Тарихты бұрмалағаннан ұтарымыз бар ма?

Кейде көне тарих «болмағанды болды» деп, «толмағанды толды» деп, жаңсақ сөйлейтіні бар. Бірақ мәселе тарихта емес, сол тарихты тасқа шекіп, қағазға түсірген адамда. Жалпы, өткенді бұрмалау әлем тарихында көп кездеседі.
Біз  соның  бірнешеуіне  ғана  көз жүгіртелік. Тарихта  парсының  250  мың әскеріне  қарсы  тұрып,  жан аямай  шайқасқан  300  спартандық  жөнінде ғажап  аңыз  бар. Бұл қаншалықты  шындық? Әлде  аңыз  ба?  Десек  те, осы бір  оқиға  жөнінде талай  көркем шығарма,  ғылыми  зерттеу дүниеге келді. Деректі  һәм көркем  фильмдер  жарыққа  шықты.Тіпті  наурыз айының  ортасында  осы  оқиға  желісімен  түсірілген  тағы  бір  фильм  көрерменге  жол  тартпақ.

Расында бар-жоғы  300 спартандық сарбаз парсының  Крекс  патшасы  бастаған  жер  қайысқан  250  мыңдық  қолына  қалай  төтеп  берді? Бұл ақиқат  па, әлде  рух  көтеру  үшін  айтылған  әңгіме  ме? Енді осының  тереңіне  бойлап  көрелік. Шындап келгенде, ешқандай  маңызға  ие емес, кішігірім  ұрыстың соншалықты  әлемдік  аңызға айналуына  не  себеп  болған?

Жалпы  бұл қақтығысты  ежелгі  тарих атасы Геродат өзінің  «Тарих»  деген  әфсанасында  келтірген.  Онымен  қатар,  сол дәуірде  өмір  сүрген  Диодар,  Плутарх,  Юстиндер де  жазған. Соның арқасында Эллададағы  Фермопил  шатқалында  болған  грек-парсы ұрысы бізге  жетті.

Ежелгі дәуір тарихшылары парсы  патшасы  Ксрекстің  армиясы  1  миллион  мен  5  миллионның арасы  еді  деп  жазады. Бұл  әсірелеу болуы мүмкін.  Ал  бертінгі  зерттеушілер  парсы  сарбазы  800  мың  десе,  екінші бірі  200-250  мың  дегенді  келтіреді. Алайда соңғы дерек  әлдеқайда  көңілге қонымды.  Өйткені 4-5 миллион әскерді ұстап  тұру, қарумен  азық-түлікпен  қамтамасыз ету  ол кезде  мүмкін еместі. Шындығында, енді-енді күшейіп келе  жатқан  парсы  мемлекеті ондай жер қайысқан  қолды ұстап  тұруы екіталайды еді.  Грекияны  тұтас жаулап алу  жоспарын  Дарий  жасағанымен,  ол өлген  соң,  оны  жалғастырған  ұлы  Ксрекс  болатын. Аспан астын  шаңдатқан  ауыр  әскер келе жатқынынан  гректер де  хабардар еді. Грек  жерін  мекендеген  бүкіл тайпа  жиналып,  өзара  бас  араздықты жиып  қойып,  «бір жағадан  бас, бір  жеңнен  қол  шығармақ  болып» соғысқа даярланды. Бұл біздің  дәуірімізге  дейінгі  480  жылдың  қыркүйегі еді.  Грек қолы  парсыларды  өте  жіңішке  өткелі  бар Фермопил  шатқалында  күтпек  болды. Оған спартандық  Леонид патша  басқарған  әскер аттанды. Дәл  осы  жерде  тарих шатасады.  Осы  жердегі  ұрысқа  тек  300  спартандық  қатысты  дегенді айтады.  Шындығы  сол ма,  еді? Жоқ.  Леонид патшаның жасағында түрлі  ұлттан құралған 7700  сарбаз  болды. Бұл  тарихта  дәлелденген  жағадй. Таудың  тар шатқалындағы үшінші күнгі соғыста  300-500  сарбаз  қалып,  қалғаны алғашқы  қақтығыстарда қаза  тапқан  еді.

