«Томиристі» таныттық, ендігі кезек Жошы хан

Сақ  ханшайымы жаужүрек Томирис жөнінде кино  түсіріліп  жатыр  деген  хабар  айтылғалыда  бірер  жылдың  жүзі  болған. Бізге  де  еліміздің  экранына  шыққан  сол фильмді көру  жазыпты. Бардық.  Көрдік.  Ойға  қалдық.

Рас,  әлеуметтік  желілерде «кино  орыс  тілінде  жүріп  жатыр.  Ана  тіліміз  өз жерінде тағыда  өгей  баланың күйін кешіп, титрда тұр. Сондықтан  бойкот  жариялау керек»  деген  өкпе-ренішке  толы  жазбаларда болды. Енді  бірі «Томирис  қазақтың  тарихы  емес,  бізге  жат»  десе келесісі «Тұмар  ханымды бірінші  болып  түсіріп,  жекешелендіріп алдық»  деп  жатты. Тіпті киноға,  ондағы оқиғаларға, актерлердің  ойынынада  көңілі  толмайтындарын  білдіріп  жатқандар  баршылық. Осы  сарындас  дүниелерді  оқыған  соң, «баруға  тұра  ма,  тұрмай  ма?»  дегенде  ойға  қалдық.  Дегенмен көне  тарихты  қопарып, ұлы  сақ  ханшайымын экрандаған Ақан Сатаевтың  туындысын көруге деген құмар  үйде  отырғызбады.  Бардық. Көрдік. Тұщындық.

Кино жайында  ойымды өрбітпес бұрын,  әлеуметтік  желіде қозғалып  жатқан  дауға  тоқтала кеткім келеді. Түптеп келгенде  алаш  баласы Тұмар  ханым  деп атаған сақ ханшайымы  қазаққа  жат емес.

Өткен тарихқа  көз  салар  болсақ, Алаш баласының  тамырында  Алтайда  өсіп-өркендеген  түріктердің яғни Бумын,  Естеміс, Білге  қағандардың, көк  түріктің  көк семсері атанған  Күлтегіннің, одан  ары  секірсек хұндардың, олардың  ұлы  басшылары Мөдемен   Еділ  батырдың (Аттила), тағы  тамырлай  түссек сонау  Тынық  мұхитынан  бастап  батысы  Дунайға  дейінгі алапты алып  жатқан  ұлы даланы  мекен  еткен  сақтардың  қаны  бар.

Томирис ұлы  даланы  мекен еткен   сақтардың  бір ірі  бұтағы массагеттердің қызы. Ал сол массагеттер Арал  теңізінің  бойын,  Сырдарияның  қос жағасын  мекен еткен  тайпа. Жыл  санауымыздан  бұрынғы  530  жылы  өткен, Парсы  патшасы  Кирдің басын  жұтқан  атақты  соғыс, Сырдың  бойында,  Қаратаудың  етегінде, Талас даласында  өткені  анық. Екі  жақтан жарты  миллионға  жуық  әскер  қатысқан  қанды  қырғында өз  даласын,    елін  қорғаған Томирис ханшайым басқарған  сақ  қолы  жеңіске  жетті. Жасанып келген  жау  жер  құшты, Кир  патша  сақтардың  қолынан қаза тапты. Демек  тарихта аты  қалған бұл  соғыс бүгінгі  қазақ  даласында  өтті.

Біз  өзімізді түріктердің,  хұндардың,  сақтардың ұрпағымыз  деп  есептейтін  болсақ, киелі  Сыр  бойын  қорғаған  Тұмар  ханым  бізге  жат болмағаны. Тіпті жауынгер  ханшайымның  сүйегі  осы  өңірде  жатуы мүмкін. Әлемге  аты кеткен Томиристі елдің алды  болып  экрандап  жатсақ, түбі  бір қандаспыз  деп  өзімізге тартып жатсақ,  несі айып? Ол  Сыр  бойында  дүниеге келді, сол өлкені жасанып  келген  жаудан  қорғады. Дүниеден  өткенде  де сүйегі  сонда  қалды. Демек, Томирис  Сырдың  қызы. Оны  ешкім жоққа  шығара алмайды.

