Шыңжаңның шырғалаңға түсіуі

…1864 жылдың 7 қазанындағы Ресей мен Цин империясы арасындағы Шәуешек келісімі бүтін отырған қазақ жұртын тұнғыш рет бөліске салды. Міне, осы кезден бастап «Ресей қазақтары» және «Қытай қазақтары» деген атау пайда болды…

Бүгінде Шыңжаң аталып кеткен Қытайдың солтүстік-батыс аумағының Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтары ежелгі қалмақ қонысы болғанымен, кейіннен қалмақ елі Қытайдан жеңіліп, аяусыз қырғынға ұшыраған соң бұл аймақтарға біртіндеп қазақтар қоныс тепті.
1757-1758 жылдары аталған аймақтармен қоса қазіргі Жаркент, Қашғар қалаларын Цин империясы басып алды. Сондай-ақ,1760 жылы бұл орасан зор аймаққа «Синь-Цзян» (Жаңа өлке) деген атау беріп, өз территориясы ретінде иелене бастады.
Дегенмен, қытайлар қалалық ел болғандықтан бұл өңірге бірден келе қоймады. Ормандай қалын қалмақтың атақонысы болып келген Жоңғар Алатауының ұлан-байтақ арғы-бергі аумағы, Жетісу өңірі, Іле өзенінің атырабы, қырғыз елінің біраз бөлігі, Тарбағатай мен Зайсан маңайы біраз жыл иен қалды.
Осы шұрайлы аймақтардың бос қалғанын аңғарған қазақ жағы Абылай ханның көреген саясатының арқасында, яғни Цин династиясымен келіссөз жүргізіп, жылына 1 мыңдай арғымақ беру арқылы жаз жайлауына пайдалануға келісті. Келе-келе осы құнарлы өңірлер қазақтың атамекеніне айналды.
Ал тәуелсіздік жолында үздіксіз ұлт-азаттық күрес жүргізген ұйғыр халқы XVIII-XX ғасырларда Қытайға қарсы 400-ден аса көтеріліс жасады. Әсіресе, XIX ғасырдың өне бойында ұйғыр қожалары басқарған көтерілістер көлемі мен саяси мақсаты жөнінен жойқын болды. Бірақ 1851 жылғы Ресей мен Қытай арасындағы Құлжа келісімінен кейін өзара қарым-қатынасын жақсартқан екі империя онсыз да басы қосылмай жатқан ұйғыр хандықтары мен сұлтандықтарын екі жақтан талай бастады. Ал 1864 жылдың 7 қазанындағы Ресей мен Цин империясы арасындағы Шәуешек келісімі бүтін отырған қазақ жұртын тұнғыш рет бөліске салды. Міне, осы кезден бастап «Ресей қазақтары» және «Қытай қазақтары» деген атау пайда болды. 1871 жылы Ресей империясының әскерлері Іле сұлтандығын басып алғанымен, 1879 жылғы Ливади келісімі бойынша ол аймақты Қытайға қайтарып берді. 1884 жылы Цин империясы Ұйғырияға қайтадан «Синьцзян» деген атау берді.
Ресей патшасының 1916 жылғы атышулы жарлығы нәтижесінде Қазақстан мен Орта Азияда болған ұлт-азаттық көтерілістерден кейін орыстың жазалаушы әскерлерінен қашқан қазақтар мен басқа да түркі халықтары Шыңжаңға өтіп, ол жердегі эмигранттардың үлкен шоғырын құрады. Міне, осы кезеңнен бастап РК(б)П ОК Саяси бюросы Шыңжан мәселесін ерекше назарда ұстады. Шыңжаңдағы Қытай билігі де кеңестік Ресеймен жақсы қарым-қатынас жасауға мүдделі болды. Себебі Шыңжан экономикасында басты рөл атқаратын сыртқы сауда-саттықта Ресей басымдыққа ие болатын.
