ШЫҢҒЫС ХАН ЕСIМI ШЫНДЫҚҚА ЖЕТЕЛЕЙДI

Ешкiмге сырын алдырмай келген бұл атаудың төркiнi қай тiлде жатыр? Тiлдiң құдiретiнде шек жоқ. Бiр ғана сөздiң өзi ғасырлар құшағында құндақталып жатқан көне тарихтың күмiс тiнiн суыртпақтап, шындықтың бетiне сәуле түсiредi. Сондай сөздердiң бiрi Орталық Азиядағы Ононның Дэлүүн болдог деген жерiнде дүниеге келiп, мүрдесi Бұрқан-Қалдунда тыныс тапқанша жер-жаһанды қалың жасақ тұлпарының тұяғымен тiтiреткен ұлы қолбасшы Шыңғыс ханның есiмi болса керек.

Шыңғыс хан! Тағдыр-талайы қайшылыққа толы оның атының өзi алыстағы арыстансыған алыптардың зәре-құтын ұшырды. Ол байырғы бабалары секiлдi «бастыны еңкейтiп, тiзелiнi бүктiрген» ғажайып күрделi тұлға едi.
Әлемде өзiне дейiн теңдесi жоқ осы ұлы қолбасшының есiмi не себептi «Шыңғыс» аталды, бұл сөз қандай мағына бередi деген сұрақ көптеген тарихшылар мен тiлшi ғалымдарды жиi-жиi мазалаумен келедi. Алғашқылардың бiрi болып әйгiлi парсы тарихшысы Рашид-ад-дин бұл туралы мынадай мәлiметтердi жазып қалдырды: “Оң хан қулық ойлап, Шыңғыс хан ұлына [өзiнiң] қызын айттыра келсiн деп [өзiне] жорта шақырып, [ал шын мәнiнде] оны торына түсiрмек болғанда [оған] бет алған жолында жолай ол Мунлик-эчигэ үйiне аялдап, онымен ақылдасады. [Мунлик-эгиче] [оның] тiзгiнiн тартып, [ары қарай] жол жүруге мүмкiндiк бермейдi. Ол қиын да қолайсыз, қорқынышты да үмiттi жағдайлардың бәрiнде де Шыңғыс ханмен бiр болатын. Шыңғыс хан оған өзiнiң шешесi Оэлун-экенi әйелдiкке бердi, ол Шыңғыс ханмен қатар оның оң жағында барлық әмiрлерден жоғары отырды. Оның моңғолдар Тэб-Тэнгри атап кеткен Кокэчу есiмдi ұлы бар едi. Оның мынадай әдеттерi болды – жұмбақ құпияларды шешiп, болашақты болжайтын да: «Мен көкке ұшып барып-келiп тұрамын, Тәңiрi менiмен тiл қатысады!»– дейтiн. Ол Шыңғыс ханға әрдайым келiп: «Тәңiрi сенi әлемнiң әмiршiсi болсын деп бұйырды!»– дейтiн. «Тәңiрiнiң бұйрығы бойынша сенiң есiмiң осындай болуы керек!»– деп, ол оған Шыңғыс хан (Чингиз-хан) дейтiн лақап ат бердi.
«Чин» – моңғолша «күштi» деген мағына бередi, ал «чингиз» – оның көпше түрi. Мұның себебi былай, ол кезде қара қытайдың ұлы әмiршiлерiнiң мансап дәрежесi гур-хан болатын, ал «гур» [сөзiнiң] мағынасы да – «күштi», әмiршi әбден ұлылыққа жеткенше оны гур-хан деп атамайтын-ды. Моңғол тiлiнде Чингиз (Шыңғыс) лақап аты да сондай мәнге ие, бiрақ барынша кең мағынада, себебi ол көпше түрде, оны, мәселен, парсының «шахан-шах» [патшалардың патшасы, қағандардың қағаны] дейтiн сөзiмен сәйкес қарауға болады».
Ұлы тарихшының бұл пiкiрi өзiнен кейiнгi көптеген ғалымдардың алдында көлденең жатып алды. Мирхонд, Хондемир, Шараф-әд-дин секiлдi ортағасырлық мұсылман тарихшылары мен Хаммер-Пургшталь, Эрдман тәрiздi зерттеушi ғалымдар оның бұл пiкiрiн қайталаудан ары аса алмады. Тек Рамстедт бастаған кейбiр оқымыстылар «Шыңғыс» есiмiн түркi және моңғол тiлдерiне ортақ «теңiз» (тэнгис) сөзiмен (tenggis//tinggis) байланысты қарастыра бастады. Оған Шыңғыс хан есiмiнiң «Моңғолдың құпия шежiресiнде» «Далай қаған» аталатыны («далай» сөзi де моңғол тiлiнде «теңiз» деген мағынада қолданылады) себепкер болса керек. «Далай» сөзi моңғол тiлiнде «ұлы» деген де мәнге ие. Мысалы, «далай лама» – «ұлы лама» (дiни атақ). Моңғолия Ғылым Академиясының академигi Ц.Дамдинсурэн (1908–1989) осы соңғы болжамды дамыта отырып, «Шыңғыс хан» атауы «гур-хан», «далай-хан», «даян-хан» деген тәрiздi «ұлы хан» деген мағынаға ие деп қорытынды жасайды.
Профессор Эренжен Хара-Даван да бiзге күнi кешеге дейiн белгiлi себептермен беймәлiм болып келген «Чингис-хан как полководец и его наследие» атты еңбегiнде бұл тақырыпқа соқпай өте алмаған. Аталмыш кiтабында ол былай деп жаз-ды: «Бiз «Чингис» (Шыңғыс) атауының қанағаттанарлық түсiндiрмесiн еш жерден кездестiре алмаймыз. Батыс моңғолдары – ойрат-қалмақтардың тiлiнде бұл сөз «берiк», «күштi» деген мағына бередi. Бiрақ бұл анықтауышты тәни ұғымға ғана телiмей, рухани болмысқа: ақыл-парасат, мiнез-құлық, т. с. с. байланысты қолдануға болады. Кейбiр жазушылар осыны негiзге алып, «Чингис» (Шыңғыс) сөзiн шындығында да Темучин болмысын ашуға жақын келетiн «қайтпас», «қажырлы» ұғымымен теңестiре қарайды, бiрақ бәрiбiр бұл ұғым жiгердiң берiктiгiн байқатса да, адамның ақылы мен табиғи қалпын ашпайтындықтан бiржақты сипат алып кететiн сыңайлы. Егер сол кездегi моңғол ақсүйектерiнiң арасында «баһадүр» (табиғи күштi, батыл кiсiлерге қатысты), «сецен» (ақылды, данышпан кiсiлерге қатысты) секiлдi лауазымдардың болғандығын назарға алсақ, онда Темучинге таңылған Чингис (Шыңғыс) аты өзiнiң көп қырлы мән-мағынасына сай екенiн танытады, яғни Темучин табиғи күштiлiгiне қоса, бұдан бұрынғы тарауларда еске алынғандай, сирек кездесетiн терең ақыл-парасатқа, мұқалмас жiгер-күшке, әскери және ұйымдастырушылық талантқа, шешендiк өнерге ие болатын, бiр адамның бойындағы мұншама мол асыл қасиеттiң жиынтығын «чингис» (шыңғыс) деген бiр ғана сөзбен бейнелеуге болады».
