“Жаңа парламентке бұрынғыдай, ұйықтап отыратын депутаттар келеді”

Саяси дүрмек қарсаңында «Азаматтық балама» платформасының белсендісі Тоғжан Қожалиевамен сұхбаттасып, қазіргі науқан барысы, сайлаудың алдын ала қорытындысы туралы ойын білген едік.

— Парламент сайлауына дайындық қызу жүріп жатыр. Көптеген партиялар көбірек дауыс алу мақсатында жер-жерді аралауға шықты. Сіздің ойыңызша, қайсы партия үгіт–насихатын сәтті бастады? Қайсысы нашар жүргізуде?

— Сайлау науқаны жақында ғана басталды. Қазір біз билбордтар мен БАҚ беттерінен аймақтарды аралаған репортаждарды ғана көріп отырмыз. Бір партия үгіт-насихатты жақсы немесе жаман жүргізіп жатыр деп айта алмаймын. Әзірге ерекшелеп айтатын еш нәрсе байқалмайды. Егер қазір көшеде кез келген тұрғыннан партиялардың бағдарламасы туралы сұрай қалсаңыз, нақты ештеңе айта алмайды. Бағдарламалардың барлығы дерлік бірдей, үміткерлер де айрықша емес. Сондықтан елде сайлау науқаны шабан әрі көңілсіз жүріп жатқандай. Шаралардың бәрі фейк үшін жасалып жатыр. Халықтың дауысы үшін нағыз шайқас жоқ десек те болады. Бұл өте өкінішті, әрине.

Сайлауға мемлекет бюджетінен 10,8 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл шығынның негізгі үлесі 1061 сайлау комиссиясындағы 70 681 адамның еңбегіне төлеуге жұмсалады. Оған 7,3 млрд теңге бөлінді. Бұл – бүкіл сметалық шығынның 68 пайызы. Қалған 32 пайызы, яғни 3,5 млрд теңге сайлау комиссиялары жоспарлаған ұйымдастыру жұмыстарына жаратылуы тиіс. Ал партиялардың өздеріне келер болсақ, олар да сайлауға үлкен қаржы ресурсын жұмсайды. Мысалы, «Nur Otan» – 610 млн, ҚХП – 50 млн, «Ауыл» – 229 млн, «Ақ жол» – 186 млн, «Адал» 100 млн теңге шығындайды. Барлығы бірігіп 1 млрд теңгеге жуық шығын шығарады. Сонда, сайлау науқаны бір айда 12 млрд теңге шығын әкеледі. Бұл неге керек? 12 млрд теңге дегеніңіз – жан-жақты жасақталған 12 жаңа мектеп немесе төрт аурухана. Осыншама қаржыны бұдан да игі мақсаттарға жұмсауға болмас па еді? Егер осындай қаржы жұмсалса – партиялар оны 120 пайызға орындауы керек. Ал біз қазір не көріп отырмыз? Шындығына келсек, бұл бюджет қаржысын барынша қымбат күйде игеру секілді.

— Көптеген сарапшылар сайлау додасында әкімшілік ресурқа иек артқан «Nur Otan» партиясының сөзсіз фаворит болып шығатынын айтып жатыр. Біздің жағдайда ол пікірмен келіспеске шарамыз жоқ. Ал сіздің ойыңызша, осы сайлауда қай партия аутсайдер болып шығуы мүмкін? «Аутсайдер» дегенде, 7 пайыздық кедергіден қайсысы өте алмауы мүмкін

– Егер сайлау таза бәсекелестік жағдайында өтер болса, «Nur Otan»  20 пайыз дауыс алып, үшінші орынға шығар еді. Егер сайлау әділ өтсе, жағдай мынандай болуы мүмкін: жарамсыз бюллетень – 20 пайыз, «Ақ жол» – 30 пайыз, «Ауыл» – 20 пайыз, «Nur Otan» – 20 пайыз, ҚХП мен «Адал» – 3 пайыз. Ал ресми түрде: жарамсыз бюллетень – 3 пайыз, «Nur Otan» – 70 пайыз, «Адал» – 10 пайыз, «Ауыл» мен «Ақ жол» – 7 пайыз, ҚХП 7 пайыздан төмен дауыс алады. Шындығын айтқанда, «Ақ жол» мен ҚХП-ны өткізбеуі де мүмкін. Ондай да болжам бар.

