Жаны жай таппаған жандар…

Тірісінде аты жаһанға мәшһүр болған, тым танымал адамдардың дүниеден өткен соң да тыныш жатпасы белгілі. Өйткені атышулы жандардың соңынан ерер аңызға бергісіз әңгіме де, өсек-аяң да жеткілікті. Ұлы тұлғалар жөнінде өтірік-шыны аралас қаңқу сөздер айтыла беретіні рас. Бұл өз алдына жеке әңгіме.

Біздің айтпағымыз фәниден бақиға аттанса да бірнеше мәрте қайта жерленетіндер жөнінде болмақ. Мәселен, арыға бармай өз елімізге келетін болсақ, исі қазақтың арда ұлдары, алаштың көсемдері болған Смағұл Сәдуақасовтың күлі араға 70 жылдам астам уақыттан кейін, Мәскеу түбіндегі зираттан алынып, Астана түбіне қайта жерленді. Сүйегі өзге елде қалған, алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың денесі болмаса да, тірісінде киген күпісін туғандары өзінің туған жеріне жерлеп, белгі қойғаны белгілі. Ал, өзге елдерге келетін болсақ, өлгеннен кейін арада 19 жыл өткен соң француздың атақты императоры, ұлы қолбасшысы Наполеонның денесі Қасиетті Елена аралынан қазып алынып, Парижге қайта жерленді. Орыстың ұлы әншісі Федор Шаляпин денесінің қалдығы арада жарты ғасыр өткен соң, Франциядан Ресейге жеткізілді. Қара жерге қайтадан тапсырылды. Сол секілді миллиондардың басын жұтқан, ХХ ғасырдың «қанішері» атанған Гитлердің қаңқасы да тыным тапқан жоқ. Оның денесінің жұрнағы Ресей арнайы қызметінің құпия мұрағаттарында сақтаулы. Италия ғалымдары осыдан бірнеше жыл бұрын 1374 жылы жерленген атақты ақын Франческо Петрарканың моласын қопарып, денесіне зерттеу жүргізді. Ғалымдар саркофактың бетін арнайы көтергішпен көтергені сол еді, табыттың тас-талқан болып жатқанын көрді. Ақынның сүйегі қалай болса, солай шашылып қалған… Махаббат жырын төгілте жырлаған атақты Петрарканың денесі 1380 жылы саркофакка салынып, қара жерге берілген. Оған дейін ақын денесі Аркуадағы шіркеуде тұрғаны тарихтан белгілі. Оның талантына табынғандар шіркеуге келіп тәу еткен. Ақын мүрдесін қорлаған кімдер? Бұл жағы белгісіз. Тек 1943 жылы неміс ұшақтары қаланы бомбылаған соң, ақынның денесі салынған табыт Палаццо Дукаладағы (Венеция) жер асты қоймасына жасырылған. Ал 1946 жылы мүрде Аркуаға қайтадан әкелініп, жерленді. Қайтыс болғанына 600 жыл болған соң, ұлы ақынның денесін қазып алып, ғалымдар не істемек болды? Сөйтсе, сарапшылар Петрарканың салынған суретіне сенімсіздік танытса керек. Өйткені махаббат жыршысының түрі «өзге» деп күмән келтіретіндер соңғы кезде тым көбейіп кетсе керек-ті. Ғалымдар табытты амалсыз ашып, шірімей аман қалған сүйектерге зерттеу жүргізбек болған. Сараптау барысында сол кездегі қылқалам иелері ақынның нақ суретін салған болып шыққан. Сол секілді белгілі конкистадор Кортестің де денесі алты рет жерленген. Себебі Мексиканы жаулау кезінде ол жүздеген үндіс ацтектердің түбіне жеткен екен. Ең соңында Кортестің құрбандығы болғалы тұрған үндіс көсемі Куаутемок оның бетіне түкіріп, «о дүниеде де жаның жай таппасын» деп қарғыс айтыпты… Кім білсін, үндіс көсемінің қарғысы иесін дәл тапты