«Тоғыз белгісіз». Ол кім?

Он сегіз мың ғалам жаралғалы бері оның құпия-сырлары толық ашылған жоқ. Әсіресе адамзаттың даму тарихына байланысты жұмбақ дүниелер жеткілікті. Мәселен әлемнің даму бағыт-бағдарына үлкен ықпал жасап отырған масондар, тамплиерлер, розенкрейцерлер жөнінде аңызға бергісіз әңгімелер көп болғанымен, нақты, ресми деректерге сүйеніп айтар дым жоқ. Тек жорамал, болжамдар ғана. Қалай десек те, саналы адам қолымен құрылған бұл көзге көрінбес жұмбақ одақтар туралы жиі айтылады, жиі жазылады.

Бірақ адамзаттың қарыштап дамуына, кездейсоқ апаттардан сақтануына, жойқын соғыстардың алдын алуға себепкер болған «Тоғыз белгісіз» деген құпия ұйым жайында әңгіме сирек. Бәлкім қажетті деректердің аздығы болар, бәлкім бұл ұйым өте құптя түрде өмір сүріп жатқандығынан болар. Әйтеуір, деректер там-тұм ғана. Дегенмен біз өз тарапымыздан адамзаттың дамуына үлкен үлес қосқан «Тоғыз белгісіз» атты ұйым жөнінде тілге тиек етіп көрелік. Масондар, тамплиерлерге қарағанда бұл ұйым жөнінде өте аз айтылады, аз зерттелген. Бірақ ғалымдар мұндай ұйым жер бетінде бар деген жорамал айтуда.

«Тоғыз белгісіз» қоғамы біздің дәурімізден бұрынғы Ш ғасырда жұртқа белгілі болған. Мұндай одақты құрған үнді билеушісі Ашок деп айтылады.

Үндістанның керегесін кеңейтіп, тұтас мемлекет құру үшін ол үнемі қанды жорықтарға шығып отырды. Соның арқасында әу баста алақандай ғана үнді жері миллиондаған, тіпті миллирд халық еркін өмір сүретін алып аймаққа айналды. Ол үшін талай ірілі-ұсақты елдерді жаулап алуға тура келді. Әрине жеке-жеке тайпа-рулар бір шаңырақтың астына біріккісі келмеді, баяғыша жеке-жеке өмір сүргенді артық көрді. Сол үшін «тұтас Үнді жұрты» деп ұран салып, біріктіруге шыққан Ашок билеушіге қарсы тұрды. Қан суша ақты. Қақатығыста қаза болғандар ондаған, жүздеген мыңға жетіп жатты. Бірде осындай қанды қасаптың ортасында болған Ашок бостан бос адамды қыра берудің қажеті шамалы екенін ұқты. Өйткені бүгін қарудың күшімен жаулап алған ел, ертесінде қайтадан қарсылық білдіріп жататын. Оқ пен от пен қорқытып жаулап алғанан гөрі адамдардың сана-сезімін бейбіт түрде жаулап алудың жолын қарастырды. Және оны тапты да. Ол адамдардың сана-сезіміне әсер ету еді. Сана уланған адам айтқанан шықпайтынын білді. Түсінді. Сосын көкірек көзі ояу, данышпан ғалымдарды, абыздарды, астрологтарды, философтарды, өнер тапқыштарды жанына тартты. Арнайы ұйым құрды. Олар соғысқа, зорлық-зомбылыққа қарсы тұрды. Кикілжіңнің бәрін бейбіт жолмен шешуге тырысты. Сондай-ақ адамзаттың дамуына әсер ету үшін түрлі жаңалықтар ашуға тырысты. Осылайша «Тоғыз белгісіз» ұйымы дүниеге келді. Олар ықылым заманан келе жатқан адамзаттың ақыл-ойын, даналық ілімдерін қағазға түсірді. Ашқан жаңалықтарын жұрттан құпия ұстауға тырысты. Өйткені онда адамзат үшін игі жаңалықтар да, қасірет әкелетін дүниелерде жеткілікті еді. Көп ұзамай ұйымға ақыл ойдың кемеңгерлері көптеп ене бастады. Бірақ билеушінің алдына тек солардың сегіз адамы ғана кіруге құқылы болды. Өзімен тоғыз адам. «Тоғыздықтың» атауы осылай дүниеге келді. Көп ұзамай Ашок қол астындағыларды Тибет, Қытай, Жапон және Араб елдеріне аттандырды. Олар сол жақтағы аты шыққан ғалымдар, оқымыстыларды өздеріне тартты. Олардың білгендерін шағын ортада безбенге салды. Саралады. Сосын адамзаттың игілігіне жұмсауға тырысып бақты. Бірақ бәрі сырт көзден құпия сақталды.

