Рейтинг қуалау – оқырманды дуалау

joburi-cover.jpg

Дәстүрлі журналистикадан жырақтап, интернет журналистиканы айналдырып жүрміз. Газеттен артықшылығы – аз сөзділік, жылдамдық, уақытқа бағынбаушылық, алып-қосу, өзгерту т.б. мүмкіндігі. Бұл – жақсы жағы. Жаман жағы – рейтинг деген бәле. Яғни мақалаңды неғұрлық көп оқылымды ету. Сол үшін күні-түні тыраштану. Ол үшін фб-да, басқа да әлеуметтік желілерде, топтарда тынбай бөлісу. Мақалаңның өтімділігі, маңыздылығы, жақсы не жаманы осы рейтингпен өлшенеді. Рейтингі жоғары болған БАҚ көзі мықты саналып, тендер, т.б. алуы жеңілдейді. Осы өлшем журналистиканы өсіріп емес, өшіріп барады. Рейтингке қол жеткізем деп жеңіл-желпі ақпараттар жұлқынып алға шығуда. Қырық жыл журналистикада жүріп ел есінде қалар бір тұщымды мақала жазып көрмеген, тек қана «атып кетті», «шауып кетті», «өрт алды», «су бастыны» тақырып қып, «тышқаншылап» жүріп зейнеткер атанған «Ж» деген әріптесіміз бар еді, мына «Сайт» дегеніңе «айт» десең ала жүгіретін сол «Ж» жарықтық сай ма деп қалдым. Сенің ойлы, мағыналы, тағылымды мақалаңа «мәу» де демейді бүгінгі оқырман шіркіндер.
Әнеукүні Астанада бес бала өртеніп, сайттардың жаны кіріп қалды. Жалпақ елге шемен болған сол қасірет ақындарға өлең болды, сайттарға көлем болды, банктерге төлем болды, әйтеуір ерен болды. Рейтингтің көкесін сайттар сонымен-ақ жинап алды…
Еңбекақың – рейтингпен өлшенеді. Мынау енді сұмдық емес пе? Айына мақалаларың 100 мың рет оқылса – 30 мың-ақ теңге аласың. 300 мың оқылса – 50 мың теңге. 800 мың оқылса – 100 мың теңге. Бір миллион рет оқылса – 140 мың теңге. Қалғанын айтпай-ақ қояйын. Масқара!
Рейтинг деп оқырман тарту үшін не біреудің тәнін жалаңаштауың керек, не біреудің кір көрпесін көтеруің керек, болмаса Шахановты «шапалақпен» тартып жібер, әйтпесе Ескендір Хасанғалиевті, не Мейрамбек Баспаевты «өлтіруге» тиіссің… Әйтеуір, тышқан аңдыған мысықтай, интернетті астын үстіне шығара ақтарып, ақпаратты жұрттан бұрын беруге тиіссің. Әне, сонда рейтинг жинайсың, рейтинг жинасаң, еңбекақың өседі.
Айтпақшы, сол рейтингің де сатылады (сатылмайтын не бар дейсің). Рейтингін көтеру үшін сайттар «рейтинг көтергішке» кәдімгідей ақша төлейді…
Қысқасы, сөз сатқан саудагерге айналдық. Сөз сатқаннан бөз сатқан жақсы-ау. Бір күні бөз сатып кетсек, сөзді сатып кетті демеңдер!

Төреғали Тәшеновтің  Фейсбуктағы парақшасынан