Елордада қоршаған ортаны ластағаны үшін төленетін эмиссия көлемі артады

Жаңа төлемдік өзгеріс тек қана заңды тұлғаларға қатысты.

«Біз табиғатты ластайтын автокөлік түрлеріне төлейтін эмиссия көлемін арттыруды көздеп отырмыз. Бұл төлем керосин қолданушыларға да қатысты. Ал қалғандары сол бұрынғы күйінше қалады. Атап айтсақ, дизель жанар-жағармайының 1 тоннасы үшін – 0,9 АЕК, бензиннің әр тоннасы үшін – 0,66 АЕК және керосиннің қолданылған әрбір тоннасы үшін – 0,48 АЕК дейінгі көлемде арттыру көзделіп отыр», – деді Нұр-Сұлтан қаласы қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасының басшысы Мұса Танабаев қалалық мәслихаттың отырысында.

Оның мәлімдеуінше, қазіргі уақытта дизельдің 1 тоннасы үшін төленетін эмиссия мөлшері – 0,63 АЕК, бензин – 0,33 АЕК және керосин – 0,24 АЕК құрайды.

«Тағы бір айтып өтетіні – бұл өзгеріс автокөлігі бар заңды тұлғаларға ғана қатысты. Олар әр тоқсан сайын жанар-жағармай материалдарын қолдану бойынша есеп береді. Мысалы, «Астана Тазалық» ЖШС бұрын жылына – 6,1 млн теңге төлесе, ендігі уақытта 8,9 млн теңге төлейтін болады. Мұндай өзгеріс енгізудегі мақсат – компаниялардың экологиялық тұрғыдан таза әрі үнемді жанар-жағармайға көшуіне ықпал ету», – дейді ол.

Өз кезегінде қалалық мәслихат депутаттары аталған өзгерісті бірауыздан қолдады. Және әділет мекемелерінде жасалуы тиіс тіркеуден соң оның өз күшіне енетіні айтылды.

Жалпы, аталған басқарманың дерегіне сүйенсек, елордадағы қоршаған ортаны ластаудың негізгі көзі – қаладағы ЖЭО-1 және ЖЭО-2. Олардан шығатын қалдық 25% құрайды. Және 17% ластану жеке секторлардағы от жағу ошақтарынан келеді.

inform.kz