Су тапшылығы неге әкеліп соғады?

Соңғы 10-15 жылдан бері халық арасында су тапшылығы, трансшекаралық өзендер мәселесі қайта-қайта көтеріліп, оның салдары ертеңгі күні мемлекеттер арасында жанжал туғызуы мүмкін деген болжамдар айтылған еді. Құр даурықпа емес, бұл болжамның бір шеті көріне бастағанын жақында өзбек пен қырғыз ағайын арасындағы қақтығыстан да байқауға болады. Қырғызстанның Баткен облысы мен өзбекстандық Сох анклавының шекарасында екі ауылдың тұрғындары су үшін таласып, даудың арты бір-біріне тас атып, бірнеше үйді өртеп, он шақты адамның жарақаттануына алып келгені белгілі.

Жалпы, тіршілік көзі – судың мәселесіне қатысты 1962 жылы-ақ АҚШ президенті болған Джон Кеннеди «Мұнайды ұмытып – суды ойлаңдар» деген екен. Бүгін, міне, су үшін уайым шегетін жағдайға тап болып отырмыз. Мәселен, тарихқа салсақ ғасырлар бұрын Каспий теңізімен қосылып жатқан, ал шамамен 70 жыл бұрын көлемі бойынша әлемдегі төртінші орында болған Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы Арал теңізі 1960 жылдардан бастап тартыла беріп суының көлемі қазір 15 есе азайып қалды. Бұл – адамзатқа да, табиғатқа да, өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесіне де келген экологиялық, әлеуметтік-экономикалық үлкен апат. Енді сарапшылар дәл осы Аралдың жағдайы Балқаш көлінің де басына туып тұр деп дабыл қағуда. Алдымен Аралға құятын Сырдария өзенінің мәселесін тарқатып алайық. Жақында ғана өлкедегі жағдайға бей-жай қарай алмаған Қызылорда тұрғыны Герман Дьяченко Сырдарияның уақыт санап тартылып жатқаны туралы мәселені көтеріп, оны дүйім жұртқа видеоролик арқылы жеткізген болатын. «Әлемді дүрліктірген коронавируске қарамастан, тек аймақтың ғана емес, елдің де маңызды мәселелерінің бірі – Сырдарияның тартылып жатқаны алаңдатады. Жыл сайын өзен ағыны азаюда. Менің ойымша, бұған қазір назар аудару керек, әйтпесе одан әрі үлкен қайғыға душар боламыз» дейді ол.

Онысын іргелес елдің Өзгидромет болжамы да растайды. Өзбектер 2050 жылға қарай Әмудария ағынының көлемі 10-15%-ға, Сырдарияның 2-5%-ға қысқарады деген болжам жасап отыр. Ал оған не себеп? Бар гәп Сырдарияға кеп түйісетін Нарын мен Қарадария өздерінде боп тұр. Герман Дьяченконың айтуынша, Қырғызстан және Өзбекстанның жерімен өтетін, сулылығы секундына 480 текше метр құрайтын Нарын өзені бойында 5 тоған тұр, оның төртеуі су электр станциясы. Ал сол Қырғызстандағы Қарадарияданың түгелдерлік арнасынан варварлық тәсілмен құм мен қиыршық тас өндіріледі, есесіне өзенді де ластайды.

Ұзындығы 1 мың шақырымнан асатын еліміздегі ең басты жеті өзен Ертіс, Тобыл, Есіл, Жайық, Сырдария, Іле, Шу көрші мемлекеттерден бастау алатындықтан, Қазақстан соларға тәуелді болып отырғаны да кейде қол байлайтыны рас.

Алматы, Жамбыл, Қарағанды аймақтарына жалғайтын Балқаш көліне келсек, оған келіп құятын негізгі өзен Іленің суының да азаю қаупі туындап тұрған көрінеді. Сарапшылар Іле мен Ертіс өзендерінің 70%  пайызын алып жатқан Қытайдың трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы келісімге қол қоймаюы мәселені ушықтырып тұрғанын алға тартады. «Қазгипроводхоз» институтының директоры Анатолий Рябцев «Қытайда суармалы егістік алқабы артып келеді, соңғы жылдардың өзінде 2 млн гектарға дейін өсті. Іле өзенінің бассейнінде Қытай қазіргі уақытта 1 млн га жерді суарып жатыр. Бұл Қазақстан үшін білініп қалып жатыр. Өйткені Балқаштың 80% -ын Іле толтырады. Сондықтан  болашақта бірегей көлімізге Арал тағдырын қайталау қаупі төніп тұр. Иә, қазір Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясы жұмыс істейді. Балқаш қаласын сақтауға барлығы да мүдделі. Соған қарамастан, көрші ел бізге «суды неге ұтымсыз пайдаланады» деген уәж айтады» дейді.

70%-н алып жатқан Қытай жағындағы Іле өзенінің бассейнінде 130-ға жуық гидроқұрылыстар мен 13 су қоймасы салынып қойған екен. Ондағы су ұлғайып отырған егістік алқаптарна ғана емес, өнеркәсіптік объектілерге де бағытталады. Нәтижесінде Іле өзенінің суын басқа бағытқа бұрудың салдарын Балқаш көлі тартуы мүмкін екен.

Сонымен қоса, сарапшылар трансшекаралық Ертістің Қытай тарапындағы бөлігінде қытайлықтардың жаппай бөгеттер мен тоғандар салып тастауына байланысты Қазақстандағы бөлігінің тартылып қалу қаупі бар екенін айтады. Қазіргі кезде қытайлықтар Қара Ертіс суының тоғыз кубокилометрінің шамамен үш кубокилометрін өздеріне алып жатыр. Негізінен, Қытайда ирригациялық (сусыз жерлерді жасанды суару) нысандардың құрылысына жыл сайын 62 млрд доллар бөлінеді екен. Егер Қытай біздің елмен санаспастан Ертістің суын жекеменшігіндей ары қарай да өзіне бұра беретін болса, онда 2030 жылға қарай оның суы 8 текше шақырымға, 2040 жылға қарай 10 текше шақырымға, 2050 жылға қарай 11,4 текше шақырымға азаюы мүмкін екен. Бұл дегеніңіз Ертістегі су электр станциясы каскадында электр энергиясын өндірудің айтарлықтай төмендеуіне, Зайсан көлінің құрғауына, жер үсті мен жер асты сулары сапасының нашарлауына әкеліп соқпақ. Қытайдың мұндай саясат жүргізуі Солтүстігіміздегі Ресейді де алаңдататын секілді. Себебі Ертіс трансшекаралық өзендерінің су ресурстарын пайдалану екі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етпек. Алайда мәселе тек Қазақстанның Оңтүстік-Шығысындағы шектес елдер арасында ғана емес, көршілес Ресеймен Солтүстік-Батыс шекарасындағы Жайық өзенінің жағдайы да мәз емес. Оның да суы азайып барады.  Атырау облысының бұрынғы әкімі Нұрлан Ноғаев былтырлары «трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясына  неғұрлым жоғары мәртебе беру керек. Мысалы, премьер-Министрдің орынбасары деңгейінде. Әйтпесе айтулы мәселелер тиісті түрде шешілмей келеді» дегенді айтқан.

Шынымен, әкім-қаралар мен министрлерді белгілі салаға еңбегі сіңбейінше, дұрыс нәтиже шығармайынша жаңа орынға ауыстыра бермей, етек-жеңімізді жинап, комиссияның жұмысын ретке келтіріп, сыртқы саясатқа мығым болған жөн болар?!

Нұрай  Рақым