Бес күнде Жайық өзенінен үш тоннадан аса өлі балық жиналды

9-10 наурыз күндері Атырау тұрғындары мұзы еріген Жайық өзенінен 2,62 тонна өлі балық жинаған. Ал 7-8 наурызда билік өзенді 493 келі өлі балықтан тазартқан. Бұл туралы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет хабарлады.

Ділдахметтің жазуынша, 7-11 наурыз аралығында Жайық өзіненін алынған өлі балықтың жалпы көлемі – 3,1 тонна.

Баспасөз хатшысы “өлі балықтар туралы деректер бұған дейін, 2018 жылы желтоқсанда, Жайық өзенінде балықтың жаппай қырылуына байланысты ашылған қылмыстық іске қосылады” деп жазады.

Атырау облыстық полиция департаменті былтыр балық қырылуына байланысты “Балық қорларын қорғау ережелерін бұзу” (336-бап) және “Суды ластау, қоқыстау немесе сарқу” (328-бап) баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғаған.

Министрлік өкілі “Балықтардың неден өлгені тергеуден соң айтылады” деп жазады.

Билік таратқан ақпарат бойынша, осы кезге дейін – 11 наурызға дейін өзеннен алынған өлі балық көлемі 111,2 тоннаға жеткен.

Балықтардың жаппай өлуі былтыр желтоқсаннан бері айтыла бастады. Бірақ әлі ешбір себебі айтылған емес.

Балықтар жаппай қырылған соң Атырау облысының тұрғындары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдері атына және Денсаулық сақтау министрінің атына петиция жолдаған.