Ұлы Тұран мемлекетін құруға кім бөгет?

Екі империямен  құдайы  көрші  болып һәм сол екі елдің  қас-қабағына  қарап,  саясатын  түзеп  отырған Қазақстан олардан  іргесін аулақ  салып,  жаңа бір қағанаттың  құрамына «ойыншы»  болып енуі  мүмкін емес екені  белгілі. Ақиқатқа  тура  қарап  сөйлесек, «тәуелсізбіз»,  «бостанбыз»  деп, қаншалықты кеудемізді  қаққанымызбен, саясатта да,  экономикада да   сол екеуіне көбірек  тәуелдіміз. Сондықтан  шідерді үзіп,  олардан  оңаша кету  қайда  бізге! Айтқымыз  келгені – өз  еліміздің қос көршінің алдындағы  мүсәпірлеу  қалпына аянышты  көзбен  қарап, тұқырта тіл  безеу емес. Керісінше, Қазақстанның  Қытай  мен Ресейге шекесінен  қарайтын бір  жолдың  бар екенін сөз  ету.  Ол – түбі  бір  түркі  жұртын  біріктіретін  Ұлы  Тұран  мемлекеті.

«Ұлы  Тұран»  жобасы  түркітілдес  саясаткерлердің  арасында сөз  болып  келе  жатқалы  қашан. «Ертеде  Түркістанды  Тұран  дескен,  Тұранда ер түрігім туып-өскен»  деп,  өткен  ғасырдың  басында Алаштың  арда  ұлы  Мағжан  бекер жырламаса керек-ті. Түркі  жұртының  болашағына  сенбесе, Көк  түрік  қағанатының шаңырағын  тіктеген Білге қаған:  «Ей,  түрік! Жоғарыдағы  аспан құламай, төмендегі  жер  тесілмей, сенің  мемлекетіңді, сенің  әдетіңді  кім  жоя алады?!» –  деп айтпас еді. Осылайша, ол  түркі  жұрты біріккен кезде  ғана ешкімге дес бермейтін  ұлы  күшке айналатынын  айтқан-ды. Иә,  сол Білге  қаған, ұлы  қолбасшы  Күлтегін баһадүр,  абыз  Тоныкөк  аңсаған Ұлы Тұран мемлекетін құру әлі  күнге  исі түркі  жұртына арман,  мұрат  болып  келеді.

Бірақ ол  қашан  құрылады?  Әлемдік  геосаясатта ондай  жаңа  империяның дүниеге келуі  мүмкін  бе? Қайдам. Өйткені құрыла  қалса,  толағай  күшке, үлкен  әлеуетке  ие  болып,  өзгеге бас бермей кететін жаңа  империяны  жөргегінде   тұншықтыруға  тырысатындар  өте көп. Неге?  Себеп белгілі.  Енді  соған  келейік. Әлемдегі барша түркітектестерді біріктіретін біртұтас Түркістан  не болмаса, Ұлы  Тұран  мемлекетін құру  өткен  ғасырдың  басынан  бері  жиі талқыланып  келеді. Тіпті, соңғы бірер  жылда   тым жиі айтылатын  болды. Әсіресе,  түрік  президенті Режеп Тайып  Ердоған «бір ұлт, алты  мемлекет»  дегенді әртүрлі  мінберде  көтеріп  жүр. Яғни  Ердоғанның түпкі  ойы –  Түркия  басшылық  ететін  алты  мемлекет (Қазақстан,  Қырғызстан,  Өзбекстан,  Түрікменстан  және Әзірбайжан) қауымдасып, Ұлы  Тұран  мемлекетін  құру.  Бастама  дұрыс. Пантюркистер мен пантуранистердің  де негізгі  мақсаты – осы.

Рас, мұндай  мемлекет құрыла  қалса, жаһандық  геосаясатқа  ықпал  ететін өзіндік рөлі  болар еді.  Оны  мынадан-ақ  байқауға  болады. Қазіргі кезде түркі  әлеміне  кіретіндердің  саны 200 миллионнан астам. Олар Еуразия аумағының  4 миллион шаршы  шақырым  кеңістігін  мекен  етуде. Ол аймақтың табиғи байлығы 500 триллион доллардан  астам көрінеді. Осындай ырғын  байлыққа мелдектеп  жатқан жерде Ұлы  Тұран  мемлекеті  дүниеге келетін  болса, сөз  жоқ, толағай  күшке  ие  болары  хақ. Алайда ауызбірлігі  мықты  түркі  империясының дүниеге келуіне ешкім мүдделі емес.

