Триллион долларға түскен соғыс

Дүние  жүзінің тарихына   көз жүгіртсек, өткен  ғасырдың ортасынан  бастап  АҚШ-тың тізесі  батпаған,  дөң-айбат  жасап, қорқытпаған  елі  қалмаған  секілді. Ол  ол  ма,  тіпті өзіміз  өмір  сүріп  отырған  ХХІ  ғасырдың  өзінде-ақ  Вашингон өзіне  қарсы келіп  сөз  айтқан, не  болмаса нұсқауымен  жүргісі  келмейтін мемлекеттерге  қысым  жасап,  қажет  болса күшпен  таптап  тастауға баруда. 

Мысал  көп. Ирак  пен  Ауғанстанды  қан  қақсатуы, Араб  елдеріндегі  бүліктерге  белсене араласуы, бүгінгі  күні Сирия  мен Иранға  қоқан-лоқы  жасап  отырғаны.  «Еліңде  демократия  жоқ»  деп жұмыр  жердің  бетіндегі  кез-келген  елге қысым  көрсетуі.   Тізе  берсең  шыға  береді.

Өткен  жылдың  соңғы  айында Ирактан әскерін (2003  жылы басып  кірген еді)  шығарды.  Ирак  соғысына  1  триллион  ақша  жұмсапты.  Аз  қаржы  емес.  Әлемдегі  кішігірім  жүздеген  мемлекеттің   бюджетіне  тең  қаржы. АҚШ  әскері  Иракте  не  бітірді? Түк те. «Саддам  Хуйсейін  химиялық қару  жасап  жатыр, Кувейттің  тәуелсіздігіне  қатер  төндірді»  деген желеумен басып кірген  әскер,  адамзатқа  қауіп  әкелетіндей зұлмат  қаруды  таппады. Саддамды  дарға  асты. Ақыры  араға  8  жыл  салып  ол  елді  тастап  шықты.  Артында тоз-тозы  шыққан,  екі  күннің  бірінде шейіт-сүнит   және  күрд  болып атысып, бірін-бірі  жарып  жатқан шала-жансар Ирак  қалды.  Ауғастан да  солай.

2014 жылы АҚШ  ол жерден де  әскерін  шығаруға  бел  буып  отыр. Бірақ 2001  жылы  кіргізілген  коалиция  күштері (негізгі  әскер  АҚШ-тікі) не  бітірді? Түк те. «Әл-кайда»  мен  тәліптер біріккен  армияға бас иген  жоқ. Қайта қыр  көрсетті. Шетке  шыққанын  жарып  кетті, атып  кетті. Ақ  үйдің үкілеуімен  таққа  отырған қуыршақ Карзай  үкіметі Кабулға  ғана  ие  болғанымен ауғанның  өзге  өңіріне   билік  жүргізуден  ада.

Коалиция  күштері енгізілгелі  бері Ауғанстанда есірткі өсіру бернеше  есеге  артқан. Коалиция  жетістігі  осы  ма? Бұл АҚШ-тың  бүгінгі тірлігі. Өткен  ғасыр  ортасынан басталған   әлімжеттік  кезінде  АҚШ  Жапонияға  1945  жылы екі  бірдей  атом  бомбысын  тастады. Бір тұтас  Кореяны  1950  жылдары бөлшектеуге  араласты. Үнідқытай  түбегіндегі   соғыстың жарлықаушысы  да Ақ  үй болды. Үндіқытай  дегенде Вьетнам соғысы  еске  түсетіні белгілі. Өйткені  бұл  өткен  ғасырдағы   ең  ірі соғыстардың  біріне  жатады. Бүгінгі тарқатар  әңгімемізде  сол болмақ. Өйткені  Вьетнам да Корея  секілді  екіге  жарыла  жаздап әрең  қалды. Бүкіл  Үндіқытай  түбегіне  шарпыған  ол  соғыс  неден  басталып,  қалай  бітіп  еді?..                                                                                   Осыдан 39  жыл  бұрын АҚШ Үндіқытайдан  әскерін шығаруды  бастады.   Яғни 1973 жылы 27 қаңтарда  Парижде АҚШ  пен  Солтүстік Вьетнам  арасында  жанжалды  реттеу  жөніндегі   келісімге  қол  қойылды.  Шарт  бойынша  АҚШ  ол жерден 536 мың  әскерін  шығармақ  һәм бомбылауды  тоқтатпақ. Осының  қарымтасы ретінде  солтүстік вьетнамдықтар  әскери  тұтқындарды  босатпақ   болды. Ал соғыс  қалай  басталып  еді?

Жақында америкалық Washington ProFile  агенттігі Үндіқыйтайдағы  жанжал  жөнінде  бірнеше  мақаланы  жарыққа  шығарды.  Мәселен, «1960  жылы Вьетнам   коммунизмді   құлатып,  демократия орнатуға  болатын плацдарм ретінде   есептелді.  Егер де осы  мемлекетке   кім  иелік  етсе,  ықпалына  түсірсе,  сол ел  бүкіл Оңтүстік – Шығыс  Азияға  өзінің  нысанасына   алары   сөзсіз  еді. Тартыс  сол  үшін  басталды. Осы  жерде  АҚШ  пен  КСРО-ның   мүддесі  тоқайласып  жатқан-ды.  Француз  отаршылары  Вьетнамды  тастап  шыққан  соң,   ел  Оңтүстік  және  Солтүстік  болып қаққа  жарылып, (шекара  17  параллельдік  сызық  бойынша  белгіленген)  солтүстігінде  – коммунистік  жүйе, оңтүстікте – АҚШ-тың  көмегімен жалған демократиялық жүйе орнады. 1959  жылы  Солтүстік  Вьетнам   жаңа конститутция  қабылдады. Онда социализм  құрылысын  баянды  ету  және  мемлекеттің  тұтастығын   орнына  келтіру  көзделген  болатын. Осыдан кейін-ақ  оңтүстіквьетнамдық  партизандар   солтүстіктің Лаос пен Камбождада  орналасқан  әскерінің  қолдауымен Оңтүстік  Вьетнамның  әскери базалары мен  әкімшілік  мекемелеріне  шабуыл  бастады.

