ТОҚАЕВТАН ЖҰРТ ТОҚ ЗАМАН КҮТЕДІ

Еліміздегі бас партия – «Нұр Отан» өз таңдауын жасады. Партия төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік сайлауға ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандитатурасы партия мүшелерінің бір ауыздан қолдауына ие болды.
Таңдау дәл жұрт ойлағандай болды. Бәріміздің де болжамымыз осындай еді десек, қателеспейміз.
Елбасы өз сөзінде айтқандай «Билік сабақтастығын жалғастыру Ата Заңымызға толық сәйкес келеді. Қасым – Жомарт Кемелұлы әрбір іске зор жауапкершілікпен қарайтын мемлекет қайраткері. Ол айқын саясат жүргізудің қаншалықты маңызды екенін жақсы білетін азамат. Халықаралық аренадағы серіктестік үшін де бұл маңызды». Расында, өзімен ширек ғасыр үзеңгілес болған азамат жайында Елбасыдан артық кім білмек?! Оның үстіне Тоқаев жайындағы жұрт пікірі де осыған саяды. Ендеше, бұл –ел басқаратын азамат жайында нағыз дұрыс таңдау жасалды деген сөз!
Жұрт Тоқаевты бұрын да ақ-адал, ары мен қолы таза азамат ретінде танитыны ақиқат ғой. Оған қоса Қасым – Жомарт Тоқаев мемлекетті басқарған отыз күн ішінде де өзі жайында халық арасында тек жағымды пікір қалыптастыра білді. Отыз күн дегенің былайша қарағанда қолға да сырғып тұрмайтын уақыт қой. Осынша қысқа мерзімде өзінің байсалдылығымен, қарапайымдылығымен, барынша ұстамды әрі икемді образ қалыптастыра білгендігімен ол нағыз мемлекет басқаратын жарқын тұлға екенін дәлелдей білді. Әкім қараларға әлеуметтік желі арқылы халықпен жақындасуға пәрмен беруі, қазақ тілін бірінші орынға қойып сөйлеуі, алғашқы сұхбатын қазақ газеттеріне беруі, алғашқы сапарын Түркістандағы қазақ үшін қасиетті Қожа Ахмет әулие мен Маңғыстаудағы Пір Бекет әулиеге зиярат етуден бастауы дейсің бе, соның бәрі жұрттың ішін жылытатын жағдаяттар болды.
Елбасы айтсын-айтпасын, қарапайым халыққа ештеңеге алаңдамайтындай тыныштық пен тұрақтылық керек! Әсіресе қазіргідей болжап білуге болмайтын жаһандық күрт өзгерістер заманында. Әрине, барлық салада өзгерістер керек, бірақ бәрінің табиғи жолмен болғаны билікке ғана емес, халыққа да тиімді. «Бәйтерек бір орында тұрып көктейді» дегендей, бидік сабақтастығы сақталған жағдайда ғана қарапайым жұрттың алаңсыз еңбек етіп, ұрпақ өсіруіне, өзін, отбасын жетілдіруіне қолайлы уақыт, керемет мүмкіншілік болады.

Азаматхан ӘМІРТАЙ,
«Байтақ болашақ» экоальянсының төрағасы.