ҮРЕЙЛІ ЕКІНШІ КЕЗДЕСУ

Әйелім мен балаларымды купеге қалдырып,тамбурға темекі тартуға шыққан бетім еді. Купеге қарағанда дөңгелектердің желдете сартылдай соққан дыбысы мұнда қатты естіледі екен. Қиырында сағым ойнаған көк мауытты жұмыр жер тербеле дөңгеленіп қалып жатыр.

Әр нәрсені ойлап, темекімді тартып тұра бердім . Біреу тамбурға шыққан секілді болды. Ой жетегінде тұрып, көңіл аудармадым, кенет біреудің ту сыртымнан тесіле қарап тұрғанын сезгендей болдым. Әлі күнге дейін сол мезетте қандай оймен артыма жалт қарағаныма таңданамын.

Оның сұп-суық кішірек жылан көздері шаншыла қарап, мен тесіп бара жатты. Алғашқыда осыны қайдан көрдім дегендей таңдана қарадым. Тамағының астындағы ұзын жолақ тыртығына қарап, өне-бойым дір ете түсті . Оң жақ езуіндегі ащы мысқыл маған «әлі тірі жүр екенсің ғой» дегендей болды. Ойыма осыдан талай жыл бұрын өткен сұмдық оқиға оралған еді.

Институт қабырғасында  жүріп жазғы семестрде студенттік құрылыс отрядына барғаным бар. Жаздың аптабында екі жарым ай жұмыс істеп, үйге қайтып келе жатқан бетім. Үйді сағынып қалғаннан болар, көңілім көтеріңкі. Жүріп келе жатқан пойызымыз кішігірім бір қалашыққа кеп тоқтады. Вагон-вагондарда түсіп-кіріп жатқан халық. Жанымда отырған қыз-қырқынның көңілін табу үшін жерге түсіп жол бойындағы дүкенге кірдім. Оңайдағы майда-шүйдем жетпеген соң, ішкі қалтама қол салып, бір буда ақшаны суырып алдым да, сатушының алдына санап тұрып лақтыра бастаған едім.

– Мына мырзаның шалқуын-ай! – деді біреу. Артыма қарасам осы бір жыланкөз тесіліп тұр. Қажетті заттарымды алып, әлгіден қашқандай вагоныма тарттым. Біраздан соң шараптың қызуымен жанымдағыларды қалдырып, демалуға тамбурға шыққанымды білем. Ойымда ештеңе жоқ. Темекімді тұтата бере біреулердің бері шыққанын байқап қалдым. Сіріңкеге шұқшиып жатып жөнді назар аудармағам. Басымды көтергенде бағанағы жыланкөздің тісі ақсиып маған қарап күліп тұрғанын көрдім. Жанында тағы екеу бар. Менің көзімше сырт еткізіп кілтпен вагонның екі жақ есігін жауып тастады. Кілтті қайдан алғанын кім білсін. Мен құрдымға кетіп бара жатқандай дүрілдедім. Бір уақ қалтамдағы ақшамды алдарына лақтырып тастасам ба деген ой да келіп еді. Бірақ жаздай еңбектеніп төккен мандай терімді қия алмадым. Жақындай берген жыланкөздің жырық тамағына қарай атылғаным есімде. Қолым жете алмады, өкпемнен тиген тепкіден демім бітіп, жерге ұшым түстім. Сол жақ қабырғамның астынан суық бір нәрсенің шым ектізгенін білем. Одан арғысын пайымдай алмадым. Бойымды ып-ыстық бу албырата аралап бара жатқандай болды. Көзімді екі тәуліктен кейін ауруханада аштым.

Сөйткен жыланкөз алдымнан тағы шықты. Сол, соның өзі.

Ол ақырын ғана ұртындағы түтінін ширата шығарып, маған қарай қозғалды. Сұп-сұр, суық кескіні жігерімді құм етіп, жер ғып бара жатты. Мандайымнан мұздай тер бұрқ ете түсті.

Көнілім өрекпіп, жүрегімді үрей билеп алды. «Өмір деген осындай баянсыз екен-ау. Менің өлімім мына құзғынға байлаған екен. Құрыған жерім осы болды» деп ойладым. Көз алдыма әйелім мен балаларым елестеді. Жарқ етіп өңменімнен қадалар пышақты күткен едім. Буындарым дірілдеп, өз-өзімнен шөгіп бара жаттым.

–  Иә, қалын қалай? – деді ол ызғарсыз, бірақ шымыр үнмен жақындай келіп .

Мен өз құлағыма өзім сенбеген едім. Тегі, кекетіп тұрған болар деп ойлағам шығармын сол бір сәтте. Әрине, жұмыр басымда сол кезде талай ойдың болғаны анық еді. Көзімді бетіне тіктегенімде жанарында суық күлкі тұр екен.

Ол жаймен амандасқан ниетпен маған қолын созды. Алақанының терісі тасбақаның қабығындай қатты сезілді. Біз кәдімгідей қол алысып амандастық, шынына келгенде, бұл мен үшін кереметтей оқиға еді.

