Жоңғар империясының күйреуі

Өз уақытында ұлы Қытай мен Қазақ хандығының аралығын алып жатқан Жоңғар хандығы ат үстіндегі жауынгер ел болғаны тарихи шындық. Қытайлар «жуун-гар» деп атаған (қарақшы адамдар) қалмақтардың толассыз жорығы тек қазақ үшін ғана емес, Қытай мемлекетіне де ауыр тиді. Олардың қалалары мен елді мекендерін үнемі тонап кетіп отырды.

Үш ғасырдай арғы жағындағы қытай мен бергі жағындағы қазақтардың әлсіз жақтарын бес саусағындай біліп алған қалмақ қонтайшылары қайта-қайта шүршітті тонап, жуыну дегенді білмейтін, қолаңса сасыған жұртына молынан азық-түлік әкеліп, сондай-ақ әлсін-әлсін момын қазаққа шабуылдап, шұрайлы жайлауы мен қыс қыстауын тартып алып, жерін үнемі кеңейтіп отырған.

Кезінде экспедициямен жүріп, ойда-жоқта қолға түсіп, соларға қызмет еткен швед офицері Юхан Густав Ренаттың жазуынша, оңтүстікте Хорезмге дейінгі және солтүстікте Тобыл суына дейінгі аралықты жаулап алып, ұлан-байтақ Жоңғар қағанатын құруды межеге алған көрінеді. Қалай десек те, Қазақ және Орталық Азия елдерімен соғыс барысында аз уақытқа болса да, олар империя құра алды. Ренат өзі жазған «Джунгарская степь» кітабында, шын ба, әлде өсіріп жазған ба, сол мезгілдегі қалмақтардың санын 4 миллионға жуық деп көрсеткен. Құба қалмақтар қатаң тәртіпке бағынған, қонтайшыларының бұйрығын қалайда орындауға күш салатын әскери ел деп жазыпты. Сол жоңғар қонтайшылары мен батырларының талай кеңесіне қатысқан швед офицері «Олардың түпкі ойы – Қазақ және Орталық Азия елдерін өздеріне бағындырып, сан жағынан молайып, күшейіп алған соң, қалын қытайға тарпа бас салу. Бағындырған қол астындағы ел-жұрттан қосымша әскер жасақтап әрі өздерін үнемі азықпен қамтамасыз етуді ойластырады» дейді кітапта. «Олар Шыңғыс хан империясының қалай және қандай жолмен орасан күш-қуатқа ие болғанын жатқа білетін еді». Ренат осылай жазыпты.

Жоңғарлар қазаққа соғыс ашпай тұрып, алдымен қасындағы донған мен солар мекендеген өлкелерді, сонан соң бүкіл Қашқарияны азғана күшпен жаулап алады. Осы елдердің ұсталарын жинап, қылыш пен найза, басқа да қару-жарақ соқтыртады. Кейіннен швед офицері қалмақтарға зеңбірек құюдың жолын көрсетіп, осы қарудың біразын дайындап береді. Тағы бір айта кетеріміз, жоңғар билігі қазаққа соғыс ашар алдында қытай билеушілерінің алдынан өтіп, өзара ынтымаққа келіп, арт жағының қауіпсіздігін (тыл) қамтамасыз еткен.

Дегенмен империя құруға талпынған елдің қателігі қайдан кетті? Жаужүрек елдің өзгенің қанын төге жүріп құрған қағанаты қалай құлады, неден құлады? Зерделей келе түсінгеніміз, өз ішінде ауызбірліктің жоқтығынан, таққа таластан, жақ-жақ болып әркім өз жақтастарын, ру-тайпаларын қолдаған тайталастан ойсырай ұтылған.

