Соғыстың біз білмейтін бір қыры…

Екінші дүниежүзілік немесе бұрынғы КСРО халқының тілімен айтсақ, Ұлы Отан соғысының басталғанына биыл 75 толды. Рас, қазір Екінші дүниежүзілік соғыс 1941 жылы 22 мауысымда емес, 1939 жылы 1 қыркүйекте Германия Польшаға басып кірген кезден басталды деген дәлелді пікірлер бар.

Әрине бұл өз алдына жеке әңгіме. Сондай-ақ қазіргі тарихшылар, өткен соғыстың қыр-сырын зерттеп жүргендер 50 миллионға тарта адам баласын жалмаған үлкен соғыстың ащы ақиқатын енді айта бастады. Кеңестік дәуірде идеология үшін Ұлы Отан соғысының көптеген қырлары жабық болды, құпия сақталды. Халықтың отаншылдық сезімін ояту үшін жалған батырлар жайлы кеңінен айтылды. Сөйтіп елді рухтандырды. Бір жағынан қарағанда бұл да дұрыс. Өйткені жұрттың отансүйгіштік рухын ояту үшін ол да қажет. Мәселен, Мәскеуді қорғаған 28 панфиловшылар жөніндегі аңызға бергісіз әңгімелерді еске алалық. Ал қазір сол соғысты зерттеп жүргендердің пікірі керісінше. Мысалы: (Азаттық радиосы. 23.02.2010 . Жасұлан Көжеков) «1942 жылдың 22 қаңтарында «Красная звезда» газетінде әдебиет бөлімінің меңгерушісі Александр Кривицкийдің «28 батыр туралы» очеркі жарық көрді. Онда 1941 жылдың күзінде Алматыда жасақталған 316 атқыштар дивизиясының 28 панфиловшы-батырларының ерліктері жайында егжей-тегжейлі баяндалды.
Александар Кривицкийдің сол кездері жазған атақты жолдары Совет Одағындағы соғыстан кейінгі миллиондаған комсомолдардың есінде қалғандығы анық:
«Елуден астам жау танкісі Панфилов атындағы дивизияның жиырма тоғыз советтік гвардияшылары қорғаған шепке жылжып келеді. Жиырма тоғыздың ішінен біреуі ғана жігерсіздік танытты… олардың біреуі ғана қолын жоғары көтерді… бірнеше гвардияшы бір мезгілде, келіспестен, бұйрықсыз, қорқақ, сатқынды атып салды…
Соғыс төрт сағаттан астамға созылды. Бұл кезде жаудың 14 танкі майдан даласында қимылсыз қалған еді. Сержант Добробабин мерт болды, қызыл әскер Шемякин де қаза тапты… Конкин, Шадрин, Тимофеев және Трофимовтар да жан тапсырды… Көзі қызарып кеткен Клочков жолдастарына қарады. «Достар, отыз танкі екен, – деді ол жауынгерлерге, – бізге осы жерде өлуге тура келетін шығар. Ресей кең байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ – артымызда Москва…» Алайда, майданда да, тылда да жапатармағай оқылған атақты очеркте келтірілген фактілер соғыс кезінің өзінде-ақ панфиловшылардың өздерінің де, «тиісті» органдардың да тарапынан көптеген сауал туғызды.
Мәселен, осы деректерде 1075 атқыштар полкінің бұрынғы командирі Илья Капровтың мынадай куәліктері келтірілген: «1941 жылдың 16 қарашасында Дубосеково разъезі маңында 28 панфиловшының ешқандай неміс танктерімен соғысы болған жоқ – бұның барлығы ойдан шығарылған. Бұл күні Дубосеково разъезі маңында 2-батальонның құрамында 4-рота соғысты. Олар шынында да батырлықпен шайқасты. Ротадан 100-ден аса адам мерт болды, газетте жазғандағыдай 28 адам емес. Бұл кезеңде менімен ешқандай тілші сөйлескен жоқ. Ешкімге ешқандай 28 панфиловшы туралы айтқан емеспін, мұндай соғыс болмағандықтан ол жайында айтуым да мүмкін емес».
