Шыңғысхан кім? Қабдеш Жұмаділов моңғол жазушысының ашуын туғызды

Бүгін Азия қаламгерлері форумының форсайт күні. Әр елден келген жазушылар өз шеберханасымен бөлісіп жатыр. Мінбеге қазақ жазушысы Қабдеш Жұмаділов шықты, деп жазды Жас Алаш газеті.

“Өздерін адамзаттың жазушымыз дейтін жазушы бізде де бар. Бұл маған түсініксіз. Өйткені ұлттан асып жазушы ешқайда бармайды. Біз соның жоғын жоқтаймыз. Ұлт болған соң өз мұқтажы, мұңы, идеясы бар. Бодан ұлттың әдебиеті бар, метропияық елдің әдебиеті бар. Бұл екі әдебиет бір-біріне ұқсамайды. Өйткені әркім өз идеясын айтады. Біздің идеямыз құлдық санадан арылу. Ол сүйегімізге сіңген. Содан арыла алмай келеміз. Менің ұлттан тыс әдебиет болмайы деуім сол. Бір тұтас адамзаттың әдебиеті дегенді мойындамаймын. 100 ұлт болса, 100 түрлі әдебиет болады. Сонысымен әдебиет қызық. Біз бүгін неге жиналып отырмыз? Әртүрлі әдебиет болғандықтын. Жазушылар біреуге ұнау үшін жазбау керек дегенді түрік айтты. Дұрыс. Жазушы қыз емес, бәріне ұнайтын. Мейлі ешкімге ұнамасын. Сонда ғана жазушы. Жазушы сонысымен қызық”, – деп бір тоқтады жазушы Жұмаділдаев.

Содан кейін қаламгер тарихқа бет алды. Шыңғыс хан жайлы пікірі моңғолиядан келген жазушыға ұнай қойған жоқ.

“Егер сен бір ұлттың мұңын жазсаң, адамзатқа қызмет еткен боласың. Бұл енді көпшілікке аян нәрсе. Мен сіздерге басқа нәрсе айтайын. Мен осы форумға қатысып отырғандардың ең үлкенімін. Мен тарихи романдарды біраз жазған адаммын. Әдебиет пен тарихты бөлмеймін. Бізде жалған концепция бар. Оған тарихшылар, саясаттанушылар кінәлі. Оған империялық саясаттың қатысы бар. Біз соған қарсы күреспедік. Ол өтірік не? Шыңғыс хан түрік пе, моңғол ма? Осы мәселе әлі күнге айтылып келеді. Моңғолдарға рақмет. Өйткені Шыңғысхан жауыз дегенде біз одан безіп шықтық. Олар ұзақ жылдар оны иеленді. Біз сол моғолдарға рақмет айта тұрып, Шыңғыс ханды қайтарып алу керекпіз. Рашид ад-динді, “Құпия шежірені” қайта аударып жатырмыз. Бұрын қасақана қате аударып отырған. Шыңғыс хан түрік деген сөзді сыпырып алып тастаған. Т. Әбенайұлы “Жамиғат ат-тауарихты” қайта аударды. Бұрынғы аудармадан айырма үлкен. Бұрын Ресей, Қытай түріктерден қорықты. Қорғанды не үшін салғанын білеміз. Орыстар Алтын Орданың боданы болды. Сөйтіп екеуі де Шыңғыс ханды түрікке жолатқысы келмеді. Шыңғыс хан туралы Мұхтар Мағауин 4 томдық роман жазды. Бұдан сегіз ғасыр бұрын моңғолдар қанша болды, түріктер қанша болды? Қазір моңғолдар 3 миллион ғана. Ол тарихтың шаруасы. Ал Бату хан Еуропаға 250 мың әскермен аттанған. Ол ғасырда ондай әскерді кім аттандыра алады? Олар – түріктер. Ондай әскерді түріктер ғана аттандыра алды. Шыңғыс ханның бүкіл нояндары кімдер? Мұқалы – жалайыр, Сүбетей – арғын, Жебе – түрік. Төрт баласының әйелдері түгел түріктер. Сонда бұл қарапайым нәрселер. Одан келер-кетер ештеңе жоқ. Бірақ қазір мұны неге айтып отырмын? Бір өтірік мың өтірікті туғызады. Өтірікті арқалап жүріп, қалай шыдаймыз. Қаламымызды шыңдайтын күш – шындық. Бұл бәрімізге ортақ нәрсе. Бәріңіз шындықты айту үшін қалам ұстап жүрсіздер. Бүкіл Азияны жайлаған, Еуропаны билеген Шыңысханды моңғол демейік. Кейінгі ұрпаққа тарихты таза күйінде өткізейік. Бұрынғы империялық саясаттың кемшілігін түзейік. Осы шындықты қалыптастыруға көмектесейік. Біздің қазақтың сөзін біреу тыңдаса, біреу тыңдамайды. Қазір түріктерден қауіптенетін ештеңе жоқ. Қазір біз өз бабамызды қайтарып алуымыз керек. Оның ұрпақтары, төрелер бәрі Қазақстанда. Осы күнге дейін Шыңғысханды иемденіп келген моңғолдарға рақмет”, – деді Қазақстан халық жазушысы.

Осы сөзді естіп отырған моңғол жазушысы Гун Аюрзана залдан ортаңғы саусағын шошайтып шығып кетті.

Артынан бірінші бөлім біткенде ақын Есенғали Раушанов сахнаға шығып:

“Жаңа келген қонақтардың арасында бір сөз боп жатыр. Гун Аюрзана мырза Қабдеш Жұмаділовтің сөзіне ренжіп жатыр екен. Қабекеңнің сөзі – өзінің пікірі. Бұл қазақ халқының моңғолдарға деген көзқарасын білдірмейді. Ол жақта біздің қандастарымыз жақсы тұрып жатыр. Бұл достығымыз ары жалғаса береді”, – деп қонақтардан кешірім сұрады.

Бағашар Тұрсынбайұлы