Уақыт өтіп жатты. Тоғыз ғұламаның орнын олар өлген соң, өзгелер басып отырды. Әрине қанша тырыссада олардың қолынан түрлі қақтығыстарды, қасіретті оқиғаларды тоқтату келмеді. Бәлкім ондай жағдайлардың болғанын сәл азайтқанда болар. Бірақ жұмыр жер бетінде толыққанды билік жүргізу ешкімнің қолынан келе бермесі хақ. Қазірде өмір сүріп отырған бұл «Белгісіз тоғыздықтың» құрамында кімдер бар, кімдер болды деген заңды сұрақ туары хақ. Бірақ дөп басып «мынау болды, мынау қазір сол ұйымның мүшесі» деп ешкімді көрсете алмайсын. Себебі ұйымның құпиясы сонда. Әр кездері бұл қоғамның құрамында Рим папасы Сильвестер ІІ, Үнді жұртын билеген моголдардың падишахы Әкбар болыпты деген жазбалар бар. Содан болар бұлардың қай-қайсы да халыққа жақын болған, олардың қамын жеген. Өздері билеген мемлекетте өлім жазасын тоқтатқан. Адамдар арасында мейрімділік, бауырмалдық дәнегін сепкен. Ұйымға мүше болып атақты суретші Леонардо да Винчи, Роджера Бэкон, Парацелса сияқты ғұламалар енген. Дегенмен құпия ұйымның адамзаттан жасырған ілімдері кейде жел ауыз мүшелерінің арқасында сыртқа тарап кетіп отырған. Солардың айтқанына қарағанда бүгінгі күні адамзаттың иглігіне жарап жатқан көптеген дүниелер сол ықылым заманда-ақ, ойластырылып, алыс болашақта жүзеге асады деп жобаланып қойған секілді.

Мәселен, ХШ ғасырда сол ұйымның белсенді мүшесі болған ағылшын монах –философы Роджер Бэкон көп ұзамай дүниеге ғарыш әлемін зерттейтін телескоп, ұшақ, автомобиль және телефон келетінін айтып кеткен. Неге ол құпияны ашты? Ол жағы жұртқа белгісіз. Бәлкім адамдар болашаққа сенсін, үлкен үмітпен өмір сүрсін деді ме екен? Ал Леонардо да Винчи тік ұшақ, сүңгуір қайық, шынжыр табанды және дөңгелекпен зымырап жүретін көлктер адамдарға қызмет ететінін жазып қалдырған. Тіпті сұлбасында сызып беріп кеткен. Бұған не дейсіз? 1636 жылы ұйым мүшесі Швентер деген данышпан телеграф дүниеге келетінін, адамдар бір-бірімен сымсыз құралдармен сөйлесетінін жұртқа жайып жіберген. Ал тағы бір ғұлама түрлі түсті суреттерді қалай шығаруға болатынын айтып, сурет шығарудың процесіне дейін жазып қалдырған. Тіпті олар көктегі ғаламшарлардың орналасуын да, оған баруға мүмкіндік туатынын да білген. Нақты деректер бар. Демек «Тоғыз белгісіз» ұйымы бүгінгі күннің технологиясы енді ғана мүмкіндігі жетіп жатқан дүниелердің сырын баяғыда-ақ біліп қойған секілді. Осыдан-ақ ол ұйымға өте мықты оқымысты-ғалымдар, өнер тапқыштар енгенін байқауға болады. ХІХ ғасырда Наполеонның Калькут қаласындағы елшісі Луи Жаколио ұйымның көптеген құпия құжаттарымен танысқан. Кейінен «Әлемді жалмайтын оттар» деген керемет құнды кітап жазып шыққан. Кітап қолдан қолға өткен. Онда «Тоғыз белгісіз» ұйымының тірлігі, олардың ашқан жаңалықтары жөнінде сөз болады. 1927 жылы Үнді полициясында 25 жыл қызмет еткен ағылшындық Талбот Мэнди жартылай зертеуден тұратын романын жариялады. Оның жазуынша « Тоғыз белгісіздер» ұйымы ешқандай аңыз қауесет емес, шындық екенін, әлі күнге тірлік етіп жатқанын нақты деректермен келтірген. Кітапта адамзаттың ақыл ойының биік шыңы болып саналатын тоғыз кітап барын, оны тоғыз адам сақтап, иелік ететінін жазған. Бірінші кітап, адамға психологиялық әсер етудің жолдары туралы жазылған. «Ең қауіпті ғылым ол- адамдардың сана-сезімін жаулап алу, сол арқылы бағыттау. Адамдардың миын апиынша улап алған соң, әлемді басқару қиын емес» деп жазады Мэнди. Екінші кітап адамның жүрек-жүйкесіне байланысты. Онда түртіп қалып адамды өлтіру не болмаса тірілтіп жіберудің жолы көрсетілген. Көптеген шығыс жекпе-жегі осы кітаптан алынған деседі. Үшінші кітап, микро және макробиология жөнінде. Төртіншісі химияға байланысты. Мұнда кенді игере отырып, асыл темірлерді дүниеге әкелудің егжей-тегжейін жазылған. Демек ерте заман ғалымдары тастарды үгітіп, одан темірді қалай қорытуды және қандай қоспалар қоса отырып, берік дүниелерді әкелудің жолын бес саусағындай меңгерген. Бесінші кітап жер және ғарышпен байланыс жолын көрсеткен.

Алтыншы кітап физика мен математикаға арналған. Жетінші құпия кітаптың негізгі тақырыбы күн және электр сәулелерін қалай меңгерудің жолдары қарастырылған. Сегізінші ғарышқа байланысты. Ал тоғызыншы кітапта қоғамның эволюциялық дамуының сатылары көрсетілген. Бұл тоғыз кітап өте құпия сақталуда. Онда бүгінгі сізбен біз өмір сүріп отырған ғаламның бүгіні мен ертеңі толық жазылған. Тіпті болашақта бізді не күтіп тұр. Ол да сонда жазылған көрінеді. Адамзаттың дамуына үлкен септік тигізіп отырған «Тоғыз белгісіздердің» мақсаты массондар секілді ақшамен әлемді қалай басқару емес, керісінше адамзатты оқыс жағдайлардан сақтандыра отырып, оның өркениетке қарай қадам басуына демеу жасау сияқты.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