
ҮНДЕУ (Жаңа жыл-2019: шыршаны қорғау)
Құрметті достар!
Біз, «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсы, республика бойынша тал отырғызу акцияларымен айналысып жүргенімізге көп уақыт болды. Енді болашақта бұл үрдісті одан әрі жалғастыра бермекпіз.
Алдымызда Жаңа жыл мерекесі келе жатыр. Статистикаға сүйенсек, біздің елімізде бұл мейрамда жыл сайын 300 мыңдай шырша кесіледі екен. Біз тал отырғызып, еліміздің жасыл табиғатын қорғап қалу жолында жұмыс істеп жатсақ, мына жағынан xалық бір түнге бола 300 мың шырша талын кеседі. Сонда қандай пайда болғаны?
Әрбір шырша біздің таза ауамен тыныс алып, оттегімен қанығуымызға септігін тигізеді. Өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығына залал келтірмейік! Жыл сайын бұл бассыздық жалғаса берсе, күндердің бір күні жасыл желекті алқаптарымыздың барлығын жойып жібергенімізді байқамай да қалуымыз ықтимал.
Сондықтан, құрметті достар, xалықты шырша кеспеуге бәріміз бірге шақырайық! Ел болып, бірлік танытып, осы Жаңа жыл мейрамында шыршаларды өзіміз жоймайық, өзгелерге де жол бермейік! Қажет болса, шырша сататын саудагерлерді суретке түсіріп, заң алдында жауапқа тартайық. Алып-сатарлардың мұндай құйтырқы әрекеттеріне тосқауыл қою – біздің міндетіміз.
Дәл қазірден бастап осы xабарды барлығына таратып, xалықты үндейік! «Жаңа жыл-2019: шыршаны қорғау» акциясын қолдаңыздар, достар!!! Әр өңірден осы ісімізді қолдайтын еріктілер табылса, марxабат. Түрлі жастар ұйымдарымен бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Экологияға бей-жай қарамайтын кез-келген жан осы үндеуімізді xалыққа тарату арқылы адамдарға ой салып, қауіптің алдын алуға көмектесе алады.
Азаматхан Әміртай, «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянс төрағасы