ЖАҚСЫДАН ӘКІМ ҚОЙСАҢ, ЕЛДІ ТҮЗЕТЕР, ЖАМАННАН ӘКІМ ҚОЙСАҢ, ЕЛДІ ЖҮДЕТЕР

Құрметті Асқар Исабекұлы Мырзахметов!

Мен Азаматхан Әміртай «Байтақ –Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы, Нұр-Сұлтн қаласының тұрғыны 29-31 шілде аралығында Жамбыл облысына арнайы сапармен барып, халықтың әлеуметтік жағдайымен таныстым.

Нақтылай түсетін болсақ, менің сапарымның мақсаты: облыс экономикасы әсіресе облыс экономикасының тегершігі болуы тиіс фермерлердің хал-күйі еді. Өзіңіз еңбек демалысында болғандықтан орныңызға тастап кеткен адаммен жолығып, өңірдің жай-күйін кеңірек білуге ден қойдым. Біраз ақпараттар алдым. Бұдан тыс Кәсіпкерлерді басқару басқармасына бардым. Себеп белгілі. Осы аймаққа сапарламас бұрын осы облыстағы қант қызылшасын өсіретін фермелерден маған арыз түскен болатын. Былтырғы жылғы қант қызылшасының ақшасын 32 фермер әлі күнге ала алмай жүр екен. Мұнда келгенім арызда көрсетілген жайды көзбен көру еді. Анықтау-тұғын. Кәсіпкерлерді басқару басқармасының басшысы қызметке келгеніне көп бола қоймасада, біраз мәселенің бетін ашып, түсіндірген болды. Одан кейін Ауыл шаруашылығын қолдау қорының басшысыменде кездестім.

Бұл саланың басшысы облыстағы ауыл –шаруашылығын қолдау үшін 15 миллиард тенге көлемінде қаржы бөлінгенін айтты. Жыл соңына дейін қосымша тағы 2-3 миллиард тенге бөлінетінінде тілге тиек етті. Әрине мұның бәрі жаман емес. «Атамекен» тарапынан гранттар беріліп, Ауыл шаруашылықты қолдау қоры қаржы бөліп жатқанынан хабардар болдым. Дегенмен бұл салада әлі де шешілмей жатқан түйткілдер бар екенін аңғардым. Ол – әлгі қаржы институтының кепіл қойған фермерлерге ғана несие беретіндігі. Осы жерде үлкен мәселе бар. Неге десеңіз кепіл қойып қаржы алғанымен, фермер несиені иегер ала ма? Ондай мүмкіндігі болмаса ше? Онда кепілге қойылған барлық дүние-мүліктен айрылып қалмай ма? Осы жерде ойлану керек. Кәсіпкер-фермердің мүмкіндігі қандай, іскер адам ба, білікті ме, тәжірибесі қандай деңгейде, қолға алған шаруасы дөңгелеп жүріп кете ме деген сияқты мәселелерді анықтап алып барып, несие бөлген жөн-ау. Осы салаға тиселі басшылармен осы бір өзекті мәселені талқыға салдық. Өзімде кәсіпкер болғандықтан түйткілді шешу жолдарын түсіндірдім. Қажет болса жергілікті яғни аудан не болмаса ауыл әкімдері несие берілген фермерлердің жауапкершілігін мойнына алуы тиіс. Қаржы институты үшін кепіл бірінші орында тұрмауы керек.

