Сүйек бар, бас қайда?

Осыдан 50 жыл бұрын Есік қаласына бастайтын күре жолдан табылған Алтын киімді адамның бассыз  сүйегі,  25 жыл бойы Алматыдағы сот-сараптама үйінің жертөлесінде жатқанын екінің бірі біле бермейді.

Тарихшы –археолог  Ермек  Жасыбаев  Алтын киімді ханзаданың моласын ашқанда оның басының да бірге табылғанына күмәні жоқ екенін айтады. Ел ішінде алтын адамның иесі мен киесі атанған  Бекмұхамбет Нұрмұхамбетов қазба жұмыстары кезінде құралдардың бірі шалыс тиіп, бас сүйек екіге бөлініп қалғанын,   антрополог Оразақ Смағұлдың бөлініп қалған бас сүйекті желімдеп, бір-біріне жапсырмақ болғанын талай рет есіне алған. «Бірақ осыдан кейін бас сүйектің қайда кеткенін ешкім білмейді. Бастың денеден ажыратылу себебі еш құжатта көрсетілмеген. Оразақ Смағұловтың алғашқы сараптамасынан кейін экспедиция басшысы болған Кемал Ақышевтың сүйекті тағы да қосымша зерттеу үшін бір жаққа жібермек болғаны ғана белгілі. Бірақ сүйек сол бойы жоғалып кеткен.  2014 жылы Алтын адам мұражайы қызметкері сүйектің біраз бөлігін Алматыдағы сот-сараптама жасайтын мекеменің жертөлесінен тапқан. – Онда “сүйекті И.Шаяхметов тапсырды” деген жазба бар. Қазір сүйектің бассыз бөлігі Алтын адам мұражайының сирек кездесетін құжаттар сақтайтын бөлімінде сақтаулы тұр, – дейді Ермек  Жасыбаев.

Алтын адамның бас сүйегін қолға ұстаған Оразақ Смағұл мырза “Төменгі жақ сүйегі өте биік, маңдайындағы қабақ сүйектері жақсы жетілгендіктен оны ер адам деген болжам жасадым. Сондай морфологиялық ерекшеліктерін де ескере отырып, оны шамамен 20 жастағы жауынгер деп анықтама бердім. Ал нақты әйел не еркек екенін білу үшін хромосомалық анализ жасау керек. Өкінішке қарай, қазір сүйектің қайда екенін білмеймін. Себебі мен сүйекті басымен қосып, Кемал Ақышевқа қайтып бергенмін” деп “Алаш айнасы” тілшісімен кездескенде айтыпты.

Алтын адам мұражайының өкілі Ермек Жасыбаев Алтын адамның сүйегінің немесе басының кімге тапсырылғаны туралы хаттама толтырылуы тиіс екенін айтады. Қазір ол құжат ешкімнің қолында жоқ. Оның не себепті толтырылмағаны және не себепті сақталмағаны да әлі күнге дейін жұмбақ.

Мәскеулік реставратор Владмир Садовский мен Кемал Ақышев Алтын киімді ханзаданың музейдегі қазіргі бізге белгілі үлгісін жасауға үш жылын жұмсапты.  Оның костюмін қайта қалыпқа келтіруге Владмир Садовскийдің жұбайы Тамара да атсалысқан.  Дайын болған сән үлгісі Алматыдағы орталық сауда үйі сыйға тартқан қуыршақ манекенге лайықталып пішілген. Кейін Владмир Садовскийдің қызының бойына өлшенген.

«1973 жылы Сақ ханзадасының алтын сауыты Мәскеуде, 1974 жылы Лейпцигте, 1975 жылы Каирде, 1976 жылы Дамаск қаласында өткен халықаралық көрмеге қойылған. Сол кезде оның иесінің сүйегі Алматыда жертөледе қараусыз жатты», – дейді Ермек Жасыбаев.

Бекмұхамбет Нұрмұхамбетов Талғардың жолындағы Рахат ауылы  Алтын киімді ханзаданың ата қонысы болған деген пікірді көзі тірісінде талай рет айтыпты. Соның  2004  жылы сол ауылдан “Өрікті” деген атауға ие болған ежелгі қаланың орны табылды. « Бекең ақсақал Сақ ханзадасының ата қонысы – Өрікті болған, оның мүрдесі сол Өріктіден жеткізілген деген болжам жасады, – дейді Ерлан Жасыбаев.