Ал ғасырымыздың басындағы қазақ тарихшысы Құрбанғали Халид болса: «Шыңғыс ханның шын аты Темучин, соғыс ғылым тәсiлiне қарап-ақ «Жың аңқиз», яғни парсыша Жаһангир (әлемдi жаулаушы) лақабы қойылып, ол өзгерiп «Жыңғыз – Шыңғыс» болып кеткен. Бiреулер оның анасы жас қыз едi, бұл содан туып «шын қыз екен» деп, қыздың ұлы деп атаған дейдi»,– деп, тағы бiр нұсқаны ұсынады. Қ.Халид көрсеткендей Шыңғыс хан есiмi парсы тiлiнде «Жаһангир» аталуы әбден мүмкiн. Өйткенi ол Тибет шежiрелерiнде «хорский царь Джингэр» деген атпен еске алынады.
Бұндай болжамдардың қатарына «Шыңғыс» есiмi биiктiк пен тереңдiктi қатар ұғындыратын «шың-құз», шыққан тегiне (баргуджи токум – бүркiтшi тұқымы) қатысты «шың құсы» немесе дұшпандары тауын шаға алмаған ұлы қолбасшының жеңiмпаздығын әйгiлейтiн «жеңiс» сөздерiне байланысты қойылған деп келетiн халықтық этимологияны да қосыңыз.
Пiкiрлердiң қай-қайсысы да дәйексiз емес. Ұлы қолбасшының бойынан осы айтылған қасиеттердiң бәрi де табылады. Оны бiзге дейiн жеткен тарихи әдебиеттердiң барлығы да айғақтай түседi. Бiрақ бiз мүлдем басқаша болжам жасауға мәжбүр болып отырмыз. Оған себеп те жоқ емес.
Ғаламның жартысын жаулаған әйгiлi Шыңғыс ханның әу бастағы «Темiрчин» (Тэмүжин) есiмi қалай қойылғандығын еске түсiрiп көрелiк. «Моңғолдың құпия шежiресiнде» бұл оқиға былай баяндалушы едi ғой: «…Есүхэй батыр татардың Тэмүжин-үгэ, Хорибуха деген адамдарын ұстап әкелгенде екi қабат Өэлүн-үжиннен Ононның Дэлүүн болдог деген жерiнде Чингис хаган туады. Чингис хаган туғанда оң қолымен асықтай ұйыған қан уыстап туыпты. Татардың Тэмүжин-үгэсiн ұстап әкелген кезде туды деп атын Тэмүжин қойыпты». Яғни, дүниеге жаңа келген болашақ ұлы қағанның әуелгi есiмi таза моңғолша емес, татар тiлiнде қойылғандығы айқын болып отыр: Махмұд Қашқари өзiнiң даңқты сөздiгiнде: «Татар – түркi халықтарының бiрi»,– деп жазады. Бiз осы жерде М.Қашқаридың ХI ғасырда жазылған «Диуани лұғат-әт-түрк» атты еңбегiне сүйене отырып, Б.З.Базарова секiлдi ғалымдардың: «Татарлар саны жағынан ең көп моңғол тайпаларының бiрi едi, олар Шыңғыс хан әскерiнiң құрамында да мол болды. Ц.Дамдинсурэн көрсетiп отырғандай, сол себептi моңғолдарды Еуропада татарлар деп атады. Алтын Орда мемлекетiнiң құрылуына байланысты көптеген моңғолдар сонда қоныс аударды да бiрте-бiрте жергiлiктi тұрғындар – құмандарға және қыпшақтарға сiңiсiп кеттi. Моңғолдармен араласқан құмандар мен қыпшақтар да ақырында татар аталып кеттi»,– деген пiкiрлерiмен iшiнара келiсе алмайтынымызды айта кеткiмiз келедi. Яғни, ХI ғасырдағы «түркi халықтарының бiрi» араға аз ғана уақыт салып, ХIII ғасырда «мыңғырған моңғол тайпасының бiрi» болып шыға келгенi, Шыңғыс хан шапқыншылығынан соң олардың қайта түркiленгенi көңiлге қонбайды-ақ.
Әрине, бұл жалғыз Б.З.Базарованың ғана пiкiрi емес. Көптеген ғалымдар Еуропа саяхатшыларының еңбектерiне сүйене отырып, моңғолдар мен татарларды бiр халық деп қарастырады. Бұндай пiкiрлердiң бастауында Плано Карпинидiң: «Бiз Татарлар деп атайтын Моңғолдар һiкаясы басталады»,– секiлдi әлқиссасы жатыр деп ойлаймыз. Сондықтан да бiзге өзгелерден гөрi түркi топырағында дүниеге келiп, өзiнiң саналы ғұмырын олардың ортасында өткiзген әйгiлi ғұлама ғалым Махмұд Қашқари пiкiрi тиянақтырақ көрiнедi…
«Темiр» сөзi көне түркi тiлiнде де қазiргi мағынасында қолданылған. М.Қашқари сөздiгiнде бұл сөз «тәмур» тұлғасында кездессе, бүгiнгi моңғол тiлiнде ол «төмөр» деп таңбаланады. Ежелгi Ергене қонда темiр балқытып, қару соққан Қият пен Нүкүз ұрпақтары – түркiлер мен моңғолдар аз ғана айырмашылығы бар бiр-ақ тiлде сөйлеген деген болжамды батыл айтуға болатын тәрiздi.
