Қазақтың Қадырын жылатқан кім?

Бірде қазақтың бір топ ақын-жазушысы  Орал облысының Сырым ауданындағы Жымпиты ауылына барады. Қадырдың кір жуып, кіндік кескен ауылы. Жымпитылықтар қонақтарды ел, жер жағдайымен таныстырып жүріп,  ауыл шетіне келгенде «мынау қабірстанда атақты Қадыр Мырза Әлі ақынның анасы Мағыраш Оразғалиқызы жатыр» деп қалады. Қадыр ақынды қатты қадірлейтін қаламдастары ат басын бұрмай қалай өтіп кетсін, «олай болса, қасиетті ананың  басына барып Құран оқиық» дейді. Сонымен  төрт құлақты бейіт басына келеді бәрі. Қызыл кірпіштен қаланған бейітке қойылған құлпытаста: «Бала боп қызық көре алмай, Баладан қызық көре алмай, Байдан да қызық көре алмай, Қайдан да қызық көре алмай, Дүниеден өтті бір пенде. Баласы Қадыр»  деп жазылған екен. Мұны көргендер әрі таңырқап әрі тосырқап қалады. Білетіндер бұл жазуды Қадыр ақынның өзі шығарып, жаздырған  дейді. Жолаушылар «ақынның мұнысы несі?» деп, әлгі жазуды ерсі көріп, сырына бойлай алмай, терең ойға батып кете барады.

Алматыға келген соң ақын інілерінің бірі Қадыр ақынмен бір көлікте келе жатып, әлгі сапарда ақын анасының басына Құран оқығандарын, ақын анасының басындағы құлпытастағы жазуды оқып, айран-асыр болғандарын айтып, мұның сырын сұрайды. Сол кезде Қадыр ақынның кенеттен көңілі босап,  «аһ» деп жылап жібереді.

Әңгіме былай екен. Құлпытастағы жазуды  Қадыр ағамыз өзі шығарып, өзі жаздырған екен. Қаламдас-қанаттастары: Әбіш, Жұмекен, Асқар секілді әу баста Қадыр аға да  жалғыз анасын  1957 жылы Алматыға сүйреп келіпті. Ол кезде ауылдан келген  жас таланттың бәрі орыс кемпірдің лашығын жалдап тұрады. Қадыр ақын да солай. Ақынның анасы қаланың бәрі сатулы қайыршы тірлігіне шыдамайды, төрт қабырғаға қамалып отырғаннан жалығып, ауылға кетем деп қиғылық салады. Болса да көне дәстүрді берік ұстанып қалғаны бар, баласы мен келініңнің арасына түсетін ененің әдеті бар дегендей. Не керек, бір жылға әрең шыдап, ауылына қайтады. Ақын анасына ауылдан үй соғып береді. Сол үйде тұрып, мал ұстап, сиыр сауып, анасы баяғы ауылдың күйбең тіршілігін әбден сағынып қалған екен, тынысы кеңіп, бір жасап қалады.

Қадыр ақынның әкесі Ғинаят  ақынның жас кезінде дүкенші болып жүріп  ақшадан қарыз боп, сотталып кеттеді, одан соғыс басталғанда айыпты ретінде алғы шепке айдап сап, әйтеуір су ішерлігі бар екен, соғыстан жараланып келіп, бір қыз көреді, 1950 жылы ақынның 15 жасында қайтыс болады. Әкесі Сталин заманында итжеккенге айдалып кеткен, шешесінен ерте айырылып, нағашы жұртында өскен  анасы тағыр тауқыметіне тағы да ұшырап, 36 жасында екі баламен жесір қалады. Ол екі бала: Қадыр мен қарындасы Ақкүміс.  Осының бәрі айтуға ауыр тағдыр тауқыметі. Қадыр ақын бала боп еркін күліп, асыр сала алмаған.  Ақынды жақсы білетіндер сараң болатын дейді. Ол сараңдық емес, жас кездегі жетімдіктің, жоқшылықтың тақсіретінің  ізі шығар, кім білсін. Айтуға оңай. Осының бәрі Қадыр ақынның аяулы жанына батпай қойсын ба, кеудесін жарып шыққан шындығын, өмір бойғы өксігін  айтқызбай қойсын ба.  Жалғыз шешесін ауылда қалдырғаны Алматыдағы әріптестері тұрмақ, ауылдағы ағайын арасында да талай сыпсың сөз болғаны  анық қой. Анадан артық жан бар ма?!  Қазақтың жастары қарайлас ақын-жазушылары – Мұқағали Мақатаевтың анасы Нағиман, Әбіш Кекілбаевтың  анасы Ақсәуле, Асқар Сүлейменовтің анасы Айтоты, Жұмекен Нәжімеденовтің  анасы Мүслима осы Алматыда, Алатаудың саясында балаларының қызығын көріп, немерелерін бағып,  бірге жарасып тұрды ғой. Бірінің үйіне бірі қыдырып, ақ кимешектері жарасып, саусақтарын жылы суға батырды. Ешкайсысы жалғыз шешелерін ауылда қалдырып кеткен жоқ. Ал Қадыр ақынның өзінің бүкіл өмірі  Алматыда, ал анасының  күллі өмірі  «ит байласа тұрғысыз» Жымпитыда жалғыз өтті.

«Бәрі де, Ана,

бір өзіңнен басталды,

Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.

Қуандым ба,

Өзің бар деп қуандым,

Жыладым ба,

Өзің жоқ деп жас тамды.

Бәрі де, Ана,

Бір өзіңнен басталды.

Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.

Еркелесем,

бір өзіңе еркелеп,

Жасқандым ба,

Тек өзіңнен жасқандым» деп, күллі аналарға өлмес өлең тудырып кеткен Қадыр ақын, өз анасының құлпытасына әлгіндей сөзді жазбақ болғанда, жақын араласатын ақын інілерінің бірі қарсы болыпты. «Ел сыйлаған ақынсыз, ертең біреу-міреу айтпай ма, бетке шыжғырып баспай ма, жалғыз анасын жар басына қалдырып, өзі Алматыда алшаң басып ғұмыр кешті» деп, дейді ғой баяғы. Бірақ ақын көнбепті, «тура осылай жазамын» деп табандап тұрып алыпты.

 

«Ақындық шығар айыпты,

Әлі білмен себебін.

Өлеңге айтып қойыппын,

Өмірдің айтпа дегенін» деп өзі жырлағандай, ақын өтірік айта алмаған, шындығын шырқыратып  құлпытасқа жазып кеткен. Тірісінде анасымен араласа алмағаны қасірет емес пе. «Шындық қалсын» депті өзі.

tazael.kz