Ресей ашығуда, Қазақстан қайтпек?

Қазір Ресейдің қаржы омбудсмендері тұс-тұстан биылғы жылдың қиыншылығын айтып жатқан кезең.
Әсіресе елдің белгілі қаржыгері Павел Медведев  «2014 жылдан бері Батыс пен Еуро Одақтың Ресей тарапына салған санкциясынан көптеген елдер Ресейге тауарларын енгізе алмай қалды. Азық-түлік тапшылығы биыл қатты сезіледі. Сондықтан Ресей билігі санкция алмасу үрдісін доғармаса 2019 жылы 20 миллион халық аш қалуы мүмкін» деп салды.  Павел Медведев бұл ретте былай деп отыр: «Жуырда елдің 16 млн халқы өте кедей тұратынын, жағдайлары тіптен төмен екенін білдіқ. Өте кедей тұрады деген 16 млн халықтың санатына ай сайын 8 мың рубль жалақы алатындар енген. Сондай-ақ елде қазір 9 мың рубль жалақы алатындардың да 25 млнға жеткен. Ойлап қарасақ, 9 мың рубль мен 8 мың рубльдің арасында соншалықты айырмашылық жоқ. Бұл есеп арқылы сол 8 мың рубль алатын 16 млн халыққа, 9 мың рубль алатын 25 млн халықты қоссаңыздар, қазірдің өзінде елде 41 млн адамның жағдайы өте төмен екенін аңғарамыз. Егер жағдай осылай ұласа беретін болса, санкциялар салқынынан Ресейде  шамамен 20 млн адам ашығуы әбден мүмкін».

Ресей қаржыгерлерінің пайымдауынша, 2014 жылдан бері Ресейге салынған санкциялар салқыны биылғы жылы қатты сезіле бастаған. «Алдағы уақытта Ресей Батыспен  мәмілеге келуге тырысу керек» дейді қаржыгерлер.

Бірақ  қаржы омбудсмендерінің бұл пікірін ресми биліктің құптап отырған жоқ. Ресей президенті Путин «Батыстың санкциясы да мұнайдың түсуі де оны аса қорқытпайтынын» жиі айтады.
Жалпы, экономист-сарапшылардың байыптауынша, Ресейде қазір азық-түлік тапшылығы туындай бастаған. Бұрын ішкі нарығын Батыстан келетін азық-түлік өнімдерімен толтырып отырған Ресейдің қазір ішкі нарығы бос қалған. Норвегия, Греция, Австралия, Аргентина, Канада елдерінен ауыл шаруашылығы өнімдерін аста-төк алатын көрші ел қазір біршама өнім түрлерінен аса тарығып отыр.

Ал Қазақстанның сарапшылары «осы арада біз сауатты шешімдер қабылдасақ ұтып шығар едік» дейді.

Аграрийлерімізге нақты қолдау керек

Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, осы тұста Қазақстан үкіметі отандық өнім өндірушілерге нақты-нақты қолдау білдіру керек.

«Ресейдің бос жатқан нарығын игере алса, біздің аграрийлер үлкен пайда көрер еді. Сондықтан бұл санкциялар салқыны бізге тимесін десек, біз мынаны ескеруіміз керек. Ол үшін мына ұсыныстарды ескерсе деймін:

А) Ірі мұнай өндіретін зауыттардың маңынан шағын жанар-жағармай шығаратын зауыттар ашу өте маңызды.

Ә)  Астық сақтайтын орындардың қасынан, ұн тартатын диірмен орындарын ашу қажеттілік болады.

Б) Мал бордақылайтын орындардан тері-жүн өңдейтін цехтар ашу тиімді болар еді.

В) Біздегі бағалар мен тарифтердің өсуі тұрғындардың көпшілігінің табысынан әлдеқайда жоғары. Яғни тұрғындар бағаның өсуіне үнемі бейімделу үстінде. Бүгінде елімізде азық-түлік нарығы мен коммуналды қызмет саласындағы қалыптасқан жағдайға отандық мамандардың біразы алаңдаушылық білдіріп отыр. Азық-түлік бағасының қымбаттауы мен коммуналды төлемақының үздіксіз өсуі көпшілік азаматтардың тұрмыстық мәселелерін қиындатып та жібергені жасырын емес. Осыған орай қайсыбір Бәсекелестікті қорғау агенттігін министрлік деңгейіне көтеру керек. Бұл елдегі монополистердің бағаны орынсыз деңгейде өсіруне жол бермейтін дүние. Бағаны өсірмеуді бір министрлікке арнайы жұктесек, отандық өнім өндірушілерге тарифтерді төлеу арзанға түсіп жұмыс істеу жеңілдейді. Бұдан барып өнім өндіру көлемі де сапасы да артады.

Міне, біз үшін алдымен осы жайттарға мән берген жөн. Сонда отандық өндіріс нақты қолдауды сезініп жұмысын алға бастырады,-дейді маман.

Ұлттық экономика министрлігін тетікке қосу керек

Экономист-ғалымның пайымдауынша, негізінде біздің экономикалық құрылымымыз екіге бөлінеді. Қала және халықтың 47 пайызы тұратын ауыл. Сондықтан көрші елдегі жағдайды ескере отырып алдағы уақытта ауыл шаруашылығына ас мән беруліу қажет. Мамандардың пайымдауынша,  ауылдың шаруашылығын дамытуды бір ғана Ауыл шаруашылығы министрлігіне таңып қою дұрыс болмады. Бұл шаруаны Ұлттық экономика министрлігіне де жүктеу керек.

«Тереңнен байыптағанға Ресей мен Еуроодақ арасындағы санкциялар салқынын бізге тигізбей ұтымды алып шығатын сала – ауыл шаруашылығы. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігіне құрылымдық өзгерістер жасаудың реті келді. Егер біз болашақта ауыл шаруашылығын жандандыра алмасақ, агро-өнімдер өндіруге, отандық ет-сүт өндірісіне жан бітіре алмасақ, онда Ресейдің кебін біз де киеміз. Біз енді Ресейден азық-түлік ала алмаймыз. Себебі Ресейдің өзіне жетпей жатыр. Мұнай арзандап, одан түсетін түсімі азайып, Еуропа елдері де ауыл шаруашылығы өнімдерін қымбаттатып жіберді. Қазір арзан азық-түлік импорты деген әңгіме жоқ. Себебі Ресейге тауар тасымалдай алмай қалған бірқатар Еуропа елдері бізге және басқа елдерге арзан азық-түлік енді бермейді. Сондықтан әркім өз күнін өзі көретін заман туып келеді. Ал бұл арада біз отандық өндіріске ғана арқа сүйей аламыз. Демек бізге шикізатты сыртқа шикі күйінше жібере бермей ең соңғы дайын өнімге дейін өнім өндіру саласының дамуына күш салу керек. Олай етпесек күні ертең бізде де аш құрсақ халық көбейеді. Сондықтан бұл арада Ұлттық экономика миинстрлігін де «ояту» керек. Бізге серпіліс қажет. Салдары болмайды. Әсері етпейді деген сөздерді ұмыту керек. ?Барлығын алдын-ала болжап, біліп отырған жөн»,-дейді Жұмаділда Баяхметов.

Қарлығаш Сайлаубаева