Шыңғыс ханның бұлардан артықшылығы – қағанат ішіндегі алауыздықты еш уақытта өзін алаңдатпайтындай етіп тыйған. Айналасындағы билікке (әскер қолбасшыларын) ру, тайпа көсемдерінен емес, империя құруға қызметі сіңген әрі өзіне қиын жағдайда адалдық танытқан үзеңгілес азаматтардан тағайындаған. Сатқындықты аямай жазалаған. Осы орайда, Сталиннің «Ұлы мақсатқа жету үрейден басталады» деген атақты сөзін келтіре кетейік. Егер бұл сөзді таратып айтсақ, тарихта дара тұлға болуды, әлемдік билікке жетуді мақсат еткен адам алдымен өзі үреймен ауырады деген сөз ғой. Кейін қорқынышын жеңіп, аман-есен билікке жеткенде басқаларды солай ұстайды. Сондықтан Шыңғыс ханның тұсында төмендегілер жалтақтамай, жауына қасқырдай шапқанымен, өз билігінен қоғадай жапырылып үрейленіп және әр қадамын санап басып, қарсы келіп қалмаудың жолын іздеп, қорқынышпен күн кешкен. Сонымен қатар көреген Шыңғыс хан ел тұтастығына, ынтымағына аса үлкен мән берген. Мұнсыз құрған империяны ұстап тұру мүмкін емес еді. Жоңғарлардың қателігі – ішкі бірлігіне ден қоймағаны және алауыздықты болдырмайтын құрылымды ойлап таппағаны.
1723 жылы оң мен солын барлап, зерделеп алған олар тас-түйін дайындықпен Қазақ хандығына тап береді. Артындағы Қытайдың тілін тауып, алдаусыратқан жоңғарлар қыстан жақсы дайындықпен шығып, таудан құлаған долы өзендей көктемгі аласапыранда Қазақ еліне оңдырмай соққы берді. Алғашында жаңғақтай шашылып, абдырап қалған қазақтар есін жиып, күш біріктіріп, жинақталып, бұларға тойтарыс жасағанша, біраз уақыт керек болды. Қазекең осы бір қиын-қыстау заманды «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп атаған. Қытай билігі жоңғардың Қазақ пен Орталық Азия елдеріне шабатын агрессиялық жоспарын білгенде қуанған. Қарақшылығы басым тынымсыз жоңғарды тұншықтыру үшін олардың әлсірегені керек еді. Дегенмен осы құба қалмақтың қолымен арғы жағындағы Қазақ хандығы мен Қырғыз, Өзбек, Түрікмен елдеріне соққы беріп, аямай тулақтай сілкіп алу керек болды. Жаңғақты бір-біріне соғып жару деген осы болатын. Сол кездегі Цин династиясы алдағы уақытта бір жорығымен бұларды ұрып жығып, өз құрамына ұлан-ғайыр аумақты қосып алуды ойлады. Ежелден аспанасты империясына айналуды ойлайтын олар бұлардың қала соғып, бала оқытып, егін салып, өркениеттілікке ұмтылудың орнына ұшып-қонған тірлігіне қарап, «даланың қаңбақ қуған ақымақтары» деп ойлайтын. Қан-жоса қылып, таптап өтетін сәтті күтті.

Қан-қасап соғыс басталып, қырғызды Алатаудың түкпір-түкпіріне қуып тыққан жоңғарлар өзбек пен түрікменді тез арада жаулап алды. Қазақ елін алғашында ығыстырып жібергенімен, есін жиған қазақ батырлары мен билері Абылай ханның айналасына топтаса білді әрі тойтарыс жасай алды. Дегенмен қазақты сақтап қалған – даласының кеңдігі, уақыт созбай ру-тайпалардың ауызбірлікке келуі және ат үстіндегі жауынгерлігі.

Швед офицері кітабында Жоңғар елінің картасын жасаған екен. «Жетісу Алатауы, Балқашқа құятын Іле өзенінің екі қапталы, Алтынемел мен Қойлық аралығы, Сарқан өңірі (қалмақ батырының аты), Кегеннің (қалмақ биінің аты) солтүстік жағалауы мен Шоңжы даласы, Шарынның шығысына қарай Кетпен тауларының солтүстік беткейлері, қазіргі қырғыз жеріндегі Үлкен Кемік алқабы, Түп жағалаулары, Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауы, сондай-ақ біздегі Тарбағатай алқабы, Еміл өзенінің атырабы, Зайсан көлінің маңайы, Шәуешек (қалмақтың «тостаған» деген сөзі), Құлжа және Үрімші өлкесі – жоңғарлардың көнеден мекен еткен атамекені» деп жазыпты.

Жоңғар қағанатының іргесін қалаған атақты қонтайшылар Қалден Церен мен Цеван Рабдан дүниеден өткен соң, таққа таласқан ұрпақтарының арасында қанды жанжал туды. Цеван Рабданның ұлы Дабаци мен Қалдан Цереннің інісі Әмірсана екеуі таққа ұмтылып, бір-біріне жол бергісі келмеді. Ақыры Цеван Рабданның билігі жүріп тұрған кезінде тағайындаған әскер басшыларының көмегімен Дабаци таққа отырды. Биліктен мүлде ысырылып қалған Әмірсана кектеніп, тығырықтан жол табудың әрекетіне көшті. Ата жауы қазақтардан көмек сұрауға намыс жібермеді. Есіне келгені кезінде ымыраласуға жоңғар қонтайшысымен ілесіп барған Қытай билігі еді. Солар ғана көмектесер деп ойлады. Дегенмен бұл қадамды жасарда қалмақ нояны бүкіл жоңғар жұртының ыстық шамға соғылған көбелектей боларын түсінбеді.