Енді фильм бірден  неге  қазақ  тілінде көрсетпеді  дегенге келсек, көрерменнің  реніші  орынды. Киноның  режиссері Ақан Сатаев «титрлерде  латын әліпбиіне аударылу барысында көптеген грамматикалық  қателер кетті. Сол себепті кешіктіріліп  жатыр. Бірер күнде  қазақша  нұсқасы  даяр  болады»  деп жұрттан кешірім  сұрапта  үлгерді. Рас,  режиссер  айтқандай  қазақша  нұсқасы бірер күнде даяр  болатын  болса, сәл күте  тұруғада  болар еді. Амал нешік? Өйткені бұл киноны өзге ұлт  емес, алдымен көретін қазақ. Қазақтың көңіліне  қарау керек еді. Сәл асығыстық  болды.

Ал енді киноның  өзіне келетін  болсақ,   тарих  жайында  түсірілген фильмдердің  ішіндегі  ең  бір қапысыз, мықты  түсірілген фильм деуге  болады.

Ақан  Сатаев тісқаққан,  тәжірибелі  режиссер. Мұның  алдында  да тарихқа  бойлап, «Жау  жүрек  мың бала»  атты кино  туынды  жасаған азамат. Нені  және  қалай  түсіруді  біледі. Томирискеде  өте үлкен  дайындықпен келгені көрініп тұр. Сақтар жөнінде  жазған Гередот, Птолемей, Страбондардың көне  жазбаларымен  шектеліп  қалмай киноны мейлінше  көркемдей  білген. Актерлердің  ойыныда көңілге  қонымды. Операторларда кәнгі екені көрініп  тұр. Режиссердің көне  түрік  тілін  таңдап  алуыда  фильмге өзге реңк берген. Сәтті  қолданыс.

Егер «Көшпенділер», «Қазақ  хандығы»  секілді  тарихи  кинолармен  салыстыратын  болсақ,  «Томиристің»  олардан шоқтығы  биік  тұр.  30 миллион  долларға  түсірілген «Көшпенділерге»  қара, 10 миллион  доллар кеткен «Томириске»  қара. Бір қайнауы  ішінде,  шала шыққан «Көшпенділерді»  өзге  емес, өзіміз  ұяла  көріп едік,  ал  «Томиристі» өзімізді  былай  қойып, өзге  жұртқа  ұялмай көрсетуге болатынына  бәс тігемін.

Кинода  сол заманға  сай киім киіс, қару-жарақ, салт-дәстүр, адамды  жерлеу  рәсімдері сәтті шыққан. Әрине  Томиристің ата  жаулары көп  қарсыласпай тез  өле  салатыны көңілге  аздап  сенімсіздік  ұялатады. Мен  кино  сыншысы емеспін. Кем-кетіктерін  сыншылар  тілге  тиек ете жатар. Мен қарапайым көрермен  ретінде  өз  ойымды  жазып  отырмын. Бір сөзбен айтқанда «Томирис»  сәтті  шыққан.

Сөз соңында айтқым келгені  мынау еді:  сәл  тынығып алып Ақан  Сатаев «Алтын  орданы»  оның негізгі  сұлбасын  қалап кеткен,  Ұлытауда  сүйегі  жатқан Жошыхан  жөнінде кино  түсірсе  деген   ой.

Бұл  жөнінде  Ұлытауда  өткен  жиында президент  Қасым-жомарт Тоқаев «Алтын  орданы», Жошыханды  дәріптеу керек  деп айтқан еді. Соның  орайы келіп  тұр. Әлемдік  тарихта аты  қалған Жошы  туралы фильм  түсіруге Ақан  Сатаевтың  күш-қуаты  да,  тәжірибесіде  жетеді. Тіпті «Томиристе»  пайдаланған  киім-кешек,  қару-жарақ та даяр тұр  деуге  болар еді. Тек ниет  болса.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ»  экологиялық  альянсының  төрағасы