Моңғолиялық белгiлi ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Базылхан Бұқатұлы «Моңғолдың құпия шежiресi¬нiң» қазақ тiлiндегi аудармасының бiрiншi басылымына жазған алғы сөзiнде бiздiң бұл пiкiрiмiздi қуаттай түсетiн мынадай ойларын алға тартады: ««Моңғолдың құпия шежiресi» тек бiр ғана ХIII–ХIV ғасыр кезiндегi моңғолдың тiлiн, тарихын, әдебиетiн түсiнуге, зерттеуге елеулi мұра болып қана қоймайды, сонымен бiрге, ол түркi тайпаларының да сол кездегi тiлiн, тарихын, әдебиетiн салыстыра түсiнуге, зерттеуге аса құнды мұра екенi даусыз. Олай дейтiнiмiз, қазiргi моңғол жерiнде белгiсiз дәуiрден бiздiң эраның VI–ХII ғасырына дейiн ұйғыр, қырғыз, керей, найман, қоңырат, татар сияқты түркi тайпалары мекендедi. Бұл тайпалар шығыста мекендейтiн моңғол тайпаларымен көршiлес қарым-қатынаста болды. Ол кездегi түркi, моңғол тайпаларының әлеуметтiк-экономикалық өмiрi ортақ желiлес болды. Тiлi де ортақ болды деп айта аламыз. Өйткенi Чингис хаган осы айтылған түркi тайпаларын еркiне кiргiзiп алғанда, олармен тiлмашсыз еркiн сөйлестi дей аламыз. Егер сол кездегi моңғол, түркi тайпаларының тiлi өзара түсiнiспейтiндей бөтен болса, Чингис хаган бұл тайпаларға тiлмаш арқылы сөйлескен болар едi. Сол тiлмаш туралы «Құпия шежiреде» жазылған болар едi. Мiнеки осының өзi сол кездегi түркi-моңғол тайпаларының тiлi ортақ екенiнiң куәсi, яғни, сол кездегi негiзгi сөздiк қор моңғол, қазақ, қырғыз, ұйғыр, т. б. түркi тiлдерiнде күнi бүгiнге дейiн ортақ сақталған». Бұл пiкiрге бiздiң алып-қосарымыз шамалы. Тек бiр кездерi Тәңiрiге табынған туысқан екi халық ислам және будда дiндерiн қабылдап, екiге жарыла бастаған соң олардың рухани өмiрiне өзгерiстер ендi де, тiлдiк айыр¬ма¬шылықтар ұлғая түстi деп ойлаймыз. Моңғол Халық респуб¬ликасы Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесi Ч.Жуг¬дэр «Монгольские комментарии к произведениям древнеин¬дийских философов» атты мақаласында: «ХVI ғасырдың ақы¬рынан бастап Моңғолияда буддизм кең етек жайды да моңғол қауымының рухани өмiрiне, әсiресе дiни көзқарасқа зор ықпал жасады. Будда дiни iлiмiнiң уағыздары осы кезеңдегi моң¬ғолдардың ойлау дәстүрiне айтарлықтай әсер еттi»,– деп жазды. Яғни, ортағасырларда түркi тiлдерiнiң бiрқатарына араб-иран сөздерiнiң ислам дiнiмен бiрге ере келгенi секiлдi осы кезеңде моңғол тiлi де будда дiнiнiң уағызшылары арқылы өзге тiлдермен шұбарлана бастап, ақыры ғасырлар бойы тiлмашсыз түсiнiсетiн туысқан халықтар бiр-бiрiн аудармасыз ұғына алмайтын жағдайға жеттi деп ой түйемiз…
Ал түркi тiлдерiнде «шың» (шын) сөзiнiң де «темiр» мағы¬насында қолданылғаны мәлiм. Бұл туралы А.Байтұрсынұлы атындағы тiл бiлiмi институтының ғылыми қызметкерi Орынбай Бекжанүбiрiнiң «Күмiс тостағандағы көне жазудың сыры» атты мақаласынан мынадай үзiндiнi келтiре кеткендi орынды деп бiлемiз: «Шың (шын) сөзi «темiр» мағынасында қолданылған. Мысалы, шаңғауыз – шаңқобыз сөзi темiр қобыз деген мағынаны бiлдiрген. Шыңғыс ханның туғанда қойылған Темiрчин (Темужин) аты кейiн қазақ арасында ғана Шыңғыс атымен жайылды. Осы жерде айта кететiн мәселе – Шынтемiр кiсi есiмiн құрайтын сөздердiң екеуiнiң де мағынасы темiр деген мәндi бiлдiредi (Т.Жанұзақов, К.Есбаева, «Қазақ есiмдерi», 429-бет. Алматы, 1988). Осыған орай Шыңғыс ханның Темiрчин аты қазақ ой-санасында атам заманнан бар ұғым екенi көрiнедi. Қытай жазуында р дыбысы жоқ болғандықтан, Темучин («Моңғолдың құпия шежiресi», Пекин, 1992) болып жазылып қалғаны аян. Бұл мысалдар шың сөзiнiң темiр мағынасында қолданылғанын айғақтайды».
М.Қашқари сөздiгiне үңiле түссек, «чын» тұлғалы көне түркi сөзiнiң «шыншыл», «әдiл», «тура» секiлдi мағыналарда қол¬данылғанына да көз жеткiземiз. Сол сияқты «шын» тұлғасындағы сөздiң «тақ», «хан тағы» деген мәнге ие болғандығы да көрсетiлген.
Ал «Шыңғыс» (Чингис) сөзiнiң екiншi сыңары «ғыс»-ты («гис»-тi) бiз түркi тiлдерiнiң көпшiлiгiне ортақ «кiсi» («адам» мағынасында) деп топшылаймыз. Бұл сөз М.Қашқари сөздiгiнде «кiшi» тұлғасында кездеседi: «Өд кечәр, кiшi тоймас, йалыңуқ оғлы мәңгу қалмас». Ғасырлар қойнауынан жеткен бұл сөз қазiргi түркi тiлдерiнiң бiрқатарында мынадай тұлғаларда кездеседi: қырғызша, татарша, ұйғырша – кiшi, өзбекше – киши, алтайша – кiжi//кiзi, туваша – кижи.
