Тоқаевтан кейін Президент кім болады – Сәтпаевтың хит болған сұхбаты

Саясаттанушының орыс тілінде берген сұхбаты тым батыл болды.

Досым Сатпаев – билік пен оның іс-әрекеті туралы шындықты бетке айтатын елдегі ең жетекші саясаттанушылардың бірі. Ол YouTube-тегі ALIBEKOVKZ арнасында Бейбіт Әлібековке берген сұхбатында Қазақстанның жаңа президенті кім болатынын айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

– Экс-президенттің күтпеген жерден кетуі сюрприз болды ма?

– Қазақстанда билік транзиті туралы тақырып баяғыдан келе жатыр. Былтыр Қауіпсіздік кеңесінің өкілеттігі күшейтіліп, Нұрсұлтан Назарбаев оның өмір бойғы төрағасы болуы – бір нәрсенің дайындалып жатқанын анық білдірген. Тоқаев өз еркімен өз пікірін білдіретін адам емес. Шетелдік басылымға Назарбаевтың келесі сайлауға қатыспайтыны туралы мәлімдегені Елбасының келісімімен айтылды деп ойлаймын. Жыл басында Назарбаевтың Конституциялық кеңеске сұрау салғаны оның кететінін айқын білдірген соңғы белгі болды. Өйткені оны қызықтырған бапта президенттің өз еркімен кетуі туралы сөз болмаған. Президенттің өз еркімен келетіні белгілі болса да, ол тура келесі сайлаудың алдында кетеді деп күткен едік. Біздегі бүкіл заңдық, саяси инфрақұрылым президенттің кетуіне дайын тұрды. Ал енді неге жұрт ойлағаннан ертерек кетті десек, оған өзбек сценарийі себеп болды, деп ойлаймын. Өзбекстанда Ислам Кәрімов кенеттен дүние салып, билік сабақтастығы болмай қалды. Қазіргі президент Шавкат Мирзиеев қазір жүйені толық ауыстыра бастады. Ислам Кәрімовтың маңайында болған топтың жартысын түрмеге тықты, қалғанын ықпалсыз етті. Ислам Кәрімовтың отбасы мүшелері де қатты әлсіретілді. Қазақ элитасы үшін осы модель ең жайсыз болар еді.

“Кетті, бірақ әлі де қалды”, деп facebook-те жазғаным тегін емес. Кетем деген өз сценарийін ойната салды, бүкіл билік іс жүзінде әлі де Назарбаевтың қолында тұр. Ол экс-президент бола тұра, билік тетіктерінің бәрін өз қолында қалдырып отыр. Сингапурдегі Ли Куан Ю-дің моделін қайталауға тырысуда. Енді келесі президент кім болады деген сұрақ қызық. Тоқаев келесі сайлауға дейінгі өтпелі кезеңнің президенті атанды. Ол техникалық фигура ма, әлде оны келесі сайлауға қатыстыра ма, сол қызық маған. Мен үшін нағыз президент – сайлау кезеңінен өткен президент. Бірақ мен реалистпін, Қазақстанда әділ, бәсекелі сайлау болмайды. Қазақстанда өзі солай тарихи қалыптасқан – кез-келген сайлау шын сайлау емес, бір саяси спектакль ғана: нақты режиссерлері мен ойыншылары болатын. Олар өткізігісі келіп отырған сайлауда бір фаворит болады, бүкіл әкімшілік ресурс, ақпараттық ресурс соған жұмыс істейді. Ең қауіптісі – тағы да халықта таңдау болмайды. Сайлауда Тоқаев жеңсе де, Назарбаев отбасының мүшесі жеңсе де – оның демократияға ешқандай қатысы болмайды. Жеңімпаз шынайы бәсекеден өтуі тиіс. Қазақстан жағдайында әділдік болады дегенге үлкен күмәнмен қараймын. Отбасы мүшесі сайлауға түссе – бүкіл мемлекеттік аппарат соған жұмыс істейтін болады, – дейді саясаттанушы.