1920 жылы Шыңжаң өкіметі Пекиннің келісімі бойынша Құлжаға кеңестік сауда-дипломатиялық миссиясын келіссөздерге шақырды. Соның нәтижесінде 1920 жылы 27 мамырда Құлжа қаласында Шыңжаң мен кеңестік Ресей арасындағы сауданы реттеп отыратын кеңестік агенттікті ашу жөніндегі Іле келісімі жасалды. Келісім бойынша екіжақты сауда Қорғас арқылы өтетін жалғыз жолмен жасалатын болды. Міне, осы кезден бастап ШҰАР билігі кеңестік Ресейдің айтқанын істеп, Шыңжаңға шоғырланған ақгвардияшылардың негізгі ошағын жоюға көмектесті. Олардың А.Дутов, Б.Аненков, Н.Денисов сияқты басшыларының көзі жойылды. Екі ел арасында аса үлкен маңызға ие болған керуен саудасы орнады. Кеңес мемлекетінен Шыңжаңға қант, сіріңке, мұнай өнімдері, мата, жіп, темір мен шойын бұйымдар, ыдыс-аяқ және т.б. шығарылса, ол жақтан былғары, тері, жүн, жібек, мақта, шай, темекі, жылқы, сиыр, кепкен жеміс-жидек тасымалданды. 1926 жылы екіжақты сауда 1913 жылғы деңгейге жетсе, 1929 жылы ол деңгейден 63,2 пайызға асып кетті.
Кеңес одағы басшылығының XX ғасырдың 30-шы жылдарында Шыңжаңға қатысты қабылдаған шешімдеріне қарап, Шыңжаңның толық ҚСРО дотациясына көшкенін көруге болады. Әсіресе, 1933 жылы ақгвардияшылардың көмегімен Шыңжаң билігіне келген Шен Шицайдың кезінде Кеңес – ШҰАР қарым-қатынасы ерекше қарқынды дамыды, 1933 жылдың тамызында өткен БК(б)П ОК Саяси бюросының мәжілісінде Шыңжаң экономикасын дамыту жөнінде қаулы қабылданды. Саяси бюро Шыңжаңға 4 пайыз жылдық өсіммен 5 миллион рубль қарыз беріп, оны алтын, қалайы, тері, жүн және т.б. тауарлар арқылы қайтаруды міндеттеді.
Шыңжаң билігінің жетекшісі Шен Шицайдың Сталинге жазған хаттарында оның шексіз жағымпаздығын байқайсыз. Оның хаттары «Менің ең сенімді жолбасшыларым – Сталин, Молотов, Ворошилов…» деп басталып, «Марксизм-ленинизмге және Сталинге берілген және Сіздің нұсқауларыңызды жүзеге асырушы Шен Шицай» деп аяқталады. Екінші жағынан Саяси бюро Шыңжаңдағы антикеңестік элементтерді жою кезінде осы Шен Шицайдың көмегіне жүгінді. Жергілікті мұсылман халықтарының ұлт-азаттық қозғалысын басуда асқан қатігездігімен көзге түскен Шен Шицай КСРО басшылығының қолтығына кіре отырып, өзінің Шыңжаңдағы саяси билігін нығайтты. ҚСРО отызыншы жылдардың соңында Шыңжаң экономикасын толық монополиялап, жергілікті валютаның курсына әсер ете бастады. 1933 жылдың жазында Сәбит Дамолла және Мұхаммед Эмин Бұғра басшылығымен құрылған Шығыс Түркістан Ислам Республикасының өзі ақгвардиялық әскерлердің киімін киген ОГПУ-дың 13-ші Алматы полкы мен 10-шы Ташкент полкы әскери қызметкерлерінің күшімен талқандалды. Осындай жағдайда жергілікті қытайлық билік өкілдерінің өзі Шыңжаңның ҚСРО-ға қосылуы туралы мәселені бірнеше рет көтереді. 30-шы жылдардың өне бойында Сталиннің қолтығына кіріп, кеңестік саясаттың қолжаулығына айналған Шыңжаң дубаны Шен Шицай 1942-43 жылдары ашық антикеңестік бағыт ұстап, Чан Кайши билігін қолдай бастайды. Шен Шицайдың осындай саясатынан кейін Кеңес Одағы бұған арнайы шешім қабылдауға мәжбүр болады Л.Берия, С.Круглов, В.Абакумовтың Сталинге жолдаған баянхатында осы шешімді орындау үшін Шыңжаң өлкесіне арнайы адамдар жіберіліп, қытайларға қарсы көтеріліс ұйымдастыру жұмысының қарқынды жүріпжатқаны айтылады. Міне, осы ұйымдастыру жұмысының нәтижесінде – Алтай, Тарбағатай және Іле аймақтарының қазақтары көтеріліс жасап (Оспан батыр көтерілісі), Шыңжаңдағы қытай жасақтарын талқандайды. Сөйтіп, 1944 жылдың 7 қарашасында Құлжа қаласында Шығыс Түркістан республикасы құрылады.
