Қайтсек Қазақстанды «нағыз қазақ еліне» айналдырамыз?

«Бодан елге әскер ұстатпау және қалам-қағаз бермеу күн тәртібінде үнемі тұруы тиіс». Император Шан Кай Ши

 

Бұл сөзді неге айтты екен? Әскер ұстатса, көтеріліс жасауы мүмкін, қалам-қағаз берсең, үгіт-насихат жүргізіп, санасын өсіресің әрі тілін, әдеп-ғұрпын жоғалтпайды. Сөйтіп, халық ретінде сақталып қалуы мүмкін. Ал үстем халыққа олардың есек секілді құлағы салпиып жұмыс істегені керек. Тек қана жұмыс істегені!

Осы орайда бір мысал келтіре кетейік. Бұл осыдан бірнеше ғасыр бұрын болған оқиға еді. Ресей империясының билігін әкеден балаға, баладан немереге ауысып, үш ғасыр ұстаған Романовтар тұқымы осы оқиғаға байланысты үлкен той жасайды. Бұл ұлан-ғасыр тойға дүниежүзінің көптеген мемлекет басшылары шақырылып, мерекенің сәнін келтірген екен. Сондай бір шақырылған қонақ, Пруссия мен Германияны кезінде біріктірген темірдей Бисмарк екен (Железный Бисмарк). Бірер күн басқалармен бірге көңіл көтеріп, шаршаңқыраған канцлер қасына өзімен бірге келген дос-жарандарын алып, императордың бірнеше гектарға созылған бау-бағын атқа отырып аралап кетеді.

Бақта қаншама ағаштың түрі, түрлі шөптің хош иісі адамға сезім беріп, сергіткендей болады.

Орманды аралап келе жатқан Бисмарк бір жерден күзетке тұрған екі әскерді байқайды. Қастарынан өтіп бара жатып, орман ортасында нені күзетіп тұрғандарын сұрайды.

Олар нені күзететінін білмейтін болып шықты. Тек күнде күзет ауысып тұратынын айтады. Бұған қайран қалған канцлер, серуеннен қайтып келген соң, 2-ші Николайдан орман арасындағы күзеттің не үшін қойылғанын сұрайды. Ол ештеңе білмейтін болып шықты. Ақыры, сарайдағылар сұрастыра келіп, жауабын тапқандай болды.

Осыдан үш ғасыр бұрын 2-ші Екатерина көктем күні аумақты бақты аралап жүріп, бір жерден жауқазындардың өсіп, гүл жарып тұрғанын байқайды. Сарайдағы дворяндардың балалары үзіп тастамас үшін күзет алдырып, бақылатып қойған болып шықты. Содан кейін ол қойдырған күзетін ұмытып кеткен ғой! 3 жыл, 5 жыл, 10 жыл, 100 жыл, 300 жыл! Қаншама буын өтті. Күнделікті бұл жерге келетін күзет нені күзететінін де ұмытты. Әйтеуір, осы араға күзет тұруы тиіс. Масқара болғанда, егер Бисмарк болмағанда бұл жалғаса берер ме еді, қайтер еді?!

Біз қазақ халқы тәуелсіз елміз, мемлекетіміз тәуелсіз. Дегенмен, қазақ даласы бұрынғы ата-бабамыздың жеріндей өзге сөзден, атаудан таза ма? Қазіргі қазақ мемлекетінің ауыл, мектеп, көше, кәсіпорын, аудан, қала, облыс орталықтары жиналып, 70 пайызға жуығы орыс тілінде аталады екен. Сонда бізде ономастика мүлде жұмыс істемейді десек, артық болмас!

Өзбекстандағы Гагарин қаласының аты алынып тасталғанына да қаншама уақыт өтті. Осы елде орыс тілінде сөйлеуге, телеарналар ашуға, мектеп, балабақшада жұмыс істеуге тыйым салынғаны қашан! Түркіменстанның бұрынғы президенті Ниязов бір жарым миллион орысты өз елінен алдап-сулап шығарып жіберді. Тәжікстан жер атауларын түгелдей тәжікшеледі.

Ал енді бізге келейік, ешкімге ештеңе дегеніміз жоқ. Дос, бауыр көріп, бірлікке шақырдық. Қасымыздағы көршілердей тұрақтылық, өндіріс орындарын дамыту, Ұлы Жібек жолын жандандыру, мектеп, аурухана, балабақша салу дұрыс жолға қойылды. Инвестицияны көптеп тартып жатырмыз. Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстаннан да инвесторларға жол ашып қойған екен. Эволюциялық жолмен олар да өркендеп келеді. Бізден соншалықты артта қалып қойған жоқ. Ал неге біз тәуелсіз халық болған соң, кесірт-кенің жорғалауындай-ақ болсын, даламыздағы ауыл, аудандарды, қалаларды жылына 5-6-дан болса да ептеп ауыстырып отырмаймыз. Бұл көп емес қой. Қазақ елі болғандықтан, әрі бауырына тартып отырған соң, осындағы этностар ештеңе демейді, әрі олар ештеңе деуге тиісті емес. Тек өзіміздің жалтақтығымыз ғой баяғы.

Алматыдағы Алатау ауданын (күнде көріп жүріп, Алатау атын кім ұмытады? Қарпат елдерінде Карпат атауымен аталатын ештеңе жоқ) «Алтын Орда» ауданы деп атасақ, біреу бірдеңе дей ме? Қайта ұлы тарихымызды әспеттегеніміз емес пе! Қытайлар кезінде өздерін шапқан, бодан қылып ұстаған Шыңғыс хан мен Құбылай ханға әлемдік кино шығарып жатқанда, біздікі не үрей осы?!

Әрі жалқаумыз, әрі қорқамыз! Қазынадан бөлінген миллиардтаған ақшаны да игере алмаймыз. Әкімдердің көбі бұрынғы зоотехник, мал дәрігері, агрономдар. Бұлардың орнына мықты, жан-жақты білімі бар педагогтар, шыңдалған журналистер, саясаткерлер керек шығар. Еліміздегі өзге атауларды өзгертсе, осылар өзгертер. Тағы бір ескерер нәрсе — көрші елдердегі қандас ағайындарды қалайда елге қайтару. Біздегі қазақтар енді көп өсе алмайды. Ең қауіптісі осы. Халықты тоздырып алмайық әрі азайтып та алмайық. Мемлекеттік тілімізді көтеріп, төл дінімізді нық ұстайық.

Яғни Әмір Темірдің сөзімен айтқанда: «Алыстағы жауыңды күш және шеберлігіңмен жеңуге болар, қасыңдағы қаскүнемнің тізгінін мықтап ұстап, тізерлетіп қой, одан артық бойын көтеруге ерік берме!» — деген екен. Мүмкін, осыны ескерерміз, ә? Сіз қалай ойлайсыз?

 

Бейсенғазы Ұлықбек