МАҚСАТЫМЫЗ ТАБИҒАТТЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ, КӨРКЕЙТУ ЖӘНЕ ҚОРҒАУ

Ертең яғни 27 мамыр күні Астанамызда «Байтақ-Болашақ» ЭкоАльянстың үшінші мәрте Конгрес өткізеді. Экология жанашырлары жиналатын алқалы жиында талқыға салынатын мәселе ол тек біздің елімізде ғана емес, әлемде басты мәселеге айнала бастаған су саласы. Сусыз тіршілік жоқ. Демек ойланатын, талқыға салатын мәселе. Ауылды аймақтарымызды ауыз сумен қамтамасыз ете алдық па? Болашақ ұрпаққа жер асты, жер үсті су қорымызды қорғай аламыз ба?

Қазақстан өзен-көлдерге аса бай мемлекет емес. Біз сырттан келетін трансшекаралық өзендерге тәуелдіміз. Оңтүстік өңіріміз айырқалпақты қырғыз елінен ағып келетін өзен-тоған суларына тәуелді болса, Жетісу және Шығыс аймағымыз ұсақ өзендерді қоспағанда, Қытайдан ағып келетін ірі екі өзен –Ертіс пен Іленің суына тәуелді. Егерде осы қос өзенді Қытай жағы байлап алатын болса, еліміздің оңтүстік шығыс аймағы үлкен экологиялық апатқа ұшырары хақ. Ақиқатын айтар болсақ, қазірдің өзінде Қытай жағы осы қос өзеннің біраз суын Шыңжан өлкесіне бұрып, бізге келетін су азайып келе жатыр. Сонымен қатар алып көрші елдің сол өңірді 100 миллиондық xалықпен қамтамасыз етеміз деген жоспары да бар екенін ұмытпаумыз керек. Рас, екі ел арасында осы мәселеге байланысты комиссия жұмыс істеуде. Бірақ бір пәтуаға келген жоқ.

Сондай-ақ су жағынан Ресейгеде тәуелдіміз. Демек осындай мәселелерді сараптай келе, біз жер астындағы су қорымызға баса көңіл аударып, соны әжетке жаратуға тырысқанымыз жөн. Әрине еліміздің экологиялық пробелемасы тек сумен бітпейді. Өз қолымызбен құртып алған Арал теңзі, Каспий табанынан мұнай мен газ сорғанда болып тұратын оқыс апаттар, итбалықтардың жиі қырылып қалуы. Мәселен сол өңірдегі яғни Ақтау шаһары жанындағы Қошқар-Ата қалдық сақтау қоймасының проблемасы, онда 105 млн тонна улы және радиоктивті қалдықтар сақталуда. Байқоңырдан көтерілген зымырандардан улы гиптелдің төгілуі, киіктердің жүз мыңдап мүрдем қатуы, өзен-көлдерге төгілген улы қалдықтардан балықтардың жаппай қырылуы т.б. Жерімізде аң-құстардың кеміп кетуі бұл да ойланатын мәселе.

Осы орайда «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянс осының бәріне үн қосып, тиісті мекмелерге құлақ қағыс жасауда. Қолдан келгенше күресуде. Алға қойған мақсатымыз табиғатты тиімді пайдалану, көркейту және қорғау.
ІІІ Халықаралық Экологиялық Конгресте жоғарыда айтылған мәселелерді ұқыпты зерттеп, қоғамдық ұйымдар атынан болашақ Президентке нақты ұсыныстар береміз!!!

Азаматхан Амиртай, Экологический альянс «Байтақ болашақ» Президенті