Сұмдықты алыстан ойлайтын кәрі Қытай жымиып күлді. Өз мезгілінде саны көп манжұрды, таңғұтты, басқа да көптеген елді жұтып қойған және хансуға айналдырған қытай билігі мыналарға «ақыры өздерің келдіңдер ғой» деді іштерінен. Қаншама ғасырда бір келетін мүмкіндікті өткізіп алмауды ойлады. Бірақ мына көшпелі жабайыларды қырып тастамасаң, қытайға айналдыра алмассың деп ойлады тағы да. Хат танымайтын, көшіп-қонған ел болғандықтан, бұларға тілін, дәстүрін, танымын, тамағын өткізе алмайтыны анық еді. Тек күшейіп кетпей тұрғанда қырып тастау керек болды. Көмек сұрап келген Әмірсанадан қарсыласының күшін, санын, тұрған орнын анықтап алған соң, қытай жағы қалың әскер бөлді. Әмірсана бұларға жоңғар билігін ойда-жоқта соғуды, қалмақ күшінің қай елді мекендерде қанша екенін анықтап берді. Сондай-ақ қытай әскерінің қалай орналасу керегін көрсетті.

Дабацимен арадағы қанды өшпенділік арыстандай ақырған жауынгер елді оңдырмай орға жықты. Ренаттың жазуынша, бұл қытай жорығынан Жоңғар хандығы ғана емес, тұтас жоңғар жұрты қырғын тапты. «Кезіндегі байтақ далада ұйысқан қалың елден түк қалмады» дейді өкінішпен.

Әмірсанаға қосып, қытай жағы алғашында шағын әскер жібергенімен, іле-шала генерал Пу Де басқарған саны көп тұтас армияны аттандырған көрінеді. Тегі, Әмірсанаға артынан қалың әскер баратынын айтпағаны оның шошынып, сөзінен танып, қашып кетпесін дегені болар. Қалмақ жігітінің бар мақсаты Дабациді тақтан алып, орнына отыру еді. Шүршіттің көмектесем деген сөзінің артында геноцидтік пиғылдың жатқанын қайдан білсін?! Екі қалмақ ноянының қан жұтқан тартысынан ормандай шулаған бүкіл ел-жұрты қырғын тапты.

Қытайлардың қолына өтіп, генерал Пу Денің қарамағында біраз уақыт бірге жүрген швед офицері «Шүршіттер қалмақ сарбаздарын ғана емес, олардың кемпір-шалын да, әйелдері мен балаларын да аямады. Еңбектеген балаларына дейін найзаға шаншып, жоғары көтеріп, қарқылдап күлгендерін көрдім» дейді жазбасында.

Қаншама ғасыр Қытай қалалары мен елді мекендерін қорқынышта ұстап, тонап кетіп отырған және солардың тілімен «жуун-гар» (қарақшылар деген мағынада) деп аталатын қалмақ елі түгелімен қырылып кетті. Олар құрған ұлан-ғайыр империя да ойда-жоқта құлап тынды. Жоңғар хандығын және Қытай мен Орталық Азия елдерін зерттеуші еуропалық ғалымдар жазатын Жоңғария империясы осылай құрдымға кетті.

Таққа талас өз заманында қаншама хандықтар мен империялардың және дәстүрі мен мәдениеті көнеден қалыптасқан мемлекеттердің тоз-тозы шығып, құрдымға кетуіне не болмаса құрамындағы елдердің жікке бөлініп, жан-жаққа тарап жоғалуына әкеліп соққанын қаншама ел-жұрттың өткен тарихтарынан білеміз. Сондықтан кезінде таққа жеткен түсінігі мол ұлы хандар мен императорлар өз руы мен тайпаларынан мүмкіндігінше аулақ кетіп, ат құйрығын кесіскен. Өзіне сенімді жақтастары мен адал қызметшілерді өзге ел-жұрттың (ру-тайпалардың) ішінен іздеген әрі тапқан.

Тарихта солтүстіктегі орыс империясы Қазақ елін қаншама ығыстырып, қоныстарынан айырып, өз мезгілінде соншалықты зобалаң тудырғанымен, қазақтар аман қалды. Бұған шүкіршілік дейік. Ал енді Ұлы қорған иесі сәті келген мүмкіндікті жібермей, талай заманғы өшпенділігін ұмытпай, іргесіндегі ормандай қалың қалмақты баудай түсіріп, хандығынан да, елдігінен де айырып, құртып жіберді. Осы орайда, ата-бабаларымыз қалдырған «Қара қытай қаптаса, сары орыс әкеңдей көрінер» деген мәтелді ұмытпаған жөн. Бұл – осы қиын-қыстау жылдарда туған, өмірден алынған шынайы сөз. Орыс патшасы І Петр: «Еліңнің ұлылығын түсінгің келсе, оның тарих қатпарындағы жауларының да осал емес екенін білгенің жөн», – деген-ді.

Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК,

Журналистер одағының мүшесі