Бiз бұл жерде «кiсi» сөзiнiң алтай, тува тiлдерiндегi кiжi//кiзi//кижи тұлғаларына арқа сүйегiмiз келедi. Алдымен алтай тiлi жөнiнде түсiнiк бере кетелiк: «Таулы Алтай автономиялық облысында түркi тектес халықтардың бiрi алтай халқы болып саналады. Алтай халқын кейде ойрот деп атау да бар. Жалпы ойроттар моңғол тiлдес халық болып саналады. ХVII ғасырда ойроттар күшейiп Жоңғар мемлекетiн құрған кезде алтай халқы да сол хандықтың құрамына енген. Сондықтан да алтайлықтарды ойрот деп атаған. Олар өздерiн алтай кижи деп те атайды. Алтай халқының саны – 71317. Олар түркi тiлдерi шығыс ғұн тармағының қырғыз-қыпшақ тобына енедi. Тiлдерiнде моңғол тiлiнен енген сөздердiң саны мол»,– деп жазады бiздiң белгiлi тiлшi-ғалымдарымыз. «Түркiтануға кiрiспеде», сонымен қатар, алтай тiлiнде телеңгiт диалектiсi де бар екенi айтылады.
«Телеңгiт» тайпасы екi этникалық топтың есiмiнен хабар беретiнiн байқау қиын емес: «теле + өңгүт». Орыс экспедициясының құрамында Сiбiрдi зерттеуге қатысқан атақты ғалым Г.Ф.Миллер «Описание Томского уезда Тобольской провинции в Сибири в нынешнем его положении, в октября 1734 г.» деген еңбегiнде былай деп жазды: «…теленгуты гораздо белее и красивее на вид, чем собственно калмыки, только на мой взгляд эта как раз является доказательством того, что их не следует считать одним народом. К этому следует добавить, что они как в языке, так и во всем образе жизни и религии отличны от калмыков и сами калмыки не признают их своими родственниками». Ғалымның бұл пiкiрiн де мансұқтау жөнсiз тәрiздi көрiнедi.
Бұл екi рудың аты (теле, өңгүт) көпшiлiкке тарихи әдебиеттерден көптен қанық. «Өңгүт» атауы Рашид-ад-динде «онгут» деп таңбаланса, «Моңғолдың құпия шежiресiнде» бiрде «хонхот», бiрде «хонхотон» деп жазылған. Бұл рудың қоңырат тайпасының құрамында болғандығы жөнiнде бұрын «Шежiре шерткен сыр» атты тарауда кеңiрек тоқталғанбыз.
Шыңғыс ханның қасындағы өгей әкесi Мэнлиг («Қоңырат шежiресiндегi» – Мелдеби) пен оның ұлы Хөхөчү («Қоңырат шежiресiндегi» – Көтеншi) осы рудың әйгiлi ақсүйектерi болып табылады. Яғни, ыдырап жатқан елдiң басын қосып Моңғол қағанатын құрған Темучинге (Тэмүжинге) «Шыңғыс» деген ат беретiн Хөхөчү – Көтеншi осы өңгүт руының зүрияды едi. Демек, бiз оның көне түркi тiлiнде сөйлегенiне күмән келтiре алмаймыз. (Осы арада жазба деректерде Мэнлиг есiмiне қосарлана жүретiн ичиге//эчиге//ечиге сөздерi де өзге тiлдердiң әсерiнен өзгерiске түскен түркiнiң «кiчiг әке//кiшi әке» сөзi екенiн оқырман қауымның қаперiне сала кеткiм келедi. Шындығында да ол Эсүхей батыр қайтыс болған соң Темучиннiң шешесi Өэлүнге үйленген, яғни қағанның кiшi әкесi ғой).
Хөхөчү – Көк тәңiр бақсы Шыңғыс ханның қасындағы ең ықпалды тұлғалардың бiрi болатын. Тарихшы Е.И.Кычанов ол туралы былай деп жазады: «Бiр кездерi Есугай мен көкөрiм жас Темучинге қызмет қылған әкесi Мунликтiң дем беруiне және өзiнiң алты бауырының қолдауына арқа сүйеген Кокочу (Хөхөчү) Шыңғыстың қатардағы нөкерлерi мен нойондарына өз қалауынша қарады, онымен де қоймай, ханның отбасы мүшелерiне де күш көрсетiп, озбырлық жасай бастады». Ол қашанда хан қасынан табылатын.
Хөхөчүнiң бақсылығы, сиқыршылық өнерi көпшiлiкке белгiлi едi. Тәңiрiге табынатын Шыңғыс ханның өзi оған имандай сендi. Бақсының таңғажайып iс-әрекеттерi көрермен қауымды үйiрiп алатыны соншалық, жұрт Хөхөчүнiң Тәңiрiнiң өзiмен тiлдесiп отыратынына шүбә келтiрген емес. Тарихи әдебиеттердiң көпшiлiгi-ақ оның бұл қыры жөнiнде бiр ауыз сыр сабақтамай өткен емес. Рашид-ад-диннiң «Жамиғ-ат-тауарих» атты еңбегiнен бiз бұл жайында мынадай жолдарды оқи аламыз: «Тэб-Тэнгридiң сол уәлайаттағы ең суық [жерде], Онон-Кэрулэн дейтiн мекенде қақаған қыстың [нағыз] ортасында жалаңаш күйi мұз үстiнде отыратын әдетi бар едi. Оның [денесiнiң] жылуынан қатқан су ерiп, судан бу көтерiлетiн. Моңғолдың қаймана халқы және кейбiр белгiлi кiсiлерi [а вам ва ахад] айтады,– һәм [бұл] көпшiлiкке мәлiм,– ол ақ боз атпен көкке ұшып шығатын болған. Әлбетте, бұның [барлығы] – шындыққа үйлеспейдi һәм қара халықты алдау, бiрақ оның қандай да бiр көзбояушылық пен сиқыры болған; Шыңғыс ханмен ол дөрекi сөйлесетiн, бiрақ [оның] кейбiр [сөздерi] жанын жай тапқызатын және Шыңғыс ханды сүйеуге қызмет ететiн, ақыры ол көңiлден шығып жататын».
Хөхөчү шын мәнiнде жай ғана бақсы емес-тiн. Ақылы мен айласы, күшi мен қару-қайраты сай ол Шыңғыс ханның өзiн шыркөбелек үйiретiн.
«Моңғолдың құпия шежiресiнде» оның ағайынды алты бауырымен бiрге Шыңғыс ханның туған iнiсi Хасарды сабайтыны айтылады. Әрине, бұндай әрекетке кез келген кiсiнiң тәуекелi жете бермейтiндiгi өз-өзiнен түсiнiктi. Ағасына мұң шағып келген Хасардың тауы шағылып қалады. Өзге бiр оймен әуре болып отырған Шыңғыс хан iнiсiне: «Сен еш пендеге күш бермеушi едiң ғой! Неге әлiң келмедi?»– дейдi елеусiз ғана. Шыңғыс ханның алдынан жылап шығып кеткен Хасар үш күн бойы үйдiң бетiн көрмей кетедi.
