Сәкен мен Тұрар сатқын емес

Соңғы кездері ел тарихына қатысты, елдің шекарасын шегендеп, ұлт мүддесін қорғау жолында басын өлімге тіккен азаматтар төңірегінде нешетүрлі  пікірлер айтыла бастады. Жалпы осы әңгіме қазаққа қажет пе еді?  Қазір «тәуелсіздігімізді қалай баянды етеміз, болашағымыз қалай болады?» деген алаңкөңілде өмір сүріп жатқан тұста  тарихты зерттеп жүрген кейбір ғалымдардың ойлары ұлт арасына іріткі салатындай, жас ұрпақтың жанына қаяу түсіретіндей  көрінеді. Белгілі кинорежиссер Еркін Рақышевтің ойсалар мақаласы да осы төңіректе өрбиді. Біздің мақсатымыз – біреуді ақтау, біреуді даттау емес. Көздегеніміз – тарихымызды талқандауға жол бермеу, көрші елдерге күлкі болмау, болашағымыздың баянды болуын қамтамасыз етуге септігімізді тигізу. Бұл төңіректе қосымша айтар ой-пікіріңіз болса,  «Жас Алашқа» жолдауыңызға болады.

  Соңғы уақытта Тұрар Рысқұлов пен Сәкен Сейфуллинді, тағы басқа тұлғаларымызды сатқын болған деп, оларды Алаш қайраткерлеріне қарсы қойып, халық арасына іріткі салатын үрдіс үдейе түсуде. Осылай халықтың тұтастығына сына қағып, жұртты екіге бөліп жүргендердің басында Тұрсын Жұртбай мен Сұлтанхан Аққұлұлы тұр. Алаштанушы осы екі тарихшының біріншісінің негізгі мамандығы – филолог, екіншісі – журналист. Содан болса керек, архивтен бір құжат тауып алса, оны тарихи дерек пен көркем шығармамен шатастырып алып, өздерінше жаңалық ашып, елді шулатып жүргені.

  Сұлтанханға қайраткерлерімізді бір-біріне қарсы қоймай, одан да Алашты дұрыстап зерттеп, тыныш жүрмейсің бе деп айтқанмын. Ол сонда да Рысқұлов пен Сейфуллинді қаралап, оларды Алаш қайраткерлеріне жау қылып көрсеткенін қояр емес. Бірақ өзінің Әлихан Бөкейханов туралы шығарған 15 томдығының ішінде жалған мәліметтер мен ұрланған жазбалар өріп жүр. Щербина экспедициясының бүкіл еңбегін сол бойы көшіріп алып, Бөкейхановтың жазғандары деп шығара салған. Сонда Алаштың көсемін дәріптеймін деп, оны өтірікші қылып отырғанын түсінбей ме? Тұрар мен Сәкеннің артына шам алып түскенше, одан да алаштықтарды дұрыстап зерттемей ме? Енді үкіметтен миллиондаған қаражат алып шығарған сол кітаптарын өңдеп, дұрыстап жазып, өз ақшасына шығарсын. Әйтпесе алған ақшасын қайтартып, өзін жауапқа тартуға тура келеді.

  Қайраткерлерімізді бір-біріне қарсы қоюды кәсіп еткен Сұлтанхан Лубянканың түрмесінде тергеуде жатқан Нәзір Төреқұлов Тұрар Рысқұловтың бетінен шапалақпен ұрып, оны далаға сүйреп шығарып тастады деп жазады. Мұнысы енді жай өтірік емес, адамның ақылына сыймайтын жала. Бұдан басқа да, Бөкейханов айтқан деп, Рысқұловқа жаппаған жаласы жоқ. Сәкенді де жау қылып көрсеткісі келіп алдына жан салмауда. Сонда Сұлтанхан Аққұлұлының көздеген мақсаты не?

