Бір ағам бар. Мектепте қарауыл. Қашан көрсең билікті жамандап жүргені, жемқорлар шетінен, елдің бəрін сатып бітті деп. Өзі қыста мектептің көмірін ұрлап сатады. Онысын білеміз. Бір ыңғайы келгенде айттым, сізде сатқынсыз деп. Неге дейді? Көмір ұрлап сатқан адам, əгəрəки мұнайды ұрлап сатуға мүмкіндігі болса не істейді? Сатады ғой оны да. Енді өзің осындай бола тұра кімді айыптайсың жемқор деп? Əділетті, таза билікті қалайсың ба, онда өзіңнен баста. Қауым қандай болса, билік сондай. Балық басынан шірігенімен, құйрығынан тазаланатынын ұмытпайық.
  4. Дариға – сенаттың спикері. Осы жағадай да біраз жұрттың түн ұйқысын төрт бөліп жатқанға ұқсайды. Жалпы ол кісі бүгін ғана билікке аспаннан салбырап түсе қалған жоқ. Отыз жыл болды келе жатқанына. Түрлі сатылардағы қызметтерді атқарды. Бұл қызметі де өтпелі бір кезең ғана деп білемін. Сол үшін даурығудың керегі шамалы. Ол президент боп кетеді деу онша қисынға кеп тұрған жоқ. Бірақ ең негізгі бір мəселе бар… Егер əйелдер осы бетімен есіре берсе, отбасындағы билік еркектің қолынан кетіп əйелдерге көшсе, əрі бұл бүкіл қауымдық сипатқа айналса, онда біліңіздер “қатын патшаның” да ел билеуіне лайық боп қаламыз. Сондықтан елді əйел билемесін десеңіздер, Дарикош əпкемізге алаңдай бергенше үйдегі əйелдеріңізге ие болыңыздар.
  5. Жағымпаздық. Ия жағымпаздық дерті дендеп тұр. Осының кесірінен қаншама тірлігіміз көз бояушылықтың құрбаны болды. Айтарға сөзім жоқ. Бірақ бұл жердегі жағымпаз деп жатқандардың сипаты басқа боп тұр. Елбасының еңбегі мол екені рас қой, отыз жыл елді соғыссыз басқарды, ұйқымыз тыныш болды, сол үшін де рахмет деп ақ тілегін жеткізген ойында еш арамдық жоқ ақ көңіл ағайынды “жағымпаз” деп жазғырып жатыр мұндағы жазғыштар. Жəне бұлай Елбасыға деген шынайы жанашырлығын білдіріп жатқандардың 98%-ы билікпен еш қақ-соғы жоқ қарапайым халық еді. Өмірінде Назарбаевпен кездеспесе, қолында байлығы, астында креслосы болмаса, сонда бұлар кімге жағынып жатыр? Халыққа қарсы шықпаңдар “жағымпаздар өңшең” деп өңешін жыртқандар өздерінің халыққа қарсы шығып жатқандарын байқамайтын да сыңайлы. Əлде патшаны тілдейтіндер ғана халыққа жатады да, елдің тыныштығын ойлап, ердің қадірін білетіндер халыққа жатпай ма? Сосын, Назарбаев десе жыны қозатын, билік десе екі иығы билеп кете беретіндердің алыстағы бір танысы өзі иттің етінен жек көретін сол биліктің бір пұшпағына іліге қалса “құтты болсын” айтысып, есте жоқ ескі замандардағы бірге түскен суретін тауып алып желіде жарыса жарияласатындары қалай? Бұл не сонда, шарапаты тиіп қалар деген есек дəме ме? Шыншылдығың, ақиқат іздегіш əділетшілдігің қайда кетті? Логика қайда?…

Айтайын деп айтпайсың, жазайын деп жазбайсың ғой, Абай атамыз айтқандай, қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде. Ел басқару оңай болса осылай жүрер ме еді ағаларымыздың біразы “желіде батыр-жеңгейге шопыр” болып. Кеткен ердің артынан от қойып, келген ердің алдынан ор қаза бергенше, əр қайсымыз өз тірлігімізді адал атқарайық. Тілді безей бергеннен түзеліп кеткен дүние көргем жоқ. Қой осымен саясатты қойып, жұмысқа кіріселік. Ертең дүйсенбі, ертерек жатыңыздар. Алла тағала елімізге бірлік, Елбасымызға қуат бергей, əумин.

Айтпақшы, бұл жазбамды біреудің айтуымен жазбағанымды, біреуден бір тиын алмағанымды ескерте салайын…

Ақын, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлағының лауреаты: Біржан Байтуов.