Сенат қажет пе, өзі?

Биыл  қазан айында 17 сенатордың «дәм-тұзы, ай-күні» таусылады екен  деп жамандық  төндірмей-ақ қоялық. Бірақ ақиқаты  сол, олардың Сенаттағы мерзімі бітіп,  өзгелерге  жол  бермек екен.  Соған  сай мемлекет басшысы жарлық  шығарып,  Сенат депутаттарын сайлау 12 тамызда өтетін болып белгіленді. Оған 254,5 миллион бөлініп  қойылыпты.

Еске  сала кететін бір жайт,  елімізде  қос палаталы  парламент 1995 жылғы Конститутцияға сәйкес  дүниеге келген. Сенат  депутаттары 47  адамнан тұрады. Оның   32-ін  мәслихат сайласа. 15-ін президент  тағайындамақ. Яғни  сенаторлардың   үштен  бірі мемлекет  басшысының  сенімді  өкілдері  болмақ  десек  қателеспейміз. Жалпы, Сенат президентпен төменгі палата Мәжіліс арасындағы жалғастырушы құрылым міндетін аткаратыны  хақ. Алайда  қоғамда Сенатты басы артық  құрылым  ретінде  санайтындар көп.  «Сенат  депутаттарын  ұстау артық  шығын, біз федералды   мемлекет емеспіз, унитарлы мемлекетпіз. Демек,  бізге  парламенттің қос палаталы  болуы  міндет емес»  деп жосиды  олар. Ақиқатын айтар  болсақ,  солай. Сенаттың  бар миссиясы: Мәжілістен келген  заңдарды сүзгіден өткізу,  безбенге  салу, жарамсызын  кері  қайтару, мемлекет басшысының оң жамбасына келетін заңдарды мақұлдап, қол  қоюға әзірлеу т.б секілді тірлік. Хош  делік.  Дегенмен  қоғамда  биыл күзге  салым кезектен тыс Мәжіліс сайлауы  өтеді  деп күтіліп  еді. Оған енді  жол жоқ сияқты.  Оның  орнын  Сенат сайлауы  басты. Бұл сайлау   биыл сәл өзгеше болмақ. Өйткені  бұл  жолы  Сенатқа енетіндер бұрынғы тұңғыш  президентттің  яғни  қазіргі  Қауіпсіздік  Кеңесінің  төрағасының  емес,  президент  Тоқаевтың жүргізіп отырған  саясатын қолдаушылар  болуы  шарт.   Осының өзі-ақ Тоқаевтың   биліктегі позициясын  нығайта  түспек. Әлбетте айтқымыз  келгені  Тоқаевтың  айналасына  өз мүдделестерін  топтастыруы емес,  Сенаттың  ахуалы.  Бір қарасаң,  Сенат биліктің  оқшантайынан   «түсіп қалғандардың»   ат  басын тіреп, күн  көрісін  жалғайтын  « жұмақ мекеніне»  ұқсап барады.  Яғни  Сенат депутатына жоғарғы лауазымды қызметінен босаған шенеуніктер тағайындалып келеді. Содан  болар, Сенатты таратып керісінше  Мәжілістің құзіретін күшейткенді жөн  көретіндер көп.  Тіпті  «ақыры үштен бірін  президент тағайындайды екен, ақша  шашып,  шоу  ұйымдастырып,  спектакль  жасамай-ақ  бәрін  неге президент тағайындай  салмайды»  дейтіндерде  бар. Бәлкім олда  дұрыс шығар. Қалай  десек  те, әзірге  біз  бір палаталы  парламентке айнала  қоймасымыз  шығар күннің көзіндей  шындық. Басқа  не  дейміз…

Дос КӨШІМ,  Саясаттанушы

-Қазақстан Парламентінің жоғарғы палатасы, Сенаттың,  саяси қажеттілігі, қызметі мен жұмысының тиімділігі жайлы әңгіме – «мәңгілік тақырыптардың» қатарына кіретін сияқты. Әрине, бұл құрылым, біріншіден, билікке, оның ішінде, Президентке керек екенінде талас жоқ. Біріншіден, қызметтен уақытша кеткен ірі лауазымды қызметкерлер кенеттен биліктің сыншысына айналмас үшін, жоғарғы деңгейдегі «уақытша қамау изоляторы» жасақталды. Екіншіден, Мәжілістен түскен заңдардың ішінде шектен шығып бара жатқан баптар болса, оны тоқтатып, қажет болғанда кері қайтаратын, сол арқылы Президенттің атын былғамай, тамаша сүзгі қызметін атқарататын құрылым өмірге келді. Сенат құрамының үштен бірін Президенттің тағайындауы да осыны көрстеді. Үшіншіден, жаңа бір қызмет орындары ашылғанда керек адамдарды маңдайларыннан шертіп алатын «қосалқы құрам» отыратын жылы орынға айналды, т.т.

Сенаттың классикалық рөлі – Парламентте белгілі бір аймақтардан өкілдердің болуы – Қазақстанның бүгінгі Сенатына қатысы жоқ сияқты. Әрине, Сенатта әр облыстың мәслихаты сайлаған депутаттар бар. Бірақ унитарлы мемлекет үшін аймақтық өкілдердің  пәлендей қажеттілігі бар деп айта алмаймыз. Екіншіден, оларды сол аймақтың сайлаушылары тікелей сайлаған жоқ, сондықтан оларда аймақтық деңгейде жауапкершілік бар деп те айта алмаймыз. Сондықтан қазіргі Қазақ Сенатының қызметі – Мәжілістің дайындаған заңдарын қайта бір қарап шығумен және сол заңдарды Президент пен Үкіметтің (біздерде атқаруша билік – заңдардың жобасын дайындаушы болып табылады) талабына сай болуын бақылаумен шектеледі деп айтуға болады. Қысқасы, Сенат – билікке ғана керек құрылым.

Меніңше, Сенатттың аймақтық өкіл есебіндегі рөлі Мәжіліс депутаттарын бір мандатты округтен сайлағанда күн тәртібінен түсіп қалады. Сондықтан да бізге аралас сайлау  жүйесі (прапорциялы және мажоритарлы) қажет. 90-жылдардағы бір палаталы Жоғарғы Кеңес қазіргі екі палаталы Парламенттен  тиімді де нақты жұмыс жасады деп ойлаймын. Екіншіден, халықтың тікелей сайлауынан өткен Палата (Мәжіліс) дайындаған заң жобаларын жанама сайлаудан өткен Палатаның (Сенат) «тексеруі» – ешқандай сын көтермейтін жағдай.

Күлтегін  БЕК