Қысқарған облыстарды қайта қалпына келтіруге әлі ерте

Соңғы  кезде  қазақы  қоғамда елдімекен,  жер-су аттарын өзгерту  яғни  бұрынғы тарихи атауларын  беру керектігі  жиі көтеріліп  жүр. Дұрыс. Қолдаймыз. Бұл  жөнінде  өткендегі  бір  жазбамызда, Петропавлмен Павлодардың  атын өзгертіп, қазақыландыру керектігін айтқанбыз. Сол ұстанымнан  қайтпаймыз.

Дегенмен мына  бір  мәселеге көңіл аударған  жөн  сияқты. Кейде  әлеуметтік  желілерден 90-шы  жылдардың (1997  жыл)   ортасында сол кездегі премьер министр Әкежан  Қажыгелдиннің   ұсынысымен  кейбір  облыстар  қысқартылып,  өзге облыстарға қосып жіберілді. Қажыгелдиннің уәжі: экономикалық қиыншылық, оңтайландыру  саясаты  еді.   Қазір сол  облыстарды қайтадан  қалпына келтіру керек  деген әңгіме жиі айтылады. Мұның қаншалықты  тиімді екенін білу  үшін үлкен  экономикалық  сараптама  қажет. Менің  ше, әзірге облыстарды бұрынғы  қалпына  келтіруге  ерте. Неге? Бұл  мәселенің экономикадан бұрын  саяси астары (бұл  саясат  сол  кезде  есепке алынып  барып,  облыстар  қысқарса керек)  бар. Себеп,  қазақ  көп  шоғырланған  облыстарды,  орыс  жұрты басым  отырған  облыстарға  қосып,  тепе -теңдікті  сақтау,  қауіпсіздікті күшейту. Бұл  өте  дұрыс  саясат еді. Содан  бері   ширек  ғасырға  жуық  уақыт  өтті. Жағдай  өзгерді  ме?  Жоқ. Солтүстік  және шығыс  аймақтарда  әлі де ұйысып, славян жұрты  отыр.  (Картаны  қараңыз) Егерде бұрынғы оңтайландыруға  ұшыраған  облыстарды  (Семей  облысы, Жезқазған  облысы, Торғай  облысы, Көкшетау  облысы) қалпына  келетіретін  болсақ, олардан  құтылған өңірлерде (Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды облыстары) орыс  ұлтының пайыздық  көрсеткіші көтеріліп  шыға келеді. Егерде  Украинадағы (Мәскеу араласқан Қырымдағы  референдум, Донбастағы  текетірес)   жағдайды  еске алатын  болсақ, аталмыш облыстар  мәселесін кейінге  қалдыра  тұрған  жөн. Солтүстік  көрші жұрттың кейбір саясаткерлері тарапынан   әлі  де «Қазақстанның   солтүстіктегі   бес  облысы Ресейге  тиселі»  деген  әңгіме  жиі айтылады. Әгәрәки   осы аймақтарда арандатулар  орын алса, Кремль  сөз  жоқ,  «орыс  ұлтының  құқығын қорғаймыз»  деген  желеумен ішкі  шаруамызға  араласа кетері  хақ.  Мұны  болдырмау  үшін, біз  осының  бәрін таразыдан өткізуіміз  қажет. Ең  бастысы осы аймақтарға халқы  өте  тығыз  орналасқан  оңтүстік өңірдегі қандастарымызды  көшіру. Әрине бұл  мәселе  орындалып  жатыр. Арнайы  бағдарламалар  бар. Бірақ  жыл  сайын  6-7  мың  адам  оңтүстіктен солтүстікке барады екен. Бұл аз. Шығыспен  Солтүстікте  қазақтың  қарасын  көбейту,  еліміздің негізгі  саясатының бірі  болуы тиіс. Демек еліміздің,  жеріміздің  бүтіндігі,  тұтастығы  керек,  қауіпсіздігімізді  күшейтеміз  десе,  бүгінгі  билік осы  мәселені түпкілікті  қолға алғаны жөн. Шығыспен солтүстік  өндірісті,  өнеркәсібі дамыған аймақтар. Осы  жақта  орналасқан  ондаған  зауыт-фабрикаларға жұмыссыз  жүрген қандастармызды  тартуымыз керек.  Бұл да аймақты  қазақыландырудың  бір  жолы. Сондай-ақ  сырттан келген  оралмандарды да   басын  ешқайда  бұрғызбай  солтүстік  облыстарға қоныстандыру,  мемлекеттің басты  шарасының  бірі  болуы  тиіс деп  ойлаймын. Бір  сөзбен айтқанда, осы аты аталған  облыстарда қазақтың  саны,  өзге  жұрттан   қашан  асып  түседі,  сол кезде ғана облыстарды  қалпына келтіру, сол  аймақтардағы жер-су атауларын  реттеуге  алаңсыз  кірісуге  болар  еді.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ»  экологиялық  альянсының  төрағасы,  Ұлттық  қоғамдық  сенім кеңесінің  мүшесі