Құл қожайынның тілінде сөйлейді

Исі  қазақ аман тұрғанда  қазақ тілі өлмесі хақ.                                                        Бірақ, қазақ  тілі мемлекеттік тілдің деңгейіне де, ұлтаралық  тілге  де айна алмайды. Әрине,  әзірге.  Тізсек себеп көп.

Рас, қазақ  тілі  мәселесін  бұдан бір  ғасыр бұрын алаш арыстарыда көтерді.  Жалпақ  жұртқа есім-сойы  таныс, алаш  көсемдері  Әлихан   Бөкейханов,  Міржақып Дулатов,  Ахме Байтұрсынұлы бастаған   топта, «қызыл сұңқарлар»  тізімінің басында тұрған  Сәкен Сейфуллинде  тіл  мәселесінен айналып  өте алмады.  Тіпті Сәкен  Сейфуллин халық комиссарлар советінің төрағасы  болып  тұрғанда қазақ тілін  мемлекеттік тілге,  кеңсе  тіліне айналуына күш  салды. «Еңбекшіл қазақ» газетіне  «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» (09.06.1923), «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу» (25.06.1923) т.б  көптеген  мақала  жазды. Арда азаматтың  бұл жан айқайы зая кеткен  жоқ, Сол  жылы қарашада  (1923 жыл, 22 қараша)  Қазақстан Орталық атқару комитеті кеңсе істерін қазақ тілінде  жүргізуге шешім қабылдағаны  белгілі. Алайда  одан бері жылжып ғасыр  өтті. Қазақ тілінің көсегесі көгеріп кетті ме? Қайдам?  «Баяғы жартас, бір жартас». Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде қазақ тілінің емес,  орыс  тілінің мейманасы  тасты. Мұхтар Мағауиннің тілімен айтқанда: «Күнделікті тіршілігінің  баршасы – көшеде, дүкенде, көлікте, ең аяғы асхана мен дәретханада орысша сөйлеуге  мәжбүрсің. Яғни, құлағың, жүйке, жүрегің, жұлын-тұтаң  тұрыпты, аузыңдағы тілеңе  дейін  орыстікі». Ащыда  болса, шындық. Қазаққы  шаңырақтың есігін ашып, сыртқа шықсаң  дүние орыс  тілінде сөйлеп  тұр. Бұл  мәселе сан айтылды. Жазылды.  Қазақ тілі өз мәртебесіне  жеткенше айтыла да береді. Қазірде, тіл жанашырлары «Конститутциядағы 7- баптың 2-тармағын алып  тастап, Мемлекеттік тіл  туралы заң қабылдау керек»  деген  ұранмен президентке ашық  хат жазып, қол жинап жатыр. Дұрыс.  Қолдаймыз. Қазақ тіліне келгенде, сірескен сеңнің  көбесін сөгу керек. Алайда,  олардың 12-13 күнде 100 мыңнан аса  қол  жиналды деп қуануы қажет пе? Керісінше күңіренуі  тиіс-тұғын. «Тілді  қорғайық,  қолдайық»  деп ақсарбас айтып,  ұран салған 10-15  күннің  ішінде, елде  отырған  13 миллионға  тақау  қазақтың кем дегенде 5-6 миллионы қолдап шыға  келуі керек еді. Амал  қанша?  Не  бәрі 100 мыңның  үсті. Бұл теңізге тамған тамшыдай  ғана  дүние. Бұл ненің  белгісі? Қазақы немқұрайлықтың,  салғырттықтың, бойкүйездіктің,  ұлттың өз  тіліне деген   құрметінің  кемдігінің  белгісі. Бұл  жерде қоңсы отырған өзге  ұлт өкілдерін кінәлау артық  болар. Өйткені қазақтың  өзі,  өз  тілінен «жерініп»  тұрғанда, өзгеге сұқ саусақ көрсету әбестік. Кінәні орыс  тілінде сөйлейтін билікке, Үкіметке, парламентке, әкім-қараларға һәм орыс тілді қаркөздерге арту керек. Біздің  ең  үлкен  трагедиямыз  осы.  Мемлекеттік тілге  байланысты 300-500 мың қол  жиналар. Ашық  хат президенттің  алдынада  барар. Алайда, қулығына  құрық, сұмдығына  сырық бойламайтын билік,  «Бәрінде біліп, көріп  отырмыз. Уақыты келер,  реттерміз»  деп арқадан  қағып, жылмиып күліп шығарып салары анық. Бұданда  бұрын «қазақ тілі ұлтаралық тілге айналуы тиіс»  деп қазақтың  ең  осал  жерін  дөп басып, жұбатып қойғаны  бар. Бұл  жолыда солай болары  белгілі.   Дегенмен, «тілді қорғайық»  деп  қоғамды  сілкіндіріп қоятын,  қазақтың  санасына ой  тастайтын  іс-шаралар  қажет-ақ. Бірақ қазіргі  билік жер қозғалсада,  қазақ тіліне келгенде  қозғала  қоюы екіталай. Үміт аз. «Құл қожайынның тілінде сөйлейді»  деген бар. Кеңестік идеология  сүйегімізге  дейін сіңіріп жіберген  құлдық психологиядан  әлі арыла алмай жатырмыз.  Қожайынның  тілінде сөйлегенді мәдениеттің  биік деңгейі  деп білеміз. Ең үлкен сорлылық  осы. Қайтпек керек?  Демек, ең  бастысы ұлт  өз  санасында төңкеріс жасауы тиіс.Санада отарсыздану үдерісі  жүрмей, азаттықтың  дәнегі  бүр  жармай, өз  тілімізді  өрге  шығарамыз  деу, бос әурешілік.

Сейсен  Әмірбекұлы