Алдымен фермердің біліктілігі, шаруашылығының мүмкіндігі тұрғаны жөн. Егерде кепілі бар деп жаппай несие беріле беретін болса, бұл саланыда алаяқтық жаулап алады. Мәселен, кепілі бар бірақ іскер емес адамға орта жолдан қосылған алаяқ «саған несие алып беремін, алынған несиенің 30-40 пайызын маған бересің» деп, таныстарын салып, несие алып беріп, өзіне тиселісін иеленіп кете беруі әбден мүмкін. Сондайға келісіп несие алған фермер ісін жүргізе алмаса алаяққа бір жем болып, кепілге қойған дүние-мүлкінен екі айрылып, тақырға отырып қалмақ. Демек шаруаға қаржы берерде Қаржы институты осы мәселені қатты тексергені абзал. Бұл саладағы осындай проблемалар барын білгендіктен, облыстағы ауыл-шаруашылығын дамытуға бөлінген 15 миллиард қаржының өтемі болады деп айта алмаймын. Болсада 30-40 пайыздан аспайтыны хақ. Ал қалған қаржы құрыдымға кеткен деп есептеймін. Олай болмас үшін фермерлерге беретін несие жүйесіне өзгерістер қажет. Әрине облыстағы фермерлердің, кәсіпкерлердің жағдай мүлде жоқ деп айта алмаймын. Кішігірім бизнестерін дөңгелетіп отырғандар баршылық.

Мәселен несиеге мал алып бордақылап, ет сатып, сүт сатып, жылқы алып, бие сауып, қымыз сатып отырғандарда бар. Менің ше, соларға көбірек көмек беру, жасап жатқан тірлігін есепке ала отырып, кепілсіз несие беруді де жүзеге асыру керек сияқты. Олар сол кәсібін ұлғайтып, кеңейте берсе облыс қазынасына түсетін салықта қомақты болмақ. Тағы бір көзге көрініп тұрған мәселе ол фермерлер өндірген өнімінің сатылымы. Мен Тұрар Рысқұлов ауданына бардым. Сондағы фермерлермен сөйлестім. Олардың маған айтқаны өндірілген өнімді жан-жаққа тарату, сату мәселесінің күрделігі. Менің ше ауданда сауда компанияларын құру. Бір сөзбен айтқанда сауда компаниясы фермермен келісімге келіп, олардың өнімін сатып алып оны ары қарай сатумен айналысу қажет. Сонда ғана фермерлердің жолы ашылмақ. Олай болмаған жағдайда фермерлер өнім өндіргенімен, оны сатуға келгенде тығырыққа тіреліп қалып жатқан жайы бар. Ал мұны сату компанияларын құру арқылы шешуге болар еді. Фермер үшін басты мәселе осы деуге болады. Осы аудандағы тағы бір түйткілді мәселе ол қант қызылшасын өсіретін фермерлер тірлігі. Олардың айтқанына қарағанда суармалы су жетіспейді. Сол себепті өнімнің 30-40 пайызы құрыдымға кетуде. Одан қала берсе өндірілген өнімге төленетін ақының арзымайтыны. Қант зауыты фермердің өнімін өте төмен бағамен яғни 8 теңгеден сатып алып жатқан көрінеді. Ал көрші Қырғызстанда осы өнімді қант зауыты 28 теңгеден алады екен. Міне қырғыздардың фермелерді қолдауы. Ал бізде адам аярлық 8 теңге. Сонымен қатар мемлекет 12 теңге субсидия береді. Абсурд! Қант зауыты жекеменшік екен, не үшін мемлекет жыл сайын миллиардтаған теңге субсидия төлеуі керек? Оның үстіне фермерлерге тиістілі қаражатын 90 күнсіз төлемейді екен. Бұдан кейін қандай фермер қант қызылшасын өсіргісі келеді? Мұныда шешу керек. Мұныда ойланатын басты мәселенің бірі деп қараған жөн болар еді.