  Тұрсын Жұртбай болса 1920 жылдың тамызында Әлихан Бөкейхан қазақ жерінің шекарасын Лениннің алдына барып, оның көзін шұқып тұрып дәлелдеп көрсеткен, Қазақ Республикасының негізін қалаған деп бөседі. Бірақ тарихи деректер Әлихан Бөкейхановтың ешқашан шекара мәселесімен Лениннің алдына бармағанын көрсетеді. Оған академик Салық Зимановтың, тарихшылар Серікбай Бейсембаевтың, Дина Аманжолованың, Сәбит Шілдебайдың еңбектерінен, тарихи құжаттардан көз жеткізуге болады.

   Жер мәселесі жөнінде Ленинмен кездескен қайраткерлер туралы айтатын болсақ, ол делегацияны Қазревкомның төрағасы С.Пестковский мен Әліби Жангелдин бастап барған. Делегация құрамында Ахмет Байтұрсынов пен Әлімхан Ермеков те болған. Ермеков баяндама жасаған. Бірақ Жұртбай делегация құрамында Мұхамедхафи Мырзағалиев, Әлиасқар Әлібеков, Досғұл Темірәлиев, Итбаев пен Оразаев сияқты қазақтардың болғанын айтпай, ол жерде мүлде болмаған Әлихан Бөкейхановты сол делегацияның басшысы болған деп, жалған ақпарат таратады. Сонда бүкіл қазақ қайраткерлерінің жер туралы бірігіп жасаған еңбегін тек Алашордаға таңу Тұрсын Жұртбайға не үшін керек болды? Не үшін тарихи фактілерді алмастырып, елді әдейі шатастырып отыр? Мұндай өтірік мақтау-мадақтауларға Әлихан Бөкейханов мұқтаж емес. Тарихи фактілерді бұлай бұрмалау Алаш көсемінің абыройын түсірмесе, беделін көтермейді.

    Сұлтанхан Аққұлұлы мен Тұрсын Жұртбайдың кейбір жасап жүрген іс-әрекеттеріне қарап, бұлар тарихты ұлыларымызды ұлықтау үшін емес, докторлық диссертация қорғау үшін, қара бастарының қамы үшін зерттеп жүрген сияқты деген ойға қаласың.

  Жазба демеймін, жазыңдар, бірақ өтірік жазбаңдар, кейбір қайраткерлерімізді біржақты қараламаңдар. Қазақ қайраткерлерінің ішінде ең жоғары қызметте – Совнарком төрағасының орынбасары болған Рысқұловты Алаш көсемі Бөкейхановқа қарсы қоймаңдар. Өздеріңнің арам ойларыңды тарихта «әділеттілік» болу керек деп жасырғыларың келеді. Егер әділ болсаңдар, неге Рысқұлов алаштықтардың үстінен Сталинге хат жазды деп жазасыңдар да, Рысқұлов пен Қожанов екеуінің 1922 жылы Сталинге хат жазып, Бөкейхановты түрмеден шығарып алғанын неге жазбайсыңдар? Ол фактіні білмесеңдер, менің Рысқұлов жайлы деректі киномнан көрулеріңе болады. Тарихшы Мәмбет Қойгелдінің: «Егер біз тырнақ астынан кір іздейтін болсақ, барлық қайраткерлеріміздің бойынан қателік табуға болады, онда қазақта бірде-бір тұлға қалмайды», – деп айтқан сөзі бар еді.

     Иә, Сәкен мен Тұрар, Бейімбет пен Темірбек Кеңес өкіметін, большевиктерді қолдады. Ал алашордалықтар қазақтың ата жауы – ақ казактар мен Колчакты қолдады. Арыстарымыздың арасында пікір қайшылықтары болғанымен, олардың мақсат-мүддесі бір еді. Ол ұлттың мүддесі, қазақтың тәуелсіздігі, болашағы болатын. Сол үшін біреуінікі дұрыс, екіншісінікі қате деп, оларды жазғыруға бола ма? Большевиктер қатарына өткен қайраткерлеріміз қазақ халқына жау болған жоқ. Ақ гвардияшылар жеңілген соң, оларды қолдаған алаштықтар да компартия қатарына өтіп, ұлтқа қызмет етті.

