Қазақ, қазақ болып оянған күн!

Бұ қазақ  не  көрмеген…                                                                                              Тарих  жүлгегіне  көз  жүртсек,  небір  қиям-қайымды бастан  кешіп,  мың  өліп,  мың тірілгенін,  қыл көпірден өткенін   байқар едік.  Жаугершілік,  басқыншылық,  қуғын-сүргін,  аштық, үркіншілік…                                                       Қырылды.   Баудай  түсті. Ашықты. Босты. Бірақ бәрінен  аман  қалды. Елдігін сақтады. Кіндік қаны тамған жерде  ошақ  қазды,  шаңырақ  көтерді. Өсті. Өркендеді.  Тамырланды. Бұл алаш  баласының  жүріп  өткен  жолы.                                                                                                             Айтқымыз  келгені, өткенді  қопарып, қамығу  емес. Тілге тиек етсек дегеніміз,  қазақ, қазақ  деген  өз  атынан айрылып, «қырғыз-қайсақ», не  болмаса «қырғыз» деп аталғаны  жөнінде  болмақ.  Патшалық  Ресейдің қазаққа  істемегені  бар  ма? Соның  бірі  ұлтымызды   қазақ   деп атамай, «қырғыз»  деп  қорлауы. Алла  берген  өз  атыңды өзгеге  телу,  бұл  басыну. Тұтас  ұлтты  тарих  бетінен сызып  тастауға арналған   зымияндық  саясат. Ресей қазаққа  басқыншылық  жасап, өзіне зорлап  (өз  еркімен  емес) қосып алған кезден,   қазан  төңкерісіне  дейінгі  аралықта  патша  өкіметінің құжаттарында  қазақтың  аты бұрмаланып, қырғыз  деп  жазылып  келгені  белгілі. Былайша айтқанда,  әдебиетте, тарихи жазбаларда, құжаттарда «Қырғыз-қайсақ» немесе «қырғыз» деген атау қалыптасты. Бұл  патшалық  Ресей  тұсында  болған  әлімжеттік  деп  қабылдасақ, кешегі  кеңестік елдің алғашқы  кезеңінде де  бұл сол  қалпы  сақталды. Ең  сорақысы, 1920 жылы 16 маусымда РКФСР құрамында құрылған автономиялы қазақ республикасы Қырғыз Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы  деген атау алуы. Бұл  қазақты табанға  салып  езудің,  масқаралаудың  ең  биік шегі еді. Алайда,  алаштың  арда  ұлдары  араласып, қазақтың  «қазақ»  деген атын  өзіне  қайтармағанда, «қырғыз»  болып  қашанға  дейін  жүрер едік. Белгісіз.  Рас, өткен  ғасырдың  басындағы  зиялыларымыз  қазақтың ел  болуы  үшін, аман болуы  үшін,  бостан  болуы   үшін  жан  берді,  жан алысты. Күресті.  Тартысты.  Қайсы  бірі  Алаш орданың  сапында,   екінші  бірі кеңестік,  большевиктің  құрамында  болғанымен  екі  жақтың  да  түпкі  мақсаты  біреу,  ол- қазақтың азат,  өз  қолы өз  аузына жеткен  ел  болуы еді. Содан  болар алаш арыстары  да, кеңестік  идеологияға  сенген, қазақтан  шыққан  «қызыл  сұңқарларда»   түбі  бір идеяға  келгенде, мүдделері  тоқайласып жатты.  Оның  бір дәлелі, қазаққа  сырттан  қамыт боп киілген,  «қырғыз»  деген атауды алып тастау үшін  болған тартыс.

Әу  баста Міржақып  Дулатов  бастап,  өзге алаштың  арыстары  қолдап, бұл  мәселеге  араласты. Мақала  жазды,  айтты,  түсіндірді.  Мұны  араға уақыт  салып барып,  «қызыл сұңқарлар» іліп әкетіп, мәселеге  нүкте  қойды. «Кешегі қара күндерде, Жұлдызсыз, айсыз түндерде, Жол таба алмай сенделіп, Адасып алаш жүргенде»  билік  тұтқасын (халық комиссарлар советінің төрағасы)  ұстаған,  алаштың  аяулы азаматы Сәкен Сейфуллин тікелей араласты. Пәрмен етті. «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» деген мақаласы 1923 жылы 15 ақпанда  «Еңбекшіл  қазақ»  басылымында  жарық көрді. Онда:  «Бүгінге шейін қазақты орыстар «киргиз» деп келеді. …Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда: «Ах, ты, Палкан, киргиздан да жамансың!» дейтін болды… Қазақтың бір қылығын жақтырмаса, «белгілі енді, киргиз болған соң қайтуші еді!» дейтін болды…  Енді ол күндер өтті. Октябрь төңкерісі қазаққа бұлай қарауды тыйды. Енді қазақ та бір, басқа халық та бір. Біздің әр қазақ жігіті «киргиз» дегенді тастап, қоймастан «қазақ, қазақ» дегенді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңдіріп үйретуі керек. Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» дегенді қойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек»  деп  жазды. Дәл  сол кезде  болмасада,  араға  уақыт салып  яғни 1925 жылы сәуірде  өткен советтердің V съезінде бұл мәселе шешемін тапты. Нақтылай  түсетін  болсақ, 19 сәуірде қазақ «қырғыз»  деген атаудан  құтылып, «қазақ»  деген  өзінің киелі атымен  мәңгіге қауышты. Еске  сала кететін  болсақ, Ақмешітте (қазіргі  Қызылорда) өткен  мәжілісте Сұлтанбек Қожанов  осы мәселені  көтеріп, қазаққа «қазақ»  деген төл атын қайтарып берді.

Дегенмен,  сол сьездтің орысша  мәтінінде «казаки»,  «Казакстан» деп жазылып кетіп,  ол тек 1936 жылы 9 ақпандағы ҚАССР Орталық Атқару Комитеті президиумының қаулысымен   орыс  тілінде «казахи» және  «Казахстан»   деп  дұрыс жазылды. Осы тұста айта кететін  тағы  бір жайт, Сәкен Сейфуллин билік  тізгіні  қолында  тұрған  кезде, соны  пайладанып,   қазақтың  тілін  мемлекеттік  тіл  етуге  тырысты.  «Қазақтың тілі мемлекеттік тіл, кеңсе  тілі  болуы керек,  барлық  құжат сол тілде  жазылсын»  деді. Содан  болар 1923 жылы 22 қарашада кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу жөнінде  Қазақстан Орталық атқару комитеті  шешім қабылдады. Әрине  бұл  жеке әңгіме.  Жалпы, айтқымыз келгені, 19  сәуір  қазақ  үшін айтулы  датаның  бірі  болып қалуы  тиіс деген ой  еді.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