Қазақстанға қарсы ақпараттық және идеологиялық соғыс басталды

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы кеңесшісі, ҚР Беларусьтегі бұрынғы елшісі Ермұхамет Ертісбаевтың орыс тіліндегі мақаласы “Литер” басылымында жарық көрді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның ойынша, Қазақстанға қарсы ақпараттық және идеологиялық соғыс жарияланған. Ол бұл соғыстың арты “түрлі-түсті революцияға”, жөнсіздік пен тәртіпсіздіктерге ұласып кетуінен қауіптенеді.

– Ешкім де Қазақстанда бәрі керемет, Қазақстанда ешқандай проблема жоқ деп отырған жоқ. Қоғамның өзгеруінің екі жолы бар: “Төменнен жасалатын революция” және “Бас жақтан жасалатын революция”. “Төменнен жасалатын революция” мемлекетті құлатады, хаосқа, азаматтық қақтығыстарға әкеп соғады, жерімізді бүтіндігінен айырады (…). Бізге “Бас жақтан жасалатын революция” керек, ДВК-ның экстремизмі керек емес, – деп санайды Ертісбаев.

Әблязовпен дебат жасаған Ертісбаев елдегі экономикалық реформаларды, әлеуметтік мемлекет құруды, саяси модернизацияны Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігі арқылы жүргізуден басқа балама жоқ деген байламға берік келіпті.

– Көпұлтты Қазақстанның басым бөлігі Елбасы Назарбаевтың стратегиялық курсы мен Президент Тоқаевты қолдайды. Ал демократия дегеніміз – көпшіліктің билігі. 21 қыркүйек күні митингке шығайын деп отырған бірнеше мыңдаған ессіз әблязовшылар өздерінің заңсыз жолда екенін білуі тиіс, олар қазақтың ғасырлар бойғы арманы – Тәуелсіз Қазақстанды құрту жолына түсті. “Шығамыз да бұл биліктің көзін құртамыз” деп ұран жазатын интернеттегі “кнопка басқыш шайтандар” жаппай тәртіпсіздік болған жағдайда өздерінің халық пен мемлекетке қарсы ұрандары үшін ең қатаң жазаға тартылатынын білсін.

Назарбаев басқарған ширек ғасырда біз шынымен де әлемде абыройы жоғары мықты мемлекет құрдық. ТМД елдері арасында бізде ғана революция, азаматтық соғыс болған жоқ, жерімізден айырылмадық. Біздің еліміздің сыртқы жауы жоқ еді. Бірақ енді ішімізден де, сыртымыздан да жасырын жау шықты. Қытайға қарсы өткендегі митингтерді біреулердің сырттан ұйымдастырғаны анық, олар Қазақстанның ішіндегі наразы көңіл-күйде жүрген сауаты төмен жастарды пайдалануда. Шыны керек, Қазақстанға қарсы ақпараттық және идеологиялық соғыс басталды. Бұл соғыстың арты “түрлі-түсті революцияға”, жөнсіздік пен тәртіпсіздіктерге ұласып кетуі – өте қауіпті. Билік, халық, қоғам осындай жаңа қауіп-қатерлерді түсініп, өздерін сыртқы күштердің пайдаланып кетуіне жол бермеу керек, – деп жазыпты Ермұхамет Ертісбаев.