Қарабақ қырғынына нүкте қойылды ма, әлде…

Қап  тауындағы  Қарабаққа  байланысты 45 күнге  созылған Әзірбайжан мен Армения арасындағы соғысқа  әзірге  нүкте  қойылды. Әзірге дейтініміздің себебі  бар.  Бірақ  оны сөз  соңына  қарай айтайық.  Бұл  қақтығыста  жеңімпаз  боп  шыққан  әзірбайжандар.  Ал тізе  бүккен  армяндар.  Ел  премьер-министрі Никол Пашинянның  уәжіне  қарасақ, армян  әскерінің қуаты сарқылған. Ол  әскерді түпкілікті күйреуден аман  алып қалу  үшін амалсыз келісімге қол қойған-мыс. Бұдан   сәл  бұрын  ресми Баку  қарсыласын  үлкен  шығынға  батырғанын,  кем  дегенде құны 2 миллиард доллардан асатын әскери  қару-жарағын  жойып жібергенін хабарлаған еді.  Бұдан  тыс, адам шығыны  қаншама? Демек,  армян армиясының күші  түгесілген. Масқара  жеңіліс соның айғағы.

Ал  үшжақты  келісімді нақтылай  түссек,  10  қараша күні  түнде  Ресей, Әзірбайжан және Армения  басшылары   Қарабақтағы  соғысты тоқтату  жөнінде сөз  байласты. Келісімге  келді. Жерге  байланысты  қалған  дауды бейбіт түрде  шешпек   болысты. Сондай-ақ қақтығыс қайтадан  тұтанып кетпеу  үшін  екі елдің  ортасына Ресейдің  бітімгерлік  әскері енгізілмек.  Осылайша Таулы Қарабақтағы  қақтығысқа  нүкте  қойылды  деуге  болады. Дегенмен Қарабақтағы  қанды  соғыс  неден  басталды  дегенге келетін  болсақ, өткен тарихқа  сәл  шегініс жасауға  болады. Екі ел арасында дау болған Қарабақты Әзірбайжан өзінің ажырамас бір бөлігі санаса, армяндар  «ежелден біздің жер» деседі. Ол жерді  мекен еткен  армяндардың көптігін  тілге  тиек етеді.  1921 жылдың 4 шілдесінде  кеңестік  жоғарғы бюро Қарабақты Армения құрамында қалдыру жөнінде шешім шығарды. Алайда арада бір күн өтпей жатып, яғни 5 шілдеде Қарабақты Әзірбайжанның құрамына беру жайлы қайта шешім шығарып, бекітті. Содан бері Таулы Қарабақ мәселесі екі елдің арасында дау туғызып келді. Ал 1988 жылдан басталған текетірес Армения мен Әзірбайжан арасындағы екі жылға (1992-94жж.) созылған қанды ұрысқа алып келді.      Соғыс барысында Армения армиясы Әзірбайжанның жеті ауданымен қатар, Таулы Қарабақты басып алды. Былайша айтқанда,  Әзірбайжанның  20  пайыз  жері  армяндардың  қол  астында  қалды. Сол  соғыста екі жақтан   35  мыңға  жуық   адам  қаза  тапты. 1  миллионнан  астам  халық  тұрған  жерін  тастап,  босып  кетті.  1994  жылы   мамырда Ереван мен  Баку  бейбіт  бітімге   келіп,  соғыс  тоқтады. Бірақ армяндар  басып  алған  жерін Әзірбайжанға  қайтарған  жоқ.  Содан  бері  түрлі  араағайын  болғандардың  арқасында  екі  ел  арасында келіссөздер жүріп  келеді. Тіпті Еуропаның қауіпсіздік  және  ынтымақтастық  ұйымының  аясында    Таулы  Қарабақ   мәселесімен  айналысатын  Минск  тобы  құрылып,   дауды  бейбіт  түрде  шешуге  күш салды. Бірақ ешқандай нәтиже  болмады.

Әзірбайжан  президенті  Ильхам  Әлиев  өз  халқына арнаған  бір сөзінде: «Армяндардың  қол  астында  қалған  жеті  аудан  мен  Қарабақ  – әзірбайжандардың    ежелгі атамекені. Ата-баба  қаны  тамған  жерде өзге  ұлтты  үнемі  тайраңдатып  қоя  алмаймыз.  Егер де мәселе бейбіт  шешілмейтін  болса,  қолға  қару  алып,  өз  жерімізді  азат  етуге даярмыз. Өйткені жер  дауына  байланысты    әлемде  кейбір  мемлекеттер  арасында 40-50  жыл  шешімін  таппаған,  қорытындысы  жоқ  келіссөздер  жүріп  жатқанын  көріп  отырмыз.  Бірақ   бізде  ондай  ұзақ  мерзімді  келіссөздер  болмайды, армян  жағы  не  «иә»,  не  «жоқ»  деп,  кесімді  сөзін айтуы  тиіс. Олай  болмаған  шақта мәселені  қарумен  реттеуге  тура  келеді», – деген-ді. Әзірбайжан  жағының    төзімі  27  қыркүйекте  түгесілгенге  ұқсайды.  Сол  күні  сепаратистердің қол астында  қалған  жерін азат   етуді  бастады.  Азат етті де.

Жалпы, бұл  азат ету соғысына ресми Баку  қатты  дайындық  жүргізгені  соғыс  барысында  белгілі  болды. Әсіресе заманауи соғыс техникасын  іске  қосты.  Соның  ішінде ұшқышсыз басқарылатын дрондар майдан  даласында  кімнің жеңімпаз  болатынын  анықтап  берді.  Қысқасы, дрондар армян  сепаратистерінің төбесіне қырғидай  шүйлікті,  техникасын да,  жаяу әскерін де  талқандады.  Әзірбайжан  әскері  Таулы  Қарабақтың орталығы Ханкенді (Степанакерт)   түбіне келіп тірелгенде  соғыс  тоқтады. Басында айтқанымыздай,  үшжақты келісім  жасалды.

Келісім  бойынша  Әзірбайжан әскері әлі азат етіп  үлгермеген аудандарды армян  жағы  кезең-кезеңімен  қайтаратын  болды.  Дегенмен әлі де  біраз  жер армяндардың  қарауында  қалып  қойды.  Оны  кері  қайтару – болашақтың,  яғни келер  ұрпақтың  ісі.  Алайда соғыс қайтадан  тұтанып кетпеу  үшін ортада Ресей  бітімгершілік әскері  тұрмақ.  Басында соғыс әзірге  тоқтады дегенді айтып қалған едік.  Енді  соған  келейік.

«Никол Пашинян  елге  сатқындық  жасады.  Ешкіммен  ақылдаспай  үшжақтты келісімге  қол  қойды. Армяндар  қанымен  қорғаған  жерді әзірбайжандарға  беріп жіберді. Мұндай  масқара  келісімді мойындамаймыз.  Қолға  қару алып,  Таулы Қарабақты кері  қайтарамыз» деп  ұрандасқан  қызуқанды  армяндар үкімет  үйін  және  парламент ғимаратын басып алды. Парламент спикерін соққыға  жықты. Сондай-ақ   елдегі  17  партия  үндеу  жасап,  Никол Пашинянды  орнынан  кетіруге  кірісті.  Егер де  алдағы уақытта армян  билігіне  радикалды партиялар келетін  болса,  үшжақты  келісім жайына  қалатын  түрі бар.  Қысқасы,  Таулы  Қарабақтағы  соғыс кез келген уақытта  қайта тұтанып кетуі мүмкін.

Жайна ТӘТТІМБЕТОВА