Рас,  жазық  жерде  соғысып  үйреніп  қалған  парсылар үшін  тауда  соғысу  қиын еді. Бірақ  түрлі амал  таба  отырып  жеңіске  жетті. Гректерді  қан  жоса етіп  қырып  салды. Ерін  құл, қызын  күң  етті. Бірақ  өзге емес  осы  Фермопил шатқалында  болған ұрыс  тарих  сахнасында  спартандықтардың  ерлігін  паш ететін  оқиға  болып қала  берді. Бәлкім ежелгі  дәуір  таихшылары соның  ішінде Геродат, Плутарх  секілді  абыздардың осы  оқиғаға мән  бере  отырып  жазғанының  әсері  болар-ау.  «250  мың әскерге  қарсы тұрды»  деген  300  спартандық сайыпқыран  аңызы осылай  дүниеге келді. Ол  қақтығыста  шыны – өтірігін  қайдам,  20  мың  парсы, 4  мың  грек  жауынгерінің денесі  майдан  даласында  қалды делінеді…

Әрине  мұндай  рух көтеретін,  намысты оятатын  ерлік  жайындағы әңгіме гректерге дәл  сол кезде  өте  қажет еді. Себебі әлсін-әлсін шаба  берген,  жеңілісті  білмеген парсы әскерін  «гректің  азғантай  жауынгері талқандапты» деген  қауесет  елдің  еңсесін көтеріп тастағаны  белгілі.

Екінші Дүниежүзілік соғыс  кезінде Сталинград  шайқасының шешуші тұсында Үшінші Рейхтың  басшылары  Геббельс пен Генрих  қызыл  армияның  қоршауында қалған  генерал  Паулюстың  солдаттарына  «Ежелгі  300  спартандықтарша  шайқасыңдар. Өлсеңдерде  берілмеңдер. Дүние  тарихында  аттарың  спартандықтар  секілді  алтын  әріппен  жазылады»  деп үгіттегені  бар.  Бұл  да өзіндік  идеология. Жоққа шығаруға  болмайды.

Сол секілді орыс тарихында  «Мұз  қырғыны»  деген  оқиға  бар.  1242 жылы  неміс рыцарлары  орыс жеріне бас  көктей кірген-ді. Оған  қарсы  Александр  Невский  өз әскерімен қарсы  шықты.  Соғыс Чуд көлінде  өткені тарихтан  белгілі. Екі  жақтың  күштері  сан  жағынан  тең  еді. Бірақ  неміс  рыцарлары  мұздай  қаруланған. Орыс жауынгерлері олардың  жаныда  әлдеқайда  жұпыны. Жеңілістің дәмін  татарын  сезген Александр Алтын  ордадан көмек  сұраған. Сол  шайқаста,  сәйгүлік  мініп, ат  үстіндегі соғысты әбден  меңгерген  қыпшақтар  атына  дейін  сауыт жапқан,  шабан  қимылдайтын  неміс рыцарларын қуалап  жүріп  найзамен  түйреп,  қайқы қылышпен шапқылап,  алыстан  жебені  қарша  жаудырып, тас-талқанын  шығарған.  Осы көшпенділердің  арқасында жеңіске  жеткендері жөнінде  бүгінде  орыс тарихы ау ашпайды.  Бәрін  тек  өздері  жеңгендей  көрінеді. Бұл  да бір  тарихқа  жасалған  әділетсіздік.  Кейіннен  орыс тарихшылары  «ойлап  тапқан»  Күлік (Куликова) шайқасы деген бар.  Мұнда  екі жақтың әскері  қарсы  келіп  шайқасып,  артынша  екі  жақ та  кері  шегініп  кеткен.  Оны  орыс тарихы «Алтын  орда езгісінен  құтылған  күн»  деп  аспандатады.