— Биылғы додаға қатысып жатқан партиялардың ешқайсысы да билік партиясына оппозиция бола алмайтыны белгілі. Сіздің ойыңызша, ЖСДП партиясы өзіне берілген карт-бланштан бас тартуы қаншалықты дұрыс болды? Әлде жалғыз оппозициялық партия ретінде осы сайлауға қатысқаны дұрыс па еді?

— Менің ойымша, әрине, ЖСДП сайлауға қатысуы керек еді. Халықтың оған сенімі жоғары болды. Бірақ олар қорқып кетті немесе биліктен қысым жасалды. «Қазақстан» арнасының эфирінен өткен дебатта сайлауға қатысып жатқан партияның ешқайсысы да проблемалық мәселелерді шешуге ықылассыз екенін байқатты. Одан басқа, қазақстандықтардың күнделікті күйбің тіршілігінде кездесетін көпспектрлі мәселелерге байланысты ешқандай партияда нақты шешім жоқ екенін білдік. Сондықтан жаңа парламентке бұрынғыдай, ұйықтап отыратын депутаттар келеді. Жаңа парламент бұрынғыға қарағанда жасарады. Өз басым бұл парламенттен өткір ештеңе күтпеймін. Елде нағыз жаңғырулар мен өзгерістер тудыру үшін парламентке батыл, ойын ашық айтудан қорықпайтын адамдар келуі тиіс. Ал біздің партиялар тізімінде және эфирде көріп жүрген үміткерлеріміз азаматтық позициясымен көзге түспеген. Біз тағы да айтқаннан шықпайтын, тәртіпті парламентке тап болғалы отырмыз.

 – Өткен нәрсе өтті. Ал сіз өзіңіз құрмақ болған ХАҚ партиясының жағдайы қазір қандай күйде? Тіркеуден не себепті өте алмады? Алдағы уақытта тіркеуден өтіп жатсаңыздар, қазіргі партиялардың қандай қателіктерін қайталамас едіңіздер?

— Иә, қазіргі партияларда қандай қателіктер бар? Біріншіден, олар халықтан алыстап кеткен. Олар тек сайлау науқанында ғана белсенді қимылдай бастайды. Біздің елде партия да жоқ. Бізде мүдделер үшін бірігетін лоббистер клубы ғана бар. Партиялар өткен жолы берген қайсы уәдесін орындады? Естеріңізге түсіріңіздерші! «Nur Otan»  бірдеңе жасадық деп мәлімдейді. Нақты не жасапты? Үкіметтің міндеттерін иелене ме? Онда пандемия кезінде не себепті елде дәрі-дәрмек, ауруханада төсек, дәрігерлер жетіспеді? Не себепті бізде басында баспанасы жоқ жұмыссыздар көп? Жастардың білімі неге нашар? Қазақтар неге шетелге көшіп жатыр? Бұл «Nur Otan», «Ақ жол» және ҚХП секілді үш партия жұмысының нәтижесі. Осы партиялардан сайланған депутаттардың депутат креслосында ұйықтағанының нәтижесі. Ал басқа партиялар ше? «Адал», «Ауыл», ЖСДП ше? Олардың өмірді жақсартуға, кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ұсынған ұсыныстары қайда? Әлде олар мұны тек сайлау науқанында ғана еске ала ма? Оларға өз қызметін сайлаудан тыс уақытта жүргізе беруге не кедергі болды? Сондықтан тағы да қайталаймын, біздің елде партия жоқ. Тек қана вип-лоббистердің бір мүддеге біріккен клубтары ғана бар. Біздің ХАҚ қозғалысына келсек, иә, бір протопартия секілді қимылдаймыз. Келер жылы ресми тіркеуге  мүмкіндік аламыз деп үміттенемін.