Дегенмен, осы арада біздің таратып айтарымыз, Шыңжаңда өз уақытында ұйғырлардың күшімен 1933 жылы Шығыс Түркістан Ислам республикасы құрылса,сталиндік биліктің қолдауымен және ұйымдастыруымен Оспан батыр жасаған көтерілістің арқасында Шығыс Түркістан республикасы құрылған болатын. Жалпы қытайлық Чан Кайши үкіметіне қарсы орыстар кезінде Моңғол республикасын ұйымдастырса, кейіннен осы Шығыс Түркістан республикасын дүниеге келтіреді. Бірақ, Қытайдың коммунистік партиясының жетекшісі Мао Цзедун бастаған армия Чан Кайши үкіметін талқандап, бүкіл қытайлық билікті өз қолына алады. Осы орайда 1945 жылы Мао Цзедун мен Сталин келісім-шартқа отырып, достық қарым-қатынас орнатады. Бұдан әрі орыстарға Шығыс Түркістан республикасы керексіз болып қалады. Кезінде өздері ұйымдастырған Моңғол және Шығыс Түркістан республикасының біреуін қытайларға жығып беру керек болды. Ақыры кейіннен ұйымдастырылған Шығыс Түркістан республикасын талқандау үшін қытайларға ерік береді. Ал, Моңғол республикасын Чойбалсанның (Моңғол партиясының жетекшісі) орыстарға қайта-қайта келіп, өтініш жасауының арқасында сақталып қалды. Мао Цзедун бұл республиканыда өз елінің құрамына кіргізуге Сталинге талай рет өтініш жасаған болатын. Сөйтіп, кеңестік Сталин басқарған Саяси бюро Шыңжаң мұсылмандарының тағдырымен ойнап, өздері құрған мемлекетті өз қолдарымен тұншықтырды. Міне, Кеңестер одағы Саяси бюросының Шыңжаңға қатысты осындай шешімдері өрескел қателік болды.
1953 жылы Сталиннің орнына келген Хрущев тобы 1956 жылы өткен партияның XX съезінде «жеке басқа табынушылықты» айыптады. Міне, осы кезден бастап КСРО мен ҚХР билігі арасына жік түсіп, салқындық пайда болды. Осының барлығы Шыңжаңдағы мұсылман тұрғындарының жағдайына орасан зор кері әсерін тигізді. Қалай деп айтсақта, осы өлкедегі түркі-мұсылман елдерінің 1944 жылы қол жеткізген саяси тәуелсіздігі өз бесігінде тұншықтырылды. Моңғол елі Сталиннің көңіл жықпастығының арқасында Қытайға қосылудан әзер аманқалса, ал енді Шығыс Түркістан республикасы және оның түркілері кеңес билігінің қытайларға рұқсат беруімен азаттығынан мәнгілік айырылып, шүршіт елінің құрамына қосылды.
Бейсенғазы Ұлықбек, Журналистер одағының мүшесі
Дерек көз:  Шығыс DIDARY