– Денсаулыған қалай, мал-жаның аман ба?, – деді ол.

Мен жақсы дегендей басымды изеген болдым. Тұқылына дейін тартып болған темекісін табанына салып өшірді де, маған қарады.

– Жүр, жүрек жалғасақ қайтеді, – деді өтінішпен үнін жұмсарта созып. Көкірегімде тірелген талай ойды белшесінен баса әлгінің соңынан вагон-ресторанға қарай қозғалдым.

Ол жайғасқан соң сөз бастады.

– Қаршадай жасымнан бауыр-қарындастан тұл, жетім өскен едім. Әке-шешемді көз алдыма елестете алмаймын. Мен есімді білгенше ол кісілер дүниеден қайтқан екен. Басқа ешкімім болмаған соң, үйіне кіргізген бір жамағайынымыздың қолында өстім. Кешке қонғанда бар болсам болды, басқа уақытта көңіл де аудармайтын еді пақырлар. Оқып та жарытпадым. Осының бәрі бұрыс жолға түсіп кетуіме себеп болған шығар. Басымнан талай жаманшылық өтті, қайтейін.

Бірақ бәрінен де бір оқиға өмірімді астан-кестең еткен еді. Мүмкін, менің өмірге қайта келуіме сол себепкер болған шығар.

Алдымда отырған адам аздар жөткірініп алды.

– Жаны биік нар тұлғалы азамат болсын деді ме, қайран әке-шешем азан шақыртып атымды Наржан қойыпты.

Мен бар ықыласыммен тындамақ болып алдымдағы кофені кейінрек ысырып қойдым.

– Біздің көшенің бойында бір қыз тұрды. Жанұясы үлкен емес, кемпір-шалдың жалғыз қызы болатын-ды.

Наржан біраз үндемей қалды.

– Иә…ә,-деді ол маған тесірейе қарап, Менің жүзімдегі құбылысты байқағысы келетін секілді. Көзі тайып, төмен қарады.

– Қыз мақтауға тұрарлық ақылды да әдемі болатын. Көшенің жігіт-желеңі ол келе жатқанда, дауыстары күмілжіп, мұрттарын сылап, иектерін уқалайтын. Осы қызға қалай да бір қырынан көрініп қалуға тырысатын еді барлығы. Қыздың аты Гауһар-ды. Елден еститінмін, өзі осы қалашықтағы дәрігерлік училищеде оқитын көрінеді. Мүмкін, сымбат-көркі осы қыздың соры да болған шығар, әйтеуір, бұл қыз көзіме оттай басылды. Басқаны білмеймін, менің көңілімде осы қызға деген бір сұмдық ой бүр жара бастаған еді. Ақымақтық қой бәрі де, адам азғанда осылай азар-ау.

Наржан алдындағы кофесіне ернін тигізді де, стаканды қайтадан орнына қойды. Өзінен түңілгендей қабағы кіржиіп, терезеге қарап біраз отырды. Менде үндемедім.

– Жанымда көптен серіктес болып жүрген екеуден бұл сырымды бүгіп қалған едім. Содан жексенбі күні болатын би кешінен кейін қолға түсірмек болдым. Ана екеуіне ауырып тұрмын деп сылтаураттым да, биге бармай қалдым. Өз есебім ішімде, ойыммен кешкі жорықты салалап жата бердім.

Мен күткен кеште келіп жетті, қас қарайды. Гауһардың үйінің алды қалың тал еді, бейнетқор шал мен кемпірдің еңбегі де. Қараңғылық қоюлана көшедегі жүріс-тұрыстан шетқақпай келіп, сол жерге жасырындым. Шамалы уақыттан соң көшеден биден шыққан жастардың қолтықтаса аяндаған тізбектері өте бастады. Гауһар біразға дейін келмеді. Адам шыдамсызданғанда, уақыт та өтпейді екен. Аздан соң қатар басқан бірнеше аяқтың дабысы естілді.

«Сәті түспейтін болды ғой» деп ызалана күбірледім. Олар маған жақындады. Менен жиырма адым шамасы алыстау келіп екі адам тоқтады. Қараңғылыққа үйреніп қалған көзім бір қыз, бір жігітті анық ажыратып тұрмын. Екеуі біраз уақыт сөйлесті де, жігіт қош айтысып, ары кетті. Жігіттің тырып-тырып басқаны тынып, қарасы бұлдырап барып жоғалды. Түн қойнына сіңгіген жігіттің соңынан біраз қарап тұрды да, қыз ғарыштағы мың-сан жұлдыздардан бақытын іздегендей, жүзін аспанға тіктеді. Кенет бері бұрылып менің тұсыма тақай берді. Гауһар екен. Аузына тығындайтын шүберегімді дайындап, секіруге ыңғайландым.

Қыздың дыбыс шығаруға шамасы келмей қалды. Қатты қорыққандықтан ба, былық-сылық етіп қарсыласуға да әлі келмей, тордағы балықтай қолымда қала берді. Сонымен қойшы…біраздан соң барып, қызға дұрыстап көз салдым.