Әлбетте, Хөхөчү Шыңғыс хан шаңырағындағы бұл жайдан хабардар болып отырған. Ағайынды екеуiнiң арасындағы әңгiмеден құлағдар болған ол ұрымтал тұста Хасардың түбiне жетудi көксейдi. Осындай iс-әрекеттерiмен ол Шыңғыс ханның билiгiн бiрте-бiрте әлсiрете түсудi ойлаған да тәрiздi.
Сәттi жағдайды пайдаланып ол Шыңғыс ханға келедi де, өзiнiң сәуегейлiгiне көшедi. «Жасаған ием елге бiр рет Тэмүжин билiк етсе, бiр рет Хасар билiк жүргiзедi деп аян берген едi. Хасардан сақсынбаса не боларын бiлмеймiн»,– дейдi ол Шыңғыс ханды сендiре сөз саптап.
Осы жерде Шыңғыс ханның Хөхөчү – Көк тәңiр бақсыға имандай иланатыны тағы да аңғарылады. Ол өзiнiң бiрге туған бауыры Хасарды қас көрiп, одан құтылғысы келедi де, түн жамылып жолға шығады. Осы оқиғаны хан ордасындағы әлдекiмдер Шыңғыс ханның шешесi Өэлүнге жеткiзедi. Өэлүн шешей таң алдында Шыңғыстың өз бауыры Хасарды өлтiруге бел байлап, тергеп отырғанының үстiнен түседi. Көкiрегiндегi ашулы зәрiн төге келiп Өэлүннiң: «…жауды жайратып болды деп, Хасарға көре алмастық жасағаның ба?»– деген сөздерiнен ұялған Шыңғыс хан райынан қайтады. Дегенмен, ол шешесiнен жасырып, Хасардың қол астындағы көптеген ауыл-үйлерiн тартып алып, оған небәрi бiр мың төрт жүз үй ғана қалдырады.
Күнделiк не мемуар секiлдi тарихи құжат жазып қалдырмаған Хөхөчүнiң жүрек түкпiрiндегi құпия сырды қайдан бiлейiк, әйтеуiр ол бiрде Шыңғыстың тағын шайқалтқысы келсе, бiрде онымен одақтастық ыңғайын да танытып отыратын сияқты. Оның ұлы қағанмен пiкiрлестiгiн Рашид-ад-диннiң шежiресiндегi мынадай жолдардан да аңғара аламыз: “Оң ханның талқандалуының [бiрден] бiр себебi мынау – Мунлик-эчигэнiң ұлы Тэб-Тэнгри керейттен тарайтын хиркун тайпасынан Қадан-баһадүр дегеннiң қызына құда түседi. Осы тұста Оң хан Шыңғыс ханға дұшпандық ойлап, ол Тэб-Тэнгриге: «Мен – бұл жақтан, сен – ол жақтан, бiр-бiрiмiзге хабарласа отырып iске кiрiсейiк!»– деп сәлем жолдап кiсi жiбередi. Тэб-Тэнгри [бұл туралы] Шыңғыс ханды құлағдар етедi де, ол [бұл ойдың] iске асырылмайтын шараларын жасайды».
Шыңғыс хан мен Хасардың арасындағы оқиғаның қатерлi көрiнiсi аяулы ана Өэлүннiң ажалын асықтыра түстi. Өэлүн өлгеннен соң оның еншiсiндегi ел Хөхөчүнi келiп пана тұтты. «Моңғолдың құпия шежiресiнде» бұл жағдай: «Онан кейiн тоғыз тiлдi ел Көк тәңiрге ойысады. Чингис хаганның ат бөлiмiнен де көптеген адамдар Көк тәңiрге барып бағынады. Отчигин ноен мен Тэмүгэннiң халқы да Көк тәңiрге бет алады»,– деп баяндалады.
Осы жерде бiз Өэлүн шешейдiң кенже ұлының лақап аты да түркi тiлiнде екенiн еске ала кеткендi жөн көремiз. Б.З.Базарова «Ц.Дамдинсурэн как исследователь «Тайной истории монголов»» деген мақаласында Рашид-ад-диннiң «Жылнамалар жинағына» сiлтеме жасай отырып, былай дейдi: ««Od-cigin» сөзi «кенже ұл» деген мағына бередi. Түркiше «od» – «от», «cigin» немесе «tigin//tegin» – «ие», ал сөз тұтастай алғанда «от иесi» яки «шаңырақ иесi» деген мәнде тәржiмеленедi». Шыңғыс ханның «Ұлы Жосығында» (Великая Яса) бiзге түсiнiктi: «Үлкен ұлдарыңды еншi берiп жеке шығар, қара шаңырақ кенже ұлыңда қалсын»,– дейтiн бап бар. Ежелгi түркi халықтарының мұрагерi болып табылатын қазiргi қазақтардың да кенже ұлын «шаңырақ иесi» деп атайтыны тағы белгiлi. Яғни, Өэлүн шешейдiң кенже ұлы тегiннен-тегiн «Отчигин» (шаңырақ иесi) аталып отырма¬ғандығына назар аударғанымыз артық болмас едi.
Хасар Шыңғыс ханның қаһарынан аман қалды. Сол сияқты Хөхөчү де жазаланған жоқ. Бұл жерде қандай құпия сыр жатқандығы да беймәлiм. Тарихшы Е.И.Кычанов: «Сiрә, Шыңғыс оның құдiреттi күшiнен қорықса керек, мүмкiн онымен тiптi құпия түрде болса да күресуге жағдай жiбермеген шығар. Ал Кокочу билiк үшiн Шыңғыспен күресiн үздiксiз жүргiзе бердi. Ол өзiнiң қасына Моңғолиядағы әртүрлi тайпалардың игi кiсiлерi мен Шыңғыс қоластындағы халықтан шыққан айтулы нойондар мен нөкерлердi шоғырландырды»,– деп ойлайды.
Десе дегендей, Хөхөчүнiң қол астына ауған елiн қайтарып алу үшiн Отчигин оған Сохор атты елшiсiн жiбергенде үлкен қарсылыққа тап болады. Хөхөчү – Көк тәңiр бақсы шаңырақ иесiнiң жiберген ресми адамын сабап-сабап, атын тартып алып, ер-тоқымын арқалатқан күйi жаяу қайтарады. Ұлы қағанның туған iнiсi үшiн бұл үлкен қорлық едi. Елшiсi таяқ жеп келген Отчигин әуселеңдi көрiп алайын дегендей Хөхөчүнiң алдына өзi барады. «Елшi етiп Сохорды жiберiп едiм, сабап, жаяу қоя берiпсiң. Ендi өзiм халқымды алғалы келдiм»,– дейдi ол. Хөхөчү Отчигиннен ығатын ыңғай таныта қоймайды. Ол ол ма, ағайынды алты бауырымен бiрге оған тап берiп, сабауға айналады. Үрейi ұшқан қағанның iнiсi өзiнiң «қателiгiн мойынына алып», кешiрiм сұрап құтылады. Хөхөчүнiң ағалары мен iнiлерi жазықты жалғызды тiптi Көк тәңiрдiң артынан бас иiп, тағзым етуге мәжбүр қылады. Бұл оқиға Хөхөчү – Көк тәңiр бақсының Шыңғыс ханмен ашық алысуға әзiр екенiн танытатын тәрiздi.
Хөхөчүнiң алдынан жәбiрленiп оралған Отчигин таң алакөбеңнен Шыңғыс хан ордасына келiп, әлi төсегiнен тұрып үлгермеген ағасына мұң шағып, етегiн жасқа толтыра еңiрейдi. «Тоғыз тiлдi халқым Көк тәңiрге бет бұрды. Көк тәңiрден халқымды қайтарып алу үшiн елшiлiкке Сохорды жiберiп едiм, сабап-сабап, ер-тоқымын көтертiп қуып жiберiптi. Сондықтан өзiм барып едiм, жетi хонхотон жан-жағымнан қағып-соғып, күшпен «терiстiгiмдi» мойындатып, Көк тәңiрдiң артынан бас идiрдi»,– дейдi ол көз жасын тыя алмай.
Шыңғыс хан осы арада ойланып отырып қалса керек. Қойынында жатқан Бөрте көрпенiң бiр шетiмен омырауын қалқалай, басын көтерiп, Шыңғыс хан намысын жанитын өткiр сөздерiн бет қаратпай үстемелей жөнеледi. «Бұл хонхотондар не деген сотқар жандар едi? Әнеукүнi ғой Хасарға қаптап тиiстi. Ендi мiне Отчигинге бас идiрдi. Бұл не сұмдық? Көгөрiм ормандай көп бауырларыңды бұл қай басынғаны… Бауырларыңа бұлайша басымшылық көрсеткенiн көре отырып, оны есiртiп қоясың ба сен?»– дейдi ол өршелене.
Бөртенiң бұл сөздерi Шыңғыс ханның шымбайына қатты батқан сықылды. Ол Отчигинге: «Көк тәңiр қазiр келедi. Есеңдi қайтiп аларыңды өзiң бiл»,– дейдi ойдан арыла алмай отырып.
Ұлы қағаннан ұлықсат алған соң Отчигин Хөхөчүнiң ажалын әзiрлеу қамына кiрiседi. Үш бiрдей мықты жiгiттi сайлап алған ол хан ордасына Хөхөчүнiң келуiн күтедi. Кешiкпей хан ордасына емiн-еркiн енiп жүретiн Шыңғыстың өгей әкесi Мэнлиг еш қаперсiз өзiнiң жетi ұлын ертiп, босағадан аттайды. Әдеттегiдей Хөхөчү сабаның оң жағына (құрметтi орынға) келiп жайғасады. Осыны күтiп отырған Отчигин: «Кеше сен менi бас идiрiп едiң ғой! Ендi күш сынасайық»,– деп, оның жағасынан ала түседi. Хөхөчү де хан ордасында отырмын деп именбей, Отчигиннiң жағасынан алып, тiресе кетедi. Осы кезде оның тымағы басынан ұшып оттың үстiне түседi. Баласының тымағын от үстiнен көтерiп алған Мэнлиг қария бас киiмдi бiр иiскеп, қойынына тығады.
Алдын ала ойластырылған келiсiм бойынша Шыңғыс хан оларға: «Далаға шығып, күш сынасыңдар»,– дейдi түк сезбегендей жайбарақат. Ежелгi дәстүр бойынша екi кiсiнiң жекпе-жегiне ешкiмнiң араласуға қақысы жоқ болатын. Әрi Хөхөчүнiң күшiне сендi ме, Мэнлиг атайдың қалған алты ұлы айқасқа араласпай, үй iшiнде қала бередi. Хөхөчүнi табалдырықтың ар жағында қатер күтiп тұрғанынан хан ордасында Шыңғыс ханнан басқа ешкiм де қаперсiз болатын.
Отчигиннiң Хөхөчү – Көк тәңiр бақсыны табалдырықтан сүйреп шығаруын күтiп тұрған үш балуан жабыла кетедi де, әп-сәтте оның омыртқасын опырып, белдесуге жарамай былқ-сылқ етiп қалған шала-жансар дененi өз арбасының жанына сүйреп апарып тастайды.
Хөхөчүнi өлтiруге қатысқандардың бiрi одан бұрын таяқ жейтiн Шыңғыс ханның iнiсi Хасар болса керек. Ол күнi кешегi кегiн ұмыта алмағаны да ақиқат едi. Рашид-ад-диннiң әйгiлi шежiресi Хөхөчүнi өлтiрген Жошы-Қасар деп көрсетедi: «Жошы-Қасардың батыл да аса күштi болғандығы сондай, ол кiсiнi бейне бiр жiңiшке таяқша тәрiздi қос қолдай ұстап, омыртқасын опырып, қабырғасын күйретiп тастайтын. Сөйтiп, бiрде ол Тэб-Тэнгри келiп, әрнеге бiр килiге бергенде оны бiр-екi тепкi¬ден қалдырмай, ордадан сүйреп шығарып, өлтiрiп тастайды».
Хөхөчүнiң бiр Хасарға не Отчигинге тәуелдi болатындай дәрменсiз тұлға емес екенiн аңғару қиын емес. Оның тiптi Шыңғыс ханның алдында да жүнi жығыла қоймайтынын жағасынан алған Отчигинге хан ордасында тұрып қарсылық жасайтынынан да байқаймыз. Дегенмен, тағдыр оны Шыңғыс ханға аяусыз жығып бердi.