Тек 1997 жылы ғана «Новый Мир» журналында тарихшылар Никита Петров пен Ольга Эдельман анықтама-баяндаманың толық мәтінін және оның басты қорытындысын жариялады. «Тексеру материалдары бойынша белгілі болғанындай, баспасөзде жазылған 28 гвардияшы-панфиловшының ерлігі әскери тілші Коротеевтің, «Красная звезда» газетінің редакторы Ортенбергтің және әсіресе, газеттің әдеби хатшысы Кривицкийдің ойдан шығарған, қияли дүниесі болып табылады. Бұл қияли дүние кейінірек жазушылар Тихоновтың, Ставскийдің, Бектің, Кузнецовтың, Липконың, Светловтың және өзгелердің шығармаларында қайталанып, Совет Одағы халқының арасында кеңінен таралды». Бұл оқиғалардың шындыққа сай келмейтіндігі туралы күдікті осынау аңызды шығарған аутор – Александр Кривицкийдің өзі сейілтті. Кейінірек ол «28 батырдың сезімі мен әрекетіне келсек, бұлардың барлығы менің әдеби қиялым. Мен жараланған немесе тірі қалған гвардияшылардың ешқайсысымен сөйлескен емеспін. Жергілікті тұрғын халықтан мен тек Клочковтың жерленген бейітін көрсеткен 14-15 жасар баламен ғана сөйлестім», – дейді.
Александр Кривицкий мерт болған саяси жетекші Василий Клочковтың аузына салған атақты «Ресей кең байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ – артымызда Москва» деген сөйлемнің авторы да өзі екендігін мойындады. 28 панфиловшыларға қатысты тарихтың басты сыншысы Эмиль Кардин 2000 жылы «Вопросы литературы» журналында: «сол кездегі жағдай тұрғысынан редакторды түсінуге болады. Майдан жағдайының қаншалықты күрделі болғандығын, сарбаздардан қандай құрбандық қажет болғандығын еске алыңызшы. «Жағымды үлгі» жұрттың барлығына бірдей әсер етпей-ақ қойсын. Бірақ, кімге әсер етсе, олардың бұған күмәнданбайтындығы шүбәсіз. Майдан алаңы мен өзінің басынан алынған фактілердің қатынасына қарап жатпай-ақ, баспасөзге имандай ұйыған бас редактор шамамен осылай ойлады», деп жазды. Міне қарап тұрсақ, осыдан-ақ сол соғыс кезіндегі идеология қалай жүргендігін көруге болады. Тіпті Севастополь түбіндегі маторстардың қалай соғысқандығы, Александр Матросовтың ерлігі де жалған екендігі, ұшақпен жау колоннасына таран жасаған ұшқыш Гастеллоның ерлігін ол емес, өзге бір ұшқыш жасағандығы т.т сол секілді кеңес елінің рухын көтеретін дүниелер көптеп ойлап табылды. Әрине бұл өз кезегінде жемісін берді де. Қаншама адам сол «батырлардың ерлігін» қайталауға тырысты… Қарап тұрсақ, 1941-45 жылдардағы соғыстың ашылмаған ақтаңдақтары әлі көп. Соның бірі жақында «Азаттық радиосында» жарық көрген «Жалаң қолмен соғысқан қазақ дивизиясы із-түзсіз жоғалып кетті» деген (09.05.2011) мақалада айтылған жайт. Онда Харьковтегі қазақ жерлестер қоғамының жетекшісі Макка Қаражанова №106 ақмолалық қазақ атты әскер дивизиясының өмірде болғаны және қалай жоғалғаны туралы өз ойын осы радионың тілшісі Сұлтан Хан Аққұлұлымен бөліскен. «Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының тағы бір белгісіз тарихы азайды: №106 ақмолалық атты әскер дивизиясы туралы құнды мағлұматтар табылды. Басым көпшілігі қазақ және соғыс өнеріне үйретілмеген, жөні түзу қару-жарақ та берілмеген бұл солдаттар ашықтан-ашық ажал аузына тасталып, Харьков түбіндегі қоршауда құрбандыққа шалынды. Сталин басқарған билік бұл дивизия жөніндегі құжаттарды ізім-ғайым жоқ қылды. Осы дивизияның шырғалаң тарихы туралы мағлұматтарды артында қалған ұрпақтары там-тұмдап жинап келеді» дей келе жуналист осы дивизияның қалай құрылғаны және қай жерде опат болғаны жөнінде кеңінен тоқталған. Сол сұхбаттан үзінді келтірейік.
