Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор: Алаш баласы тар жол, тайғақ кешкен кез

Исі қазақтың жартысы ақ сүйек болып шашылып қалған, 1920-21 және 31-32 жылдары Қазақстанда болған ашаршылыққа қандай баға бересіз?

Ашығын айтар болсақ, 1921-1922 жылдары болған ашаршылық жұтқа байланысты. Ашаршылықтан үлкен зардап шеккен Батыс Қазақстан мен Орталық Қазақстан аумақтары. Ал Жетісу өңірінің халқы отырықшылықтың арқасында аман қалды. Батыстағы ашаршылық туралы мәліметтер нақты. Төрт түлік малдың әр түрінен қанша бас қырылғаны және қаза тапқан адам саны жөніндегі деректер 1924 жылы Қазақстандағы ресми әдебиеттерде келтіріледі. Кей зерттеушілер кітапханада тұрған осы деректерді оқымай, көрмей, көз жеткізбей жатып ашаршылық жайында нақты мәліметтер жоқ деп мәлімдейді. Мұндайда дәлме-дәл айту қиын, дегенмен қолда бар демографиялық есеппен мұрағат деректерін салыстырып қарағанда 700 мыңнан астам адам 1921-22 жылдардағы ашаршылықтың тікелей құрбаны болды. «Бұл жұттан аман шығуға болатын ба еді?» деген сауал қойылатын болса, әрине, аман қалуға болар еді. Онда да Батыс Қазақстан аймағында азамат соғысының салдары сақталмаған болса. Орталық және Батыс Қазақстан аймақтарын большевиктер екіге бөліп кетті. Бай, кедей деп қана емес, ақ, қызыл деп. Азамат соғысының алаңына айналған бұл екі аймақтың халқы да ол тұста жайлы ғұмыр кешті деу қиын. Халықтың ерсілі-қарсылы көшінен жұттың алдын алу мүмкін болмай қалды. Ашаршылықты большевиктердің немесе сол тұстағы өкіметтің қателігі деп айта алмаймыз. Өкіметтің қазақ жерінде жасаған зобалаңыел ішіне іріткі салу арқылы халықты бір-біріне айдап салды. Бұл – ашаршылыққа қосымша түрткі болды. 1931-32 жылдардағы ашаршылықтың себебі – большевиктік жүйенің аграрлық, индустрияландыру реформасының механизмдерінің дұрыс жобаланбауы. Индустрияландыру саясаты елімізге завод, фабрика салуды көздеген жоқ. Қазақстан Ресейдің еуропалық бөлігіндегі жаңдан салынып жатқан екпінді құрылыстарды етпен қамтамасыз етуші ел ғана болды. Ленинград, Мәскеу, сонымен қатар Қызыл Армияны есептегенде барлығы 12 миллион адамды етпен асырағандығы мұрағаттағы ресми деректерде көрсетілген. Ашаршылық кезінде «Ленинград мясопродукт», «Москва мясопродукт» деген атпен құрылған ұйымдар Қазақстаннан ет тасып әкетумен айналысты. Ет дайындау науқанының асыра сілтеуі қазақ халқына қасірет болып жабысты. Халық комиссариаты Сталинге 1928 жылдың басында мемлекет бойынша астық дайындаудың азайып кеткендігін мәлімдеді. Сталин екі вагоннан тұратын мемлекеттік пойызбен негізгі астық дайындайтын аймақ – Сібірге сапарға шықты. Әрине, өте құпия түрде. Бәрін көзбен көру еді. Ол тұста Қазақстан әлі отырықшыланбаған болатын. Өндірісті дамыту үшін Сталинга екі нәрсе қажет болды. Біреуі – астық, екіншісі – алтын. Шетелден трактор, станоктар алу үшін астық пен алтыннан басқа тауар айырбасқа саналмайтын. Жолшыбай Омск, Томск, Иркутск, Красноярск өңірлеріне соғып, Алтайға дейін аралады. Жергілікті партия кеңес басшыларына 1926 жылғы РКСФР-дің Қылмыстың істер кодексіндегі 107-бапты пайдалануды ұсынды. 107-бап бойынша базарға өз өнімін шығарып, базар нарығын қасақанабұзып, бағаны көтерген алыпсатарларды соттау, түрмеге қамау (3 жылға бас бостандығынан айыру) қажет деп ұсыныс жасады. 1928 жылы 31 қаңтарда Крсаноярскіде «Шығыс кеңесі» деген жасырын кеңес болды. Оның мәліметтері әлі күнге жарияланған жоқ, құпия сақталып келеді. Қазақ халқын зар илеткен Голощекин сол жиынға қатысыпты. Голощекиннің 1 ақпан күні Красноярск өңірінен Қазақстанға жолдаған телеграммасы бар. Онда астық дайындауды бүлдіріп жатқандарға 107-бапты қолданыңыздар деген нұсқау берілген. Телеграмма астық дайындауға байланысты құрылған республикалық «Бестікке» жолданған. Мұрағат деректеріне қарап отырсақ, қаншама адам осы баптың құрығына ілінген, яғни түрмеге қамалғанын анықтауға болады. 1929 жылдан бастап ет дайындау бойынша бірнеше қаулы қабылданды. Мал соятын алаңдар құрылды. Малды сойып үлгере алмаған елді-мекендер малды тірідей жөнелтіп отырды. Шаруалар, кулак атанғандар малды сойып тастамас үшін қаулылар қабылдады.