1960  жылдан  бастап  жалпы  Вьетнамда халық  толқулары  болды.  Бірнеше  мәрте  әскери  төңкеріс те  жасалды. Осындай  жағдайда  Оңтүстік  Вьетнам  әскерилердің  қолына  өтіп, «полицейлік»  мемлекетке  айналды. 1964 жылы АҚШ президенті Линдон Джонсон Конгресске Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерін қорғау үшін әскери күш қолдануға да рұқсат берді. Бұл шешімнің қабылдануына америкалық эсминецтерге солтүстік вьетнамдық әскери катерлер жасаған шабуыл себеп болған деседі. Осыдан кейін-ақ Американың әскерилері Оңтүстік Вьетнамға келіп, сол елдің қарулы күштеріне көмек көрсете бастады.

«Washington ProFile» басылымы АҚШ-тың Вьетнамға қарсы агрессиясының экономикалық себептерін де ашып көрсетуге тырысқан. «Вьетнамдағы соғыс АҚШ-тың әскери-өнеркәсіптік кешеніне берілетін мемлекеттік тапсырыстарды 1,9 пайызға дейін арттыруға жол ашты. 1965 жылы АҚШ-тың экономикалық өсімі 7,4 пайызды құраған, ал ең жоғарғы көрсеткіші 1968 жылы болды – 9,4 пайыз. Бірақ содан кейін, соғыс аяқталуға жақы қалғанда АҚШ-тың ішкі жалпы өнімі тағы да төмендей бастады.

Жалпы, соғыс жылдары АҚШ-тың ішкі жалпы өнім көлемі 9,7 пайызға өскен» деп жазады әлгі  басылым. Алайда АҚШ әскери-өнеркәсіптік кешенінің осы пайыздардың өсімі мен қаржылай табысының артында не тұр? Америка осы табыс үшін ондаған мыңдармен есептелетін өз жауынгерлерінің өмірімен есеп айырысты. 70-ші жылдардың басында-ақ солтүстік вьетнамдықтарды жеңу мүмкін емес екені белгілі болған. Оның үстіне, ендігі Американың өз ішіндегілер де қарсы бола бастаған бұл соғысты ары қарай жалғастыру жаңа шығындарға әкелетіні де белгілі болған еді.  Мұның  ақыры 1973  жылы Париж келісіміне   қол  қоюмен  бітті.  Дегенмен  соғыс  оңтүстікпен  солтүстік  арасында 1975 жылдың  30   сәуіріне  дейін  жалғасты.  Жеңіс    кеңестік  елдің  көмегіне  сүйенген  Солтүстіктердің  толықтай  жеңуімен  бітті. Қанды  қырғында  3  миллион солтүстік вьетнамдық  қаза  тапты.  Оның  1  миллион  100  мыңы   солдаттар мен  партизандар, қалғаны  бейбіт  тұрғындар.  Ал  оңтүстіктер  250  адамынан айрылды,  1  миллионы  жараланды.

Осы соғыста АҚШ-тың   58 мың  сарбазы  шейіт  болды.  303  мыңы  жараланды. Қазіргі  есептеу  бойынша бұл  соғыс  АҚШ  үшін  1  триллион  долларға  түсіпті.  Ирактағы  (мұнда да  1  триллион    қаржы  шығындалды) соғыспен  бірдей  қаржы  жұмсалыпты.   Ал  солтүстікке  көмек  берген  КСРО-да бұл  соғысқа аз  қаржы  салған  жоқ.  Сол  кездегі КСРО министрлер  кеңесінің   төрағасы  А.  Косыгиннің  келтіруне  қарағанда Вьетнамға  күніне  1,2 миллион   рубльдік  көмек  берілген. Демек  8  жылда аз  ақша  жұмсалмаған. Жалпы  КСРО    Вьетнамға  көмек  ретінде  2000  танк, 7000 артилерия,  миномет, 5000 зениттік  қондырғы,  700  әскери  ұшақ, 120 тікұшақ, 100  әскери кеме  т.б әскери  құрал-жабдықтар, атыс  қаруларын    берген.  Сондай-ақ 7  мыңға  таяу әскери  мамандары соғысқа  араласты.

Жалпы Вьетнам  соғысы әлемді  қақ  бөліп  билеуге  тырысқан  екі алып  держава АҚШ  пен  КСРО-ның жекпе-жегі  болатын.  Олар  тікелей  қақтығыспай   жанжалға   өзге  алаңды  таңдап  алған  еді. Ол Вьетнам  болды. Оның  алдында 1950-1953  жылдары текетірес  алаңы  ретінде Корея  таңдап алынған.  Қаққа  бөлінген  ол ел  әлі  күнге біріге алмауда. Бірақ  бұл  Корея  соғысы  жеңімпаздың кім екенін анықтай  алмаған.  Ал,  Вьетнамдағы  қақтығыста КСРО-ның  мерейі  үстем болды. Алайда өткен  ғасырдың  90-шы  жылдары КСРО құлады. Келмеске  кетті. Сонда  бері  әлемде   бір  полярлық жүйе  қалыптасқаны  белгілі. АҚШ  өз дегенін  істеуде. Бұл  қашанға  дейін  жалғасады,  белгісіз…

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