— Бір топ белсенді бірлесіп, «Азаматтық балама» қоғамдық ұйымын құрғандарыңыз белгілі. Сіздер тек сайлауды бақылап қана қоя саласыздар ма? Әлде сайлау өткесін осы ұйымның негізінде саяси күштерді біріктіресіздер ме?

— «Азаматтық балама» қоғамдық ұйым емес. Бұл азаматтық белсенділердің ашық, тәуелсіз платформаға бірігуі. Біз сайлау қарсаңында біріктік. Негізгі мақсатымыз – адамдардың саяси көзқарасына қарамастан, сайлауға қатысуда халықты біріктіру. Біз баяғыдан-ақ «сайлауда сайлау еркіміз жоқ» деп айтып жүрміз. Біздің сайлану және сайлау құқымыз мүлдем жоқ. Қазіргі жағдайда бізге тек  қарсы дауыспен өзіміздің келіспейтінімізді білдіру амалы ғана қалды. Біздің ұсынар жолымыз – барлық партияға қарсы дауыс беру. Әрине, бюллетеньде ондай бөлім жоқ. Оны 2004 жылы алып тастаған.  Бірақ біз барлық партияны сызып тастап, қарсы екенімізді білдіре аламыз. Біз әрбір жарамсыз бюллетеньді жаңаруға, халқымыздың жақсы өмір сүруі үшін  берілген дауыс деп қабылдаймыз. Біз үкіметтің халықпен санасуын күтуден шаршағанымызды осылай білдіреміз. Біз биліктің негізгі көзі халық екенін білдіреміз. Бұл оның конституциялық құқы. Бұл вариантты жүйеге сенімсіздік білдірудің халықтық референдумы деп санаймыз.

— Әу баста «Азаматтық балама» платформасы сайлаушыларға «барлық партияға қарсы» дауыс беруге шақырды. Қазір бұл стратегия мен тактикаларыңыз өзгерді ме? Өзгерсе, қандай бағыт бойынша, не жаңалық енгіздіңіздер?

— Стратегия өзгерген жоқ. 1. Сайлауға дауыс беруші әрі бақылаушы болып кел. 2. Бюллетеньді айқастыра сызып таста да, суретке түсір. 3. Дауыс бер. 4. Өз бюллетеніңді әлеуметтік желі мен ватсапқа жарияла. 5. Көлік пен үйдің терезесін айқас сызып, скотчпен немесе лейкопластырмен жапсырып қой. Жалпы, қарсылық таныт. Бұл сіздің халықтық ашық әрі онлайн митингіңіз болады. 6. Осындай әрекетке басқаларды да үгітте.

— Әрбір нәрсенің логикалық соңы болуы заңды. Егер сайлаушы-электорат, сіздер айтқандай, барлық партияға қарсы дауыс берген соң, ары қарай не болады? Сіздер халықты алаңға жаппай ереуілге шығуға шақырасыздар ма? Саяси күрестің одан кейінгі жоспары қалай болуы тиіс?

— Біздің мақсатымыз – халықтың бірлігін, оның билік екенін көрсету. Біз халықты митингіге шақырмаймыз. Оның үстіне қазір пандемия уақыты. Сайлау дегеніміз – халықты мемлекеттік басқаруға белсенді түрде тартатын мүмкіндік. Белсенді азамат мемлекет дамуына әсер етеді. Егер біз сайлауға немқұрайды қарасақ, онда мемлекет тоқыраудың тұңғиығына бата береді. Экономика, денсаулық саласы, білім мен саясат – бәрі тоқырайды. Біздің мақсатымыз – халықтың «қашан жақсы өмірге кенелеміз» деген үмітті күтумен шаршағанын көрсету. Әрекет жасау керек. Бұдан ары күтіп отыра беруге болмайды.  Билікке кімнің отыруын, халықтың атынан Отанымызды кімдердің басқаруын халықтың өзі шешуі тиіс. Біз мұны біріксек қана жүзеге асырамыз.

Тоқтар  Жақаш