     Кешегі алашордашылар мен компартияда болған қазақ қайраткерлерін бір-біріне қарсы қойып, айдап салған Мәскеудің, ОГПУ органдарының жымысқы саясаты болатын. Алашордашыл болсын, большевик болсын қазақ қайраткерлері түгелдей орталықтың отарлық саясатының құрбаны болды. Олар еліміздің тәуелсіздігі жолында күресіп, жандарын пида етті. Кейбір тарихшылардың қайраткерлеріміздің ішінен жау іздеп жүргені кешегі патша өкіметінің «бөліп ал да, билей бер» деген саясатының жемісі. Құлдық санадан арыла алмай жүргендерінің көрінісі.

    Тарихи құжаттың ақ-қарасын ажыратуға өресі жетпей жүрген кәсіби емес тарихшыларға айтарым, академик Манаш Қозыбаевтан үйреніңдер. Тарихтың талай ақтаңдағын ашқан ағамыз осыдан 26 жыл бұрын «Алашорданың басынан аяғына дейін жүргізген саясаты дұрыс еді, Сәкендердікі қате еді деп айтуға болмайды. Егер атаман Анненков орыс-қазағын қырып, әйелін қорлап, қызын зорлап, малын талап жатса, ал алашордалықтар осы Анненков пен Колчакты қолдап, онымен  бірлесіп жатса, Торғайда халық батыры Амангелді Имановты өлім жазасына кесіп жатса, сонда Колчактың азап  вагонында отырған Сәкен Алашты не үшін аялауы керек?» деп жазып, осы даулы мәселеге нүкте қойған. Ең болмаса бүгінгі Тарих институтының кәсіби тарихшыларының жазған еңбектерін оқыңдар. Өмірлерін архивтерде өткізіп жүрген олар неге қайраткерлеріміздің арасынан сендер сияқты «сатқын» іздемейді? Жоқ әлде сен екеуің ғана білгішсіңдер ме? Керісінше, екеуің ғана бүкіл тарихты бұрмалап, қазақ қоғамын екіге бөлумен келесіңдер.

     Енді сендерге Елдос Тоқтарбай деген тарихшысымақ шәкірттерің қосылыпты. Әнеугүні «әділдігін айту керек, қуғын-сүргін жылдары атылған 25 мың адам бірін-бірі сатқан» деп бөсіп отыр. Өз ұлтын осыншама жек көруге бола ма? Бүкіл қазаққа жала жапқанша, әділдік іздесең, жауыз Сталин 3-4 миллион қазақты аштан қатырғаны аздай, ұлттың беткеұстар 25 мың азаматын  атып тастады, 130 мың жазықсыз бауырымызды Сібірге түрмеге айдап, олардың көбін сол жақта өлтірді деп жазбайсың ба? Қазақтардың қырылып қалғанына Ресейдің қазақ ұлтын жоюға бағытталған саясаты кінәлі деп айтпайсың ба? Бұлай айтпайтын себебің – Ресейдің қайраткерлерімізге қатысты тарихты бұрмалап, «бар бәлені қазақтардың өзіне жаба салу керек, оны топастар мен өз ұлтының сатқындары арқылы жүзеге асыру керек» деген құпия қаулысын білмейсің. Бірақ тарихи деректерді бұрмалап, кейбір қайраткерлерімізге әдейі жала жауып, «сатқын» жасағыларың келеді. Өздерің арыстарымыздың ұлтқа сіңірген еңбектерінің 1 пайызын да жасай алмадыңдар. Бірақ шетінен батырсыңдар.