2014 жылы  бассыз сүйек қайта табылған соң, Бекмұханбет Нұрмаханбетовтың бастамасымен Копенгаген университетінің жас маманы Петер Даамбарг алтын киімді ханзаданың қаңқа сүйегінің шынтақ тұсынан кішкентай бөлігін алып кеткен. Бірақ ондағы технология күшімен ДНҚ-ны анықтай алмаған. Онсызда кеуіп, үгітіліп тұрған сүйектің қолдан-қолға өтіп, әбден мүжіліп қалуы себепті ДНҚ-ны анықтау мүмкін болмаған.2014 жылы РФ Ғылым академиясы этнология және антропология институтының ғылыми қызметкері Егор Китов мұражайға келген сәтінде “Сүйектің Алтын адамдыкі екеніне күдігім болғанын жоққа шығармаймын. Көзімді жеткіздіңіздер. Енді сараптама жүргізу керек десе”, ресейлік келесі антрополог   мұражайдағы қаңқа сүйек пен қазба жұмыстары кезінде табылған қаңқа сүйекті бір-бірімен салыстырып, “Бұл – алтын адамның сүйегі” деген қорытындыға келген.

«Егер, бас сүйегі табылса, оның тісі арқылы анықтауға болар еді. Бас сүйектің қайда кеткенін ешкім білмейді.  Оның ізіне түсетін дәйектеме де жоқ. Қазіргі заманғы технологиямен анықтауға болады.  Бас табылса, алтын адамның құпиясы ашылады. Қазір «Алтын адамның» қаңқаларына деген көзқарас өзгеше. Өкінішке қарай, сүйектердің бәрі бірдей сақталмаған. Бассүйегі жоқ. Қолда барының өзіне ДНК сараптамаларын жүргізу өте қиын Сүйектердің сақталуы тым нашар. Оның үстіне 50 жылдай қорапта жатқан. Бактериялар түскен, қазіргі вирустар кірген. Егер бас сүйегі болып, онда кем дегенде бір тісі табылғанда, ДНК сараптамасы арқылы толық ақпарат алуға мүмкіндік туар еді», – дейді «Есік» тарихи-мәдени қорық музейі директорының орынбасары Ермек Жасыбаев.

Қазір ғалымдар   арасындағы Алтын киімді ханзаданың сүйегіне қатысты пікір екі бағытта. Алғашқы топ “табылған жеріне қайта жерлеу керек” дейді.   Ал екінші топ “сүйек – халық қазынасы, ол алдағы уақытта да зерттеу нысанасына айналу керек” дейді.

Бірақ, сүйекті табылған жеріне қайта жерлей алмаймыз. Өйткені ол жер әлдеқашан тегістеліп, орнына автобаза салынған. Жерлеу үшін де, сүйекті зерттеу үшін де ақша керек. Екеуіне де қаржы табылмай тұр.

Ермек  Жасыбаев сүйектің аса жайлы орында тұрмағанын, ондағы ауаның деңгейі күнделікті тұрмыста қолданатын мұздатқышпен бақыланатынын айтты. «Сүйек жойылып, үгітіліп барады. Оны жер қойнына тапсырғанша сақтайтын саркофог керек. Бірақ, оны қайдан аласың», – деді Ермек  Жасыбаев.

Айтпақшы, сүйектің жай-күйімен танысуға осы көктемде Астанадан екі сенатор келіп, кетіпті.Алтын адамның сүйегі туралы мәселемен  Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемел ұлы Тоқаев та хабардар екен. Қазір бұл мәселе Сенат төрағасының бақылауында тұр.

« Біз сенаторлармен бірге алтын адамды жерлеудің қаржылық сметасын жасап шықтық. Жерлеу шығыны – 500 млн теңге. Оның ішіне палеогенетиқалық ДНҚ анализы, күмбезін жобалау мен салуы және жерлеу жұмыстарын ұйымдастыру кіреді. Демеуші іздеп, жан-жаққа хат жаздық. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке де шықтық. Уақыт өткен сайын сүйек үгітіліп барады. Күтуге болмайды, жағдай көтермей тұр», – дейді Ермек Жасыбаев.

Бас сүйек табылып қалар деген үміт әлі үзілген жоқ

Бірақ, сүйек туралы сақталған құжаттарда ол жайлы бір ауыз дерек жоқ. Басқаша айтқанда кірген ізі бар да, шыққан ізі жоқ.

« Қазір уақыт оздырмай, сүйекті жер қойнына беру маңызды. Себебі денесі жер қойнына берілмей, оның рухы (алтын адамның) тыныштық таппайды. Енді қаржы көзін тапсақ, жерлеуге кедергі жоқ, табылып жатса, басты денеге қосып жерлеу қиын емес» – дейді Ерлан Жасыбаев.

Рауан Ілиясов