Сұрапыл соғысты бастаған кім?

Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл толып отыр. Әрине 60 миллионға тарта адамның басын жұтқан қандықасап соғыс жайында, ол ғарасат майданын көрмеген бүгінгі ұрпақтың сөз қозғауы қиындау. Бірақ кешегі КСРО-ны құрамында болған халық Ұлы Отан соғысы деп атайтын, ал әлем жұртшылығы Екінші Дүниежүзілік соғыс (жетпіске тарта мемлекет тікелей және жанамалай қатысқан) деп атайтын, жалпақ жаһанды табанына салып жаншығысы келген фашизмге қарсы жиһад, бастан аяқ хатталып, тасқа басылып, мұрағаттарға сақталып қойылған. Сондықтан 1941-45 жылдар арасында болып өткен соғысты жазу қиын емес. Мұрағаттарды отырып, керекті деректі асықпай іздесең болды. Бұл жолы да сол қанды қырғынның кейбір ақтаңдақтары жайында сөз етпекпіз.
Бүгінгі күні әлемнің өткен тарихын есепшотқа қағып отырған көптеген тарихшылар өткен ғасырда 60 миллионға тарта адам басын жалмаған II дүниежүзілік соғыс «қай кезде басталды?» деген даулы тартыс өткізуде. Әрине бұрынғы КСРО халқы үшін Ұлы Отан соғысы 1941 жылдың 22 маусымында басталғаны белгілі. Бірақ, қазір бұрынғы посткеңестік кеңістікте өмір сүріп жатқан тарихшылдардың өзі КСРО үшін соғыс 1941 жыл емес, одан бұрын басталды деген дау айтады. Оған мынадай дәлелдер келтіреді. 1939 жылы КСРО өзін «бейтарап» ел ретінде жариялады. Алайда сол кезеңде (1941 жылға дейін) кем дегенде 23 миллион адам тұратын аймақты басып алды. Мұны қалай түсінуге болады? Мәселен Германия 1939 жылы 1 қыркүйекте Польшаға басып кірді және II Дүниежүзілік соғыстың бастамашысы болды. Дәл сол жылы, сол айда Польшаға екінші бір жағынан басып кірген КСРО -ға ешқандай айып тағылған жоқ. Басып алынған жерде НКВД мыңдаған әскерилерді қырды, тұтқынға қамады. «Бейтарап» ел ешуақытта тұтқынға ешкімді алмаған және еш елдің тұтастығына қауіп төндірмеген. «Бейтараптықтың» заңда қатталған қағидасы солай. Ал КСРО әлемдік заңды белден бір-ақ таптағаны анық. Солай бола тұрса да, дүниежүзілік соғысқа КСРО бар- жоғы 1941 жылы 22 маусымда ғана араласты делінеді. Неге? Тағы бір мысал, Германия Данияны басып алды. Бұл соғыс актсі саналады. Ал Кеңес елі сол тұста үш Балтық мемлекетін өзіне қаратты. Бірақ бұл басқыншылық әрекет деп танылмады. Артынша Германия Норвегияға баса-көктей енді. Бұл агрессия деп саналды. Дәл осының алдында кеңестік империя Финляндиямен соғысты. Бұл да санатқа енбеді. Германияның қанды қылмыстары 1939 жылдың 1 қыркүйегінен (Польшаны басып алған уақыт) басталса, неге екені қайдам, КСРО үшін соғыс 1941 жыл 22 маусымнан бастау алады. Шындығы керек, КСРО Жоғарғы Кеңесі 1939 жылы 1 қыркүйекте кезектен тыс сессия өткізіп, онда жалпыға бірдей әскери міндетті бекітті. Оған дейін мұндай шешім болған жоқ-ты. Бұл КСРО тарапынан үлкен соғысқа дайындықтың бастамасы болатын. Ақиқатында сол 1 қыркүйекте Польшаға басып кірген Гитлер, тіпті Батыс елдері жер-жаһанды жайлайтын екінші дүниежүзілік соғыстың дәл сол жерде басталғанын білген жоқ. Алайда коммунистер білді және үлкен соғысқа үлкен дайындық жүргізуді бастап кетті. Осы тұрғыдан келгенде тарихшылар КСРО үшін соғыс 1939 жылы 19 қыркүйекте Польшаны басып кірген кезден бастау керек деп айтады. Ал 1941 жылдың 22 маусымы текетірес екі елдің бірі-бірімен қоян-қолтық келіп қатығысқанын айтады. Кеңес империясы құлаған соң, бұрынғы құпия сақталып келген мемлекеттік маңызы бар құжаттардың біразы мұрағаттан шығарылып тасталғаны белгілі. Солардың баспасөз беттерінде жарияланған кейбір деректеріне назар аударатын болсақ, фашистік рейх емес, импералистік КСРО Германия алдымен басып алуға тырысқанын байқаймыз.
Немістер ағылшындармен басы қатып жатқанда Мәскеу Германияны қиратудың амалын қарас¬тырып, сұңғыла жоспар құрып үлгерді. Оны Ресей (ҚМ) мұрағатында 1941 жылғы қорғаныс халық комиссары С. Тимошенко мен Бас штаб басшысы Г. Жуков және А.Васильевскийдің бірігіп Сталинге осындай жобамен шыққанын растайтын хат әлі сақтаулы. Онда «алдағы міндет – мамыр айын¬да Вермахтың алдын алып, (немістер 22 маусымда соғыс ашқаны белгілі) неміс әскерлерін Польша жерінде, Висла өзені мен Краков маңында талқан¬дау керек» деп көрсетіледі. Мұндағы КСРО-ның ойы ағылшындармен алысып жатқан Германияның бір бүйірінен тап беріп, бүріп тастау еді. Және Қызыл әскер бұған біршама жақсы даярлықтар жүргізді. Шабуыл жасау үшін Батыс шекараға ірі әскери тех¬ника мен жүздеген дивизияны шоғырландыр¬ды. Тіпті Германияға шабуыл жасау 12 маусымға белгіленді (бірақ бұл алдын ала соққы беру жоспары Сталиннің табансыздығының арқасында іске аспай қалды). 13 маусым күні Батыста шоғырланған барлық әскери бөлімдерге «кез-келген уақытта Еуропаны азат етуге даяр тұрыңдар деген бұйрық та беріліп үлгерді. Міне, 1939 жылы соғыспау жөнінде Молотов-Риббентроп қол қойып, шарт жасасқан екі елдің жасырын ойы осындай болатын.
Ақиқатын айтар болсақ, «немістер бізден басым болды. Сондықтан алғашқы кезде көп қырғынға ұшырадық» деген кезіндегі кеңестік тарихтың жалғандығы қазір белгілі болды. Нақты деректерге сүйенсек, Үшінші Рейхтың Кеңес елінің шекарасына топтаған әскермен, техникадан Кеңестік елдің армиясының саны да қарау-жарағы да әлдеқайда көп еді. Мәселен, 1941 жылдың 22 маусымында Қызыл әскер¬дің қолында 25 мың танк болды. Оның 14 мыңы Батыс шекарада тұрды. Ал әскери жағдайға кірісіп кетуге дайын тұрған 19 мың әскери ұшақтың 11 мыңы сол Батыста еді. Ал немістер КСРО-ға қарсы небәрі 4 846 ұшақ пайдаланды. Қызыл әскерде 60 мың миномет пен өзге де зеңбіректер болса, немістерде ол құралдардың саны 43 мыңды ғана құрады. Батыс шекарада тұрған Кеңес әскерінің саны 2 миллион 719 мың болса, Вермах әскері 2,5 миллион еді. Ал 22 маусымға қарсы Кеңес елі тағы да 77 дивизияны Батыс шекараға жақын¬датты. Қысқасы, соғыс басталар күннің қарсаңын¬да Батыс аймақта тұрған Қызыл әскердің қолы 4,3 миллион, сонымен қатар 59 787 зеңбірек және 15 687 танкпен жарақтанды. Бұл кезде Вермах әскерінің Шығыс майданында 3650 танк бар еді. Қысқасы, 166 неміс дивизиясына 190 кеңестік дивизия қарсы тұрды. Сонымен қатар, 800 мың резерв әскерге шақырылып, Батыстағы шекара дивизияларын толықтыруға жіберілді. Шындығында КСРО үлкен соғысқа сақадай-сай тұрған болатын. Дегенмен қызыл армияның немістерден сан жағынан да, техника жағанынан да басым бола тұра, масқара болып, Мәскеудің түбіне дейін шегінуінің бірнеше себептері бар. Ең басты салдары, ол – сталиндік режимнің 1936-37 жылдары 50 мыңға жуық қызыл командирлерді, соның ішінде соғыс ісіне әбден шыңдалған, тәжірибелі бас қолбасшыларды «халық жауы» деген желеумен топтап атып жіберуі. Осыдан келіп, соғыс басталған кезде әскерді басқаратын командирлер құрамы жетіспеді. Мұның ақыры қызыл әскерлердің жаппай кейін шегінуіне, тұтқынға түсуіне, майдан алаңын тастап кетуіне ұрындырды. Екінші бір мәселе, қару-жарақтың, техниканың ескілігі һәм жетіспеушілігі үлкен рөл атқарды. Кеңестік әскери ұшақтар, танктер өзге де атыс құралдары немістердің жаңа үлгідегі қаруына қарсы тұра алмады. Бұған тағы бір қосарымыз, Қызыл армияның сол кездегі доктринасы қорғанысқа емес, тек шабуылдау мақсатында жасалғандығы. Қорғанысқа көп көңіл бөлінбеді. Содан болар, барлық әскери ұшақтар тұрған әуежайлар, оқ-дәрі қоймалары шекара маңында болды. Немістердің алғашқы соққылары соған бағытталды. Ұшақтар көкке көтерілмей жойылды. Қоймалар жарылды. Фашистер соғыстың алғашқы күндері-ақ, 4 мың 216 вагон оқ-дәрі мен снарядтар тиелган вагондарды басып алды. Жалпы Қызыл Армия соғыстың алғашқы кезеңінде 500 мың тонна снарядтан айрылды. 303 оқ-дәрі жасайтын зауыт-фабрика немістердің қол астында қалды. Екінші бір мәселе, қызыл Армияның қолын жіпсіз байлаған Жуков бастаған Бас штабтың бұйрығы еді. Онда: «арандауға еріп кетпеу, шекаралық көпірлердегі миналарды алып тастау, қарсыластардың ұшақтарын атпау» т.б дүниелер жазылған. Бұйрықты орындамағандар әскери трибуналмен жазаланатыны айтылған. Тіпті 1941 жылдың 22 маусымы күні соғыс басталған алғашқы сағаттарда Батыс шекарада тұрған әскерге таратылған Бас шатабтың №1 директивасы Қызыл армияға «өлімді тік тұрып қарсы алыңдар» дегендей болды. Онда: «Ешқандай арандатуға бой алдырмаңдар. Өз беттеріңше қимыл жасамаңдар» деп жазылған. Қол қойғандар Бас штаб басшылары– Жуков пен Тимошенко. Бұл шешім әскерге жеткен кезде немістер кеңес жеріне ішкерілеп кіріп кеткен болатын…Содан болар тәртіпке бағынып қалған қызыл әскерлер көп жағдайда немістерге қарсы белсене ұрыс жасауға кіріспеді…
Соңғы кезде тағы бір ашылған шындық, ол– Ұлы Жеңістің үш айға кешігіп келуі. Егер де Берлин мамыр айында емес, ақпанда алынғанда қаншама боздақ аман қалар ма еді? Кім білген? Осы мәселеге байланысты жаңа деректер былайша сайрайды: 1944 жылдың соңында тұтқынға түскен неміс генералдары басы фон Куров болып, Сталинге Берлинді қалай алу жөніндегі жобамен шыққан. Олардың есебінше, қызыл әскерлер Берлинді 1945 жылдың ақпан айында басып алуға мүмкіндігі болған. Өйткені Висла-Ордер бағытындағы қарсы шабуылда қызылдар 20 күнде 500 шақырымға дейін алға жылжыған. Ар жағында Берлин тиіп тұр, небәрі 60-80 шақырым жер ғана. Бірақ, неге екені белгісіз, 1-Беларус майданының қолбасшысы Жуков пен 1-Украин майданының қолбасшысы Конев соғысты тынымсыз жалғастыра беруге қарсы болды. Олардың Сталинге айтқан уәжі – «Әскер шаршады. Артта қалған резервтегі күштерді алдыңғы шепке жеткізу. Әскерді жаңаша топтастыру. Берлинді алу алдында сәл де болса, қарулы күштерге тыным беру». Қазіргі сарапшылар Жуков пен Конев Берлиннің түбіне келіп қалған әскерді ірікпегенде неміс астанасы сол ақпан айында тізе бүгер еді, ал аз да болса қызыл армия шабуылының саябырсығанын байқаған Гитлер тың күштерді даярлап үлгерді. Бұл өз кезегінде жүздеген мың кеңес әскерлерінің қаза табуына душар етті. Егер де рухы көтерілген қызыл армияны тоқтатпағанда немістер Берлинді қорғауға үлкен күшті біріктіріп үлгермес еді. Шығын да аз, қаланың күйреуі де кем болар еді. Осылайша Жеңіс Кеңес еліне үш айға кешігіп келді» деседі. Мұнда бір шындықтың өзегі жатқандай. Өйткені армия генералы В.И.Чуйков өз естеліктерінде «Ақпан айында жіберіп алған мүмкіндіктерге кінәлі – Жуков» дегенді айтады. Ал тұтқындағы неміс генералы Куровтың хаты Сталинге жетті ме, жетпеді ме белгісіз. Дегенмен ол өз хатында «Берлинге шабуылды Қызыл армия одақтастарының әскерін күтпей-ақ, жедел жалғастыра бергені жөн. Егер де әскер тыныс алып, іркілетін болса, Гитлер осыны пайдаланып, әскерін топтап үлгереді. Бұның арты үлкен қырғынға алып келмек. Сондай-ақ, күн жылып кетсе, өзендер арнасынан шығып, шабуылдап келе жатқан әскерге бөгет болмақ. Сондықтан Берлинге қарсы операцияны ақпан айында жүргізген қолайлы» делінген. Сонымен қатар, әскердің Берлинге үш бағытта соққы беру керектігін көрсеткен. Бірақ Қызыл армия Берлинге шабуылды тек сәуір айында бастады. Бұл кезде Берлин тас қамалға айналып, әрбір үй үлкен күшпен, қан төгіспен алынғаны белгілі. Немістер соңғы рет тұяқ серпіп қалуға тырысты… Осылайша жүздеген мың боздақ Ұлы Жеңіске санаулы күн қалғанда қаза тапты. Ақпан айында аз ғана шығынмен келетін жеңіс мамыр айында талайдың басын жұтып барып, әрең дегенде кеңес еліне қуаныш сыйлады.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