Қазақстанда құдайсыздану қарқын алып бара ма?

 Елімізде  заңды тіркелген 18 діни конфессия өз уағызын жүргізіп жатыр екен. Зайырлылық қағидасы бойынша мемлекет діни бірлестіктердің әрекетіне  еш араласпауы тиіс.

Дегенмен, діни саладағы әлеуметтік қозғалыстарды  бетімен жіберсек  оның соңы дінаралық қақтығыстарға, басқа да қауіпті құбылыстарға  әкеліп соғу қаупі бар. Сол себепті 2018 жылы наурыз айында «Қазақстан Республикасындағы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама»  бекітіліп,  ол бойынша халық арасында мемлекеттің дін саласындағы саясатын ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстары  жүріп жатыр. Бұл сөзсіз қолдауға ие және  ары қарай да жалғасын табуы тиіс  игі бағдарлама.

Көпшіліктің көз алдына  деструктивті жат ағымдар дегенде  ұлттық құндылықтарды мансұқтайтын қысқа балақтылар  мен шоқша сақалдылар, қара орамал  таққандар  алдымен елестейтін жағдайға жеттік. Дұрысы,  соған жеткізді. Жалған ұстанымдағы ондай  адасушылармен қарқынды күрес тоқтамауы тиіс. Бірақ біз осы орайда біржақты кетіп қалған жоқпыз ба?  Олай дейтініміз, бір жағынан жалпы  құдайдың бар екенін жоққа шығаратындардың, ислам дінін  басыбүтін мансұқтайтындардың да көбейіп бара жатқанын, олармен де қосымша күресу керектігін  ескермей жүрген секілдіміз. Біле білсек, олар да еліміздің тыныштығы үшін қауіпті. Құдайсыздық үмітсіздікке жетелейді. Үмітсіздік  – теріс ағымды діндерден де қауіпті. Айталық.

 Зерттеушілер соңғы он жылда  Қазақстандағы атеистердің саны үш есеге өскенін мәлімдеді. Kontakt әлеуметтік желісінде «Қазақстан атеистерінің қауымдастығы» деген топ та құрылған. Қазақстан Парламентінің бұрынғы депутаты Жұматай Әлиев  секілділер «Мектеп пен жоғары оқу орындарына дінтану пәнін енгізгеніміз секілді, атеизм курсын да енгізу қажет, сонда екеуі тең правалы болады, бұл – бүкіл Қазақстан халқының сенімін  құрметтеу» деп жүр…

Әрине, өзін атеист санауға, оны жасыруға да, ашық айтуға  да әркімнің құқы бар. Діни наным-сенім бостандығы Ата Заңымызбен қорғалған.  Бірақ өзіндік көзқарасын қоғамға кең тарату арқылы дінге сенетін көпшіліктің сана-сезіміне көлеңке түсіруге тырысатындар, яғни дінсіздікті тарататындар туралы не дейміз. Сарапшылардың мәліметіне сенсек, Қазақстан халқының 18 пайызы құдайсыздар қатарында екен. Соңғы жылдары  олардың қатары едәуір ұлғайған деседі. Неге елімізде атеистердің саны өсіп барады? Бұған Фейсбук секілді әлеуметтік желілердегі «оқу өтіп кеткендердің» қосып жатқан үлесі де орасан болу керек. Бір Құдайдың бар екенін жоққа шығармағанмен, ислам дінінің ғасырлар сынынан өткен қағидаларына  қарсы  «ақылды» һәм «білімді» қазақтардың әлемжеліде атой салуы   көбейіп барады. Әсіресе Құрбан айт мерекесі қарсаңында құрбан шалуды қан-қасапқа,  Алла ырзалығы үшін мал союды жөнсіз ысырапқа балаушылар қатары күрт көбейіп кетеді. Оған мешіттер тым көбейіп кетті, оның орнына мектеп, балабақша салмай ма деп тыжырынушылар қосылады. Дінді жау көріп, қасиетті қажылықты күстаналайтындар тіптен  көп. Осылайша ештеңенің парқына бармай, дәстүрлі мұсылмандық құндылықтарға қарсы шығып, елді жікке бөлуші «зайырлылар»  көбеймесе  азаймай тұр.