      Мен тарихшы емеспін, бірақ «Ашаршылық», «Тұрар Рысқұлов», «Темірбек Жүргенов» деректі киноларын түсіріп жүрген жылдары көптеген архивтерде болдым. Көптеген құпия құжаттар, оның ішінде Алаш қайраткерлерінің тергеу барысында берген жауаптарын көрдім. Бірақ кейбір тарихшысымақтар сияқты қайраткерлерімізге жала жауып, олар туралы жаман сөз айтпаймын. Себебі ол жауаптардың қандай жолмен алынғанын білемін. Сол қуғын-сүргін жылдары Мәскеудегі Суханов түрмесінде азаптау мен қинаудың 52 түрін қолдану құпия бұйрықпен бекітілген. Кейіннен оны барлық түрмелерде қолданған. Жауыздар арыстарымызды жантүршігерлік, адамның айтуға аузы бармайтын айуандықпен азаптап қорлаған. Сәкенмен кездесуге түрмеге барған жары Гүлбаһрам күйеуін танымаған. Жауыздар қайраткер ақынымызды адам танымастай ұрып, тістерін түсіріп, бір көзін шығарып тастаған. Рысқұловтың қабырғаларын сындырып, 17 жастағы баласы Ескендірдің көзінше тырнағының астына ине тығып қинаған. Егер Рысқұлов пен Сейфуллин сатқын болса, оларды осындай азаптауларға салар ма еді? Мағжанды қол-аяғын пешке күйдіріп, атар ма еді?

     Сондықтан арыстарымыздың, Алаш қайраткерлерінің тергеу барысында берген жауаптарында біреуді сатқан деп қол қойылған болса, оған тек сол кездегі Кеңес өкіметінің билігі кінәлі. Жауыздар қайраткерлерімізді ұрып-соғып, қол-аяқтарын сындырып қинағаны аздай, Германиядан психотропты дәрілер алып, укол салып азаптаған. Мұндай азаптаулардан қайраткерлеріміз ақыл-есінен айырылып, не айтып, не қойғандарын білмеген. Сталиндік жендеттердің, НКВД-ның ойлап тапқан айуандық азаптау әдісіне адам баласының шыдауы мүмкін емес еді.

    Тарихи шындық ашылуы керек, әділдік үстем құруы керек деп, өздерінше патриот болып жүргендерге, тарихшысымақтарға айтарым, қайраткерлеріміздің «мен Жапонның тыңшысы болғанмын, Германияның шпионы болғанмын» деген жазбаларын, бір-бірін қаралап, сатқын деп қол қойғандарын қалай ажыратасың? Оған қолды өз еркімен қойды ма, жоқ әлде жауыз жендеттер ұрып-соғып, есінен адастырып қойғызды ма, осыны қалай анықтайсың? Сол үшін кеуделеріңді ұра бермей, байқап сөйлеңдер.

      Сондықтан қайраткерлеріміздің, мейлі ол алашордашыл болсын, большевик болсын, тергеу барысында берген жауаптарын, тергеу материалдарын тарихи дерек ретінде пайдалануға болмайды. Себебі тағы да айтамын, барлық тұтқындалған қайраткерлерімізге құжатқа қолды НКВД зорлықпен, қинап, күшпен қойдырған. Бұл өте маңызды. Осыны жас тарихшылар естерінен шығармауы керек. Оларға айтарым, кейбір тарихты оқымаған ағаларың сияқты «ойбай, ана қайраткер ананы сатқан екен, мына қайраткерді батыр деп жүрсек, оның жаласынан кейін біреулер жазықсыз сотталған екен» деп, жұртқа жар салмай, алдымен сол қайраткерлеріміздің елге жасаған еңбегін бойларыңа толық сіңіріп алыңдар.

      Сұлтанхан Аққұлұлы мен Тұрсын Жұртбайға, тағы да басқа сенсация қуып жүрген тарихшыларға айтарым, тарихтан әділдік іздегенсіп, онсыз да біріге алмай жүрген халықтың арасына іріткі салмаңдар. Егер сондай әділетшіл болсаңдар, бүгінгі биліктің халыққа жасап отырған қиянаты мен әділетсіздігін айтыңдар. Қиналып жүрген халыққа араша түсіп, соның мұн-мұқтажын жоқтап, мүддесін қорғаңдар. Ұлт болып, мемлекет болып қалуды ойлаңдар. Олай жасай алмасаңдар, тәуелсіздік үшін бастарын бәйгеге тігіп күрескен, сол жолда құрбан болған қайраткерлеріміздің аруақтарын мазаламай, халықты шатастырмай тыныш жүріңдер. Аман болайық, ағайын! Арыстарымызды ардақтап, бағалай білейік.

Еркін РАҚЫШЕВ,

кинорежиссер