Ұлы көшпенділер

Менің ,,Аласапыран,, деген романым болды. 80-ші жылдардың басында. Тарихи роман- дилогия. Осы кітап кезінде орыс тіліне аударылып, Москвадан шықты. Сонда Курчаткин деген орыстың үлкен жазушысы, жасы маған тетелес , сол аударып отырып, риза болып, мені мақтап отырып, былай деді: ,,Жәрайды, жақсы жазыпсың. Әдемі жазу қаламгердің шеберлігіне байланысты, алайда, осы айтып отырғаның артық емес пе, өзіңнің халқыңды жақсы көресің, бірақ артығырақ мақтап жіберіпсің. Қазақ мұндай болған жоқ қой,, – деді.
Сосын мен айттым: ,, Бұрынғы қазақтың қандай екенін қазіргі маған қарап бағалама, мен қазақтың тозған, шаршаған, азған кезіндегі көрінісі боламын. Бабаларым әлдеқайда тәуір болды,,- дедім. Ол күлді. Сосын айттым: ,,Ал, енді бір сұрақ саған. Моңғол шапқыншылығы заманында, тарихтағы татар, моңғол шапқыншылығы дейтін уақытта кімнің мәдениеті жоғары болды? Русьтің мәдениеті жоғары болды ма әлде көшпенділердің , далалықтардың мәдениеті жоғары болды ма? – дедім. Сонда ол күлді де айтты: ,,Осындай сұрақ қоюдың өзң сөлекет емес пе? Әрине, Русьтің мәдениеті жоғары болды. Көшпенділер жабайы болды – деді. Олай болса тоқта дедім. Мәдениет деген не? Алдымен, соған келісіп алайық. Егер, мәденинет жазу, сызу болатын болса, онда қазіргі орыс жазуы , кириллица жазуы болгардың Кирилл, Медофий деген монахтарының шығарғаны, арғы тегі гректің жазуына барып тіреледі. Орыстың өзінің төл жазуы емес. Оның өзі кейін орныққан, христиан дініне енгеннен кейін. Ал біздің жазуымыз 5-6 ғасырларда әбден қалыптасқан болатын, арғы заманды айтпағанда. Біздің төл жазуымыздың мың жарым жылдық тарихы бар. Онда жазу бізде бұрын болды және жетілген, жақсы болды. Қазіргі қазақтың кириллицаға негізделген жазуынан біздің бұрынғы көне түрік жазуымыз артық болатын. Өз жазуымыз , төл жазуымыз. Ал егер, мәдениет деген әдебиет болатын болса, онда ,,Игорь полкі туралы сөз,, бар, орыстың, үлкен , ұлы мұра. Шығу төркіні күмәнді әйткенмен. 12-ші ғасырда жасалған, моңғол шапқыншылығының қарсаңында делік. Ал бізде одан бес- алты ғасыр бұрын жасалған рухани ескерткіштер сақталған. Тасқа қашалған ерлік жырлары. Күлтегіннің басындағы жазу деп аталады. Тоныкөктің басындағы жазу деп аталады. Білге қағанның жазуы деп аталады. Мойын- Шор, Құли – Шор, Онгин- толып жатыр. Әдебиеттің озық үлгісі. 7-8 ғасырларда жасалған, тасқа қашалған. Күні бүгінге дейін сақталған. Ол кезде бүкіл Еуропада мұндай әдебиеттің үлгісі жоқ. Ал одан соңғы біздің ұлы дастандар, Жүсіп Баласағұн ,,Құдатғу білік,, мың жыл бұрын жасалған, тағы толып жатыр. Ал, егер… Мәдениет дегеніміз ғылым мен техника болса , онда ең өткір қылыш, ең берік құрыш кімде болды? Мәскеуде, Қызыл алаңда, Тарих музейінің бірінші қабатында қыпшақ қылышы тұр. Ұзындығы осындай, тура алты қарыс, қазақ қарыспен өлшейді ғой. Ат үстінен шабатын болған. Жіңішке, әдемі, қайқы қылыш, бұдан мың жыл бұрынғы. Ондай қылышты жасау үшін өте жоғары технология болуы керек. Металдың химиялық, физикалық құрамын тәжірибе тұрғысында жете білу керек. Ең жақсы сауыт кімде болды, ең жақсы садақ кімде болды. Ең жақсы жебе кімде болды. Біздің садақшылар садақ тартқан кезде, алты жүз қадам жердегі сауытты бұзатын болған. Ол кездегі жебелер жалпақ, жапырақ жебе, қалқып ұшады ауада. Менде сол жебенің бірнеше үлгісі бар, отыз бес грамм салмағы. Оны тарту үшін сүйекті садақ керек. Жәй садақпен тартылмайды. Оны тарту үшін керемет, ғажайып күш керек. Мінеки, егер, мәдениет дегеніңіз ғылым болса, онда біздің ғылымымыз жоғары болды- дедім. Мына сендердің қылыштарыңның, жебе мен садақтарыңның қандай болғандығын біз білеміз дедім. Ал егер, мәдениет дегеніңіз, соғыс тәсілі болса, әскери өнер болса, онда 1223- ші жылы Қалқа өзенінің бойында бүкіл орыс кінәздіктерінің біріккен сексен мың қолын біздің бабаларымыздың екі ақ түмен, жиырма мың әскерімен қалай талқандағанын білетін шығарсың. Сонда ол айтты:
– Әй, моңғол- татарлар, олар қазақ емес- деді. Мен айттым: – Сол шапқан адамдардың бәрі Керей, Найман, Жалайыр, Қоңырат, Қаңлы, Дулат руларынан құралған еді. Бүгінгі қазақтың негізгі рулары. Ал мына менің руым- сол Шыңғыс ханға қуат берген Керей болады дедім. Яғни Қалқада соғысқан менің туған бабам екені күмәнсіз. Мінеки, бұл бір айтылған әңгіме. Қарға тамырлы қазақтың өткенінен бір ғана елес.
Біздің бабаларымыз жарым дүниені биледі бір заманда. Жәй ғана қазақпын деп кеудені керу емес, бабаларымыздың үлкен істерін білу керек. Алғаш рет атты үйретіп мінген біздің бабаларымыз. Көшпелі түрік тайпалары. Алғаш рет , мен сізге айтайын, үзеңгі мен ер тоқымды ойлап тапқан біздің бабаларымыз. Мына Ежелгі Римнің тарихын қарасаңыз, гректің тарихын қарасаңыз, үзеңгі жоқ ер тоқым жоқ. Аяқтары салақтап, атқа жайдақ мініп жүретін. Үзеңгі, ер тоқым дегенді білмеген. Алғаш рет оны көшпенділер ойлап тапқан. Неге Атилла жарым Еуропаны жайпап кетті? Неге ол кезде біздің бабаларымыз құдіретті болды? Өйткені атқа мінді, басқа қол күшін айтпағанда, аттың күші қандай! Ер тоқым салынған, үзеңгіге шіреніп отырады, орнықты, сауыт сайманы келісті, әрбір жауынгер темір танк сияқты. Аралары он қадамнан шапқан. Сонда жау шебін қақырата сөгіп, парша парша қылып, жарып өтетін болған. Кеше немістердің танк жібергені сияқты.
Мұхтар Мағауин