Тобыр…

Философия тақырыбына жазылған дүниелердің ішінен ең жақсы көретін еңбегім испан философы Хосе Ортега и Гассеттің «Көпшіліктің көтерілісі» кітабы. Бұл туындының жазылғанына бір ғасырға жуық уақыт таяп қалғанына қарамастан, ондағы көтерілген проблемалар әлі күнге дейін маңыздылығын жойған жоқ. Қайта керісінше, бұрынғыдан да бетер өзекті бола түсті. 

Автор өз еңбегінде тапқа бөлінбейтін «көпшілік» деген ұғымға түсініктеме береді. 19 ғасыр туғызған техникалық прогреске сүйене отырып, тұрғындар санының қалай өсіп кеткеніне сілтеме жасайды. Экономикалық дамумен бірге адам жанының да кемелденуді талап ететіне тоқталады.
Басқаша жағдайда адам бірте-бірте екі аяқты хайуанға айналып, өзінің ұрпақ, тарих, келешек алдындағы жауапкершілігін ұмытады. Міне, осылайша өз сөзіне жауап бермейтін тобырдың адамы пайда болып, тарих сахнасына шығады. Ол ешкімді де тыңдағысы келмейді, өйткені, ол өзіне қажетті бүкіл жауаптың өз ішінде жасырынып жатқанына толық сенімді. Ол басқалардың ойын қабылдағысы келмейді, тек әлі өзі де толық көзі жете қоймаған шындықтарды үнемі өзгелерге таңғысы келіп отырады. Тобырдың адамында мәдениет те болмайды, сондықтан да ол аузына келгенін сөйлей береді. Ең қорқыныштысы, тобыр адамының сөзіне құлақ асатындардың қатары көбейіп, көпшілікке айналып, қоғамның ортасына еніп кетеді де, оның ақыры ғасырлар бойы қалыптасқан үлкенді сыйлау, ақылдының сөзіне құлақ асу сияқты баға жетпес құндылықтардың жойылуына әкеліп соқтырады.
Тобырдың адамы халықтың қолымен жасалған игіліктердің бәрін де ұстап тұрған адамдық құндылықтар екенін түсінгісі келмейді. Ол мемлекеттің сәл әлсіздік танытқанын сезіп қалса, оны омақаса құлатып, күшпен басып алуға тырысады. Алайда, ел басына күн туып, ақыры қантөгіске ұласып кетсе, жауапкершіліктен қашып, оны биліктің мойнына іле салады. Тобырдың адамы ешқашан да өз мойнына жауапкершілік алмайды. Тарих алдындағы жауапкершілігін сезінбеген ұлт ұятсыз тобырға айналады. Өзінің ұлы еңбегінде Ортега-и-Гассет жақсы өмір сүру үшін адамның мемлекеттің игілігіне сүйене бермей, өз бетімен әрекет етуі керек екенін айтады. Басқаша жағдайда мемлекет халықтың әлеуметтік белсенділігін өлтіріп, оны қайта тірілту мүмкін болмай қалады. Антикалық өркениет тап осындай жағдайды басынан кешірген. Ол кезде де қоғам мемлекеттің мойнына мінген масылына айналып, ал, мемлекет тек өз пайдасын ғана күйттеп кетті. Нәтижесінде қоғамның мемлекетілігінен айырылудағы ауыр жолы басталды. Философ өз еңбегінде егер де осындай қарым-қатынас үстемдік етіп тұра беретін болса, бүкіл қоғамның апатқа ұшырайтынын айтады. Сондықтан да бізге экономикалық жетістіктерді ғана ойлай бермей, рухани тұрғыдан өрлеудің қамын жасау қажет. Басқаша жағдайда көпшіліктің арасынан шыққан тобырдың адамдары адамдық құндылықтарды аяққа таптаған жұртты өз соңынан ертіп әкетіп, мемлекеттік билікті төңкеріп тастайды. Немесе мемлекеттік билік аман қалудың қамын жасап халықты қанға бөктіреді. Бірақ бәрібір екі жолдың да ақыры жақсы болмайды.

(Амангелді  Кеңшілікұлының  Фейсбуктағы  парақшасынан)