Ордаға жеңiспен оралған Отчигин Хөхөчүнiң күресуге жарамай, қылжиып жатып қалғанын айтып келедi. Оның сөз ыңғайынан ұлының мерт болғанын сезген Мэнлиг ақсақал көз жасын көл етiп кемсеңдей жөнеледi. Осы сәтте Хөхөчүнiң алты ағайыны бiлектерiн сыбанып өре түрегеледi. Қауiп ойлаған Шыңғыс хан үйден ытырыла қашып шыққанда сақадай сай тұрған садақшылар мен сақшылар оны қатерден сақтап қалады.
Арбаның арт жағында омыртқасы опырылып өлiп жатқан Хөхөчүнiң мүрдесiнiң өзi Шыңғыс ханның зәре-құтын қашырады. Ол талай жыл айтқанынан шыға алмай кеңесiн тыңдап келген Көк тәңiр бақсының басына жеке үй тiккiзiп, қарғыс атқан бұл жерден тезiрек көшiп кетудiң қамына кiрiседi.
Шыңғыс хан Хөхөчү – Көк тәңiр бақсының мүрдесi жатқан үйдiң түңлiгiн жаптырып, есiгiн бекiттiрiп, арнайы бiр кiсiге күзеттiрiп кетедi. Тарихи әдебиеттердiң жазуы бойынша, екi күн өтiп, үшiншi күнi таң атып келе жатқан тұста әлгi үйдiң түңлiгi ашылады да, Көк тәңiр бақсының денесi көкке ұшып көзден ғайып болыпты. Ол сөйтiп өз замандастарын өлiмiмен де қайран қалдырып, тарихтың қалың қатпарына сiңiп кете барды.
Белгiлi шығыстанушы ғалым Б.Я.Владимирцов: «Кокочу бақсымен бiрге Моңғолияда Шыңғыспен иық теңестiрудi ойлаған және оған қарсы тұрып немесе бойұсынбайтын ақырғы адам дүниеден озды. Ендi Онон өзенiнiң жағасындағы көштен қалған жұпыны киiз үйдегi аш-жалаңаш күйден бiрiккен қағанаттың ханы дәрежесiне дейiнгi ауыр жолдардан өткен темiрдей қатал императордың қатал ерiк-жiгерi алдында елдiң бәрi де бас иетiн болды»,– деп жазыпты. Ғалымның терең толғанысынан туған бұл пiкiрiмен келiспеске бiздiң де әддiмiз жоқ.
Найманның ханы Таянды өлтiргеннен соң Шыңғыс хан Онон өзенiнiң бойында Құрылтай өткiзедi. Бұл оқиға Рашид-ад-диннiң «Жылнамалар жинағында» былай баяндалған: «Шыңғыс хан наймандарды талқандап, Таян ханды өлтiрген соң, барыс жылы Онон өзенiнiң ағысы бойында тоғыз құйрықты ақ бунчуг [ту] тiгiп, ұлы жиын, ақжарылқап той өткiзедi, [осы жерде] оған Шыңғыс хан аты берiледi. [Шыңғыс хан] осыдан кейiн Таян ханның бауыры Бұйрық ханды қолға түсiруге шындап кiрiседi; [Шыңғыс хан] оны аң аулап жүрген шағында күтпеген жерден қолға түсiрiп, өлтiредi. Күшлүк пен оның iнiсi екеуi де [Бұйрық ханмен] бiрге болатын; олар қашып, Ертiс өзенiне қарай кеттi. Күшлүк қасында Тоқтай-беки болып, оған ажал бұйырған ақырғы соғыста қашып, қара қытайдың гур-ханына кеттi».
Бұл кез ұлы қолбасшының кемелiне келiп толысқан, көп жыл көксеген арман-мұратын жүзеге асыруға айналған тұсы едi. Жеңiс тiзгiнiн қолына алған Тэмүжинге (Темiрчинге) Ұлы жиын – Құрылтайда көпшiлiк алдында «Шыңғыс хан» деп ат берген Хөхөчү – Көк тәңiр бақсы араға аз уақыт салып өзi де оның құрбандығы боларын сезбеген шығар. Ал сезген болса ше?!
Әңгiме осы жерде тұйыққа тiреле бередi. Қалай болғанда да ол Шыңғыс ханмен бұл уақытқа дейiн сырмiнез болып қалып едi. Оның теңдесi жоқ қолбасылық өнерiн де, мақсатына жетпей тынбайтын бiрбеткейлiгi мен өжеттiгiн де, көкiрегiндегi зиын мен ұлы парасатты да танып үлгергенiне күмән жоқ. Хөхөчү хан ордасындағы өзiнiң құрметтi орнын да ұқты.
Ол Ұлы Құрылтайды пайдаланып Шыңғыс ханның мәртебесiн асыруды да ойлаған тәрiздi. Бас-басына би болып ыдырап жатқан моңғол тайпаларының ұйытқысына айналған Ұлы қаған Тэмүжин бұрын-соңды өзiнiң мемлекеттiгi болмаған шашыранды ру-тайпаларды жұдырықтай жұмылдырып, Моңғол қағанатын дүниеге әкелдi. Бұл қағанат құрамына көптеген түркi тайпалары да енген-дi. Яғни, империяның ұлы билеушiсi ендi өзiне лайық өзгеше лауазым иесi атануға тиiс болатын. Әрине, бұл атауды хан ордасындағы ең ықпалды да беделдi тұлға Хөхөчү ойлап тапты. Ол «Шыңғыс» деген титул болатын.
«Шыңғыс» атауы көне түркi тiлiне тән «шын» (тақ, хан тағы) және «кiжi//кiзi//кижи» (кiсi) сөздерiнiң бiрiгуi арқылы (шын + кiжi//шын + кiзi//шын + кижи) жасалып, «тақ иесi» деген мағына бердi. Яғни, Орталық Азиядағы бұған дейiнгi кiшi хандықтар¬дың бәрi де талқандалған, ендi олардың бiр ғана билеушi императоры – ТАҚ ИЕСI бар. ТАҚ ИЕСI – ШЫҢҒЫС-тың қолына шексiз билiк, басына бақ келiп қонды.
Мұндай лауазымға Есүхэй баһадүрдiң ұлы Тэмүжиннен кейiн әлемде бiрде-бiр билеушi ие болған емес. Ие болуы мүмкiн де емес-тiн.
