ҚОНАЕВ ҚАЗАҚТЫҢ ЕСІНДЕ МӘҢГІ ҚАЛАТЫН, ҰМТЫЛМАЙТЫН ҰЛЫ ТҰЛҒА

Бүгін исі қазақтың аяулы ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні екен. Қонаевтың заманы қазаққа жаман болған жоқ. «Ит басына іркіт төгілген» кезең десек, артық айтпағанымыз. Аста – төк, ағыл – тегіл молшылық сол кезде болды. Дінмұхамед Қонаев мемлекет басы болып тұрған 1960 – 1986 жылдар аралығында қазақтың ғылымы, мәдениеті мейлінше дамыды, өнеркәсіп өндірісі өркендеді. Сол тұста қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті және 43 қала бой көтерді. Бұған ешкім уәж айта алмас.

Қызыл империяның қырында жүріп-ақ, қазақ руханиятын дамытуға ден қойды, осы салада жүрген азаматтарға сүйеу болды. Өйткені Қонаев айтақырға өнген бұтақ емес, ол кешегі алаш арыстарының көзін көрді. Біразымен араласты. Солардың «елім-жерім» деген ұлы армандарының орындалуына қал – қадірінше қызмет етті. «Қазағым, қайран – жұртым» деп ах ұрған ұлы Абайдың жалғасы алаш арыстары дейтін болсақ, сол арда ұлдардың жалғасы Дінмұхамед Ахметұлы деуге қақым бар. Ол бар мүмкіндігін елінің өркендеуіне, қазақ деген ұлттың, ұлт болып қалыптасуына, өркениеттер қақтығысында тілі, мәдениеті жойылып кетпеуі үшін күрескен ұлы тұлға. «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!» (Абай) дегендей, Кремльмен қырқысып, өз ортасындағы кертартпалармен кермалдаса жүріп, қазақ жерінің бүтіндігіне селкеу түсірмеген азамат. Бір қызығы, бүкіл билік ұзақ уақыт қолында тұрса да қарапайым өмір сүрді, қоңырқай тірлік кешті. Мемлекеттің қазынасына, халықтың несібесіне қол сұқпады. Таза болды. Былғанбады. Олжас Сүлейменовтың бір айтқаны бар, «бірде Қонаев Жапонияға іс сапармен шығу керек болды, барған жерден зат аламын деп 100 доллар менен қарызға алып еді. Сол кезде Қонаевтың қалтасында 100 доллар табылмады. Ол сондай (Қонаев) таза адам еді. Мемлекет есебінен өмір сүрмейтін. Өзінің ебек ақысына өмір сүрген, өй-өресі биік жан еді». Тағыда мынадай қызық деректер бар. Қонаев не бәрі 200 кв.м шағын пәтерінде (қазір мұражай) 24 жыл өмір сүрген адам. Ат шаптырым сарайлар салдырмаған. Күзетші ұстамаған. Жұмысына жаяу барып, жаяу келетін болған.
Тіпті, кезінде Леонид Брежнев (КСРО басшысы) Алматыға бірінші рет ат басын тіреп, Қонаевтың үйіне қонаққа келеді. Пәтерін ары аралап бері аралап: “Бар дүниең осы ма?”- деп таңданған көрінеді. Осының өзі-ақ алаштың арда ұлының даңғой, мақтаншақ емес, қарапайым екендігін, өзінен гөрі халқының бай-бақуатты өмір сүргенін биік қойған жан екенін көрсетеді.
Иә, Қонаевтың қазақ үшін, Қазақстан үшін жасаған тірлігі ұшан- теңіз. Сонысымен қазақтың есінде мәңгі қалатын, ұмтылмайтын ұлы тұлға.

Азаматхан ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.