Шаңыраққа қара!

Қазақстанның иесі – қазақ. Бұл аксиома. Демек, бұл елде қазақтың мүддесі бірінші орынға шығып, ал тілі салтанат құруы тиіс. Өкініштісі, бұлай болмай тұр. Қазақ мемлекет құрушы, доминант ұлт болса да, еліміздегі көп этностың бірі деңгейіндей ғана құқы бар. Ал тілі Ата заңда «мемлекеттік тіл» деп айшықталғанымен, сол деңгейге көтеріле алмады. Мемлекеттегі ұлттар мен ұлыстардың қатынасы болатын ұлтаралық тілге де айналмады. Неге?

Себеп көп. Кінә өзге ұлтта емес. Өзгеге өзімізді сыйлата алмаған, тілімізді мойындата алмаған өзімізде. Алайда айтқымыз келгені бұл емес. Тілге тиек еткіміз келгені, қоғамда соңғы бір аптада әңгіменің негізгі өзегіне айналған саяси митингілер жөніндегі заң жобасы. Бұл заңды парламент мәжілісі қабылдап, сенатқа жолдады. Қазір талқыланып жатыр. Әлбетте, біздің тарапымыздан заңға қояр артық талабымыз жоқ, десек те, өзге жұрт «тырнақ астынан кір іздеп» жатқанға ұқсайды.

Мәселен, Халықаралық адам құқы мен заңдылықтарды сақтау бюросының басшысы Евгений Жовтис мырза аталмыш заңнан кінәрат тапқанға ұқсайды. Ол kaztag.kz сайтында бүй депті: «Саяси партиялар туралы заңдағы саяси партияларға немесе олар ұйымдастыратын сайлауалды науқандарына қатысу құқығында тек жалғыз шектеу бола алады, оған шетелдіктер қатыса алмайды деген. Ал былайша шетелдік азамат кез келген бейбіт митинг өткізуге құқылы емес пе? Оны неге шектеу керек? Егер ол осы елдегі кәсіпорында жұмыс істейтін болса, өз басшылығының белгілі бір әрекет-шешімдеріне қарсы болса, наразылығын танытуға құқылы болуы керек. Шетелдіктер тіпті кәсіподақтарға да мүше болуға құқылы».

«Бақсақ, бақа екен» демекші, оның айтқысы келгені – Қазақстанда шетелдіктер мен азаматтығы жоқ азаматтарға да митингіге шығуға рұқсат беру мәселесі заңда қарастырылмапты. Жовтис мырза мұнысымен не айтқысы келді? Көкейінде не жатыр? Қазақ жерінде қазақ қалып, енді шетелдіктер мен азаматтығы жоқтар шерулетуі тиіс пе? Бұған жол беруге болмас. Неге? Заңды жазғандар алдымен елдің ерекшелігін, аумақтық жағдайын, халықтың саяси мәдениеті мен құрылымын, этностық құрамы мен дінін, конфессиясын еске алғаны белгілі. Егер де осы тұрғыдан келетін болсақ, шетелдіктерге митингіге қатысу құқығын беру әлі ерте екені өз-өзінен түсінікті болып тұр.

Қазақстанда шетелден қаржы алып отырған мыңдаған үкіметтік емес ұйымдар, жүздеген ірі шетелдік компаниялар, мыңдаған бірлескен кәсіпорындар бар. Онда он мыңдаған шетелдіктер жұмыс істеуде. Бұдан басқа, қосарланған азаматтығы барлардың өзі қаншама. Әгәрәки, олар түрлі талап қойып митингіге шығып жатса, олардың қолын қайырып, қамаудың арты халықаралық үлкен дауға ұласары хақ. Бұл – бір, мемлекеттің абыройына жағылар қара күйе болса, екіншіден, қауіпсіздікке нұқсан келмек. Онсыз да елімізге келіп нәпақа тауып, тіпті ойларына келгенін істеп жүрген шетелдіктердің тым дандайсып кетуіне заң жүзінде рұқсат беруге әсте болмайды.

Қысқасы, Жовтистің заңнан кінәрат іздеп, жерден жеті қоян тапқандай данышпансынуының артында басқа пиғыл жатуы мүмкін. Бірақ оның айтқаны бола қоймас. Қазақстан шетелдіктердің диктовкасымен жүретін кезден әлдеқашан өтіп кеткен. Ендігәрі кім болсын шаңыраққа қарап сөйлеп, шаңырақ иесінің ыңғайына қарай ишара жасағаны дұрыс-ау.

Азаматхан ӘМІРТАЙ ,

«Байтақ -Болашақ» экологиялық альянстың төрағасы