Осы саладағы тағы бір масқара мәселе ол – қант зауыты қант қызылшасын өсірген фермерден өнімін алғанда «ақшаңды 90 күнде беремін» деген келісім жасасады екен. Тіпті сол 90 күн ішінде бермей жарты жылға дейін созып жүріп алатын кездер болып тұратын көрінеді. Бұл барып тұрған сорақылық, қанау. Фермердің қолында ақша болмаса кәсібін ары қарай қалай дамытпақ. Бұлда ойланатын мәселе. Қысқа уақыт іщінде шешетін проблема. Фермерлерді бұлай қорлауға да, қолдауға да болмайды. Тағы бір байқағаным фермерлерде техника жетіспейді екен. Әрине мүмкіндігі шектеулі кішігірім қожалықтар қымбат ауыл-шаруашылық техникаларын сатып ала алмайды. Сондықтан ауданда техниканы жалға беретін копператив құрған жөн бе деп қалдым. Кез-келген фермер сол жерден ақшасын төлеп техниканы жалға алып, жұмысын жасап кері өткзіп отырады. Бұл екі жаққада тиімді болар еді. Осы Тұрар Рысқұлов ауданыдағы тағы бір шешілмей тұрған мәселе ол суғармалы жерлерге арналған су тапшылығы. Аудан әкімшілігі бұрыннан қалған скважиндарды қайтадан қалпына келтіру үшін облыстан қосымша қаржы сұраған екен. Бұл жақсы қадам. Ендігі мәселе қаржы бөлініп жатса, төкпей шашпай соған жұмсау керек. Онсыз аудан қала берді облыстағы ауыл-шаруашылық мәселесін шешу мүмкін емес. Мәселен өңірдегі өзен-көлдерді кейбір адамдар 49 жылға жалға алып алып, игерусіз тастай алған. Бұл дұрыс па? Әрине жоқ. Аталмыш аудандағы Ақбұлақ деген көлді біреу 49 жылға жалға алған. Қазір көлдің иесі Америкада тұрып жатыр. Ал «ол көлді бізге берсе, біз жұмыс жасар едік» деп бизнес пландарын арқалап жүргендер бар. Демек кезінде жерді, көлді жалға алып қазір қараусыз тастай салғандардан кері қайтарып алып, жұмыс жасаймын деген жандарға берген дұрыс болар еді. Тізе берсек мәселе жеткілікті,

Осы тұста тағы бір айтпай кетпейтін бір жайт ол- мектептерде ҰБТ сұрақтарының сатылуы. Осының кесірінен еш білімі жоқ, үлгерімі төмен болған оқушылардың көпшілігі жоғарғы бал алып жатуы. Мұны қалай түсінуге болады. Оқушы кезінен сатып алу, пара беруге бейімделген жаннан ертең қандай азамат шығады? Ойланатын мәселе. Әсіресе билік тізгінін ұстап жүрген шенеуніктердің, әкім-қаралардың халықты менсінбеуі, алдына келген адамның мәселесін шешіп беру орнына ұрсып, жекіп шығарып салуы жұрттың билікке деген наразылығын күшейте бермек. Ал мұның арты жақсылыққа әкелмесі хақ. Қай дегеңгейдегі әкім-қара болмасын халықпен тіл табысып, шығыса білгені жөн. Олардың көкейінде «бастықпын» деген емес, «халық қызметшісімін» деген ой тұрғаны жөн деп есептеймін. Сол секілді ауыл жастарыныңда мәселесі толғандырады. Жұмыс таппай сенделіп жүргендер көп. Қолдың қысқалығынан оқуға мүмкіндігі жоқ, жұмыс істейтін десе ол жоқ. Мұның кесірі жастарды қылмыс әлеміне жетелері белгілі. Өткен ғасырдың басындағы ұлы ақындарымыздың бірі Мағжан «Мен жастарға сенемін» деп еді. Менде сенемін, сізде сеніңіз. Жастар біздің болашағымыз. Сол болашағымызға қамқорлық жасау, бағыт-бағдар беру облыс билігін ұстап отырған сіздің парызыңыз.

Құрметті Асқар Исабекұлы мен сізге Жамбыл облысын үш күн аралағанда көбен көрген азды-көпті мәселелерді жеткізіп отырмын. Әрине облыста проблема бұдан да көп болуы мүмкін. Одан сізде хабардар боларсыз. Менің сізге жолдап отырған үшбу хатымдағы проблемаларды шешу сіздің қолыңыздан келеді. «Жақсыдан әкім қойсаң, елді түзетер. Жаманнан әкім қойсаң, елді жүдетер» дейді халық даналығы. Президент сенім артқан, халық ризашылығына бөленген сіз бұл мәселелерді рет-ретімен шешіп береді дегенге бек сенімдемін.

Азаматхан ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ» альянсының төрағасы