Жошы хан қазаққа жат па?

Моңғалдар  «Шыңысхан  біздің  бабамыз, ол құрған  ұлы  қағанаттың  біз  бір   жұрнағымыз. Әлем  бізді Шыңғысхан  арқылы  таниды.  Мойындайды»  деседі. Талассыз,  ақиқат. Әлем Монғолияны  Шыңғысханның  елі  деп  таниды. Миллиондаған  туристер   ол  елге  тек бір  ғана  Шыңғысханның аты  аталғаны  үшін   ағылып  барады.

Бұдан сегіз  жүз  жыл  бұрын  өткен  алып  қаған Шыңғыс  бүгінгі  моңғол  жұртын  біріктіруші  рухқа айналып  отыр.  Моңғолдарда ұлы  қаған алдында  қарыз болып  қалған  жоқ,   бес  қабатты  үйдің   биігіндей   болатын   алып  ескерткіш  тұрғызды.  Оны  ұлы  рухқа  тағзым ететін  Меккеге айналдыра  білді.   Сол секілді   ұлы жихангер Ақсақ  Темір  де   өзбектерді ұйытатын  ұлы  рухқа  айналып  отыр. Рас, Әмір  Темір   бүгінгі  өзбектер  мемлекет  құрып  отырған (1336 жылы 8 сәуірде Маураннахрдағы Кеш қаласында, қазіргі Шахрисабзда, Самарқанның оңтүстігінде орналасқан жерде дүниеге келген) жерде  дүниеге  келді. 27  мемлекетті  жаулап  алып,  бағындырған   ұлы  қолбасшы. Самарқанд  пен Ташкентте зәулім  ескерткіштері  бар. 1996  жылы  ЮНЕСКО-ның   шешімімен  660 жылдығын   дүркіретіп  тойлады. Бұл «Ұлы жаһангердің  ұрпағымыз»  деген  мақтаныш  сезіміне  түрткі  болды. Көрші айыр  қалпақты  қырғыздардың  да құдайдай  табынатын  ұлы  тұлғасы –  Манасы  бар. Қазір    көрші  орыс  елі де  «орыс  рухын»  көтеруге   келгенде   барын  салуда.  Орыс  тарихындағы  арғы -бергі  тұлғаларды қазып, «шаңын  қағып»   ұлт  жанашырына  айналдыруда.   Кешегі  Петр-І,  Романовтар әулеті,  тіпті өздерін  қырып  салған  Колчакка  дейін «орыстың   жоғын  жоқтаушы  батыры»  деп тануда. Ескерткіш  орнатып,  фильм түсіруде. Өйткені   қазіргі   жаһандану  заманынан  ормандай  көп  орыс та  қорқуда.   Ал   патша  Петрмен  генерал  Қолчактар  орыс халқын өзге  өркениеттен  қорғаушы-ұлы  рух.

Осы тұрғыдан  келгенде қазақ  халқын ұйыстыратын,  өзге  әлем алдында  «мынау   біздің  бабамыз»  дейтін   бір  ірі  тұлға  қажет-ақ.  Ол кім  болуы  мүмкін?  Елбасы  Нұрсұлтан  Назарбаев   әрдайым  «Біз сақпен  ғұндардың,   сайын  даланың  сайыпқырандары түркілердің,   кешегі  алып империя  Алтын орданың  мұрагеріміз»  дегенді  жиі айтып отырады. Ақиқаты  сол,  біз  Ұлы  далада  өз  заманында  күнше  күркіреп  өткен, «бастыны  идірген,  тізеліні   бүктірген»  ұлы  көшпенділердің  ұрпағымыз. Бірақ сақ  Рүстем мен  Томиристе,  ғұн  Мөде  мен  Еділ  батыр да (Аттила),  түркі Бумын  мен  Тоныкөк,  Естеміс  пен Күлтегінде қазақ үшін  «біздің  батыр  бабаларымыз»  деген  мақтанышқа  айналғанымен, рухты  көтеруге  келгенде  нақты  тұлғалар  бола қоюы екіталай. Өйткені   олар  өмір сүрген  кезең  тым арыда  жатыр һәм түркі  халықтары  үшін  олар  ортақ  тұлғалар.  Сүйектері  қайда  қалғаны да  белгісіз.  Ал исі  қазақ  даласында  ұлы  империяның  негізін  қалаған,  моласы  осы  қазақ  жерінде  тұрған Шыңғысханның  үлкен  ұлы Жошы алаш  жұртының ұлы  рухына,   ар-намысына   айнала   алар  еді.  Әрине  кешегі  қазақ  хандығының  шаңырағын  көтеріп,  керегесін  кеңейткен  Жәнібек пен  Керей, Қасымхан мен  Хақназар, Есімхан мен    Тәуке, Тәуекел мен  Абылай, Кенесары  мен  Алашорда  азаматтары  қазақ  үшін  орны бөлек  арыстар.   Оған  ешкім дау айта алмайды.  Алайда аты Ұлы  даладан  асып,  әлемге  кеткен  Жошының  орны  ерек.  Мәселен, моңғолдар   «бабамыз»  деп  отырған  Шыңғысхан,   өзбектер  иленіп  отырған  Ақсақ  Темір, орыс  жұртын  біріктіруші Петр-І,  бұлардың  бәрі   ұлы  империя  құра  білген   алып  тұлғалар. Жошы да әлем тархында  300  жылдық  тарихы  бар    Алтын  орда  (әу  баста Жошы  ұлысы деген  атпен   белгілі  болған) атты  ұлы  империяның  негізін  қалаушы. 1223  жылы әкесі  Шыңғысхан  бөліп берген аймақ бүгінгі Қазақстан  территориясы.  Демек  біз Жошыны   «ұлы бабамы»  деп  танып,  әлемге  жар  салуға, оны  ұлы  рухты оятушы  тұлға  ретінде  атап,  мақтануымызға  қақылымыз.    Ұлы  Жошының талай ғасырлық  мерей  тойларын атап  өтіп,  ескерткіштер орнатуға  мүдделік  танытатын  кез  келді. Өйткені  ұлттың    рухын  ояту  үшін ұлттық  идеялармен  қатар, ұлы  тұлғалардың  да  орны   бөлек. Тіпті Алтын  Орданың  негізін  қалаған Жошы  хан  туралы телехикая  түсіретінде кез  жетті.

Біз  соны  ұмытпауымыз  керек!

 

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