ма, әйтеуір қанішердің денесі түрлі себептермен алты жерге көшіріліп, жерленген. Ең соңғы рет 1946 жылы қазып алынып, өзге өңірге көмген. Әсіресе аңызға бергісіз әңгіме, атақты скрипкашы Никкола Паганин жайында көп. Ресми дерекке сүйенсек, Паганин 1840 жылы мамыр айында Ницце шаһарында дүние салған. Оның денесі бальзамдалып, қара жерге тапсырылар кезде, қала епископы жергілікті зиратқа мүрдені «қоймаңдар» деген нұсқау берген. Неге? Епископтың айтуына қарағанда. скрипкашы қара магиямен айналысқандармен араласқан. Сондықтан оның күнәсі көп, ол тіршілігінде көп күпіршілік жасаған жан болып табылады. Осы себепті күнәһар адамды өзгелермен қатар жерлеуге болмайды екен. Музыканттың достары амалсыз оның денесін туған қаласы Генуяға жеткізіп жерлемек болған. Алайда қала губернаторы Филипп Паолуччи мүрде тиелген кемені айлаққа кіргізбей қойған. Себеп, «құдайға күпірлік жасаған жанға мұнда да орын жоқ». Ұлы музыканттың денесі тиелген шағын желкенді кеме айлақтың маңайында үш ай тұрған. Матростар түні бойы табыттан күрсінген адамның дауысын, скрипканың мұңды үнін жиі еститіндерін кейінен өзгелерге жырдайғып айтып берсе керек. Үш айдан кейін әрең дегенде Паганиннің денесін бұрынғы досы граф Чессолдің шіркеуіндегі жер асты қоймасына қойылған. Бірақ күтушілер көп ұзамай шу шығарған. Сүйтсе, түнде табыт өз-өзінен жарқырап, одан ыңырсыған, ыңыранған адамның дыбысы шығып, замок жұмысшыларының зәресін алатын көрінеді. Ақыры музыканттың мүрдесі Виллафранкдегі көрханаға жеткізілген. Алайда көрхана қызметкерлері де шу шығарған. Табыттан скрипка үні шығып, адамның әлсіз ыңыранғаны үздіксіз естіле берген екен. Музыканттың бұдан арғы өмірін Ги де Мопассан былайша жазған, әбден қорлық көрген мүрде айдаладағы Сент –Онора деген арал жартаста бес жыл тұрған. Осы уақыт аралығында музыканттың ұлы Рим папасынан әкесін жерлеуге рұқсат беруін сұраумен болған. Алайда оның досы граф Чессоле өз мемуарында басқаша дерек келтіреді. Паганин 1842 жылы Сент-Осипис мұнарасының түбіне жерленген. Ал 1844 жылы мүрде қазып алынып, Ниццеге жеткізілген. Одан 1845 жылы Чессолдің замокына әкелінген. Ұлы музыкантты шіркеу қызметкерлері христан дәстүріне сай етіп жерлеуге тыйым салған. Себеп белгілі. Қара күштермен байланысы болған, күпірлігі көп адам деген уәж. Тек арада 36 жыл өткен соң ғана рұқсат болса керек. Бірақ моладан үнемі скрипка үні естіліп тұрған соң, амалсыз мүрдені қайтадан қазып алуға тура келеді. Ағаш табытты ашқан кезде музыканттың денесі шіріп кеткені байқалған. Бірақ басы таза, сол қалпында сақталған. Бір тал шашы да жидімеген… Көпшілік скрипкашының құбыжықтармен байланысы болған деген болжамға келген көрінеді. Ақыры 1897 жылы Паганиннің денесі қайта жерленген… айлы түндерде моладан шығатын скрипка үні де өшкен… Осыдан кейін ұлы музыкант жөнінде айтылған сыбыстар сап тыйылған екен. Айта берсек, ұлылардың өмірі мен өлімі жөнінде әңгімелер өте көп. Бұл соның бірі ғана…

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