Қазір сол зұлмат жылдарын зерттеп жүргендер, ашаршылықтың құрбандары жайында әр түрлі санды айтады. Нақтысы қайсы?

– Мұрағатта отырмаған тарихшылар ашаршылық жайында нақты деректер жоқ деп жатады. Ол – жалған. Мал басы 1930 жылы 1 маусымда 39 миллионнан астам болды. Есеп дәлме-дәл жүргізіліп отырды, себебі әр жылдың 1 маусымында мал саны есебі өткізілетін. Осы ретте халық санағы да жүргізілген. 40 миллионға жуық малдан ашаршылық біткенше 4 миллионға жуық бас қалды. Бұл Орал Исаевтың ресми баяндамасында да айтылған. 1931-1937 жылдар аралығындағы халық саны қанша болғандығы жөніндегі деректер бар қолымда. Мәскеудің Орталық экономика мұрағатынан алып келдім. 1930 жылы 1 маусымда Қазақстанда ауылдың халқы 5 миллион 873 мың болса, оның 4 миллион 800 мыңы – қазақтар. Мұны отырықшыландыруға байланысты қазақтардың есебін жүргізген деректерден алып отырмыз. 726 мың шаруашылықты отырықшыландырған. 5 миллион 873 мың адамнан 1933 жылы 2 миллион 493500 ғана қалған. 3 миллион 379500 адам жоқ. Мұның 1 миллионға жуығы – босқындар. «Алтаудың хатында» 726 мың шаруашылықтан 350 мың ғана шаруашылық қалғаны айтылады. Осы деректерде қазақтардың 1 миллионға жуығы босып кеткенін көрсетілген. Ресейдің Поляков, Жиромская деген тарихшылары ашаршылық кезінде қазақтар көп қырылған жоқ, 2 миллионнан астам қазақ Қытайға өтіп кеткен дейді. Бұл жайында Мәскеуден шығатын «Социс» журналының 1991 жылғы 7 нөмірінде жазады. Олардың айтуынша 1 миллионнан астам ғана халық қырылған. Бұл өтірік. Білместік. Қолымда Қытай шпиондарының Ресейге жіберіп отырған хаттары бар. Әрбір 10 күн сайын қытайлықтар Қазақстаннан келген адам санын тіркеп отырған. Қаншамақандасымыз шекарадан өту кезінде қаза тапты. Оныңнақты есебін ешкім білмейді. 1930 жылы 15 302,1931 жылы 36 965 қазақ арғы бетке өткен. ӘринеҚытайға қазақтар арзан жұмыс күші ретінде керек болған. Екіншіден, 1930 жылдан бастап Қытайда паспорт беру басталған. Кімге беріп, кімге бермеу керектігін шешу үшін де олар қазақтардың санын анықтап отырған. Нақты дерек келтірер болсақ, 87 мың қазақ өткен, оның 60 мыңы Батыс Қытайда тұрған. Голощекиннің Сталинге арнап 1932 жылдың 9 қыркүйегінде жазған 9 беттік хаты бар. Қазақстандағы мал санының азаю себептері Мәскеуде қаралатынан хабардар болған Голощекин қатты қорыққан. 2 миллион пұт астық елімізге тұқымдық қор ретінде берілген. Шын мәнісінде бұл 2 миллион пұт астық аштарға берілген болатын. Қазақстанның аштан қырылуының басты себебі – ет дайындау науқаны. Негізгі қор – мал еті ғана болатын. Бұл жағдайды Мирзоян Сталиннің тікелей рұқсатымен Қытайдан сауын сиыр сатып алу арқылы түзеді. Мирзоянды қазақтардың Мырзажан атап кеткені де сондықтан. 9 наурызда Сталинге жазған хатында Мырзажан көмекке 2 миллион пұт астық сұрай отырып, оның 1 миллион пұтын тары түрімен беруін талап етті. Бұл оның алындағы 2 миллон пұтастықтан өзге. Осылайша қазақтарды аштықтан аман алып қалуға тырысты.

– Кей тарихшылар Мырзажанның келуімен елде репрессия басталды дегенді айтады.

– Репрессия Мизоянға тіреліп тұрған жоқ. Кейбіреулер осы мәселеге Алашорданы тықпалайды. Алашордашылар 1928 жылдың басы 1929 жылдың аяғына дейін ұсталып бітті. Алашордашыларға «Батпаққара көтерілісін ұйымдастырды» деген айып тағылды ғой. Ал қызыл қырандар – Т. Рысқұлов, О. Жандосовқа тағылған айыптың сыйқын қараңыз.Оларды «Қытай елінен брюцеллезбен ауырған сиырларды әкеліп, халыққа ауру таратты» депқинаған. Мирзоянның халықты құтқару жолында жасаған әрекеті осылайша біреулерге қасірет болыпжабысты. Ұзақбай Құлымбетовтың, Ораз Жандосовтың осы іске байланысты жауап алғанкездегі айтқандарымен таныстым. «Қытайдан ауру сиырларды елге ауру тарату мақсатында әдейі сатып алып келдік», деп айтады олар. Жандары қысылғанболар. Әлде солай айтсаңдар кешірім болады деді меекен? Себебі оларды қатты азаптаған. Ал Алаш қайраткерлері 1930, 1932 жылдардағы екі соттан кейін бас көтеруге, халықпен байланысуға еш шамасы болған жоқ. Мұны ұмытпаған жөн.

– Ашаршылық тұсында билік басында Құрамысов, Сейфуллиндер отырды, олардың әрекеттерін қалай бағалайсыз?

– «Өкімет басына Ә. Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов келгенде не болатын еді?» деген пікір бар. Олар Николай Бухарин ұсынған жолды ұсынар еді. «Коллективизация, компискация» сияқты революциялық реформалар емес, экономикалық қатынастарды ұсынар еді. Шаруалар корпоративтерін құру, жеке меншікті, капитализмді сақтауды ұсынатыны анық. Алашорда капиталистік құрылысты таңдады. Бөкейханов осы бағытты ұстанды. Құрамысов – республикалық деңгейдегі шолақ белсенділер, жоғарыдан берілген тапсырмаларды ғана орындайтын білімсіз адам еді. Адамда жоғары білім жетіспегеннен кейін халқын қанша жерден жақсы көрсе де, қателікке ұрынады. Бұл екеуінде де сол жетіспеді ғой.

– Алаш тарихын зерттеп жүрген ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай «Ұраным Алаш» кітабында 1924-25 жылдары Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин Сталинге «Қазақстанды қазақ басқара алмайды» деп хат жазды дейді. Содан екі айдан кейін билікке Голощекин келеді…

– Шынын айту керек, ағаларымыздың саяси білімінің таяздығынан осы хат жазылды. Оны жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, Ә. Жангелдин өзін өзгелерден артық санады. С. Сейфуллин де өзін А. Байтұрсыновтан кем санамады. Оның үстіне Мәскеу біздің кедей отбасыларынан шыққан азаматтарымызға уақытша қызметтер беріп, Алаш қозғалысына қатысқандарға айдап салды. Ағаларымыз Кеңес өкіметінің саясатына сеніп, «маған большевиктер сенім көрсетіп отыр» деп, біріне-бірі салқын қабақ танытып отырды. Бұл – қазақтардың мансапқа құмарлығын байқатты. Бұрын болыстыққа құмар еді, енді Кеңес билігіне құмартты. Қызмет мүддесі ел мүддесінен әлдеқайда төмен тұруы керек екенін Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов сияқты қайраткерлер кезінде дәлелдеді. Халыққа қызмет еткісі келетін адамдар большевиктер арасында да болды. Халық комиссары бола жүріп, Алашордашылармен байланыста болған адамдар да бар. Мысалға «Сұлтанбековты Мәскеуге жіберсек, Өкіметке барудың орнына ол Әлихан Бөкейхановпен кеңеседі», – дейді екен Голощекин.Бұл рас нәрсе.

– 1917 жылы құрылған «Алаш» партиясы, Алаш өкіметі неге баянды бомады? МәселенҚытайда, Үндістан да, Түркияда да сондай ұлтазаттық қозғалыстар болды. Мейлі олар қырылса да, екінші ұрпақ олардың ісінжалғастырды. Ақыры ел болып армандағанмақсаттарына жетті емес пе?

Біздегі жағдай мүлдем бөлек болды. Тоталитарлық жүйе күштеу, зорлы-зомбылық механизмімен жұмыс істеді, демократияға ешқандай орын қалған жоқ. «Алаш» қозғалысы шетелге кеткенде не болар еді?» дегенге келсек, Қытайға кеткен Райымжан Мәрсеков шекарада отрядтар ұйымдастырып, халықты ашаршылықтан құтқару жолында біраз жұмыс істеді. Р. Мәрсековты құртуға Мәскеу күш салды. Ақиқатын айтсақ, шетелде жүрседе олар жеңіске жете алмаушы еді. Себебі большевиктер билікті күшпен, террористік жолмен басып алды. Ал Қазақстан болса, өз бетімен бөлініп кетуге экономикалық жағынан, кадрлық жағынан да мүмкіндігі жоқ болды. М. Шоқайдың «түркі халықтарын біріктіру керек» деп жүргені – осы. Жеке-жеке ел бола алмасын білген М. Шоқай идеясын Алашорда идеясына қарама-қарсы қойып қажеті жоқ. 1929-1931 жылдар аралығында Қазақстанда 371 көтеріліс тіркелді. Оның 15-індеСозақ, Абай, Шыңғыстау, Шұбартау, Абыралы аудан орталықтарын көтерілісшілер басып алған. Сол көтерілістердің біреуін де Алашордашылар басқарған жоқ. Халық ол тұста амалсыздан көтеріліс жасауға мәжбүр болып, орталарынан хан сайлады. Бұл Алаш қозғалысынан айырылып қалған халықтың бұрынғы ортағасырлық хандықты аңсап жасаған көтерілістері. 1917 жылы дүниеге келген Алашорданың шын мәніндегі кезеңі әрі кеткенде 1930 жылмен аяқталады.

– «Отар елдің тарихын отарлаушы ел жазады» дейді. Кеңестік кезеңде зұлмат жайлы айтылмады. Байды жауыз, молданы құбыжық етіп көрсетті. Біз «Советтік менің өз елім» депжырладық. Тарихты солай оқыдық. Тек 80-ші жылдардың соңына қарай сең қозғалғандайболды… нәубет жөнінде ашық әңгіме айталабастады…

– Ашаршылық тарихын шетелдіктердің бұрмалауы аз болғандай, өзіміз де бұрмалап жатырмыз. Стивен Уитккрофт пен Роберт Дэвистың «Годы голода: Сельское хозяйство СССР 1931-1933 гг.» кітабында ашаршылық құрбандарының санын 1 миллион 300 мың мен 500 мыңның арасы деп көрсетеді. Роберт Конгвес 1 миллион қазақ қырылды дегенді айтады. Өзіміздің тарихшылар М. Тәтімовтың демографиялық есептері негізінде 1 миллион 750 мың қазақ өлді деп келтіреді. Қалған адамдар табиғи өліммен өлген деген болжамды алға тартады. Керісінше табиғи өлімді ашаршылық жеделдетті емес пе? Мұрағатта мұндай дерек жоқ. 1991-92 жылдары жұмыс істеген Сенаттың комиссиясы бар. Сол комиссияның шешімі бойынша ашаршылық жылдары 2 миллион 200 мыңнан астам қазақ қырылды деген болатын. Бұл материалды 1992 жылдың 22 наурызында «Қолдан жасалған қасірет» деген атпен «Егемен Қазақстан», «Казправда» газеттерінде жарияланған зерттеу мақаласынан оқуларыңызға болады.

– Израиль, Армения, Украина мемлекеттері ашаршылық құрбандарына ескерткіштер орнатты. Арнайы бекіткен қасірет күні бар. Бізденеге сондай бір күнді қаралы күн ретінде белгілеп, халық болып аштан қырылғандарға тәу етпеске?

Украинадағы аштық басқа. Шаруалардың үйлерін тінтіп, астықтарын тартып алып, күштеу жолымен халықты атып отырды. Олар отырықшы ел болды. Рас, олар бізден озып кетті. Киевтеашаршылық құрбандарына ескеркіш орнатты.Арнайы күн белгіледі. Атап өту дәстүрге айналды.Біздің ашаршылыққа немқұрайды қарауымыздың себебі – тарихи біліміміздің төмендігі. Жоғары билікте отырған азаматтарымыз тарихты жетік білемін деп ойлайды, бірақ бұл дәуірдің тарихын танимын десеңіз, мұрағатта біраз шаң жұтып отыруыңызға тура келеді. Тарихты шатастырып тастағаны соншалық, ашаршылық мәселесіне Алашорданы араластырады. Ол кезде алашордашылар жоқ, жер аударылып, қалғандары әр түрлі концлагерьлерде жатқан болатын. Бұл – бірінші қателік. Қазақстандағы ашаршылықты әдейі ұйымдастырылған саяси қуғын-сүргін деп ойлайды. 1931 жылға дейін болған көтеріліске қатысқандар 58-баппен сотталып, атылды. Ашаршылық құрбандарына ешқандай да қылмыстық істер қозғалған жоқ. Арқаның төсінде отырып киіз үйде талай қазақ қылжиып өліп қалды. Олардың атын да, затын да білмейміз. Ондай адамдардың өмір сүрген-сүрмегенінен де бейхабармыз. Оларды саяси қуғын-сүргін құрбандары дей алмаймыз. Осыдан келіп біз оларды ұмыта береміз. Ашаршылық – әлеуметтік-демографиялық қасірет. Оны саясатпен шатастырмау керек. Шенеуніктеріміз әлі күнге ашаршылыққа кінәлі Ресей деп, соларға жалтақтаумен келеді. Ресейдің кінәсі жоқ. Бұл – большевиктік биліктің ет дайындау науқаны мен қате аграрлық реформаның нәтижесі.

Қазақ тарихын білмейтін адам – Қазақстанда басшы қызметте отырмауы керек деп есептеймін. Қазақ тарихы – күрделі, қасіреті көп тарих. Оны білмеген жан туған халқын құрметтей алмайды, жете түсіне алмайды. Қазақты бағалап, сүю үшін қазақ тарихынан терең білімің болуы қажет. Ерте ме, кеш пе Қазақстанның барлық қалаларында ескерткіштер орнатылып, ашаршылық құрбандары саяси қуғын-сүргіннен бөлек жеке күн болып белгіленіп, ол күн ұлт қасіреті деп есептеліп, туымыз төмен түсірілетін болады. 20 жылдан бергі уақытта ұлт қасіретін еске алатын бір күн жоқ. Жоңғардан қырылғанымызды, Аштықтан қырылғанымызды, қуғын-сүргінге ұшырағанымызды, Ұлы Отан соғысында қырылғанымызды жазамыз. Бірақ нақты бір күндібегілей алмай отырмыз. Қасіретті түсініп, шын қайғыратын кезіміз жоқ. Сол өкінішті.

Оныңыз рас, біз әлі күнге 31 мамырды «Қуғын-сүргін құрбандары еске алу күні» депатап өтеміз. Рас ол тұста 100 мыңға жуық адамқудаланды. Солардың 25 мыңы атылды. Дерексолай дейді. Ал ашаршылықтан қырылғандаржүз есе, мың есе көп емес пе? Оларды қайдажасырамыз?

1997 жылды Елбасы «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» ретінде жариялады. Содан бері 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын» еске алу күні болып саналып келеді. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген. Жөн-ақ. Бірақ біз сол қырғынға себепші болған елден өтем сұрамай-ақ қоялық. Бірақ сол бір қасіретті жылдарды қалай еске алып келеміз. Анау өткенін әспеттеп, жас ұрпақтың жадына құйып жатқан жебірейлер мен украиндардан сабақ ала алдық па? Екі ел де әлемге жар салды. Ұлттың басынан кешкен нәубетке тарихи баға беруін сұрады. Айтқандары орындалды. Ұлтын ойсыратып кеткен зұлматты еске түсіретіндей етіп жебірейлер «Яд ва Шем» атты үлкен ескеркіш кешен тұрғызды. Украиндар да олардан кейін қалған жоқ. Ел астанасының ортасынан ойып тұрып, аштық құрбандарына арнап іргелі ескерткіш қойды. Өткенге құрмет деген – осы. Бұл аз десеңіз, поляктар 1940 жылы НКВД-ның қолымен атылып кеткен 21 мың поляк жауынгерін еске алу үшін Ресейдің Смоленск шаһарының түбіндегі Катынь елдімекенінде ескерткіш тұрғызып, жыл сайын азалы күнді ескеалу үшін алыстан ат арытып келіп, мінәжат етіп жатады. Біз ше? Рас, 1937-38 жылдары 100 мыңнан аса адам қуғын -сүргінге ұшырады. Солардың 25 мыңы атылып кете барды. Атылғандардың дені иісі қазақтың бетке ұстар, көш бастаушы, ағартушы, ұлттың көсемі болуға лайық алаштың арда ұлдары еді. Кеңестік қызыл империя қазақтың мәйегін орып, жантығын қалдырды. Осы бір қасіретті кезеңді ұлттың жадынан өшірмей, тағзым етіп жүру үшін не істеу керек? Әрине жебірей мен украиндардан тәлім алып, ел ордада еңселі ескеркіш орнату керек-ақ. Дәл осы мәселе жөнінде Елбасы өзі бастама көтеріп: «Ашаршылықтың 80 жылдығы биыл республика бойынша аталып өтеді, Астанада оларға арналған үлкен монумент ашылады», – деді. Өте орынды мәселе. Мұны ата-баба аруағының алдында өтелген бір парыз десек – артық емес.

Тағы бір нақтылай кететін бір нәрсе бар. Ол 31мамыр. Неге екені қайдам, 31 мамыр қуғын сүргінқуғындарын еске алу күні деп белгіленді. Ол күні ашаршылық не болмаса саяси- қуғын сүргін көргендерге байланысты ешқандай қаулы шыққан жоқ. Ол күні ешкім атылған да жоқ. Бір белгілі жайт, алғашында «саяси қуғынсүргін құрбандары күні» деп емес, «ашаршылық құрбандары күні» деп жариялаған. Бұл қисынға келетін еді. Артынан бұл атауды өзгертіп «саяси қуғын-сүргін құрбандары» деп атап кетті.

Шын мәнінде екі түрлі нәрсені шатастырған. «Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні» деп ақпан айын алу керек еді. Сол айда он сегіз «нарком» атылған болатын. Тарихтан ешқандай хабары жоқ депутаттар 31 мамырды «ашаршылық күні» деп жариялап жіберді. Бәлкім, бұл жерде аштан қырылып, қыс бойы қар астында жатқан денелерді көктемде жинап, көмді ғой. Соған орайластырып алған болар. Шын мәнінде ашаршылық құрбандары кеңес үкіметінің әлеуметтік-агарлық реформасының салдарынан қырылған. Ал «қуғын-сүргін құрбандары деген кімдер?», олар, 58-баппен, 111-баппен, 102-баппен атылғандар. Яғни, ұлтшылдар, контрреволюционерлер, шпиондар. Ал оларды ашаршылық құрбандарымен шатастыруға болмайды. Сондықтан екеуіне екі күн белгілеген жөн.

Сұқбаттасқан Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ,

Арайлым БИМЕНДИЕВА

Айқын  газеті. 21.05.2012