1380 жылы болған  Күлік  айқасынан кейін  орыстар  145 жыл  бойы  кімген  салық төлеп  тұрған.  Әрине  – Алтын  ордаға. Тарихты  бұрмалау  деген осы. Жалпы  Кеңес  елі Екіншідүние жүзілік  соғыс кезінде  қолдан  батыр жасауда алдына  жан  салмағыны  белгілі. Оған  дотты  құшақтай  құлаған Александр Матросов  кіретіні  белгілі. Тіпті  Мәскеуді қорғаған  28  панфиловшылардың  политургі Василий Клочков айтты дейтін «Ресей кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ,артымыздаМәскеу»  деген  жалынды сөзінің  өзі  өтірік  болып  шыққаны  бүгінгі күннің ақиқаты. Ол  сол  қанды  қырғынды  газетке  жазған  журналистің  ойдан  шығарғаны еді. Сол секілді  нәрселер  толып  жатыр.  Тіпті Кеңес  елінің  «немістер  ойда  жоқта елімізге  басып кірді»  деуінің  өзі  өтірік  екенін  бүгінгі тарихшылар  алға  тартып  отыр.  Олар соғыс алдындағы екі елдің әскери қауқарын салыстырып көріп,  мынадай  дерек  тапқан.
1941 жылдың 22 маусымында Қызыл әскер­дің қолында 25 мың танк болыпты. Оның 14 мыңы Батыс шекарада тұрған. Ал әскери жағдайға кірісіп кетуге дайын тұрған 19 мың әскери ұшақтың 11 мыңы сол Батыста еді. Ал немістер КСРО-ға қарсы небәрі 4 846 ұшақ пайдаланды. Қызыл әскерде 60 мың миномет пен өзге де зеңбіректер болса, немістерде ол құралдардың саны 43 мыңды ғана құрады.

Батыс шекарада тұрған Кеңес әскерінің саны 2 миллион 719 мың болса, Вермах әскері 2,5 миллион еді. Ал 22 маусымға қарсы Кеңес елі тағы да 77 дивизияны Батыс шекараға жақын­датты. Қысқасы, соғыс басталар күннің қарсаңын­да Батыс аймақта тұрған Қызыл әскердің қолы 4,3 миллион, сонымен қатар 59 787 зеңбірек және 15 687 танкпен жарақтанды. Бұл кезде Вермах әскерінің Шығыс майданында 3650 танк бар еді. Тіпті оған 86 фин, 60 румын және 160 венгр танкін қосқанның өзінде немістер Кеңес әскерінің санына да, техникасына да жете алмады. Қысқасы, 166 неміс дивизиясына 190 кеңестік дивизия қарсы тұрды. Сонымен қатар, 800 мың резерв әскерге шақырылып, Батыстағы шекара дивизияларын толықтыруға жіберілді. Шындығында КСРО үлкен соғысқа сақадай-сай тұрған болатын  дейді  тарихшылар. Демек «соғысқа дайын емес едік»  деп КСРО  басшылары қызыл армияның Мәскеу  түбіне  дейін  масқара  болып  шегінуін  жауып-шаю  үшін  айтқаны  белгілі.

Жалпы 300  спартандық  секілді өтірік–шыны аралас оқиға  қазақта  да бар.  Ол – Орбұлақ  шайқасы. Онда  600 сарбазымен Жәңгір  сұлтан Батыр  қонтайшы  басқарған елу  мың жоңғар  жасағына қарсы  шығады да  Орбұлақта ор қазып соғысады. Тек соғыспайды  жоңғарды тас-талқан етеді. Рас,  тау-тасты  сағалап  жүріп атысып, Жалаңтөс Баhадүр  бастаған  20  мың қазақ  сарбазы  келгенше жоңғардың  қолын  тоқтатқан  болар, бірақ 600  адам  50  мың  әскерді  талқан  етіпті  деу,  бұл  тым  әсірелеу. Жоңғарлар соғыс  өнерін қазақтардан  кем  білмейтіні  белгілі.  Олар да  көшпенділер. Онымен  қоймай  империялық  амбициясы басым ел. Әу  бастан-ақ, көршілерін өз  дәргейін қабылдатуға  тырысқан. Сондай  ат  үстінде алмас  қылышын  тастамай  өткен жоңғарды  тастың  тасысында тұрып, жалаң қолмен  ұрып алу оңай  емес-тұғын. Спартандықтар парсылармен айқасқа  түскен Фермопил  шатқалын  археологтар  қазып  тексергенде, қаншама қару-жарақ,  адам сүйектері табылған. Ол  шайқас   біздің  дәуірімізге  дейінгі  480  жылы  болған. Орбұлақта  ше?  Орбұлақ  шайқасы  кеше  ғана яғни  1643  жылы  болды  емес пе!  Сол  Орбұлақ  шайқасы  өткен  жерді қазып  көру керек. Оқиға  рас  болса,  ол  жердің  астында,  болған соғысты   айғақтайтын  қару-жарақ  т.б  заттар табылуы  тиіс.  Демек  оқиғаның  қаншалықты нақты екенін  білу  үшін Орбұлақтың  ой-қырын әлі де кеңірек  зерттеу керек-ау.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