Олардың дені кешегі кеңестің көзін көрген, атеистік тәрбие көрген аға буын өкілдері.  Арасында  ғалымсымақтар да бар. Жастарға ақыл айтады деген ата сақалы аузына түскендердің аузына келгенін айтуы, жұмсартып айтқанда, ақылсыздық. Зайырлы ел – дінсіз ел, зайырлылық – дінсіздік  деп ұғатын болу керек, сірә. Қасиетті Құранды  «қолдан құрастырылған ертегі» деп жоққа шығару былай тұрсын, қазір әлемжеліні ашып қалсаңыз,  қасиетті Пайғамбарымызды масқаралап боқтаған, тіпті «педофиль»  деп тіл тигізген төбе шашты тік тұрғызатын сұмдықты да  оқисыз.  Ол есерсоқтарды  есер топтың коммент жазып қолдайтындары  да аз емес. Осылайша ғаламтор арқылы әлеуметтік желі қолданушыларына дінге қарсы уағыз жүргізіп, саналарын улап жатқан теріс пиғылды құдайсыз топтар бар. Мұндай әрекетке қатаң тыйым салмаса, қоғамда  алауыздықтан да бұрын,  ертелі-кеш бүлік туып кетуі де мүмкін. Жаһандану заманында өмір сүріп отырғандықтан, әлеуметтік желідегі мұндай сорақы жазбаларды қазақ тілін түсінетін  туысқан өзбек, қырғыз б.б. халық өкілдері де оқып отырғаны анық. Баяғыда, баяғыда болғанда осы берідегі  19 ғасырда  Бұхар  әмірі Арқа қазақтарын шаппақ болыпты дейді. Сылтауы –  молдалары көшпелі қазақтар дін ұстанбайтын кәпір деп пәтуа шығарған екен. Сол айтқандай, Пайғамбарды масқаралаған әлгіндей жазбалар әлемдік қоғамдастықтың бір бөлігі ретінде Қазақстанға Орталық Азиядағы радикалды діни ағымдар белсенділігінің арту қаупін төндіруі мүмкін. Ғаламтор арқылы  асыл дінімізді бұрмалап, діни алауыздық тудырушылардың  терроризм бабымен сотталғаны секілді, құдайсыздыққа шақыру арқылы қоғамға зиян салып, Пайғамбарымызды масқаралап жатқандарға да қатаң тыйым салу керек. Өкінішке қарай, бізде олай болмай тұр.  Қоғамның діннен ажырауы бұлай жалғаса берсе, оның ақыр түбі идеологиялық хаосқа апарып соқтырады. Ауғанстан, Иран, Малайзия, Нигерия, Пәкістан, Катар, Сауд Арабиясы, Йемен, Сомали, Судан, Біріккен Араб әмірлігі  секілді 13 мұсылман елінде атеизм үшін өлім жазасын қолданатынын  да ұмытпайық.

Осыдан алты жыл бұрын әлеуметтік желідегі жазбасында Құдайдың бар екенін жоққа шығарған  журналист және құқық қорғаушы һәм атеист Александр Харламовқа қарсы тұңғыш рет Қылмыстық кодекстің 164-ші бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны бар. Сот оны діни алауыздықты қоздырды, Қазақстан халқының дін ұстанатын үлкен бөлігінің сенімін  құрметтемеді деп айыптағанмен, нәтижесінде қолына кісен салынған әлгі зейнеткер атеист ақыры ақталып шыққан. Ал 2017 жылы атеистік көзқарасы үшін адамды айыптайтын болсаң, екі мың долларға дейін айыппұл төлететін заң жобасы да дайындалған, әйтеуір ол Парламент қабырғасында әл-әзір бекітіле қойған жоқ.  Атеистердің артында  атеистік үгіт-насихатты белсенді түрде қолдамаса да, арқа сүйеуіне жарайтын  Қазақстанның коммунистік халық партиясы тұрғанын да айта кетелік.  Өздерін атеист санайтын басқа да шенді министр, генерал, жұлдыз әншілер де бар.  Олардың уәжін қолдайтын,   дін жайлаған дамушы елдердің халқын  кедейшілік жайлап, керісінше дамыған дінсіз елдердің халқы бай екенін байыптайтын сарапшылар да бар. Олар оған бар болғаны халқының 4 пайызы ғана дінге сенетін бай Жапонияның және гүлденген  Швецияның құдайсыз да әділ қоғам орнатып отырғанын мысалға келтіреді. Дінге немқұрайлы қарайтын Қытай мен Кореяны,  Батыс Еуропа мен Израильді  мысал еткен болады.

Не керек, құдайсыз идеяларды қоғамға тықпалаушылар қатары азаймай тұр. Өзіміздің мұсылман үмбеті екенімізді ескермей, басқалардың өздеріне тән қалыбы мен тәжірибесін еріксіз таңғысы келетін бүгінгі жаһандық үлгінің жағымсыз жағын  қазақы қоғамға жапсырғысы келеді.

Дін туралы сөз қозғаған соң, мына бір елеусіздеу көрінетін нәрсені де айта кеткім келіп отыр. Әдетте дәстүр мен дін егіз дейміз ғой. Ендеше дінде жоқ нәрсенің дәстүрде де жоқ екенін ескеруге тиіспіз. Қарапайым бір мысал.

Ақ сәлделі имамдарға ақ орамалды әйел уағыз айтса, несі бар, бірақ жоқ орамалы, яғни жалаңбас ханымның уағыз айтып отырғанын да көрдік. Дін істері комитетінің білдей лауазымды қызметкері ғой, оқыған-тоқыған, ғалым келіншек дестік. Орталық мешіт имамдарын  дін мәселесі бойынша оқытып-тоқытып отырған  сол қарындасымыздың  зал толы ақ сәлделілердің алдында бір жапырақ ақ орамал  тарта салуына  болатын ба еді, болмайтын ба еді?! Қазақы иба,  қарапайым әдеп қайда?! Дінге үйретіп емес, дінсіздендіруге үлес қосып отырғанын  ол қарындасымыздың өзі сезіне ме, жоқ па?!

Дін ұстанатындардың арасындағы алауыздық  кейде осындай «кішкентай» нәрседен де басталатынын ескеруге тиіспіз.

Қорыта айтқанда, жоғарыдағы жайларды ескере келе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  шенеуніктерді әлемжеліге тіркелуге міндеттегеніндей, Бас мүфти де имамдарды әлемжеліге тіркелуге,  «шайтанның ордасы» деп тұра қашқызбай, молдаларды халықпен тығыз жұмыс істеуге, әлемжеліні пікірталас алаңына айналдыру арқылы жұрттың діни сауатын арттыруға міндеттеуі керек шығар дейсің…

 

Төреғали ТӘШЕНОВ