Қоңырат Хөхөчү (Көтеншi) «Тәңiрiнiң қалауы бойынша» берген бұл лауазым барша моңғол жұртына бiрдей ұғынықты бола қоймағаны да анық. Халық бұл лауазымды бiрте-бiрте Тэмүжиннiң лақап аты ретiнде қабылдап кеттi. Шыңғыс ханның темiрдей қатал тәртiбiн сезiнген бiреулер бұл атауды «шың» (темiр) сөзiмен байланысты қарастырып, «қатал хан» деп ұғынса, ендi бiреулер «чын» (әдiл) сөзiнен төркiндетiп түсiнгенiн де бажайлауға болатын тәрiздi. Тэмүжиннiң моңғол шежiрелерiнде «Далай қаған» аталуы да бекер еместiгiне ой көзiн жүгiртiп алсақ, бiз бұл пiкiрiмiздiң дұрыстығына үмiт арта түсемiз. Ал моң¬ғолдардың өзiне де түсiнiксiз болып келген бұл сөздiң сырын парсы, араб тарихшылары да, Еуропа бiлiмпаздары да ашып бере алмады.
Оқырмандар тарапынан «шын» сөзiнiң орнына өзiмiзге етене таныс «тақ»-ты қолдануға болмас па едi дейтiн орынды сауалдың қойыларын да селкеусiз сезiндiк. Сондықтан да осы тұрғыда бiр ауыз айта кетпесек, көпшiлiктiң көңiлiндегi күмәндi толық сейiлте алмасымызды ұғынамыз. Араб-иран тiлдерi арқылы енген «патша», «шаһ», «уәзiр», т. с. с. сөздер түркi-моңғол тiлдерiнде ежелден қолданылып келе жатқан «қаған», «хан», «қабан» (хаван), т. с. с. атауларды бiрте-бiрте ығыстыра бастағаны тәрiздi байырғы «шын» атауы да парсының «тақ» тұлғасындағы терминiне кейiн орын босатқан-ды. Яғни, «тақ» тұлғасындағы сөз парсы тiлiндегi «тәхт» сөзiнiң түркiленген нұсқасы екенiн ғалымдар толық дәлелдеген.
Пiкiрiмiздi байыта түсу үшiн академик Ц.Дамдинсурэннiң «Моңғолдың құпия шежiресiндегi» өлеңдердi бiрнеше топқа бөлiп қарастыратынын да еске ала кетейiк. Б.З.Базарова жоғарыда аталған мақаласында былай деп жазады: «Ц.Дамдинсурэннiң есебi бойынша, «Моңғолдың құпия шежiресiндегi» өлең жолдарының саны 1500-ге жетедi. Өлеңдер мазмұны жағынан әр алуан, алайда олардың көркемдiк дәрежесi дәйiм жоғары болып келедi. Бұлар қоңырат жырлары (§64), әзiл өлеңдер (§111, 265), адал әйелдерге мадақ (§74), елшiлер сөзiнiң үлгiлерi (ауызекi сәлемдеменiң өлең түрiндегi берiлуi) (§126; 180; 200 және 201), анттасу (§123, 124, 164)». Белгiлi ғалымның «Қоңырат жырлары» деп ерекше бөлiп атап отырған өлеңi мынау:

«Басқаның жерiн жауламай,
Қоздырмай, сiрә, дау-дамай,
Дидар сұлу қыздарды
Қазақ күйме мiнгiзiп,
Жетелетiп бiз нарды,
Ежелден хан жаралған,
Қасиеттi қара орман
Құтты қосақ етемiз.
Қара торы қыздарды
Қалы пәуеске мiнгiзiп,
Жетелетiп бiз барды,
Жер – өмiрге жүргiзiп,
Мәртебелi ұланның,
Мәңгi-бақи қыранның
Алғыншығы етермiз».

Жырда «қазақ күйме» тiркесi тегiннен-тегiн тiлге тиек болып отырған жоқ. Моңғолиялық қазақ ғалымы Ислам Қабышұлы: «…қазақ атын оның ежелгi көршiсi моңғолдар мен қырғыздар ғана «қасақ», «хасаг» деп дұрыс жазып келген. Моңғолдар қазақтар атын Х ғасырдан бастап дұрыс атап келгенiн қазақтар күнi бүгiнге дейiн бiлмесе керек»,– деп жазған-ды. Қоңыраттардың өздерiн сонау ХIII ғасырда да «қазақ» деп атағандығы осы мысалдардан айқын аңғарылады. Ал Қоңырат тайпасының үлкен бiр бұтағы бiз әңгiме етiп отырған Тэмүжиндi «Шыңғыс хан» атандыратын Мэнлиг – Мелдебидiң ұлы Хөхөчү – Көтеншi атымен байланысты екенi белгiлi.
Осы жерде тағы да бiр пiкiрдiң ұштығын суыртпақтай шығара кеткендi орынды көрiп отырмын. Әйгiлi парсы тарихшысы Рашид-ад-дин өзiнiң «Жылнамалар жинағында» моңғолдар түркi тайпаларынан құралған халық екенiн айта келiп, олардың өзара кескiн-кейпiндегi, тiлiндегi ұқсастықтарды сөз етсе, орыс тарихының атасы Н.М.Карамзин оның осы пiкiрiмен үндесiп жатқан: «Қазiргi қытай Татариясында, Үркiт гүбернесiнiң оңтүстiгiндегi далалы аймақта гректерге де, римдiктерге де белгiсiз шығыс түркiлерiмен тайпалас могол ордалары көшiп жүрдi»,– деген ойларын алдымызға кесе-көлденең тартады. Осы тұста ғалымдарымыздың қолына iлiкпей жатқан қыруар қазынаның кiлтi жатқандығын аңғарамыз.
Бiздiң есiмiзге ұлы бабамыз Әбу Нәсiр әл-Фарабидi бiрiмiз қазақтың қыпшақ тайпасынан, бiрiмiз қаңлыдан, тағы бiрiмiз шанышқылы руынан, т. с. с. шыққан деп алаөкпе болып жүргенiмiзде, өзбек ағайындардың Ташкенттiң дәл ортасына оның алып мүсiнiн ың-жыңсыз орнатып, бүкiл түркi халықтарына ортақ тұлғаға лайықты құрмет жасағаны да түсiп отыр. Қазақ халқы да осындай кесек мiнез көрсете алатынына сенгiмiз келедi. Осы орайдан келгенде де түркi-моңғол халықтарына ортақ тұлға – Шыңғыс хансыз бiздiң тарихымыз ешқашан түгелденбек емес.

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ.