БҰҰ-ның бас хатшысы Жер шарының экожүйесі нашарлап бара жатқанын айтты

Жексенбі, 12 мамырда Extinction Rebellion ұйымының мүшелері (“Жойылуға қарсылық”) Париждегі Трокадеро сарайының баспалдақтарына адамның қанына ұқсайтын қызыл түсті сұйықтық құйып, осылайша жұртты Жер шарының экологиялық мәселелеріне назар аудартуға тырысты. Бұл ақпаратты Халықаралық француз радиосы (RFI) хабарлады.

Қара киім киіп, акцияны ұйымдастырған азаматтар “Жаппай қырылуды тоқтатамыз!” деп ұран көтерген. Бірнеше минут үнсіз тұрғаннан кейін ұйым мүшелері баспалдақты жуып тастаған.

Сәуір айында Лондонда ғаламдық жылынуға қарсы акция өткізген ұйыммен аттас Францияда жуырда құрылған Extinction Rebellion тобы әлем елдерінің үкіметтерін қоршаған орта мәселелеріне назар аудартуды көздейді.

Табиғи алуандық және экожүйе қызмет бойынша Үкіметаралық ғылыми-саяси платформаның (IPBES) жуырда жарияланған есебіне сәйкес, қазір шамамен миллионға жуық биологиялық түр не ағзаға жоғалу қаупі төніп тұр. Бұл адамзаттың өзінің тірі қалу-қалмау мәселесін алға шығарады делінген есепте.

БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриштің пікірінше, әлемдік державалар климатты қорғап, табиғи алуандықты сақтау үшін қажетті дәрежеде күш салып отырған жоқ. Ол 2015 жылы әлем елдері бекіткен Париж келісімінің орындалмай отырғанын сынаған. Нью-Йоркте қыркүйек айында өтетін ғаламдық климат саммиті қарсаңында ол Фиджи, Тувалу және Вануату аралдарына баруды жоспарлап отыр. Мамандардың айтуынша, ғаламдық жылыну салдарынан мұхиттағы су көтерілсе, дәл осы аралдар су астында қалуы мүмкін.

2015 жылы Париж келісіміне қол қойған әрбір мемлекет атмосфераға шығаратын парник газы көлемін азайту жөнінде міндеттеме алған еді.

Халықаралық келісім ғаламдық жылыну деңгейін Цельсий бойынша екі градустан асырмай ұстап тұруды көздейді. 2017 жылы АҚШ бұл келісімнен шыққан