Мәселен, Түркиямен геосаяси  һәм  экономикалық кейбір  мәселелерде (әскери  одақ  НАТО да бірге  болғанына қарамастан) қырғи-қабақ  болып  отырған батыс  елдері ресми  Анкараның   түркі  жұртын бауырына басып, әскери-саяси-экономикалық  жаңа қағанат  құруына  қарсы. Оған  жол бермеуге  тырысып  бағары  анық. Сол  секілді Иран,  жалпы  араб әлемі де оны бүйірге  қадалған  пышақ  ретінде  қабылдары хақ. Себеп  белгілі.  Түркі жұртын бір орталыққа  қаратып, күшейіп алған Түркия  ежелгі  Осман  империясының  жерін даулап  жүре ме деп,  қорқады.

Ұлы  Тұран мемлекетінің  құрылуы Қытайға да,  Ресейге де  тиімсіз. Тұран  мемлекетін арқаланып, Шыңжаңда  отырған мұсылман  түркілер бас көтеріп, бой  бермей кете ме  деп,  Қытай сезіктенеді. Сол  секілді   территориясында  20 миллионнан  астам мұсылман мекен еткен  Ресей де үрей  құшағында  отырғаны  анық. Өйткені Ұлы  Тұран мемлекеті алда-жалда  құрыла  қалса, Ресейге амалсыздан  бағынышты  болып  отырған ондағы  түркітілді мемлекеттер мен ұлыстар Тұран  жұртына  қарай   бет  бұрары  белгілі. Мұның арты Ресейдің ыдырауына  әкеп соқпақ. Мұны  Мәскеу  сезеді. Сондықтан Тұран  мемлекетінің  құрылуына   бірден-бір  қарсылық  көрсететін  Ресей болмақ.  Қазірдің  өзінде дума  депутаты, ЛДПР партиясының  серкесі Жириновский  «Түркі  жұртына біз  түбі  бағынышты  болып қаламыз. Орыс халқы қиын  жағдайда»  деп,  байбалам салып жүргені  тегін емес. Демек, мұны  ресми Кремльдің сөзі  деп  қабылдаған жөн.

Жалпы,  Ұлы  Тұран  мемлекетінің  құрылуына  екінші  бір бөгет  дүние – осы түркі  жұртына  жататын алты  мемлекеттің әзірге бірауыздылық танытпауында. Кезінде Нұрсұлтан  Назарбаев «Орталық  Азия  республикаларының  одағын құрайық» дегенде  де, мемлекет басшылары  ортақ мүддеден гөрі,  жеке  бастарының амбицияларын жоғары  қойып,  келісімге келмеген. Бұл  жолы да солай  болары  анық.  Өйткені «бас-басына би  болып»  үйреніп қалған тәуелсіз алты  елдің  басшысы ресми  Анкараны «аға»  тұтып, өздері «інінің»  рөлінде  жүргісі  келмейді. Ұлы  Тұран  мемлекетін  құрудағы ең үлкен қарсылық  осы.

Тағы  бір  мәселе – Түркиядан өзге,  бес  түркітілдес  республика  саяси  және экономикалық жағынан Ресейге, қала  берді, Қытайға тәуелді. Олардың  кейбірі  Ресей басшылық  жасап отырған Еуразия  экономика  одағына, Ұжымдық қауіпсіздік шарты  ұйымына мүше.  Сондай-ақ  Қытайдың әбжілдігі  басым Шанхай ынтымақтастық  ұйымына  кіреді. Демек, Ресей де, Қытай да осы  құрылымдарды ұйымдағы  түркі  республикаларына  қысым жасау  тетігі  ретінде  пайдалана  отырып, Ұлы  Тұран  мемлекетін құруға қарсы  тұрары  хақ. Көзге  көрініп тұрған осындай кедергілерді  ескеретін  болсақ,  «Ұлы  Тұран» жобасы  алдағы уақытта да жоба  ретінде  қала беретін сияқты.

Күлтегін  БЕК