– Тіпті осы 337-атқыштар дивизиясының өзіндегі 123 қазаққа винтовка жетпепті. Сондай-ақ 106-қазақ дивизиясын таратып, оның үш полкін 6-атты әскер корпусына қосқанда да, жоғарыдағы актіге қарағанда, винтовкадан 102, 50 миллиметрлік минометтен 43, 82 миллиметрлік минометтен 18 ғана қару болыпты. 3100 қылыш беріпті.
– Атты әскер саны да 3100 емес пе?
– Жоқ, 3220 адам! Оларға, ақыр аяғы, қылыш та жетпепті. Ал әлгі 102 винтовканың он үші артиллерия дивизионына, жетеуі ОО взводына («охраны и обслуживания» – күзет және қызмет көрсету взводы болса керек. – Азаттық радиосы) берілген. 269-атты әскер полкіне 25 винтовка, 288-атты әскер полкіне 16, ал 307-атты әскер полкіне небәрі 10 винтовка ғана тиіпті! Шын мәнінде олар жалаң қолмен соғысқа кірді деуге болады. Харьков «қазаны» мен 106-атты әскер дивизиясының жұмбақ жағдайда жоғалып кетуіне ең негізгі себепкерлер, осыған дейінгі сұқбаттарымның бірінде айтқанымдай, маршал Семен Тимошенко, генерал Иван Баграмян және әскери совет мүшесі Никита Хрущевтар бастаған майдан командашылығының шектен тыс қылмыстық жауапсыз әрекеттері болатын. Айтпақшы, Харьков түбіндегі жеңіліс туралы Сталинге хабарлағанда, ол мұны жойқын апат деп бағалаған: «Небәрі үш аптаның ішінде ойсыз әрекет салдарынан Оңтүстік-Батыс майдан әне-міне дегенше жеңіске жетіп тұрған Харьков операциясында жеңіліп қалғаны былай тұрсын, жауға 18-20 дивизияны тастап кетті… Бұл Шығыс Пруссиядағы Ренненкампф пен Самсонов қырғынымен бірдей жойқын апат болды…» Сталин Харьков түбіндегі жеңіліске Оңтүстік-Батыс майдан басшылығында болған маршал Тимошенконы, генерал Баграмянды (соғыстан соң ол да маршал болды) және Хрущевті айыптап: «Егер осы апат туралы бүкіл елге хабарлайтын болсақ, онда ел сендермен басқаша сөйлесер еді…» деді. Харьков «қазаны» ең соңғы сегізінші «қазан» болатын. Осы кезде советтің үш армиясы біржола жоқ болды, тіпті тарихтан да жойылып кетті. Бұған дейін мұндай «қазан» жеті рет болған еді. Міне жақында ғана киевтік әріптестер сол төңіректе 600 мың совет солдаты мен офицері тұтқынға түскенін айта бастады. Бұл жөнінде де білетіндер аз». Бұл да біз біле бермейтін соғыстың бір ақтаңдағы. Бұған дейін біз №106 ақмолалық атты әскер дивизиясы туралы естідік пе, жоқ. Демек сол қанды қасаптың белгісіз қырлары араға ұзақ жылдар салып барып ашылып жатыр. Кеш те болса, сол атты дивизияның құрамында болып Харьков түбінде мерт болған қаракөз қандастарымыз жайлы кеңірек мағлұмат алып, оларды дәріптеп жатсақ, жаман болмас еді. Осыны зертттеп жүрген «Азаттық радиосындағы» әріптестерімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Соғыстың бізге белгісіз болып келген тағы бір қыры бар. Ол соғыс жеңіспен бітіп, фашистік Германия талқандалған соң, сол елдегі құнды құрал-заттардың КСРО-ға тасымалдануы. Енді осы жөнінде зерттеуші Борис Кнышевскийдің «Московский комсомолец» газетінде жазылған «Добыча. Тайны германских репараций» деген мақаласына үңілелік. 