Гауһар жылап жатыр екен. Өмірім бұлай болар деп жалғанда ойламаған, кездейсоқ мынау жамандыққа еш шарасы болмай, жүрегін шалған күйіктен егілді ме, кім білсін?

Бұрын көргенмін баланың шырқырағанын, үлкеннің күрт кетіп енкілдеуін, әйелдің жаулық астында пыш-пыш жылауын. Бірақ шарасыздықтан үнсіз егіле жылауды өмірімде бірінші рет көрген едім. Тіксініп қалдым. Сол кезде барып өзімнің тасжүректігіме, адамгершіліктен жұрдай доңыз тірлігіме ыза болдым. Мынау бейкүнә жанның ерте солып құрбан болғаның білдім. Гауһардың дыбыссыз үні мен жас парлаған жанарына қарап, қорлау мен қорқыныштан меңіреу болып қалғанын түсінген едім. Өкініштен қыздың аяқ жағына құлай кеттім…Ол дыбыссыз жылап жатты…

Наржан үнсіз қалды. Жас үйірілген жанарын вагон терезесіне бұрып әкетті. Менің де көңілім қобалжып, тамағыма ып-ыстық бірдене тұрып калғандай болды. Сонымен қалай аяқталды дегендей оған сұрай қарадым.

– Сотталып кеттім,-деді ол баяу ғана. – Сотталдым.

Наржан күбірлей станкандағы кофесіне көз салды.

– Содан оралғаныма төрт-бес жылға аяқ басты.

Ертерек ақ араласқан шашына, анау қыртыстанған маңдайы мен көзінің айналасын торлаған сызат-әжімдерге қарап, талай шырғалаңды басынан кешірген адамның кейпін жадыма түйдім.

– Арақ ішіп әр жерде дау-дамай көтеруді, ел көзіне өжетсініп, әр кімге қоқан-лоқы жасаумен қайран уақыттың босқа өткенін білмеппін. Көзін таппай бұлқынған бұла жастық енді қайтып келер деймісің. Жасымнан талпынып, тырбансам бұл күйде қалмас едім ғой.

Наржан қабағы түйіліп маған қарады.

– Сотталып келген соң, бірден заводқа орналастым. Бұрынғының бәрін тастаған едім. Аузыма апарар бір шайнам наннды да еңбегімен тапқым келді. Баяғы менің серіктерім де менен соң еңбекпен түзеу колониясына жіберілген көрінеді. Уақыт өтіп жатты. Бір күні жұмыстан қайтып келе жатып автобус аялдамасында елден оңашалау тұрған келіншекті көрдім. Гауһар екенін біраздан соң барып таныдым. «Сырлы қасықтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген емес пе. Қырындау тұрып байқап тұрмын, бұрынғы толық бет-пішіні жұқарғанымен, жас кезіндегі сымбат-бітімі әлі де қайта қоймапты.

Жолымнан қалып, білдірмей ғана еріп отырдым. Не ойламадым сол кезде мен?!

Көк дарбазалы үйге кіре бере артына қарады. Білмеймін, мен көріп шошып кетті ме, апппақ болып қуарып, құлап бара жатқаны есімде. Үйіне көтеріп кірдім. Көршілеріне жүгіріп, дереу «жедел жәрдем» шақырттырдым. Шешесі ғана қалған екен. Әкесі бір-екі жыл бұрын қайтыс болды. Содан қыстай сол үйге барып тұрдым. Гауһар мен алғаш келіп жүргенімде кірпідей жиырылып, жоламайтын еді. Келей-келей алғашқыдай атырылып тұрмайтын болды. Кейін ол істейтін мүгедектер қоғамынан жұмыстан кейін алып келе жүрдім. Жаз шыға екеуміз тұрмыс құрдық.

Наржан маған көзін тіктей басын көтерді.

– Таңданып отырған шығарсың? Мәңгілік өксіткен екенмін, мәңгілік әлпештеп өтейін дедім.

Ол мүдіріп қалды. Қалтасынан темекісінің алып, бір талын маған ұсынды. Бет-бедеріне қарап, ойланып отырғанын түсіндім. Не ойлағанын кім білсін.

– Сен мені кешір, – деді Наржан басын көтеріп, – тірі жүрсем, өтермін бәрін де.

Нені айтып отырғанын дереу түсіндім.

– Керегі жоқ, – дедім азар да безер боп. – Азамат болып қайта оралғаның маған төлеген өтеуің болсын.

Ол үндемеді.

– Жанұяң қайда? – деп сұрадым мен.

– Осы пойызда келе жатыр, – деді Наржан темекі түтінін үрлей шығарып,  қонақтан келе жатқан бетіміз.

Ойына бір нәрсе түскендей ол маған жымия қарады.

– Әзірше үш баламыз бар.

Наржанның көзінде қуақылау күлкі жалт етті. Олар келесі бір стансадан түсіп қалды. Жанындағы отыздар шамасындағы келіншек кішкентай баласын көтеріп алған. Екі баласы алдарында құлдыраңдап ойнап бара жатты…

 

 

Бейсенғазы Ұлықбек

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі