Бұл орасан шығын – Тоқаев Жайық өзенінде балықтардың қырылуы жайлы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жайық өзеніндегі балықтардың қырылу мәселесін бақылауға алды. Президент Атырау облысының жұртшылығымен кездесті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың Twitter желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.

“Жайықтағы балықтардың хлорға уланып, жаппай қырылуы бүкіл елді алаңдатты. 118 тонна балық қырылды, оның 108 тонна – бекіре тұқымдас. Балық зауыттарымыз 60 пайыз қуатымен ғана істеп тұрғанын ескерсек, бұл – орасан шығын. Мен бұл жағдайды тікелей бақылауға алдым”, – деді Президент.

Президент экологиялық жағдай басты мәселелердің бірі болып табылатынын айтты.

“Ең алдымен Каспий мен Жайықтың бірегей әлеуетін сақтау қажет. Атырау экологиясы – бұл тек облыс мәселесі ғана емес, біз оны шешуге назар аударуымыз керек”, – деді ол.

Сондай-ақ Тоқаев таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін де қозғады.

“Гидравликалық құралдар ұзақ уақыт бойы жөнделмеді. 120 ұңғыма өңірдің су ресурстарына елеулі залал келтіреді. Олар жойылуы тиіс!” – деді Президент.

kaz.tengrinews.kz