Қытай жемқорлықпен күресте жеңді, біз ше?

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға  сапары кезінде  10  шақты  келісімге  қол қойылды. Нәтиже  жаман емес. Рас, Қытай  Қазақстанға  инвестиция  құю  жөнінде  төртінші  орында  тұр. Барыс-келіс,  алыс-беріс  жақсы жолға  қойылған.

Бұл  жолыда  екі ел арасындағы саяси-экономикалық  қарым-қатынас, көліктік-логистикалық, өндірістік, сонымен қатар, жаңа бағыттарда жұмыс істеу  мәселелері  қаралғаны  белгілі.Мұның  бәрі  жақсы. Әрине  саяси  һәм экономикалық  әлеуеті   әлемде  екінші орынға көтерілген құдайы  көрші Қытаймен ынтымақта  болған дұрыс. Қазақстан президентінің бұл  сапардағы  мақсаты  да  сол  болғаны  анық.

Дегенмен  мен    осы сапарда екі мәселеге көңіл  бөлдім.

 Біріншісі:  Ақжарқын  Тұрлыбай  деген  қарындасымыз алаяқтарға алданып, өмір  бойы  қытай  түрмесіне  жабылғаны  бәрімізге  мәлім. Осы  сапарда Қасым-Жомарт  Тоқаев Ақжарқынның  мәселесін мемлекеттік  деңгейде  көтеріп, оның оңды  шешілуін  сөз  етті. Талқылады. Тіпті Президент көмекшісі Мұрат Нұртілеуов: «Мемлекет басшысы өз тарапынан бұл мәселеге үлкен көңіл бөліп отыр. Сондықтан сапар нәтижесі бойынша берілетін тапсырмалар тізіміне отандасымыздың тағдырына қатысты мәселе арнайы тармақ ретін енгізіледі», – деуі көңілге үміт  ұялатты десем артық  болмас. Енді  бұл  мәселеге  Сыртқы  Істер министрлігі араласып, бір  жақты  етпек. Мәселен, АҚШ,  Ресей, Қытай  болсын  өз  отандастыры өзге  елдерде  оқыс жағдайға  тап  болса  мемлекеттік  деңгейде  мән  беріп,  қорғап  жатады. Міне, бізде  соған  келдік. Бұл  үлкен  нәтиже. Өз  азаматымыз  қай  елде   жүрседе араша  түсе алуымыз керек. Тоқаев осыны  қолға  алды. Құптарлық  қадам!

Екінші  мәселе, бұл біздің  «биліктің  құлағына  алтын  сырға»  болуы  тиіс. Әрине  қытай  мен  саяси-экономикалық  қарым-қатынас  өте қажет. Озық  технологияда  алуымыз керек. Бірақ  менің  ойымша   мына  бір  мәселеге де  баса  назар аударған  жөн  сияқты. Ол  Қытайдың заңдары. Бұл  елде заң  бұлжытпай  орындалады. Орындамай  көр,  ауыр  жазаға  тартыласың.  Соның  ішінде Қытай  жемқорлықпен қалай  күресіп  отыр  дегенге келелік. Өйткені  президент  орын тағына  отыра  салысымен  Қасым-Жомарт Тоқаевта «жемқорлықпен  күресті  мейлінше күшейту керек»  дегенді  айтқан еді. Мәселен Қытайда  Си Цзиньпин билікке  келгелі  бері жемқорлықпен  күрес жойқын  жүруде.  2012  жылдан  бастап осы  салаға байланысты  «8  ереже» енгізілді. Соның  нәтижесінде былайғы  қара  халықты  ысырып  қойғанда,  Қытай  компартиясыннан 1 жарым  миллионнан астам адам шеттетілді. Ұсталды, қамалды,  жазаланды, атылды. Олардың арасында биліктің  ұшар басында  отырғандардан басап,  қатардағы мүшелерде  бар. Бұларда біздердегі  секілді «акула»,  «шортандарға»  тиіспей,  майда  «шабақтарды»  ұстау  деген  жоқ.  Заң  бәріне  бірдей. Алаламайды. Сатып  ала алмайсың. Қызметіңді артық  пайдаландық  ба, пара алдың ба, мемлеет   қазынасыңна  қол  салып,  талан-тараж жасадың  ба  бітті. Барлық лауазымдарыңды алып тастайды, атақтарың мен наградаларыңнан айырыласың,  барлық  дүние-мүлігіңді тәркілейді. Бұдан  әрі  ауыр жаза  күтіп  тұр. Міне осындай ауыр  жазалау  арқылы Қытай  биліктің  барлық  саласын   тырп еткізбей,   темірдей  тәртіпке  бағындырып  отыр. Бізгеде  жемқорлық  саласындағы  күресте  Қытайдың  тәжірибесі керек. Қытайдың қатаң  заңдары  қажет.  Егерде елімізде  жемқорлыққа  тосқауыл  боламыз  десек,  Қазақ  билігі Қытайдың жемқорлықпен  күрес  тәжірибесін зерттеп, оны  өзімізде  іске  асырғаны   жөн  деп  ойлаймын. Бәлкім сонда жемқорлықпен  күресте жеңіске  жетуге  болатын  шығар.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ»  экологиялық  альянсының  төрағасы