1945 жылы 25 қаңтарда Сталин №7590 санды құпия қаулыға қол қойды. Осы пәрменмен айрықша комитет құрылды. Бұл мекеме Германиядағы басып алынған жерлерден құнды заттарды КСРО-ға тасымалдау болды. 1945 жылдың өзінде-ақ Германиядан Кеңес еліне 21 834 вагон түрлі –құрал жабдықтар жөнелтілді. Жалпы бірер жылдың көлемінде ол елден КСРО-ға 400 мыңға тарта олжа жеткізілген. 2 885 зауыт пен 96 электростанция, 1 миллион 335 мың бас мал, 2,3 миллион тонна астық, 1 миллион тонна картоп және көкөніс, әрқайсысы 0,5 тонна май мен қант, 20 миллион литр спирт. Бұған 60 мың рояль, 460 мың радиоқабылдағыш, 190 мың кілем, 940 мың жиһаз бұйымдары, 265 мың қабырға және үстел сағаттарын қосуға болады. Әрине 400 мыңға тақау вагондарға тиелген дүние-мүлік тек Германиядан тасылған жоқ, кеңес жауынгерінің керзі етігі тиген елдердің барлығынан тасылды. Мәселен, Польшадан -1 137, Австриядан -206, Маньжуриядан 96, Чехословакиядан 54, Венгриядан -11 зауыт-фабрика, кәсіпорындар түп-тамырымен бөлшектеніп алынып, Кеңес еліне жеткізілді. Мұндай «олжаны» тасымалдау 1945 жылдан 1948-49 жылдарға дейін жалғасты. Ал соғыс біткен бірнеше айда кеңес әскери басшылары да Германияны тонаудан кенде қалған жоқ. Оларда вагон-вагон заттарды өз үйлеріне аттандырып жатты. Соның бірі –атақты қолбасшы, маршал Георгий Жуков. 1948 жылы Сталиннің қырына ілігіп, жауапқа тартылып, үйіне тінту жүргізгенде Жуковтың дачасынан 1945 жылы Берлиннен тасылған көптеген құнды заттар табылған. 1948 жылы 10 ақпанда КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік министрі Абакумов Сталинге мынадай жайтты жайып салған көрінеді. 8 – нен 9 – қараған түнде Мәскеу түбіндегі Рублев поселкесіндегі Жуковтың дачасына тінту жүргізілді. Ол жерден 194 советтік емес жиһаз бұйымдары, 483 бағалы аң терісі, 4 мың метр мата, 44 кілем мен гобелен, 55 мұражайлық сурет, 7 жәшік хрусталь, фарфор және басқа да дүниелер табылып тәркіленіпті. Бұлар 51 сандық пен шамаданға салынып сақталған екен. Одан оның жақын араласқан досы, Германиядағы Кеңес жасақтары тобының Әскери кеңесінің мүшесі, генерал-лейтенант Константин Телегин де кем түспеген көрінеді.
1946 жылы 25 сәуірде Берлиннен Мәскеуге жүк пойызы бет алды. Ол пойыздағы 10 платформа және саны соған жақын вагондарда К. Телегиннің Германиядан «олжаға» түсірген заттары болған. Ол вагондарға 8 жеңіл көлік және өзге де тұрмыстық құрал-жабдықтар аузы-мұрынан шыға тиелген еді. Бірақ осы Телегиннің де кейіннен қылмыстары ашылып сотталған. Рас, бұл Екінші Дүниежүзілік соғыс біреулердің үйіне қайғы болып енсе, біреулер осы соғыстың арқасында атақ-даңқ жиды, жаудан түскен бұйымдарды олжалап, шіріп байып шыға келді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Міне біз білмейтін соғыстың бір қыры осы…